СұхбатАмерикалық отбасында өссем де, жаным Қазақстандағы туғандарыммен бірге болды – Арман Ақышев

Америкалық отбасында өссем де, жаным Қазақстандағы туғандарыммен бірге болды – Арман Ақышев

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite / Арман Ақышев – америкалықтар асырап алған қазақ баласы. Америкалық отбасы оған Николас Бертоне деген есім берген. Ол әлеуметтік желі арқылы өзінің туған әкесі мен бауырларын тапқан болатын. Отандық БАҚ бұған дейін бұл туралы талай мәрте жариялады. Содан бері Арманның өмірінде қандай өзгеріс болды? Бірге туған бауырларын көруге Қазақстанға келе ме?  Осы жөнінде Арман Ақышевпен WhatsApp желісі арқылы сұхбат құрдық.

Арман, фейсбук арқылы әкеңізді, ағаларыңыз бен әпкелеріңізді тапқаныңызды білеміз. Бұған америкалық ата-анаңыз қалай қарады?

– Мен алты айлық болып дүниеге келген соң анам өкпе ауруына шалдығып, көз жұмыпты. Өзім отбасындағы алтыншы сәби екенмін. Анам қайтыс болған соң бес баламен қалған әкем мені қалай асырайтынын білмеген. Сол уақытта дәрігерлер мені перзентханадан балалар үйіне өткізіп жіберіпті.

Ол жақтан  2003 жылғы 31 қазанда, яғни бес жасымда америкалық ата-ана асырап алыпты. Сөйтіп, құжаттарымды рәсімдеген соң 2003 жылдың 8 қарашасы күні мені Америкаға алып кеткен.

Алайда кейін менің сөйлей алмайтынымды, құлағым естімейтінін білген соң олар бас тартқан. Содан кейін басқа америкалық кісілер асырап алды. Олар алғашқы ата-анамды кемістігіме бола менен бас тартқанына таң қалып жүрді.  Ал бертінде өзімнің биологиялық ата-анамды іздеп, тапқанымда еш қарсы болған жоқ. Олар менің азамат болып, ер жеткеніме, денсаулығымның жақсарғанына үнемі қуанып жүреді. Бұл отбасында өзімді жайлы сезініп өстім.

Өзіңіздің туған ата-анаңыз туралы алғаш естігенде қандай сезімде болдыңыз?

– Мен Қазақстанда тұратын туған әкем, бауырларым жайлы бертінде ғана білдім ғой. Бірақ мені өсіріп отырған ата-анам өгей екенін бала кезімнен білетінмін. Есімде қалғаны, кішкентай кезімде өзімнің есту қабілетім нашар, адамдармен басқалар сияқты еркін қарым-қатынас жасап, түсінісе алмайтынымды білгенде өгей ата-анамнан қатты қорыққанмын. Өзімді сондай кемістігім үшін кінәлі сезінетінмін. Бала күнімнен мүгедек болдым, орыс тіліндегі ым-ишаралармен ғана сөйлей алатынмын.

Дегенмен, туған Отаныңыз Қазақстан жайлы біліп өстіңіз бе?

– Мені асырап алған отбасы қазақ ұлты туралы көп айтпайтын, бірақ Қазақстанда туғанымды айтып өсірді.

Өсе келе, Қазақстанды бірінші Отаным ретінде жақсы көретінімді сездім. Өзімнің биологиялық ата-анам туралы сұрай бастадым, олар Павлодарда, Қазақстанда тұратынын естідім. Қазақстанда Менің Ақышевтар деген отбасым, өзім секілді есту қабілеті жоқ әпкем барын, ол да мен секілді ыммен сөйлесетінін жақында білдім ғой. Өзім орыс тілін пайдаланып, қазақ тілін үйрендім. Мен олармен оңай сөйлесу үшін iTranslate қосымшасын пернетақтамен қолданамын. Күнде кешке дәстүрлі қазақ әндерін тыңдап, қазақ мәдениеті туралы видеолар көремін. Бір досым мені Филадельфияда өтетін Наурыз мейрамына шақырды. «Ол жерде көп қазақ болады, дос табасың» деді. Айтқаны келді. Мен жыл сайын Наурызға барып жүріп, көп қазақпен таныстым.

Сізге сұхбат алу жайлы жазғанымда «жұмыста отырмын» дедіңіз. Қайда жұмыс істейсіз? Мамандығыңыз қандай?

– Иә, мен қазір мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдау көрсету орталығында күзет қызметінде істеймін. Сондай-ақ Қазақстаннан асырап алынған балаларға қолдау көрсету үшін құрылған қоғамдастық жұмысына белсенді араласып тұрамын.

Қазақстандағы өз туған отбасыңызды тапқаныңыз туралы тағы да қысқаша баяндап берсеңіз…

– Facebook-те Қазақ-Американ қоғамдастығы бар. Бір досым сол қоғамдастыққа жазып жүріп, нағыз ата-анамның аттарын білуге көмектесті.  Алдымен американдық қауымдастық тауып алды, олар менің әкеммен байланысу үшін менің әлеуметтік желіге жазылғанымды қалады. Осылайша, туған әкемді таптым. Фотосын көріп, әбден жыладым. Туған анамды жоғалтып алғанымды білдім. Оның фотосын көргенде керемет сезімде болдым. Мен анама ұқсаппын. Мен оларды шынымен жақсы көремін!  WhatsApp-та құлағы естімейтін әпкеммен видео қоңырау арқылы сұхбаттастым. Бір сөзбен айтқанда, 17 жылдан кейін алғаш көруім. Барлық құжаттарым сәйкес келді.  Міне, содан бері екі жыл өтті. Әлі байланыстамын. Биыл өз отбасыма, Қазақстаныма барғым келеді. Мен оларды пандемия кезінде таптым.

Қазақстанға келу үшін жолыңызға қаражат жинап жүр екенсіз. Туған отбасыңызды көретін сәтті қалай елестетесіз?

– Иә. Егер мен оларды көрсем, кешіруге дайынмын. Менен бақытты адам болмайтын шығар. Мен оларды жан-жүрегіммен жақсы көремін. Олармен кездесер сәтімді ойласам, қазірдің өзінде толқып кетемін. Мен отбасыммен бірге түскі ас ішіп отырғанымды елестетемін. Өмірге қайта келгендей  болатын шығармын. Әрине, анамның жоғы өкінішті.

Мен америкалық отбасында өссем де, жаным өмір бойы сол Қазақстандағы отбасыммен бірге болған сияқты. Мен өзім өскен Американы да, туған Отаным Қазақстанды да сүйетін  америкалық-қазақпын!

Менің биологиялық отбасым қазіргі уақытта Павлодар облысының Екібастұз қаласында тұрады. Екі әпкем және үш ағам бар, анам жақтан тағы бір қарындасым бар.

Сұхбатыңызға рақмет!

P.S: «Осы сұхбатқа өзімнің жүрекжарды бір сөзімді айтсам бола ма?» деп жазыпты Арман. «Әрине!» деп жауап бердім. Сонда Арман: «Арманмен бірге алға ұмтыл! Сіздің арманыңыз сіздің таңдауыңызды, болашаққа көздегеніңізді білдіреді. Сондықтан ештеңеге қарамастан, алға ұмтылыңыз!  Сіз ойлағаныңыздың бәрін жасай аласыз!» – деді.

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...