АқпаратАшық аспан астында: Қызылорданың мерейтойы этно бағытта өтті

Ашық аспан астында: Қызылорданың мерейтойы этно бағытта өтті

 

ҚЫЗЫЛОРДА. KazUnite – Ұлыстың бекемдігі үшін қазақ баласын жастайынан мергендікке баулыған. Жебесі үш жүз құлаштан асып нысанаға тиген батырлар жайлы тарихымызда талай дерек бар.

Тіпті аттың құлағында ойнаған жауынгерлердің ысқырғыш бір жебесінің өзі жаудың құтын қашырған деседі. Сол көшпенділердің ізін жалғаған Сырдың мерген жігіттері батырлар образындағы киімдерімен, өнерімен этноауылдағы мерекенің көркін қыздырғандай.

Олардың арасынан Қызылорда қаласынан 19 жасында «Алтын жебе» деген атаумен садақ ату үйірмесін ашқан Әли Ибрагим есімді өнерлі жігітті де байқадық. Әлемдік додаларда аттың үстінде садақ атып шеберлігін сынап жүрген Әли этноауылға келген әрбір балаға садақ ұстатып, ұлттық спорттың қыр-сырын дәріптеп тұр екен.

Одан әрі тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көркі – зергерлік туындыларды көруге болады. Халқымыздың дүниетанымын, бітім-болмысын танытатын темірден түйін түйген шеберлердің қолөнер бұйымдары бірінен-бірі өтеді. Күміспен көмкерілген алқа, жүзік, сақина, сырға мен білезік, белдік секілді әсемдік бұйымдардың сан түріне қарап, алтын қолды жандарға еріксіз бас иесің. Өйткені зергерлік – екінің біріне қонбайтын тылсым сыры бар өнер.

Түрлі-түсті құрақ көрпелер, тоқыма бұйымдары, әдемі гобелендер алыстан менмұндалап тұр. Көз майын тауысып жасалған бұл бұйымдардың дені мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан. Тағдырдың теперішін бастан кешсе де, шектеусіз мүмкіндіктің, мұқалмаған жігердің үлгісін ісімен көрсеткен мұндай жандардан тек ғибрат алуға ғана болатын шығар. Жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері де этноауыл жәрмеңкесінен табылды.

Әппақ кимешегін төгілтіп, ұршығын иірген әжелердің әні ауылдың алты ауызын еске салды. Күбі пісіп, келі түйген келіндерге қарап, ұлттық бояуды көргендейміз. Ал бір мезетте қырық қазан палау пісірген аспаздар сайысы бұқараны біріктірген басты шаралардың бірі болды.

Жергілікті «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен ұйымдастырылған «Сырдың қырық қазан палауы» шарасында күріш дақылының «Маржан», «Лидер», «Янтарь», «Айгерім», «Сыр сұлуы» және украиналық сұрыптары мен төрт түлік малдың етінен дайындалған ас ұсынылды. Ашық аспан астында әзірленген тағам «Ауылым – берекенің ақ бесігі» мерекесін тамашалау үшін «Сыр Ана» монументіне жиналған он мыңнан аса ағайынға үлестірілді. Ал таңнан бері халықтың игілігіне ас дайындаған үздік аспаздарға қаржылай сыйлықтар берілді.

Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласының тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күрішті аймақта палаушылар сайысын өткізудің астарында ұлттық салт-дәстүр жатқанын жеткізді.

«Қызылорда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер! «Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады», – деді өңір басшысы.

Этноауылдағы мерейтой ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың «Күріш туралы толғаныс» туындысынан алынған өнерпаздар қойылымымен, ақындар айтысымен жалғасты.  Алтыбақан аясындағы көңілді дала кеші, ұлттық құндылықтарды насихаттаған «Бауырсақ PARTY», «Шұбат – қымыз FEST», «Қауын – қарбыз FEST» фестивальдері көптің көңілінен шыққан шаралар легі болды.

Авторы: Сағира Уәли

Суреттер Қызылорда қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

 

 

 

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...