МотивацияӘр сабағы шағын зерттеуге айналған педагог

Әр сабағы шағын зерттеуге айналған педагог

 

KazUnite – «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, Ұстаздар күніне орай Назарбаев зияткерлік мектебінде ұзақ жылдар ұстаздық еткен тәжірибелі педагог, 1-2-сыныптарға арналған қазақстандық жаратылыстану бағытындағы оқулықтардың авторы, бүгінде АҚШ-та тұратын қазақ мұғалімі Махаббат Тасбулатовамен сұхбат құрдық.

– Махаббат ханым, кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

– Рақмет!

– Қазіргі технологияның дамыған заманында ұстаздық ету оңай ма, әлде қиын ба?

– Жай сабақ беруші мұғалім болу оңай. Ал әр сабағы шағын зерттеу болатын, оқушыларға арналған оқулық, мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулық жазатын, жұмысы ғылыми баспа беттерінде жарияланатын педагог болу қиын әрі қызықтырақ. Бір қарағанда қарапайым ұстаз болсам да, маған екінші мысалдағы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу бақыты бұйырды.

– Білім саласының сарапшылары: «мұғалімдік мамандықты көпшілігі жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант көп бөлінетіндіктен, еріксіз таңдайды. Кейін олардан білікті педагог шықпайды» деп жатады. Ал сіз бұл мамандыққа қалай келдіңіз? Ұстаз болу бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Иә, бала кезімнен педагог болғым келетін. Бірақ 9-сыныптан кейін құрбымның қалауымен бухгалтерлік мамандыққа онымен бірге барып, тапсырдық. Өкінішке қарай құрбыма оқу орнынан грант бұйырмады. Сол кезде онсыз колледжде оқығым келмеді. Дегенмен мен жоғары балл жинап, тегін оқитын, тіпті ай сайын студенттік шәкіртақы да алатын мүмкіндікке ие болдым. Бұл 1998 жыл, яғни Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстандағы экономикалық дағдарыстың салқыны әлі де басыла қоймаған кез еді. Сондықтан басқа адамдар сияқты менің ата-анамның да мені ақы төлеп оқытуға қаражаты болмады. Қотыркөл колледжіндегі студенттік шәкіртақы, жатақханасындағы тегін орын сол кезде маған қараңғы түнектегі жарық сәуле сияқты көрінді. Осылайша, жүрек түкпіріндегі қалауымды ақылға жеңдіріп, шәкіртақыдан айырылмас үшін, ата-анама да салмақ салмас үшін колледжді 4 пен 5-ке оқуға ұмтылдым. Ауылда тұратын ата-анам азық-түлік алуға талон беріп тұратын.

Колледжді бітірген соң 1 жыл Зеренді балық тәлімбағында есепші болып жұмыс істедім. Бір жылдан кейін бұл менің ісім емес екенін түсіндім. Өзім қаламайтын жерде жұмыс істеудің қажеті жоқ деп шештім. Содан бухгалтерлік жұмысымнан бас тартып, Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетіне тапсырдым. Университетте белсенді студент болдым. Ғылыми конференцияларға жиі қатысып жүрдім. Өзім тұратын студенттік жатақхана кеңесінің төрайымы болдым. Оқуымды аяқтаған соң ғылыми жетекшім педагогика ғылымдарының докторы Кенесарина Зару Өтегенқызы «Педагогика» кафедрасында қалып, студенттерге дәріс беруімді ұсынды. Бірақ оның шарттарының бірі сол жылы магистратураға тапсыруым керек еді. Алайда ол кезде педагогика мамандығы бойынша магистратура тек ақылы негізде болды. Университет түлектеріне жатақхана да қарастырылмады. Оның үстіне Астанада пәтер жалдап тұру, магистратурада ақылы оқу ата-анама едәуір салмақ салатын еді. Онымен қоса, өзімнен кейінгі сіңлілерімнің алдында да менің тарапымнан өзімшілдік болатын еді.

«Ақша жинап, алда магистратураға әйтеуір бір түсермін» деп өз-өзіме уәде бердім де, Көкшетау қаласына барып, №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясына жұмысқа орналастым.

Ол жерде 6 жыл еңбек етіп, 2009 жылы Тұңғыш Президенттің еліміз бойынша 20 Назарбаев зияткерлік мектебін салу жобасы басталғанын естідім. Соның бірі Көкшетауда салынатынын білдім. Содан үш кезеңнен тұратын іріктеу конкурсынан өтіп, Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылдандым. Бұл білім ордасында 12 жыл (2009-2021) қызмет істедім.

– Назарбаев зияткерлік мектебіне негізінен сынақтан өткен тәжірибелі әрі білікті мамандарды қабылдайды. Тіпті ол жерде жұмыс істеу кейбір мұғалім үшін арман десе де болады. Сіз ол мектепке 12 жылыңызды арнапсыз. Ал сізге бұл білім ошағы не берді? Не түйдіңіз?

– Назарбаев зияткерлік мектебіндегі жемісті еңбек, ондағы жоғары жалақы қаржылай жағдайымды реттеп, магистратурада оқысам деген арманымды жүзеге асыруыма мүмкіндік берді. Бұл өмірде бәрі де мүмкін екеніне, егер қоғам үшін аянбай еңбек етсең, бар арманыңның жүзеге асатынына көзім жетті.

Ел ішіндегі және шетелдік іссапарлар мен үшін аса маңызға ие болды. Бірде Сингапурға біздің мектептен тек екі адамға ғана баруға мүмкіндік қарастырылды. Әдістемелік жиында мектеп әкімшілігі менің жұмысыма ризашылық ілтипатын білдіріп, директордың Сингапурға баратын үміткердің бірі ретінде мені ұсынғаны ерекше есімде қалыпты. Мен бұл туралы тіпті армандамаған да едім.

Фото Махаббат Тасбулатованың жеке мұрағатынан / Сингапурдағы іссапар

Одан кейін іссапармен Финляндияға да бару бұйырды. Ол да кәсіби тұрғыдан өте пайдалы сапар болды. Әлемнің дамыған елдеріндегі біліктілікті арттыруға арналған осындай құнды курстардан үлкен тәжірибе алдым.

Фото Махаббат Тасбулатованың жеке мұрағатынан / финляндиялық әріптестерімен

Ең бастысы бұл мектепте мен өз тәжірибесін зерттеуші педагог ретінде, оқулықтар авторы ретінде жаңа қырымды аштым.

– Алда қандай жоспарыңыз бар?

– Бүгінгі таңда отбасымызбен АҚШ-тамыз. Мұнда да үлкен тәжірибе жинайтыныма сенімдімін. Жоғары санатты маман болғандықтан, бәлкім, менің тәжірибем бұл елге де қызықты болуы мүмкін.

Дәл қазіргі уақытта білім саласындағы тәуелсіз сарапшы ретінде АҚШ-та білім жобаларын қарастырудамын. Менің жұмыс тәжірибем америкалық өскелең ұрпақтың да кәдесіне жарайды деп ойлаймын. Бір елде өзін қалыптастырған адам басқа елде де серпіліс жасап, өзінің қолынан келетін ісін жалғастыра алады деп сенемін.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіш

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...