Қазақ тіліне қатысты «тауларды аласартпай, даланы асқақтату» деген уәж жиі айтылады. Шынымен, бір тілдік алаңда басқа басым тілдерді ығыстырмай, мемлекеттік тіл аясын кеңейту мүмкін бе?
– Тілдер «соғысуы» мүмкін…
Израильде тұратын журналист әріптесіммен чатта сөйлесіп отырғанбыз. Оның нені меңзегенін түсіндім.
Османдық Палестинада енді ашылып жатқан еврей оқу орындарының оқытылу тіліне қатысты жанжалды «тілдер соғысы» («мильхемет ха-сафот») деп атаған. Өйткені дәл осы феномен өткен ғасырдың бас кезінде «өлі тілдер» санатындағы ивриттің қайта жаңғыруына түрткі болды.
Хайфада 1912 жылы алғашқы техникалық жоғары оқу орнын ашқан неміс еврейлері техникалық ілімдерді сол кездегі ең дамығын неміс тілінде бергілері келді. Иврит тілінде терминология жоқ, ғылым тілі емес. Бұл тілде тарих пен географияны оқыту ұсынылды. Бірақ осы оқиға елдегі жаппай наразылық пен қарсылықтарға ұласты. Ұлт зиялылары «егер ивритше терминдер жоқ болса, жасаймыз» деді, ал басқа жағдайда іс насырға шабатыны анық еді. Оларды бас дін басылары – раввин де қолдайды. Елде «Еврей, ивритше сөйле!» деген жаңа ұран пайда болады. Оның немен аяқталғанын болжау оңай.
– Жүз жыл бұрын ешкім сөйлемеген иврит қазір – елдегі жалғыз мемлекеттік тіл. Израиль халқының 90 пайызы ивритше сөйлейді, олардың 70% үшін – ана тілі, – деді әріптестім.
Мемлекеттік тілді еврейлер ғана емес, сол елдегі ірі этникалық топ – арабтар да, сырттан көшіп келген эммигранттар да жақсы түсінеді. Өйткені, үкіметтің, сауда-саттықтың, оқу орындарының, білім мен ғылымның тілі.
Иврит өткен ғасырдан бері неміс тілін ғана емес, басқа «бәсекелес» тілдерді де ысырып, үздіксіз даму үстінде. Бұрын Изрильде иврит араб мектептерінде 3-ші сыныптан оқытылса, 2015 жылдан балабақшадан үйретіле бастады. 2018 жылы «Израиль – еврей халқының ұлттық мемлекеті» деген заң қабылданып, араб тілі мемлекеттік тіл мәртебесін жойып, жалғыз мемлекеттік тіл ретінде еврей тілі бекітілді.
– Өткен ғасырдың басында иврит тілі ғана емес, ағылшын тілі де АҚШ-та жалғыз басым тіл болу үшін күрескендерін білесіз бе?
Ағылшын тілінің бүгінгі әлемдік гегемониясы кездейсоқ емес. АҚШ-тың 26-шы президенті Теодор Рузвельт: «Біздің елімізде бір ғана тілге орын бар, бұл – ағылшын тілі», «америкалық ұлт бар, көптілді жатақхана тұрғындары емес» дегені мәлім. «Осында келетін әрбір эммигрант бес жылдың ішінде ағылшын тілін үйренуі тиіс немесе елден кетуі керек», – деген саясаткер.
Өткен ғасырдың басында неміс тілі АҚШ-тағы екінші ірі тіл, әлемдегі ең кең тараған, басым тіл болатын. 1917 жылы Конгресс Германияға соғыс жариялады. Осы кезде неміс тіліне де қарсы ішкі «соғыс» екі бағытта өтті – заң түрінде және мектеп бағдарламаларында.
Ағылшын тілінде сөйлеу патриотизм мен азаматтық белгісіне айналды. Неміс тіліндегі атаулар өшірілді. Мемлекеттік қаулылар арқылы иммигранттарға ағылшын тіліне шұғыл көшуді талап етті. Тіпті кейбір штаттарда қоғамдық орында – мектепте, көшеде, поезда, тіпті телефонмен сөйлесетін жерде кез-келген шет тілін қолдануға тиым салғаны туралы жазылған. Кейін заң жүзіндегі шектеулер алынып тасталса да, неміс тілі бұл елде сол күйі бас көтере алмады. Қазір ағылшын тіліне ешқандай қауіп жоқ, америкалықтар оның тек рахатын көруде.
Әрине, кезінде Израиль, АҚШ басшылары басқа тілдерге қатысты шараларды өзге тілдерді жаншу, өктемдік үшін емес, ең алдымен тарихи кезеңдерде халықтың біртұтастығын нығайту және сақтау үшін жасағаны анық. Тіл қоғамда адамның түрі мен терінің түсінен де терең жүйелі байланыстар орнатады. Қазақша сөйлейтін орыстарды бірден бауыр тартатынымыз жасырын емес. Есімде, бала бақшаға барған бауырымның қызы орысша сөйлейтін қазақтарды «орыстар», қазақша сөйлейтін орыстарды «қазақтар» деп келген.
Бір тілді басқа доминант, бәсекелес, әсіресе отаршылдық арқылы күштеп енгізілген бөтен тілді өз алаңынан ығыстырмай, сақтауға, дамытуға бола ма? Әйгілі ғалым, саясаттанушы, «Өркениеттер қақтығысы» авторы С.Хантингтон «Біз кімбіз?» еңбегінде: «Бір тілді басқа «бәсекелес» тілдің тілдік ортасында бекіту сирек табысқа әкеледі. Французша сөйлейтін ағылшын-канадалықтар көп емес, бір-бірінің тілін білетіндігімен мақтанатын фламандық пен валлондар да аз, ал Швейцарияның француз тілді және неміс тілді швейцариялықтар бір-бірімен тіпті ағылшынша сөйлеседі», – деп жазды. Ол Швейцария, Бельгия, Канада сияқты бірнеше тілде сөйлейтін қоғамдар Франция, Германия, Жапония тәрізді бір тілді мемлекеттерден өте үлкен айырмашылығы бар деп есептейді. Өйткені, оларда «үнемі тілдік және саяси «ажырасу» қаупі бар: тарихи тұрғыда олар өз біртұтастықтарын тек қана өздерінен зорырақ көршілері алдындағы қорқыныштың арқасында сақтап келді», – дейді Хантингтон. «Тіл – рухтың қаны, – деп жазды испан философы Мигель де Унамуно, – Сонымен қатар, тіл – одан гөрі қарапайымдау нәрсе. Бұл – қоғамның өзегі».
Неапольдегі Кастель-дель-Ово қамалын аралап жүріп, құрысқан, қатпар-қатпар сұрғылт тастардың арасында қылтиып шыққан қызғылт гүлдерді көріп қалдым. Қазақ тілі де жылдар бойы орыс тілімен тең емес жағдайдағы бәсекелестікке, советтік қысым мен шектеулерге қарамастан, ауыл қазақтары арқасында тасқа шыққан гүлдей көктеп келді. Бірақ қоғамның өзегі – тілі бекіп, тамыр жайып, жайқалуы үшін төменнен ғана емес, жоғарыдан да соны сақтап, қорғап, өсіретін жанашырлық пен жігер-қайрат керек.
@Aizhanomad
Сурет: автордікі
Суретте – Оншақты жыл бұрын Сиэтлге (АҚШ) тақау жергілікті үндістер – Туалип тайпасының резервациясында болғанбыз. Жергілікті тұрғындар ана тілдерін ұмытқан, тек аттарын ғана осы тілде айта алады. Мектептерде жергілікті үндістердің тілдерін қолдануға тыйым салатын 1887 жылғы заңмен бұл тілдерді оқуға рұқсат беретін 1990 жылғы заңға дейінгі аралықта үнді тайпаларының 60 тілі өліп, 60-120 тілі – жойылу алдында қалған.