Нью-Йорк қаласында «Біріккен Алаш Қорының» ұйымдастыруымен Шыңжаң қазақтары арасынан шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жыл Шыңжаңда жоғары басшылық қызметте болған Жанәбіл Сымағұлұлын еске алу кеші өтті.
Тағылымды іс-шарада Жанәбіл Сымағұлұлы туралы фото шежіре түрінде жасалған деректі фильм көрсетілді.
«Марқұмның қырық күндік ас нәзіріне орай өткізіліп отырған бұл жиынның маңызы зор», – дейді жиынға қатысушы қауым.
Себебі Жанәбілдей ел ағасы – Шыңжаң қазақтары ішінен шыққан жоғары лауазым иесі ғана емес, ұлт жанашыры әрі нағыз халықшыл азамат ретінде көптің алқауына бөленген тұлға.
1950 жылдардың ортасынан бастап партия мен үкімет қызметіне жастай араласа бастаған Жанәбіл Сымағұлұлы іскерлігі мен біліктілігінің арқасында түрлі жауапты қызметтерде сатылап өсіп отырды. Қандай лауазымда болмасын, қарапайымдылығы мен көпшілдігінің арқасында елдің ықыласына орана білді. Ол кісінің, әсіресе, Шыңжаңдағы аз ұлттарға, соның ішінде қазақ халқының білімі мен мәдениетінің алға басуына, шаруашылығының жаңа заманға сай өркендеуіне қосқан үлесі зор.
Аз ұлттан шыққан басшы болса да тайсалмай, тәуекел мен батылдық жасауының арқасында жергілікті халықтың құқын қорғап, заң аясындағы талап-тілегінің орындалуына ұйтқы бола білді. «Мәдениет төңкерісі» деп аталатын он жылдық ойранда бас бостандығынан айырылып, жазықсыз түрмеге қамалған, солақай саясаттың зардабынан өмірлері ойран болған ғылым мен білім, мәдениет пен өнер қайраткерлерінің ақталып, кейінгі өмірде, қоғамда, қызметте өз орындарын табуына тікелей себепкер болған көреген басшы. Міне, сол азаматтар кейін аймақ пен аудандардағы түрлі салада табысты еңбек етіп, ел дамуына орасан серпін берді.
Елу жылға жуық ел басқарған кезеңде Қытайдың батысы саналатын, орталық үшін даму мен өркениеттен алыс деп есептелетін Шыңжаң, оның ішінде Іле қазақ автономиялы облысына қарасты қазақтар шоғырлы қоныстанған Алтай, Тарбағатай, Іле қатарлы аймақтарда ел экономикасы мен саясатына, руханияты мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына қатысты талай шешуі сәттерде білек сыбана кірісіп, халықтың әл-ауқатының өсуіне, өркениет көшіне ілесуіне «қара нардай жүк көтерген» қарағай тармырлы қайсар тұлға ретінде танылды. Жанәбіл Сымағұлұлының қайраткерлігі туралы айту бір мақаланың көлеміне сыймас. Әрине, осындай халықшыл азамат туралы алда әлі талай тағылымды еңбектер көпке ұсынылары анық.
«Ал Нью-Йоркте өткізіліп жатқан бұл еске алу кешінің мәні бөлек», – дейді «Біріккен Алаш Қорының» президенті Ұланбатыр Бақытханұлы. «Себебі қазақ халқы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, осындай тұлғаларын ұлықтап, олардың ұлт алдында істеген еңбегін бағалап отыруы тиіс. Жүрген жолы мен жасаған ортасы бөлек болса да, кешегі Алаш қайраткерлерінің ізін жалғап, ұлтқа қызмет ету деген ортақ мұратты ту еткен осындай ел ағалары біздің алға ұстар басты бағытымыз болуы тиіс».
Америкада құрылғанына екі жылдың жүзі болған «Біріккен Алаш Қоры» осы уақытқа дейін Нью-Йоркте руханият пен мәдениетке қатысты, тұлғаларды ұлықтауға байланысты бірнеше іс-шаранды ұйымдастырып үлгерді. Айта кетерлігі, бұл қор – қазақ диаспорасы арасындағы Америкада заңды тіркелген алғашқы ресми қорлардың бірі.
Жанәбіл Сымағұлұлына арналған еске алу жиынын Мұрал Мұқан ақсақал батамен ашты.
«Ұйымның негізгі мақсаты – Нью-Йоркте және оған жақын штаттарда орналасқан қазақ диаспорасы арасында күнделікті қарым-қатынас, байланыс, кейінгі буын балалар арасындағы ұлттық дәстүр мен құндылықтарды насихаттап отыру», – дейді жиналысты басқарып жүргізген Ақиқат Тоқан мен қор құрылтайшыларының бірі Сержан Болат.
«Осы ұйым арқылы балаларға тіл, ұлттық ән мен күй, би өнері секілді мәдени дәстүрлерді үйретсек, сол арқылы елден алыс жүрген диаспорамыздың мәдени жандануына, бұрынғы мен қазіргінің сабақтастығының үзілмеуіне себімізді тигізсек», – дейді қордың алқа мүшелері Арай Разданқызы мен Гүлниса Ақажанқызы.
Бұл бастамаға қолдау көрсеткен Нью-Йоркте тұрып жатқан белгілі театр және кино актерлері, әнші Бейбіт Қамаранов пен Сәния Ерзат сынды өнер майталмандары да жиынға қатысты.
Жанәбіл Сымағұлұлын еске алу жиынын ұйымдастыруға белсене атсалысқан қордың басқа да жанашырлары аталған ұйымның әрі қарай жандануына үлес қосатындарын атап өтті. Осыған орай Қор президенті Ұланбатыр Бақытханұлы іс-шараға қолдау көрсетіп, келген барлық үлкен-кішіге алғыс білдірді.
Еске сала кетейік, Жанабіл Смағұлұлы 2024 жылдың 22 қарашасы күні Үрімжі қаласында 90 жасқа қараған шағында дүние салған еді.
Номад Алтай