АқпаратҰлттық мүдде қазақ еліне бет бұрған ресейліктер «көшінің» көлеңкесінде қалып қоймай ма?

Ұлттық мүдде қазақ еліне бет бұрған ресейліктер «көшінің» көлеңкесінде қалып қоймай ма?

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – 5 наурыз күні Forbes журналы «Ақыл мен қол миграциясы: Ресей мамандары Қазақстанға жаппай көшкелі жатыр» деген тақырыпта мақала жариялаған еді. Онда Ресейге салынған санкциялардан құтылу үшін Ресейдегі көптеген бизнес өкілдері, мамандар аяғы жеткен елдерге қашқалы, яғни көшкелі жатқанын жазған. Мигранттар нөпірі бетке алған елдердің қатарында Қазақстан да бар екені айтылған.

Қазақстан ресейліктерге несімен жайлы болуы мүмкін?

Арада ай өтпей, Қазақстандағы әлеуметтік желілерде елге жүз мыңнан астам Ресей азаматы көшіп келгені жөнінде ақпарат айтыла бастады. Оны ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі растады. 30 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстанда 101 мыңнан аса ресейлік бар. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Еңбек вице-министрі Ержан Бижанов мәлімдеді.

«30 наурыз күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда 101 мыңнан аса ресейлік бар, олардың 6 350-і жұмыс бабымен байланысты келген. Яғни, жыл басынан бері 6 300 адам жұмысқа келді. Өткен жылы бір жылда 18 800 ресейлік келгенін айтқым келеді. Яғни, әзірге мұндай көп емес, ресейліктер жаппай келіп жатқан жоқ», – деген болатын Біржанов.

Жаңа көршілерден сұхбат алған журналистер ресейлік иммигранттардың неге дәл Қазақстанды таңдағандарын сұраған. Сонда көбі Қазақстанның қауіпсіз және қонақжай ел екенін атап айтыпты.

Қазір интернетті ашсаңыз, «Қазақстанға көшу. Арзан бағада» деген сынды орыс тіліндегі ақпараттарды аз көрмейсіз. Былайша айтқанда, санкциядан қайда барып құтыларын, жасырынарын білмей, бас сауғалаған ресейліктерге Қазақстан нұсқасын ұсынып отырған бизнес нысандары көбейіп кетіпті. Олар көрші ел азаматтарына Қазақстан туралы құдды Американы айтып қызықтырғандай насихаттайды.

Жарнамаларында не жазылған дейсіз бе? Қазақстанға көшудің артықшылықтары ашық жазылған. Сонда көп жарнама мәтінінен байқағанымыз, оларда ең алдымен Қазақстанда орыс тілі үстемдік ететіні мақтап айтылады. Яғни, Қазақстанда «орыс тілі басым, сондықтан ол жаққа барғанда тілден қиналмайсыздар, қоғамға тез сіңіп кете қоясыздар» делінеді. Орыс тілі басым болғандықтан, онда Ресей азаматтары үшін Қазақстанда жергілікті ортаға мәдени бейімделу тіпті де қажет болмайтыны атап көрсетіледі.

Тоқтаңыз! Осы жерде бір сұрақ туады. Әлеуметтану бойынша бір елден бір елге немесе бір қаладан бір қалаға ауысқан адамдар тобы не қала мәдениетінің өзгеруіне ықпал етеді, не өздері сол қала мәдениетіне бейімделеді. Бір елден бір елге көшкен топ та солай. Әдетте, байқасаңыз, қазақтардың көбі басқа елдерге көшкенде сол елдерге тез бейімделіп кетіп жатқанын байқаймыз. Ал енді ресейлік иммигранттар «Қазақстанға көшеміз, бірақ бізге ол ортаға бейумделу қажет болмайды» деп сеніп отырса, бұл қайткені?

Қазақстанда әрең-әрең, әупірімдеп, қаншама тұлғалардың жанайқайымен енді ғана дамып келе жатқан қазақ тілі қайтадан тұншыға түседі деген сөз бе? Сырттан келіп жатқандар қазақ қоғамының мәдениеті мен салтына, тіліне бейімделмей, қайта ортаны өздеріне бейімдеп алатын болса, мұндай көшке құшақ жайып отыра беруге бола ма?..

Ресейдегі «Қазақстанға көшейік» деп үгіттейтін жарнамаларда атап көрсетілетін келесі тиімділік – Қазақстан заңдарының Ресей заңдарына ұқсастығы. Бұл біздің «көпірме сөз, көшірме заңмен» өмір сүріп келе жатқанымызды бетімізге басқандай естіледі екен. Бүгінге дейін Қазақстанда кезінде Мәжіліс депутаты болған Әкім Ысқақ сынды азаматтар бастамашы болып дайындаған «ҚР Көші-қон туралы» Заңынан басқа бір де бір заң жобасы Қазақстанда мемлекеттік тілде дайындалмағанын білеміз. Айтпақшы, 2000 жылдардың басында Мәжіліс депутаты болған Фариза Оңғарсынова да Ана мен бала құқы жайлы Заң жобасын қазақ тілінде дайындағаны есімізде. Бірақ ол қабылданбап еді. Сонымен, біз бүгінге дейін Ресейдегі заңдардың көбін көшіріп алып, қазақшаға аударып қабылдап келгеніміз ресейліктерді Қазақстанға көшірудің жарнамасына айналды.

Ресей азаматтарынан виза талап етілмейтіні, Қазақстанға келгеннен кейін үш ай еш жерге тіркелмей жүруге болатыны, қазақтардың, Қазақстанның сондай жайлы, қонақжай ел екені де қазір Отанынан қашқан ресейліктерді магнитше тартып тұр. Ресей сайттарындағы «Қазақстанға көшіңіз» дейтін жарнаманың бәрінде дерлік бұл елге келген соң қайда барып орналасып, қандай банктен карта ашып, балаларын қалай мектепке беріп, бизнестерін қалай тіркеп, қалай жұмыс табу, тіпті қалай азаматтық алуға дейінгі жолдардың бәрі тәптіштеп баяндалады.

Орыстар келсе, несі жаман? Бірақ көңіл неге алаң?

Хош. Заң рұқсат етіп тұрған соң тағы да басқыншы мінезін көрсетіп отырған (бізге емес, Украинаға) Ресейден мигранттар нөпірі ағылып келіп жатқанына ешкім қарсы тұра алмайды. Бірақ бұл жағдайға алаңдап отырғандардың бар екені де жасырын емес.

Ең алдымен елді алаңдататыны халыққа бірден жүз мыңдап адам қосылуы елдегі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайға ықпал ететінінде. Мәселен, бұл жағдай жұмыссыздық деңгейінің өсуіне себеп болуы бек мүмкін. ҚР Статистика агенттігі өткен жылы елдегі жұмыссыздық деңгейі максимум 13.7% және минимум  4.8% деп мәлімдеген. Бірақ кешегі «Қаңтар оқиғасынан» кейін қайралып, бойларына «жан біте бастаған» Парламент депутаттары біздегі айтылып жүрген сандық көрсеткіштер тек сандар екенін, шынайы өмірге үйлесе бермейтінін мойындаған еді. Сонда айтылған шындыққа жанаспайтын статистика мәліметтері арасында жұмыссыздар саны да болған. Енді Ресейден қаншама қол мен бас келіп жатқан соң, жергілікті халық арасында жұмыссыздар саны өспесе кемімейтіні анық. Бұл үрдістен әсіресе мемлекеттік тілде ғана сөйлейтін жергілікті жастар, ауыл жастары зардап шеге ме деген қауіп бар. Оған негіз болатын орыс көрсе, Құдай көргендей құр жорғалатып қоятын психология, орыстілділерді қазақтілділерден артық санайтын «кеңестік дәуірден қалған кем сана».

Елді алаңдататын екінші мәселе де осыған ұқсас. Яғни Ресейден қаптаған санкциялардан бизнесін қорғау үшін келіп жатқан жаңа көршілердің көбі қалталы адамдар, білікті мамандар екені айтылуда. Қазірдің өзінде Indriver компаниясынан бастап біраз бизнес нысандары көшіп келді. Бұл – Қазақстан қоғамында шағын және орта бизнес саласында бәсекелестік артады деген сөз.

Бәсекелестік болғаны жақсы ғой. «Әр қиындық – даму мүмкіндігі» дегендей, адал, күшті бәсеке болуы әркімнен, әр мекемеден мықтырақ болуды талап етпей ме! Ол дегеніңіз – дамуға, өсуге, табысқа ұмтылуға мотивация ғой!

Иә, мұндайда әрбір бизнес нысаны бейғам қалмасы анық. Бірақ мұндай бәсекеге жергілікті шағын және орта бизнестің бәрі төтеп бере ала ма? Елде өмірі шекара асып көрмеген, құрығы шектеулі, енді ғана жол тауып, еңсе көтерем деп келе жатқан жас кәсіпорындар қайтпек?

Тағы бір алаңдатқан мәселе – нарықтағы баға. Онсыз да бір орында тұрмайтын, сылтау табылса, секіре беретін бағаны ресейліктердің жаппай иммиграциясы енді «ұшыра ма» деп болжап отыр көпшілік. Ұзамай, тағы да қымбатшылықтың қарасы көрінді. Өткен аптада Қазақстанда тұрғын үй бағасы қымбаттағаны айтылды.

Алаңдаушылықтың ең үлкені – әрине, саяси-идеологияға қатысы бар мәселе. Осы тұста аздап шегініс жасап көрелік.

Қазақстанның қазақтануы Ресейге неге жақпайды?

Осы жылдың қаңтар айында economist.com онлайн журналы «Қазақстан қалай қазақтана түсті» деген мақала жариялаған. Онда 20-ғасырда Сталиннің тұсында қолдан жасалған аштық салдарынан Қазақстан қазақтарының саны 25%-ға қысқарғаны жазылған еді.

[visual-link-preview encoded=»eyJ0eXBlIjoiZXh0ZXJuYWwiLCJwb3N0IjowLCJwb3N0X2xhYmVsIjoiIiwidXJsIjoiaHR0cHM6Ly93d3cuZWNvbm9taXN0LmNvbS9hc2lhLzIwMjIvMDEvMjkvaG93LWthemFraHN0YW4tYmVjYW1lLW1vcmUta2F6YWtoIiwiaW1hZ2VfaWQiOi0xLCJpbWFnZV91cmwiOiJodHRwczovL3d3dy5lY29ub21pc3QuY29tL2ltZy9iLzEyODAvNzIwLzkwL3NpdGVzL2RlZmF1bHQvZmlsZXMvaW1hZ2VzLzIwMjIvMDEvYXJ0aWNsZXMvbWFpbi8yMDIyMDEyOV9hc3A1MDEuanBnIiwidGl0bGUiOiJIb3cgS2F6YWtoc3RhbiBiZWNhbWUgbW9yZSBLYXpha2giLCJzdW1tYXJ5IjoiTW9uZXkgZm9yIG1pZ3JhdGlvbiBjaGFuZ2VkIHRoZSBmYWNlIG9mIGEgbmF0aW9uIiwidGVtcGxhdGUiOiJ1c2VfZGVmYXVsdF9mcm9tX3NldHRpbmdzIn0=»]

Бірақ Қазақстан Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұл елде шын мәнінде жергілікті ұлттың мәртебесін көтеру процесі жүрген. Сол тұста Қазақстанда қазақ тілі өз тұғырына қонып, мемлекеттік тіл болып, шет елдердегі қазақтардың өз тарихи атамекеніне оралуына ынта беретін бағдарламалар қабылданып, қазақ рухани күш алғаны жазылған. Шет елдерден келген қазақтардың арқасында Қазақстанда қазақ саны артып, қазақ тілі де кең таралғаны, сөйтіп, 1991 жылы, алғаш тәуелсіздік алған жылдары халықтың небәрі 40 пайызын ғана құраған қазақ халқы 2021 жылы 70%-ға жеткені, бұған халықтың туу көрсеткіші де елеулі ықпал еткені айтылады. Мақалада Қазақстан қазақтанып, қазақ өз Отанында басым ұлтқа айналған сайын орыс ұлтының өкілдері азшылыққа айналғаны атап көрсетілген.

Мысалы, 1991 жылы қазақтар халықтың 40%-ын құрағанда орыстар бұл елде 37% болған еді. Ал 2021 жылы қазақ 70% болып өскенде орыстар азайып, Ресейге көшетіні көшіп, нәтижесінде 18% ғана қалған.

Бұл Кремльде отырып, өздерін баяғы КСРО кезіндегідей көсем ұлт өкілдері  сезінетін Ресей саясаткерлерін алаңдатып жүрген еді. Алайда бұл Қазақстан сияқты елдердің тәуәлсіздігін, ал КСРО-ның құлағанын мойындағысы келмей, әлі де соңғы тұяғын серпіп жүрген отаршыл көзқарастағы орыс саясаткерлерінің ертеден келе жатқан ескі мақамы болатын.

Десе де, шетелдік басылым 2014 жылы Ресей Қырымды тартып алысымен әрі қарай Украинаны бөлшектеп алуды, одан соң Қазақстанның солтүстік аймақтарын өздеріне қосып алуды көздегенін және соған сенімді болғанын жазыпты.

Сол мақсатына жол салу үшін Ресейге Қазақстанда қазақтың көбейгені, қазақ тілінің қанат жайғаны тиімсіз еді. Қазақстанда қазақ тілі дамыған сайын Ресейдің кей саясаткерлері әлемде орыс тілі жойлып кетрдей қауіптенетін сияқты. Құдды орыс тілінің тағдыры Қазақстандағы орыс тіліне тамырланып қалғандай.

Алайда дәл сол «2014 жылдары Ресей Қырымды алғаннан кейін Қазақстанға да ықпал етіп, сырттан көшіп келіп жатқан қандастарын қабылдайтын бағдарламаларын тоқтатты» деп  жазыпты журнал. Өйткені Қазақстанда қазақ көбейді деген сөз – Қазақстанның азаттық рухы артып, күшейді деген сөз, Қазақстан Кремльдің ырқынан біржола шықты деген сөз. Оның үстіне, Қытай, Моңғолия, Қарақалпақстан мен Өзбекстан сияқты елдерден келген қазақтар қазақтың санын ғана өсіріп қоймай, оның тілі мен ұлттық мәдениетінің де көкжиегін кеңейте түскені анық еді. Ал Қазақстан аумағында қазақ тілі кең етек алған сайын орыс тілінің ауқымы тарыла түсетіні ақиқат болатын.

Осылайша, Қазақстанның қазақтанғанына отаршыл көзқарастағылардың іші күюде. Қазақстанның сырттағы қандастарын қабылдауы тоқтағанымен, қазақтың саны өсуін тоқтатқан жоқ.

Алайда Ресейге арқа сүйеген солтүстік облыстардағы орыс-казак ұйымдары елдің тәуелсіздігі мен біртұтастығына ниеттестік танытпай, жылдар бойы сүйегі қурап қалған КСРО-ның, қазіргі РФ идеологиясын насихаттауға арланбады. Солтүстік Қазақстанда әлі де орыс ұлтының саны басым. Олар аймақты Ресейге қосып, Ресей деген елде тұрғысы келетінін кейде ашықтан-ашық айтып жатады. Өкінішке қарай, оларға заң «қабақ түйген» емес.

Ресей тарапы Қазақстанмен құдайы көрші бола тұра, Құдайын ұмытқандық жасап жүрді. Қазақстанда Конституцияда бекітілген мемлекеттік тілдің мәртебесі көтеріліп жатса, «Қазақстан орыс тіліне қысым көрсетіп жатыр» деп байбалам салумен болды.

«Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейдің жері» деді… Қазақстанға жер КСРО-дан сыйлыққа қалған, бұл елде ешқашан мемлекеттік құрылым болмаған» деді… Тағы не демеді?!

Ал өткен айда Ресей Украинаға соғыс ашысымен, Қазақстанның солтүстік облыстарында тұратын орыс ұлтының өкілдері арасынан РФ президенті Путинге «Қазақстанды Ресейге қосып алыңызшы» деп қиылып үндеу жасағаны да болды.

Енді осынша жағдайды көре тұрып, Ресейден қалың қауым қоныс аударып жатқанда қазақтың қамсыз отырғаны қисынды ма?

«Қазақстанда орыс саны азайып барады. Қазір 18% ғана қалды. Былай кете берсе, 2050 жылы 10% ғана қалады» деп, Қазақстан уысынан шығып бара жатқанына жанұшырған Ресей ақпарат құралдары мен авторлары, саясаткерлері Ресейге салынған санкциялардың арқасында есебін түгендеп отырған жоқ па?

Қалай қамдануға болады?

Шынында да қазақ елі – Ресейдегі орыстарды Қазақстанға көшірумен айналысып жүрген агенттіктер жазғандай, қонақжай халық. Қонақжай болғаны сондай, үйіндегі соңғы несібесін өз аузынан жырып беріп, өзі аш қалуға бейіл.

Алайда қазір көзі ашық, ертеңін ойлайтын жастар да баршылық.

Таяуда Facebook-те белгілі азамат, IT сарапшысы Ресйеден келген жүздеген IT маманы Қазақстандағы жұмыс берушілермен онлайн кездесіп отырғанын жазған. Сонда ресейліктердің жаппай көшіп келуінен біз қай жағынан ұтып, қай жағынан ұтылатынымыз деген мәселеде желі қолданушылары тұспалдап өз ойларын жазып жатты.

Рас, көзі ашық қоғам шынайы бәсеке болғанын құптайды. Ал шын дамып, табысқа жеткісі келетіндер қашан да өз бәсекелесі мықты болғанын, ол қайта қамшы екенін айтады.

Сонда көпшілік жастар өздеріне мықты бәсекелес келгенін қуана қабылдайтынын айтып жатты.

Алайда көптеп келіп жатқан ресейлік иммигранттар жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына ғана емес, халықтың ұлттық-демографиялық құрамына да өзгеріс әкелетінін жазды. Сондықтан «Қазақстан орыс тілінде сөйлейді, ол елге барсаң, мәдени бейімделудің қажеті жоқ» деп келе жатқан ресейліктерді солтүстік жаққа емес, оңтүстік аймақтарға жіберу қежт» деген пікірлер айтылды.

«Ақыры Ресейден IT мамандары келіп жатыр екен, бәрі қызмет сұрап қиылып отыр екен, онда оларды «Made in Kazakhstan» таңбасымен өнім өндіретін мекемелерде жұмыс істетейік» деген ұсыныс жазғандар да болды.

Біздің пікірімізше, дәл қазір ресейлік иммигранттар келсе де, келмесе де, елдің біртұтастығын, рухани қуатын арттыратын амалдар қажет.

Олардың қатарында:

Қазақ тілін өзінің Конституциялық мәртебесіне сай қолдануды нығайту, қайтадан шет елдердегі қазақ диаспораларынан көшіп келгісі келетін этникалық қазақтарға қолдау көрсетіп, арнайы бағдарламалармен олардың көшіп келуіне жол ашу, солтүстік облыстарға оңтүстіктен және шет елден келетін қазақтарды топ-тобымен көшіріп, орналастыру, олардың жұмысқа орналасуы мен баспаналы болуына жағдай жасау, Қазақстанның ынтымағы мен бірлігіне, халықтық тұтастығына ши жүгіртетін шетелдік ақпарат құралдары, соның ішінде Ресейдің мемлекеттік телеарналары мен радиоларының таралуына шектеу қою, мемлекеттік қызметке аларда азаматтардан мемлекеттік тілді білуін талап ету, ҚР азаматтығын берерде басқа елдер секілді ҚР тарихы мен мемлекеттік тілін білуді талап ету сияқты қадамдар болса қанеки!

Азат Қазақстанның Конституциямен бекітілген мемлекеттік тіл, ел мен жер тұтастығы деген құндылықтары, ұлттық, яғни мемлекеттік мүддесі Ресейден басталған осы бір «көштің» көлеңкесінде қалып қоймаса игі еді. Бұл – көптің көңіл түкпіріндегі ой.

Әйтпесе, қонақжай қазақ кімге құшақ жаймап еді десеңізші.

P/S: Елорда мен Алматыдағы кейбір ресейлік дүкендерде тауар сатып алу үшін қолма-қол ақша немесе тек «Сбербанк» картасымен ғана есептесуге мүмкіндік беріледі екен. Ал қазақстандық банктердің карталары қабылданбайды деседі. Бұл тақырыпқа алда қайта айналып соғатын боламыз.

Авторлар: Нәзира Байырбек,

Нұрдәулет Кәкіш

© Фото ашық көзден алынды

 

Соңғы жазбалар

«Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды»: New York Film Academy құндылығы неде

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының және Ауа райы болжамының жүргізушісі, «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері, New York Film Academy түлегі...

Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының әкімі болып этникалық қазақ тағайындалды

0
БАЯН-ӨЛГИЙ. KazUnite - Моңғолия премьер-министрінің бұйрығымен Баян-Өлгий аймағының әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды. Бұл туралы Kaznews ақпарат агенттігі хабарлады. Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жаңадан сайланған Баян-Өлгий...

TPAМПлин бe, тықыp тaянy мa: Дoнaльд Tpaмптың билiккe кeлyi әлeмгe қaлaй әcep eтeдi

0
HЬЮ-ЙOPК. KazUnite - Қaй кeз бoлcын әлeмнiң нaзapынaн әcтe тыc қaлмaйтын Aмepикa Құpaмa Штaттapы биылғы қapaшa aйы бacтaлғaлы бepi тiптeн жaһaнның бacты жaңaлығынaн түcпeй...

Қазақстанда Мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер болып жатыр

0
АСТАНА. KazUnite - Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде...

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...