АқпаратАшық аспан астында: Қызылорданың мерейтойы этно бағытта өтті

Ашық аспан астында: Қызылорданың мерейтойы этно бағытта өтті

 

ҚЫЗЫЛОРДА. KazUnite – Ұлыстың бекемдігі үшін қазақ баласын жастайынан мергендікке баулыған. Жебесі үш жүз құлаштан асып нысанаға тиген батырлар жайлы тарихымызда талай дерек бар.

Тіпті аттың құлағында ойнаған жауынгерлердің ысқырғыш бір жебесінің өзі жаудың құтын қашырған деседі. Сол көшпенділердің ізін жалғаған Сырдың мерген жігіттері батырлар образындағы киімдерімен, өнерімен этноауылдағы мерекенің көркін қыздырғандай.

Олардың арасынан Қызылорда қаласынан 19 жасында «Алтын жебе» деген атаумен садақ ату үйірмесін ашқан Әли Ибрагим есімді өнерлі жігітті де байқадық. Әлемдік додаларда аттың үстінде садақ атып шеберлігін сынап жүрген Әли этноауылға келген әрбір балаға садақ ұстатып, ұлттық спорттың қыр-сырын дәріптеп тұр екен.

Одан әрі тамырын тереңнен алатын дәстүрлі мәдениеттің көркі – зергерлік туындыларды көруге болады. Халқымыздың дүниетанымын, бітім-болмысын танытатын темірден түйін түйген шеберлердің қолөнер бұйымдары бірінен-бірі өтеді. Күміспен көмкерілген алқа, жүзік, сақина, сырға мен білезік, белдік секілді әсемдік бұйымдардың сан түріне қарап, алтын қолды жандарға еріксіз бас иесің. Өйткені зергерлік – екінің біріне қонбайтын тылсым сыры бар өнер.

Түрлі-түсті құрақ көрпелер, тоқыма бұйымдары, әдемі гобелендер алыстан менмұндалап тұр. Көз майын тауысып жасалған бұл бұйымдардың дені мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан. Тағдырдың теперішін бастан кешсе де, шектеусіз мүмкіндіктің, мұқалмаған жігердің үлгісін ісімен көрсеткен мұндай жандардан тек ғибрат алуға ғана болатын шығар. Жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері де этноауыл жәрмеңкесінен табылды.

Әппақ кимешегін төгілтіп, ұршығын иірген әжелердің әні ауылдың алты ауызын еске салды. Күбі пісіп, келі түйген келіндерге қарап, ұлттық бояуды көргендейміз. Ал бір мезетте қырық қазан палау пісірген аспаздар сайысы бұқараны біріктірген басты шаралардың бірі болды.

Жергілікті «Абай-Дәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен ұйымдастырылған «Сырдың қырық қазан палауы» шарасында күріш дақылының «Маржан», «Лидер», «Янтарь», «Айгерім», «Сыр сұлуы» және украиналық сұрыптары мен төрт түлік малдың етінен дайындалған ас ұсынылды. Ашық аспан астында әзірленген тағам «Ауылым – берекенің ақ бесігі» мерекесін тамашалау үшін «Сыр Ана» монументіне жиналған он мыңнан аса ағайынға үлестірілді. Ал таңнан бері халықтың игілігіне ас дайындаған үздік аспаздарға қаржылай сыйлықтар берілді.

Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласының тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күрішті аймақта палаушылар сайысын өткізудің астарында ұлттық салт-дәстүр жатқанын жеткізді.

«Қызылорда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер! «Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады», – деді өңір басшысы.

Этноауылдағы мерейтой ақ күріштің атасы – Ыбырай Жақаевтың «Күріш туралы толғаныс» туындысынан алынған өнерпаздар қойылымымен, ақындар айтысымен жалғасты.  Алтыбақан аясындағы көңілді дала кеші, ұлттық құндылықтарды насихаттаған «Бауырсақ PARTY», «Шұбат – қымыз FEST», «Қауын – қарбыз FEST» фестивальдері көптің көңілінен шыққан шаралар легі болды.

Авторы: Сағира Уәли

Суреттер Қызылорда қаласы әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

 

 

 

 

Соңғы жазбалар

«Темірқазық» қоғамдық қоры мен «Қазақ тілі» қоғамы «Жаңа сөз» жобасын бастады

0
«Темірқазық» қоғамдық қоры мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлесіп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, жаңа құбылыстар мен заманауи ұғымдарға ұлттық сипаттағы балама табуды көздейтін...

Қазақстан волейболы қарқынды даму жолына түсті

0
Қазақстан волейболының халықаралық аренадағы әлеуеті артып, әсіресе оның классикалық және жағажай ойын түрлерінен тұрақты өсімі байқалып келеді. Айталық, Қазақстанның жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамалары...

Анелия Алим АҚШ-тың екі бірдей мемлекеттік марапатына ие болды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Әлемдік индустриядағы ең жарқын іс-шараның бірі NEW YORK FASHION WEEK аясында халықаралық сарапшы әрі ANELYA ALIM Beauty брендінің негізін қалаушы Анелия...

Астана Мемлекеттік қызмет хабы ЖоғарғыСот Кеңесіне судьяларды іріктеу тетігінжетілдіруге жәрдемдеседі

0
KazUnite - Технологиялар дамуы және нарыққамамандардың жаңа буыны келуімен  әлемдегіұйымдар кадрларды іріктеу мен дамытутәсілдерін қайта қарастыруда. Бүгінгі таңда HR мамандары құзырында жасанды интеллектке негізделген құралдар, үлкен...

Батысқа ұмтылу отаршыл санадан құтылу ма, әлде табыс көзі ме

0
KazUnite - Бүгінде Қазақстанда ағылшын тілін білетін жастар көп. Оны үйренгісі келетін балалар да аз емес. Яғни ағылшын тіліне деген сұраныс жоғары. Бірі мұны...