Ақпарат600 адам қатысты: АҚШ-та тұңғыш рет Наурыз кең көлемде тойланды

600 адам қатысты: АҚШ-та тұңғыш рет Наурыз кең көлемде тойланды

 

НЬЮ-ДЖЕРСИ. KazUnite – Америкадағы қазақ қауымдастығы Нью-Джерси штатында тұңғыш рет Наурыз мерекесін кең көлемде тойлады. Мерекелік шараға 600 адам қатысты.
Бұл мерекеге әр штаттағы қазақ қоғамдастықтарының өкілдері, АҚШ-тағы қазақ мәдениеті мен тарихына қызығушылық танытып жүрген жергілікті тұрғындар мен шетел азаматтары, Америкадағы Қазақстаннан асырап алынған балалар мен олардың ата-аналары да келді.
Мерекелік шара дәстүрлі жолмен АҚШ-тағы қазақ диаспорасындағы ақсақалдардың ақ батасымен ашылды.


Наурыз тойын ұйымдастырған азаматтардың бірі Жұлдызай Исмаилова Нью-Йорк маңында Наурыз өткіземіз дегенде мұнша көп адам жиналады деп ойламағанын айтады. Бірақ бұл мереке АҚШ-тағы қазақ дисапорасының үлкен бір қауым болып қалыптасып, ынтымағы мен ырысы жарасқан ортаға айналып отырғанын көрсетті.

“Наурыз тойын сәл ертерек өткізуге болар еді. Бірақ біз басқа штаттардан кісілер келетін болған соң жағдайға қарадық. 21 Наурыздан бастап АҚШ-тың әр штатында, тіпті көп қалаларында Наурыз болып жатты. Біз басқа штаттардан келетін қазақтар өз мерекелеріне де алаңсыз қатысып, содан соң бізге келсін деп, 26 Наурызды таңдадық”, – деді мерекені ұйымдастырушылардың басы-қасында жүрген Бағдат Әріпов.

Жалпы, Наурызда әр штаттағы қазақ қоғамдастықтарының өкілдері, атап айтсақ, Нью-Йорк, Пенсильвания штаттарындағы қазақ өнерпаздары және Хьюстонда балаларға арнап онлайн домбырашылар мектебін ашқан Қазақстан Күйшілер одағының төрағасы, домбырашы-ұстаз Асқар Кенжеғалиев шәкірттерімен өнер көрсетті.
Мереке үстінде Қазақстанның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігінен Бауыржан Оспанов Қазақстан өңірлік мемлекеттік қызмет хабының жетекшісі Әлихан Бәйменовтің Наурызға алып келген шашуын ұсынды. Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, соның ішінде тоғызқұмалақ сайысының жеңімпаздарына Халықаралық “Тоғызқұмалақ” федерациясы атынан Әлихан Бәйменов ұсынған ұлттық нақыштағы арнайы сыйлықтар табысталды.
Бұдан бөлек гір тасын көтеру, арқан тартыс сияқты сайыстар өткізіліп, АҚШ-та жаңа отау қүрғалы отырған жас келіннің беташары және жас сәбидің тұсаукесер рәсімі жасалды. Мерекені шұрайлы тілімен өлеңдетіп жүргізген Оралхан Жанболат беташар айтқанда қалың ел ризалықпен шапалақ ұрды. Күн құбылмалы болып, жауын-шашын болса да, Наурыз тойына жиналған қалың қазақ тарағысы келмеді. Ет асып, бауырсақ пісіріп, алдын ала дайындалған қазы-қарта, жал-жаяны баптап үстелге қойып, ас дайындап жүрген қыз-келіншектер мен қазан астына от қойып, су тасып, көпшілікке қызмет етіп жүргендер де осындай тойды сағынғанын айтып, қуаныштарымен бөлісіп жатты.


Наурыз тойында ең әсерлі болған жайлардың бірі – мерекеге Қазақстаннан асырап алған америкалықтардың балаларын алып келуі еді. Наурыз мерекесі кезінде америкалық ата-аналар асырап алған қазақ балаларына туған елін біліп жүрсін деген ниетпен қазақ диаспорасы атынан ұлттық нақыштағы камзолдар мен тақиялар сыйға тартылды.
P.S: Американың басқа штаттарында әлі де Наурыз тойы жалғасуда. Бүгін, 27 Наурыз күні, Бостон қаласында Гарвард университетіндегі Орталық Азия елдері студенттері ұйымы ұймыдастырған Наурыз мерекесі өтеді.

 

Соңғы жазбалар

ГРАФ МОНТЕ-КРИСТО – КЕШІГІП ҚАЙТҚАН КЕК

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Кездейсоқ қазынаға тап болған адамның ақшасы көбінесе қолға ұстаған мұз тәрізді еріп кетеді. Ал мақсаты бар адамның қолында ол мүмкіндіктер мен...

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары басталды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары басталды. Сапар барысында ол БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді. Сондай-ақ ҚР Президенті «Орталық...

Орталық Азия мен Кавказ елдерінің үкімет өкілдері Корея Республикасының озық цифрлық тәжірибесін зерделеуде

0
Орталық Азия және Кавказдың жеті елінен келген 20-дан астам мемлекеттік қызметшіден тұратын делегация мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтерді табысты цифрлық трансформациялау үшін озық тәжірибелер,...

Бәсекелесі жоқ бизнес – кәсіпкер Кемелбек Әбдуәлімен сұхбат

0
KazUnite - Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату – көптен бері келе жатқан кәсіптің бірі. Халық өнеркәсіпшілігіне аса мән берген қазақ халқы тері...

Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Семей маңындағы ауылына сәлем жолдады

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Америкадағы өмір салт-дәстүрге, қазақтың ұлттық құндылығын тереңірек тануға деген қызығушылықты арттырды». Бұл туралы Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Розлана Ерғалиева айтты. «Адамға жүрген...