АртКартиналарымды АҚШ, Франция азаматтары сатып алады – өнерін табысқа айналдырған суретші

Картиналарымды АҚШ, Франция азаматтары сатып алады – өнерін табысқа айналдырған суретші

 

АСТАНА. KazUnite – Бүгінде өнерін табысқа айналдырып жүрген суретшілер аз емес. Сондай қылқалам шеберлерінің бірі, Астана қаласындағы №2 өнер  мектебінің ұстазы Қайрат Жәйірбекұлымен бейнелеу өнері жайлы сұхбат құрдық.

– Қайрат Жәйірбекұлы, қанша тырысса да, кез келген адам меңгере алмайтын суретшілік жолға қалай келдіңіз? 

– Мен 1973 жылы Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағында дүниеге келдім. Сол жақта педагогикалық колледжде «Қытай тілі» мамандығы бойынша бітіріп, ұстаздық қызметімді бастадым. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, бала кезімнен әкемнің суретшілік өнерін бойымызға сіңіріп өстік. Ол кісі кәсіби маман болмаса да, белгілі бір деңгейде білімі бар шебер адам. Сол кісінің бағыт-бағдарымен өнерге жақын болып өстім. Бірте-бірте бұл өнерге қызығушылық арта бастады. Содан қытай тілі пәні мұғалімінен суретшілік мамандыққа бет бұрдым. Ал 1995 жылдан бастап мектепте бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Ал осыдан 17 жыл бұрын атажұртқа қоныс аудардым. Қазіргі кезде Астана қаласындағы  №2 өнер  мектебінде ұстаз болып қызмет етемін.

– Ұстаздықпен қатар жеке шығармашылығыңызды дамыту қиын емес пе? Неден шабыт аласыз? 

– Барлығы еңбекпен келеді. Бастысы қызығушылық болды. Сондықтан ұстаз ретінде балаларға тәрбие берсем де, шығармашылықты қатар алып жүрдім. Кейде түн жарымда шабыт келетін кездер де болады. Сондай сәтте бірден қолыма қалам алып, қағазға эскиздер саламын. Кейде Астанадағы ірі-ірі сурет көрмелерінде алдыңғы аға буын өкілдерінің өнерін тамашалап, одан сайын шабыттана түсемін.

– Бұл салада жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Өнердің бұл саласында жүргеніме 30 жылдан асты. Осы уақытқа дейін живопись, графикамен жұмыс істеп келемін. Барлығы 200-ге жуық жеке шығармашылық жұмысым бар. Олар әртүрлі форматта жасалған. Жалпы мен көбінесе портреттік жанрдағы суреттер салғанды ұнатамын. Бір айта кетерлігі, мен өзімді сырттай карикатурист ретінде көремін. Өйткені суреттерімнің көбісі осы бағытта салынған.

– Кәсіби суретші ретінде қандай жетістіктеріңіз бар?

– Негізінен, мен өзімді әуесқойдан бастап кәсіби суретшіге көтерілген адаммын деп есептеймін. Қазіргі кезде Қазақстан Суретшілер одағының, Еуразия дизайнерлер одағының және Қазақстан Республикасы Көркем академиясының корреспондент-мүшесімін. Сондай-ақ «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгімен марапатталдым. Оған қоса, Астананың 20 жылдығына арналған халықаралық суретшілер жинағына шығармаларым енді.

Сурет салу бойынша ұйымдастырылатын жарыстар мен көрмелерге қатысасыз ба?

– 2020 жылы Алматыда өткен Республикалық карикатура байқауында бас жүлдені жеңіп алдым. Онда «Бюджет мол. Мәселе сол» деген тақырып болды. Елордада Суретшілер одағы жанынан «Жас суретшілер бірлестігі» құрылды. Бірлестіктің мүшесі ретінде көптеген көрмеге жиі-жиі шыға бастадық. Сөйтіп, өзге суретшілермен тәжірибе алмастық.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Абай атамыздың «Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сиясың» деген сөзді ұстанамын.

– Картиналарыңызды негізінен кімдер сатып алады?

– Көрмелерде қандай да бір картинаны көріп, бірден ұнатып, сатып алатын жандар табылады. Мысалы, АҚШ, Франция секілді әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристер қызығушылық танытады. Тіпті, олар сатып алады. Сондай-ақ суреттерге еліміздегі қалалардан да тапсырыстар келіп түседі. Ал жаз мезгілінде, әсіресе, саябақтарда сурет салумен айналыспаймын. Алайда қартайған уақытта неге бармасқа?! Бір жағынан уақытты қызықты өткізу, екіншіден, сүйікті ісіңмен шұғылдану – ләззат.

– Шәкірттеріңіз көп пе?

– Әлбетте, шәкірттерім бар. Қазіргі кезде Астана қаласындағы №2 өнер  мектебінде ұстаз болып қызмет етемін.  Онда қабылданған балаларды 4 жыл бойы сурет өнеріне баулимыз. Ал кейін мектепті бітірген соң оларға арнайы сертификаттар табысталады. Осылайша, түлектер сурет өнері, дизайн секілді бағыттары бойынша мамандық таңдауға дайын болып аттанады.

 

Алдағы уақытта суретшілікпен айналысуды жоспарлап жүрген жандарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Адамның ең үлкен ұстазы – қызығушылық. Егер адамның бойында сурет өнеріне деген сүйіспеншілік үнемі лаулап тұрса, онда оны ешқандай жоғары оқу орнына түспей-ақ өз бетімен жетілдіре алады. Сондықтан өнерге деген құлшыныс әрқашан төмендемесін деп тілеймін! Керісінше, оның құрметі арта берсін. Сондай-ақ жастар, әрдайым ізденісте болыңыздар. Кез келген жұмыстың жемісі тек еңбекпен келеді. Соны естен шығармау қажет. Қандай да бір жетістікке жету үшін, адам сол бағытта аянбай еңбек етіп, тер төгуге тиіс. Сол кезде нәтиже де болады. Ал содан кейін атақ пен абырой қатар еріп жүреді.

– Бос уақытыңызда немен шұғылданасыз?

– 80-жылдары брэйк данс туралы АҚШ фильмдерінен көріп өстік. Тіпті, сол кездерде бүкіл бала соған қызықты. Олардың қатарында мен де болдым. Жарым – кәсіби биші. Сондықтан үйде бала-шағамызбен анда-санда би билеп, көңіл-күйімізді көтеретін жайымыз бар.

– Қазіргі кезде балалардың сурет өнеріне деген қызығушылығы қалай деп ойлайсыз?

Астана қаласындағы №2 өнер мектебінің көркем сурет бөліміне келетін балалардың барлығы шетінен талантты деуге болады. Кез келген баланың әр сала бойынша қабілеті бар емес пе? Ал, біз, ұстаз ретінде сол дарынын дұрыс жолға бағыттасақ, онда одан болашақта үлкен үміт күтеміз. Қуантарлығы, қазіргі таңда сурет салуға қызығатын жеткіншектердің қатары артып келеді.

– Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз. 

– Алда жеке шығармашылық сурет көрмемді өткізу жоспарымда бар. Осы уақытқа дейін 3 сурет көрмесін өткіздім. Оның алғашқысы 2018 жылы аралас көрме болды. Онда графика, живопись және рельеф жанрындағы суреттер көпшілік назарына ұсынылды. Екіншісі, 2021 жылы елордадағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапханада болды. Шағын типтік көрме балалар тақырыбына арналды. Ал соңғысы былтыр «Арнау» атты тақырыпта ұйымдастырылды. Ол сурет көрмесіне келушілер иллюстрация, карикатура және каллиграфия жанрындағы суреттерді тамашалады. Ал ендігі жоспар тек живопись бағытындағы жеке көрме ұйымдастыру. Бастысы тыңғылықты дайындалып, сақадай сай болып өткізу керек деп есептеймін. Сондықтан қазіргі таңда көрмеге қызу дайындықты бастап та кеттім.

Сұхбатыңызға рақмет!

P/S: Ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу тұрғысында
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасын қолға алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын.

Сұхбаттасқан Ақкербез МЫРЗАХМЕТ

 

Соңғы жазбалар

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті

0
АСТАНА. KazUnite - Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі...

Нью-Йорк штаты Ассамблеясының марапатына ие болған алғашқы қазақ кім?

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Таймс-сквер орталығында өткен Нью-Йорктегі сән апталығы аясында Нью-Йорк штатының Ассамблеясы Анелия Әлімованы салтанатты түрде марапаттады. Анелия – мұндай марапатқа ие болған...

Әлемнің ТОП-10 үздік университеті белгілі болды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite — Еуропа және Америка университеттері 2024 жылғы әлем университеттерінің академиялық рейтингінде (ARWU) көш бастап тұр. Гарвард университеті тағы да бірінші орында, деп...

Қазақстанның қазіргі шекарасында Абылайдың да, Әбілхайырдың да, Жәңгірдің де үлесі бар – картограф

0
KazUnite - Қазақтың ресми шекарасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты дейтін түсінік дұрыс емес. Белгілі картограф, «Қазақ хандығы» тарихи картасының авторы, АҚШ-тағы Гарвард университетінің...

Қазақстанда қанша яхта бар?

0
АСТАНА. KazUnite – ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары Қасым Тілепов Қазақстанда қанша яхта тіркелгенін айтты. «Қазақстанда неше яхта тіркелген және...