АртДомбыраға шетелдіктер қатты қызығады – АҚШ пен Еуропадан тапсырыс қабылдайтын астаналық шебер

Домбыраға шетелдіктер қатты қызығады – АҚШ пен Еуропадан тапсырыс қабылдайтын астаналық шебер

 

АСТАНА. KazUnite – Бабалар жолын жалғастырып, ұлттық құндылықтарымыздан айнымау – бүгінгі ұрпақ үшін парыз. Бұл ретте салт-дәстүрімізді дәріптеп, ұлттық қолөнермен айналысып, қaзaқтың ата кәсібін жаңғыртып жүрген еңбек адамдарының ісі зор құрметке лайық. Сондай азаматтың бірі – Айбат Кәрібай. Ол сапалы домбыра аспабын жасайды. Шебердің қолынан шыққан домбыралар жоғары сұранысқа ие. Тіпті оған әлемнің әр түпкірінде тұратын қазақтар да тапсырыс береді. Ұлттық кәсіптен нәсібін тауып жүрген Айбат Кәрібаймен сұхбат құрып, жұмысымен таныстық.

13 жасында домбыра жасауды бастаған

Айбат Кәрібай домбыра жасауды бала кезінде әкесінен үйреніпті. Ол алғашқы туындысын 13 жасында жасаған. Бұл істі кәсіпке айналдырғанына биыл 24 жыл болыпты.

Оның Астанадан 10 шақырым жерде орналасқан Қосшы қаласында жеке шеберханасы бар. Осы уақытқа дейін шебер 2 мыңнан аса домбыра жасаған.

«Әкеміз домбыра жасаумен кәсіби деңгейде айналысты. Күнделікті жарты күнін домбыра жасауға арнады. Тіпті, ол кісі күйші болды. Атамыз да  ағаштан домбыра, жиһаз және басқа да дүниелерді жасаған. Осыны көріп өскен інім екеуміз 12-13 жасымызға дейін қолғанат болып жүріп, үйреніп, бүгінде кәсіби тұрғыда домбыра жасаумен айналысып жүрміз, – дейді Айбат Меллатұлы.

Бір домбыра қанша уақытта жасалады?

Шебердің айтуынша, бір домбыра жасауға үш күн уақыт кетеді.

«Егер барлық қажетті заттар болса, онда домбыраны екі күн ішінде жасауға болады. Алайда көп жағдайда домбыралар параллель түрде жасалады. Бір мезетте бірнеше домбыра дайындалады. Орташа есеппен оған 15 күн кетеді», – дейді шебер.

Тіпті, кейбір домбыраны жасауға 1 айдан артық уақыт жұмсалады.

«Қарапайым стандарт домбыралар көбіне 3-5 күнде, болмаса 1 аптада дайындалады. Ал бағасы қымбат домбыраларды әзірлеуге ұзақ уақыт қажет. Мысалы, құны миллион теңге тұратын домбыра 1 айдан аса уақытта жасалады», – дейді Айбат.

Қазіргі таңда домбыралардың бағасы да әртүрлі. Олардың бағасы 50 мың теңгеден басталады.

Қандай ағаштан жасалады?

Ал домбыраның сапалы болуы әуелі шеберге байланысты болады. Шебердің қолынан шыққан домбыраларды елімізге танымал азаматтар сатып алады. Олардың қатарында әнші Қайрат Байбосынов, Досымжан Таңатаров,  күйші Жанғали Жүзбай, Президент оркестрінің күйшілері және басқалар да бар.

«Домбыра аспабының ең маңызды деталі – ішегі. Дыбыстың жақсы шығуы үшін ішек өте маңызды рөл ойнайды. Домбыраның болмысын көрсететін оның қос ішегі. Бұрын ата-бабаларымыз қойдың, ешкінің ішегінен созып жасаған. Оны қазіргі кезде де дайындауға болады. Алайда ол өте сапасыз. Көпке шыдас бермейді. Сондықтан қазіргі кезде оны жасамаймыз», – дейді ол.

Бүгінгі таңда аспапты әртүрлі ағаштан жасайды. Әсіресе, оның шанағын қайың мен аршадан істейді.

Шанақты қарағай мен шыршадан жасауға болады. Бірақ ол тез жарылып кетеді. Ал шанақ ағашы қаттырақ болуы керек. Сондықтан шеберлер оны аршадан, қайыңнан, өрік, алма ағаштарынан дайындайтынын айтты.

Домбыраны қалай таңдау қажет?

«Әуелі шеберді дұрыс таңдаған жөн. Өйткені материалдың әлеуетін ашу домбыра жасайтын шеберге тікелей байланысты. Шебердің дыбысты айыра білуі және оның сапасына мән беруі қажет. Әртүрлі сұранысты қанағаттандыру үшін әуелі дыбысты тани білетін адам болғаны жөн. Ал шебердің дыбысты танитын қабілеті болмаса, онда ол жай стандарт домбыра ғана жасай алады», – дейді Айбат.

Оның айтуынша,  жақсы шебер домбыраны кепкен ағаштан жасайды.

«Шеберлердің кейбірі домбыраның құны арзан болу үшін қолдағы бар материалынан жасай салады. Олардың арасында кеппеген ағаштар болуы мүмкін. Ал кеппеген ағаштар домбыраның сапасына едәуір кері әсер етеді», – дейді шебер.

Адамның құны немен өлшенеді?

Сөз арасында шебер өзінің өмірлік ұстанымы жайлы да айтып өтті.

«Адамның құны қоғамға қосқан үлесімен өлшенеді» деген еді Эйнштейн. Ол – еңбекпен қосқан үлесі. Ал еңбексіз ешқандай адам айналасына үлес қоса алмайды емес пе? Арман мен еңбек біріксе, ұзаққа барады. Бұл – менің ұстанымым. Ер азамат мал тапқыш болу керек. Сондай-ақ бар біліміңмен, малыңмен, қабілетің және кәсібің арқылы елмен бөлісу қажет деп есептеймін. Сол арқылы қоғамға үлес қосу керек. Өмірге келген адамның басты мақсаты – жанын бағып, тек күнін көру емес. Жан бағу деген жер бетінде жүрудің шарты ғой. Ал әр адам рухани жағынан да деңгейін әрдайым жоғарылатып отыру керек деп санаймын», – дейді шебер.

Оның сөзінше, рухы көтерілген адам өмірде өзінің миссиясын жақсы орындайды.

Тапсырыс қалай қабылданады? 

2018 жылдан бастап елімізде шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтеді. Осыған сәйкес, бұрынғыға қарағанда қазіргі кезде домбыраға тапсырыс берушілер саны едәуір артқан.

«Шамамен адамдардың 30 пайызы шеберханаға келіп тапсырыс берсе, ал қалғандары онлайн түрде береді. Бұл – адамдардың бізге деген сенімінің арқасы. Сондай-ақ мектептерде де домбыра үйірмесі ашылды. Нәтижесінде бұл аспапқа деген сұраныс 4-5 есе арттып отыр», – дейді Айбат Кәрібаев.

Бүгінде ол дүниежүзі қазақтарына да сапалы ұлттық аспаптарды ұсынып жүр.

«Шетелде тұратын қазақтар да тапсырыс беріп тұрады. Мәселен, жақында Америкада тұратын бауырым құны 300 мың теңге тұратын домбыраға тапсырыс берсе, ал Қытайдағы қандасымыз миллион теңге көлеміндегі 2 дана домбыраға тапсырыс беріп кетті. Еуропадан да тапсырыс қабылдап жатырмыз. Жалпы, домбыраға шетелдіктер де қызығушылық танытады. Алайда әзірге олардың саны қазақтармен салыстырғанда әлдеқайда аз», – дейді шебер.

Шебердің бойында қандай қасиет болуы керек?

Айбат Кәрібаев келешекте ата кәсібіміз домбыра жасаудың қыр-сырын жастарға үйретпек.

«Ісіміз – отбасылық кәсіп. Сондықтан қазіргі таңда оның ауқымын кеңейту жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Сол бағытта үлкен көлемде тапсырыс қабылдау үшін мүмкіндіктерді қарастыруды қолға алдық», – дейді Айбат.

Бұл кәсіппен айналысуда сан емес, сапа маңызды екені рас. Ал шебердің бойында ата дәстүрге деген шынайы жанашырлығы мен отансүйгіштік қасиеті болған жөн. Сонда төл аспабымыз – домбыраның қоңыр үні өзгермейді.

Бүгінгі таңда домбыра жасаушылар көп, ал хас шеберлер аз. Айбат Кәрібаев – сол хас шеберлердің арасынан ойып тұрып орын алатын ұлтжанды тұлғаның бірі.

Айта кетсек, ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу тұрғысында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы қолға алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын.

Сабина КӘКІМЖАН

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...