KazUnite – Бүгінгі таңда қыз-келіншектер ұлттық нақыштағы ою-өрнектерді заманауи стильге лайықтап, оны кәсіпке айналдырып, табыс тауып жүр. Кәсібін дөңгелетіп отырған жандардың бірі – алматылық Фатима Дүйсеханқызы Қожагелдиева. Ол алғашында бұл істі хобби ретінде бастаған. Ал сол әуесқойлық ісін кәсіпке айналдырғанына биыл 10 жыл толады. Қолөнер шебері ұлттық үлгідегі күнделікті киім-кешектерді, қыз жасауына қажетті заттарды тігеді. Сондай-ақ өз білгенін осы іске қызығушылық танытқан қыз-келіншектерге үйретіп, шеберлік сабақтарын өткізіп жүр.
Алматылық қолөнер шебері Фатима Дүйсеханқызы қазақтың ұлттық стильдегі бұйымдарын заманауи үлгіде жаңғыртып, оны кәсіпке айналдырған. Он саусағынан өнер тамған шебер – бүгінде 3 баланың анасы әрі ұлттық өнеріміздің дәріптелуіне үлес қосып жүрген ісмер.
Алайда оның негізгі мамандығы – биология пәнінің мұғалімі. Ал қолөнерге бала кезінен әуес болған.
«Менің әкемнің анасы – өте мықты шебер болған кісі. Әкемнің айтуы бойынша, әжем ауылдағы қыз-келіншектерді жинап, оларға киіз бастыру, алаша тоқуды үйретіп отырған. Мектеп кезінде еңбек пәнінде құмыралардың сыртына түрлі бисерден (майда моншақ) картинкалар салдық. Кейін мұндай жұмыстарды мектепішілік жәрмеңкелерде жұртшылық назарына ұсындық», – дейді еске алып Ф. Дүйсеханқызы.
Ол бұл істі кәсіпке студент кезінде айналдырған екен.
«Айдың аяғында шәкіртақым түсті. Күйеуіме: «Осы ақшаға мата алып бірнәрсе сатайын» дедім. Ол мені бірден қолдады. Сол уақытта айт намазы жақындап қалған. Сондықтан жайнамаз тігіп, сататын болып шештік. Негізі сату жағынан менің мүлде хабарым жоқ. Сондықтан іштей жолдасыма сеніп, тәуекел етіп, іске білек-сыбана кірісіп кеттік», – дейді қолөнер шебері.
Содан Фатима Дүйсеханқызы базардан мата сатып алып, тігуді бастайды. Күні-түні тынбай еңбектеніп, Айт намазына дейін 25 жайнамаз тігеді.
«Алғашында «жайнамаздар сатыла ма?» деген іштей күдік болды. Мен Айт намазы болатын күні мешіттің алдына барып сатуға дайындалып жүрдім. Бірақ ол жерге тек ер адамдар баратынын жақындаған уақытта естідім. Содан күйеуім бұларды мешіттің алдында өзі сатуға келісті. Сол күні жолдасым үйге келгенше терезеден қарап, уайымдап жүрдім. Айт намазынан кейін жолдасым үйге келіп, қалтасынан тапқан табысын шығарып, менің қолыма ұстатты. Жарты сағат ішінде барлық жайнамаз сатылып кетіпті. Соны естіген бойда өте қатты қуандым. Сол күннен бастап ешнәрседен ұялмау керектігін және әрбір адал іс берекелі болатынын түсіндім», – дейді Фатима Дүйсеханқызы.
Сондай-ақ ол бар білгенін осы іске қызығушылық танытқан қыз-келіншектерге үйретумен айналысады.
«Қыздарға қыз жасауын, сәукеле тігу, инемен кестелеу арқылы түрлі бұйымды жасау бойынша шеберлік сабақтарын өткіземін. Қазіргі кезде мен киімдерге сурет салумен айналысамын. Әсіресе ұлттық нақыштағы киімдер көп емес. Сондықтан қазақи ою-өрнектермен безендірілген киімдерге сұраныс бар. Сол бойынша клиенттерден тапсырыстар түсіп тұрады», – дейді қолөнер шебері.
Қазіргі таңда ол әлеуметтік желіні табыс көзіне айналдырған және әзірлеген бұйымдарын «Kaspi дүкен» арқылы сатылымға шығарады.
Өз жолын қолөнерден тапқан алматылық келіншек ұлттық бұйымдарға қызығушылық өте жоғары екенін айтады.
«Мен бас киімнен бастап аяқ киімге дейін түрлі ою-өрнектер салып, бұйымды адам танымастай етіп түрлендіре аламын. Клиенттің кез келген қалауын орындаймын. Мысалы, киім-кешектерге, сөмкелерге ұлттық колоритті қосып, заманауи стилде жасаумен айналысамын. Жалпы, кез келген киімге қазақи нақышты үйлестіруге болады. Бастысы әдіс-тәсілін білу керек», – дейді ісмер.
Қолөнер шебері әр әйел кәсіпкер болуы керек деп есептейді.
«Кез келген қыз-келіншек ине ұстай білуі қажет. Бүгінде әйелдер үйде отырып, ақша да табуы керек. Ол үшін қыз-келіншектер әуелі білімді болуға тиіс. Үйде отырған аналар балаға тәрбие берумен қоса, кәсіпкер де болуы қажет деп санаймын», – дейді алматылық Фатима Дүйсеханқызы.
Кәсіпкер 2019 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасына бизнес-жобасын ұсынып, қайтарымсыз 505 мың теңге көлеміндегі қаржылай грант ұтып алған. Ол қаражатқа тігін машинасын сатып алған. Ал қазіргі кезде мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге ұсынылып жатқан 5 млн теңге көлеміндегі грантқа қатысуды жоспарлап отыр.
Қолөнермен айналысу үшін адамның бойында әуелі қызығушылық болуы керек. Мұндай пікірді алматылық Фатима Қожагелдиева айтады.
«Адамның бойында әуелі қызығушылық пен тұрақтылық болуы қажет. Бұл іспен үнемі айналысып отырған жөн. Өйткені бұл істен біраз уақытқа қол үзетін болса, білгенін ұмытып қалады. Тіпті, адамда қызығушылық басылып қалуы мүмкін. Ал мотивация – кез келген жетістікке жетудің жолы. Егер адам бұл іске күнделікті уақыт бөліп, бір нәрсені басынан соңына дейін істейтін болса, сенімділік пайда бола бастайды. Кейін келесі жұмыстарды істеуге қызығушылығы да оянады. Мен шеберлік сабақтарымда қыз-келіншектерге әуелі кішкентай әрі жеңіл нәрселерді жасаудан бастауға кеңес беремін. Өйткені кішкентай нәрседен бастаған уақытта күрделі бұйымға жету оңай болады», – дейді Фатима Дүйсеханқызы.
Қазіргі таңда қолөнер шебері матаға сурет салумен айналысады.
«Бұл өте жылдам жасалады. Оның пайдасы да жоғары. Мәселен, дайын костюмдерді 8-12 мың теңгеден сатып алып, оны ою-өрнектермен безендіріп, 25 мың теңгеден, ал бас киімдерді 1 мың теңгеден сатып алып, ұлттық нақышқа келтіріп, 3500-5000 теңгеден сатуға болады», – дейді кәсіпкер келіншек.
Сондай-ақ ол бүгінде қолөнермен айналысуды жоспарлап жүрген жандарға пайдалы кеңестерімен де бөлісті.
«Бастысы сапаға көңіл бөлу керек. Егер сапалы жұмыс істесеңіз, клиент сізден кетпейді. Сондықтан барынша шынайы сүйіспеншілікпен жұмыс істеңіздер. Нәтижесінде істеген жұмысыңыз да жақсы шығады. Сондай-ақ адам үнемі ізденісте болуы керек. Білім алуды тоқтатпаңыздар. Мысалы, мен 1 ай ештеңе оқымасам, өзімді 1-2 жыл кері қалып кеткендей сезінемін. Сондықтан әрдайым жаңа білім алуға талпыңыздар», – дейді 35 жастағы келіншек.
Фатима Қожагелдиева сәукеле тігу, эксклюзивті әшекей-бұйымдарды жасау, матаға ою-өрнекпен сурет салу техникаларын бүгінге дейін мыңға жуық қыз-келіншекке үйреткен. Еліміздің түкпір-түкпірінде оның шәкірттері көп.
«Өмірлік ұстанымым – әрбір ата-ана баласына үлгі бола білуі… Егер біз білімді әрі ісіміз сапалы болсақ, онда әрбір бала білімді, сапалы да саналы ұлт болып өседі. Ал, балалардан үміт күтіп, «сен мені бақ» деп өмір сүретін болсақ, онда ол баланың жетістікке жетуі екіталай. Әрбір бала ата-анасын үлгі тұтады. Бізге қарап, қыздарымыз да шебер болуға тырысады», – деп сөзін түйіндеді алматылық Фатима Дүйсеханқызы.
Айта кетсек, ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу тұрғысында
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасын қолға алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын.
Сабина КӘКІМЖАН