ИнновацияАҚШ-тағы NASA ғарыш агенттігінде қызмет еткен тұңғыш қазақ кім?

АҚШ-тағы NASA ғарыш агенттігінде қызмет еткен тұңғыш қазақ кім?

 

ШҚО. KazUnite – Америкадағы NASA ғарыш агенттігінде қызмет еткен тұңғыш қазақ, сол жерде қазақ қауымдастығын құрған азаматтардың бірі – Дархан Нұрмағамбет. Ол – Үржар ауданы Қарақол орта мектебінің түлегі.

Дархан Нұрмағамбет 1966 жылы Аягөз ауданы Бидайық ауылында дүниеге келген. Әкесі Дәменнің қызмет бабымен Алматы облысы, Мыңбаев елдімекеніне қоныс аударуына байланысты мектеп табалдырығын сол жерден аттайды. Кейін Шар ауданында білімін жалғастырып, 1983 жылы Қарақол орта мектебін тәмамдаған.

Дархан NASA-да ғарыш стансаларын автоматтандыру саласында 12 жыл қызмет етті. Ол «Союз», «Кейп-Канаверал» жобаларына қатысқан. «Шаттл» ғарыш кемесінің ұшырылуына қатысып, Байқоңырға бірнеше мәрте келіпті. Ол Еуропалық ғарыш агенттігінен де тәжірибе алған.

Америкаға алғаш 2002 жылы қоныс аударған Дархан алдымен швейцариялық компанияда қызмет еткен. Кейін аэронавтика басқармасына ауысқан.

Дархан Нұрмағамбет Қазақстаннан АҚШ-тың Вирджиния штатына қоныс аударысымен, қазақ қауымдастығын құрған. Зайыбы Аяулым – Абай ауданынан. Екі қыздары бар. Аяулым алдымен «Оракл» компаниясында директор болып, кейін өнер саласына ауысып, «Балауса» хорын құрған.

«Дарханның біздің Қарақол мектебінің 9-шы орыс сыныбына алғаш келген сәті есімде. Екеуіміз бірден дос боп кеттік. Бұйра шашты, қалың қасты, көзілдірікті бозбаланы сыныптастары жақсы қарсы алды. Сабақты жақсы оқыды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын. Есімде, ұстазымыз Гүлбану Ахметбекқызы бір қойылымда оған Пушкиннің рөлін берген. Сырт келбеті ақынға ұқсайтын ол физика, математика пәндерінен үздік болды», – дейді Дарханмен бір сыныпта оқыған Қарақол орта мектебінің мұғалімі Мұратбек Бекбауов.

Дархан мен Аяулым өздерінің үш қабатты үйлерінің ішін қазақтың ұлттық жәдігерлерімен толтырған. Ою-өрнектермен безендірілген үйдің қабырғаларында қылыш, найза, садақ, қалқан, оқ-жебе толған қорамсақ сынды қару-жарақтар ілінген. Домбыралар да бар. Осының бәрі қонақтарды қазақтың салт-дәстүрімен таныстыру мақсатында қойылған. Сондай-ақ қабырғаларда белгілі суретші Айша Ғалымбаеваның, ерлі-зайыпты Бапановтардың, Алмагүл Меңлібаеваның картиналары ілінген. Отандастарымыз үнемі бас қосатын бұл шаңырақтан домбыра мен қобыздың үні үзілмейді, дастарқаннан ұлттық тағам кетпейді. Бұл да – Дарханның ата-анасы берген тәрбие. Аяулымның қолынан шыққан ұлттық тағамдар босағаны аттаған меймандар көңілінен шығып келеді. Сондай-ақ Дарханның бастамасымен жыл сайын Наурыз мейрамына Вирджиния, Мэриленд, Нью-Джерси, Нью-Йорк, Солтүстік Каролина штаттарынан қонақтар келіп, мерекені бірге тойлайды.

– Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасы. Ел Тәуелсіздігімен бірге халқымыздың салт-дәстүрі оралды. Туған елімізбен байланысты үзбейміз, – дейді ол. – Сондықтан Тәуелсіздігімізді бағалай білуіміз қажет. Алыста жүрген жан ғана туған жердің қадірін жете біледі.

Дарханның ата-анасы Дәмен аға мен Гүлбаран анамыз бүгінде бақилық болған. Алайда олардың артында қалған ұл-қыздары ата-ана берген тәрбиеден ауытқыған емес. Үш ұл, төрт қыздан тараған ұрпақ әулеттің алтын арқауын үзбей келеді. Бәрі білімді, өмірден орындарын тапқан. Ал Дарханды осы әулеттің кенжесі болғандықтан, барлығы құрмет тұтады.

 Берікхан Тайжігіт,

ШҚО, «Дидар» газеті

 

Соңғы жазбалар

ГРАФ МОНТЕ-КРИСТО – КЕШІГІП ҚАЙТҚАН КЕК

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Кездейсоқ қазынаға тап болған адамның ақшасы көбінесе қолға ұстаған мұз тәрізді еріп кетеді. Ал мақсаты бар адамның қолында ол мүмкіндіктер мен...

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары басталды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары басталды. Сапар барысында ол БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді. Сондай-ақ ҚР Президенті «Орталық...

Орталық Азия мен Кавказ елдерінің үкімет өкілдері Корея Республикасының озық цифрлық тәжірибесін зерделеуде

0
Орталық Азия және Кавказдың жеті елінен келген 20-дан астам мемлекеттік қызметшіден тұратын делегация мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтерді табысты цифрлық трансформациялау үшін озық тәжірибелер,...

Бәсекелесі жоқ бизнес – кәсіпкер Кемелбек Әбдуәлімен сұхбат

0
KazUnite - Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату – көптен бері келе жатқан кәсіптің бірі. Халық өнеркәсіпшілігіне аса мән берген қазақ халқы тері...

Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Семей маңындағы ауылына сәлем жолдады

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Америкадағы өмір салт-дәстүрге, қазақтың ұлттық құндылығын тереңірек тануға деген қызығушылықты арттырды». Бұл туралы Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Розлана Ерғалиева айтты. «Адамға жүрген...