Өмір салты«Өр-Кен» кітабы Ұлттық академиялық кітапхана қорына енді

«Өр-Кен» кітабы Ұлттық академиялық кітапхана қорына енді

 

АСТАНА. KazUnite – Қоғам қайраткері, «Даңқ» орденінің иегері Бейсембек Нақышбековтің жақында ғана жарыққа шыққан «Өр-Кен» атты кітабы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына енді. Елордадағы «Фолиант» баспасының баспаханасында басылған кітаптың тұсаукесері де Астана қаласында өтті. 

Сарыарқаның төрінде өткен салтанатты шараға автордың жақындары мен ұрпағы және зиялы қауым өкілдері қатысты. Тұсаукесерге жиналған қауым Бейсембек Молдабекұлына жылы лебіздерін білдіріп, ақ тілектерін арнады. Ал ата-анасына зор алғыстарын айтқан балалары мен немерелері әке жолын, ата жолын абыроймен жалғастырып, әулеттің атына кір келтірмеуге тырысатындарын жеткізді.

Фотода Бейсембек Молдабекұлы мен Бақыт Смаханқызы балаларымен

Балаларының атынан алғашқы болып сөз алған күйеу баласы Нұрлан Жоламанұлы өзінің қайын атасымен әңгімелескенде оның ой-өрісінің тереңдігіне таңданатынын жасырмады.

«Осындай кітаптың жарыққа шығатынын бұрыннан сезіп едім. Себебі ол кісінің әңгімесі – тұнып тұрған энциклопедия. Кез келген тақырыпта тұщымды пікір білдіреді. Кейде тіпті таң қаламын. Қай тақырыпты сөз қылсақ та, соны жіліктеп, жетер жеріне жетекізіп айтады. Мысалы, мал туралы сөз бола қалса, оны қалай жайып, қалай баптау керектігіне дейін сөз етеді. Әңгіме ауаны техникалар туралы болса, оған қатысты да айтары мол. Ал тарих туралы тіптен тереңнен толғайды», – деді Нұрлан Жоламанұлы.

Дәулетбек Бейсембекұлы әкесінің бұл кітабының келесі томдарын алдағы уақытта балалары жазатынын тілге тиек етті. Бейсен ағаның Аягөз қаласында тұратын тұңғыш ұлы Болатбек Нақышбеков Астанадағы бұл іс-шараға келе алмағандықтан, бауыры көпшілікке оның ыстық сәлемін жеткізді.

Қыздары Айнаш, Сәуле, Сунна өнегелі тәрбие берген ата-анасына шексіз ризашылықтарын  білдірді.

«Кішкентай кезімізден дастархан басында айтылған тағылымды әңгімелеріңізді құлағымызға құйып өстік. Бұл кітапта жазылған деректерді оқи отырып, бала күніміз көз алдымызға келді. Сіздердің айтқан тәлімді сөздеріңізді жадымыздан ешқашан шығармаймыз. Бұл кітап біз үшін өте құнды әрі қастерлі. Сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтаймыз. Сіздердің өмір жолдарыңыз – біз үшін үлкен өнеге. Маған ес білгенімде сіріңкенің шиімен есеп шығаруды үйреттіңіз. Бізге жасаған жақсылықтарыңыз ешқашан ұмытылмайды», – деді Сунна.

Фотода Сунна мен Бақыт Смаханқызы

Айта кетсек, Сунна 2 жасында хат танып, 3 жасында математиканың қосу, алу амалдарын үйреніп, 5 жасында мектеп табалдырығын аттаған. Үздік оқушы болған ол бүгінде Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және халықаралық тілдер университетінің студенті. Қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген полиглот.

Ал Бейсембек Молдабекұлының екінші күйеу баласы Аслан Саматұлы кітап авторына елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиеваның құттықтау хатын табыс етті.

«Ұзақ жылдар бойы білім беру саласында және халықтың мүддесін қорғауда абыройлы қызмет атқарған қоғам қайраткері Нақышбеков Бейсембек Молдабекұлының «Өр-Кен» атты кітабының тұсаукесері құтты болсын! … Бұл кітаптың бір данасы Астана қаласындағы еліміздің қара шаңырағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының қорында болуы өте орынды деп санаймын. Осы құнды кітапты кітапхана қорына тарту еткен, Бейсембек аға, өзіңізге үлкен алғыс білдіре отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, жұмысыңызға шығармашылық жетістік тілейміз. Қаламыңыз мұқалмай, жазарыңыз таусылмасын», – делінген ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиеваның құттықтау хатында.

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиеваның құттықтау хаты

Жалпы, 4 тараудан тұратын «Өр-Кен» кітабында Бейсембек Нақышбековтің оқушы күнінен бастап қазіргі кезге дейінгі өнегелі өмір жолы жазылған. «Өмір мектебі» деп аталатын алғашқы тарауда автордың студент кезі, еңбек жолы, қызмет барысындағы сәттер бүкпесіз баяндалған. Сонымен қатар Аягөз маңынан тапқан көмір кені туралы қызықты деректер ұсынылады. Сондай-ақ кенді өндіру жолындағы қиындықтар, өндірісті кеңейту бағытында кімдермен іскерлік байланыстар орнатқаны туралы бүге-шігесіне дейін қалам тербеген автор бұл еңбегін әкесі Молдабек Нақышбекұлы мен анасы Сәулехан Әбішқызының рухына арнаған. Кітапта Бейсембек Молдабекұлының ата-бабасы, әке-шешесі, туған-туыстары, отбасы, ұрпағы туралы ақпараттар да бар.

Фотода Гүлзифа Қажиқызы мен Нұрзифа Қажиқызы және Марат Амиров

Қазақ – қашанда бабаның өсиетін, батаның қасиетін қадірлеген ел. Бір жағынан атауының өзі де меңзеп тұрғандай, «Өр-Кен» кітабын авторың жас ұрпаққа деген батасы деп те қабылдаған дұрыс болар.

«…Бала – ата-ана үшін өріс, екінші тыныс. Лайым тынысымыз, өрісіміз кеңейе берсін! Өсіп-өркендеп, ұрпағымыз көгере берсін! Ғылым-білім жолында тыңнан түрен салып, елдік пен ерлікті ту етіп, үкілеген үмітімізді ақтар, елін сүйер кейінгі буынның, өрелі өрендеріміздің жолы қашанда ақ болсын! Өркендеріңіз өссін, айналайындар!» – деп түйіндейді автор.

Осынау кітаптың редакторлық жұмысы маған бұйырғанына, Бейсен ағамен жақын таныс болғаныма қуаныштымын. Бейсембек Молдабекұлы мен Бақыт Смаханқызының бірге кешкен ғибратты ғұмыры, отбасы бақыты – жастарға өнеге. «Бабалар бәйтерегін балалар саялайды» дегендей, бүгінде бұл отбасы – ұлағатты ұрпақ өрбітіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырған өркенді әулет.

Фотода Бейсембек Молдабекұлы мен Бақыт Смаханқызы

Тіл-көзім тасқа, жетпістің бесеуіне келсе де, Бейсен аға әлі де сергек, сөзі нық, қимылы ширақ. Сондықтан ол кісіге «ақсақал» деуге аузым бармады.

Кезінде түрлі басшылық қызметті атқарып, ұзақ жылдарын өңірді өрістетуге арнаған Бейсембек Молдабекұлы – Аягөздің арбасын алға сүйреп, абырой биігінен түспеген азаматтың бірі.

Фото Бейсембек Нақышбековтің жеке мұрағатынан

Мені ерекше тәнті еткені – көргені көп, көңілге түйгені мол ғибратты ғұмыр иесінің адами келбеті, болмыс-бітімі мен мәдениеті. Мақтану мен мардымсуға жаны қас, кішілігінің төркінінде үлкен кісілік пен парасат жатқан ағамыздың тағдыр талқысында небір қиылыс-бұрылыстан өтіп, өзінің дара жолын қалыптастыруы – ұрпақ үшін үлгі-өнеге, бүгінгі сөзбен айтсақ, мотивация.

Фотода Қуат Ахметжанов, Бейсембек Нақышбеков, Нұрдәулет Кәкіш

Бейсен ағамның тұнып тұрған тәрбиеге толы әңгімесі мені әбден ұйытты, қанаттандырды. Көңіл түкпіріне көп нәрсені түйдім, түртіп алдым. Аягөзде болғанымда ағама әбден бауыр бастым. Бұған дейін Аягөз достарымның жері ретінде ыстық еді. Ағамның қасында жүрген бірер күннен кейін бұл жер мен үшін ең қымбат мекеннің біріне айналды. «Жақсымен өткізген жарты сағат – жаманның өтіп кеткен ғұмырындай» дегендей, Бейсен ағамен дидарласу қандай ғанибет десеңізші! Аттан түспегейсіз, аға! Жасай беріңіз! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз!

Нұрдәулет КӘКІШ,

«Өр-Кен» кітабының редакторы 

 

Соңғы жазбалар

Джулия мен Салтанат

0
Өткен аптада екі бейкүнә қызды бірін - Астанада, екіншісін - Венеция маңында өздері сенген, арқа сүйеген жақындары асқан жауыздықпен өлтірген. Екі оқиға да екі...

Қытай мен Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару академиялары Желісі құрылды

0
Бейжіңде «Өркениеттер қарым-қатынасы және жаһандық даму» форумы өтті. Форум аясында Қытай мен Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару академиялары арасындағы ынтымақтастық Желісі құрылды. Оны құру...

Алихан Байменов: Тәуелсіздік тірегі – азаматтық жауапкершілік

0
Бүгін еліміздегі ұлттық мереке - Республика күніне орай қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов тәуелсіздікпен келген үш құндылық жайлы...

Виртуоз журналист. Гүлраушан.

0
Кез-келген мамандықта кәсіби мамандар мен шеберлер болады. Біріншісі - ережеге бағына отырып өз ісін орындайтындар, соңғысы – сол ережені өздері жасайтындар. Шеберлер - өз...

ГРАФ МОНТЕ-КРИСТО – КЕШІГІП ҚАЙТҚАН КЕК

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Кездейсоқ қазынаға тап болған адамның ақшасы көбінесе қолға ұстаған мұз тәрізді еріп кетеді. Ал мақсаты бар адамның қолында ол мүмкіндіктер мен...