КАЛИФОРНИЯ. KazUnite – Джек Лондонның үйі Калифорнияның Ореган штатына жақын бөлігінде, Глен Эллен деген таунда орналасқан. Бұл – Калифорнияның ең әдемі өңірі. Мұнда Мексика жағалаулары мен Невада беткейінен келетін аптап ыстық жоқ. Оң беткейінде Тайлор тауы, сол қанатында әйгілі Сонома жүзімдік алқабы бар, Тынық мұхитқа жақын қыстақ.
Бұл мекенді оқырмандары Джек Лондонның үйі деп білгенімен, 1963 жылдан бастап ресми түрде “Джек Лондон ұлттық-тарихи паркі” деп аталады. Себебі ранчоның жер көлемі 490 гектар. Мұнда жазушының саятшылық құруы үшін қолданған екі биік шоқы, мал жайылымдық алқаптар, «Джек Лондон көлі» деп аталатын үлкен көл, жүзімдік пен шарап зауыты, зәйтүн тоғайы мен зәйтүн майын өндіретін зауыт, орман бар. Оған қоса, парктің ішімен Глен Эллен өзені ағады.
Мұнда Джек Лондонның екі үйі орын тепкен. Бірі – 26 бөлмеден тұратын ескі өртенген үйдің қабырғалары, екіншісі – қазіргі музей есебінде тұрған он бөлмелі жаңа үй. 1909 жылы салынған шағын үйде Лондон мырзаның үлкен кітапханасы, жазу бөлмесі, әдеби қызметкерлер отыратын зал, би залы, үш бөлмелі ас үй және бірнеше жатын бөлме орналасқан. Одан бөлек электр жарығын өндіретін құрылғы, жылыту жүйесі мен үлкен шарап жертөлесі бар.
Бізді таңдай қақтырғаны жазумен айналысқан орын. Мұны жазушының кабинеті немесе жазу бөлмесі дегеннен гөрі шығармашылық институт десек, дұрысырақ болар еді. Себебі үйдің бір бөлігі жазу үшін арнайы салынған. Үлкен залдың оң қанатында жазушы отырады. Екі қапталда кітапханасы орналасқан. Кең сол қапталда төрт қызметкер жұмыс істеген. Екі әдеби агент, қате тексеруші және көмекші. Жазу үстелінде әлемге әйгілі шығармалар күн сайын, қаламның сиясы құрғамастан жазылып жатқан. Сияның құрғамауы деген сөзімізді «кезекті гиперболасы» деп түсініп қалмаңыз. Шын мәнінде Джек өле-өлгенше қаламының сиясы кеппеген жазушы. Жансебілдікпен, тіпті өлермендікпен жазуға ұмтылған. Жазу оның махаббаты болған. Махаббатымен сәт сайын кездеспесе ауырады. Жазса, жаны жай табады. Күндік жазу нормасы – мың сөз. Ол дегеніңіз 14 өлшемімен терілген бақандай алты бет. Көп уақытта шабытпен отырып, бұл мөлшердің бірнеше есеге ұлғайғанын білмей қалады екен. Ойын қағазға түсіру мен күзеп-түзеймін дегенше он бес-он алты сағат тапжылмай отырған. Тіпті, ұзын дәлізбен жиырма метрдей жүріп жететін жатын бөлмесін алыссынып, жазу бөлмесіндегі балконға төсек қойғызған. Шаршағанда сонда келіп қылжия кеткен. Нәтижесінде жылына екі-үш том жазған. Өзі көрген қырық жылдың он екі жылы осындай қажырлы еңбекпен өткен. Сондықтан да артында жиырма бес томдық еңбек қалды. Ал жиырма бес том дегеніңіз – мүйізі қарағайдай бес жазушының өмір бойы жазатын жұмысы.
Джек Лондон Кеңес одағы үшін ең танымал шетел жазушысы еді. Орыс тіліне аударылған аз ғана АҚШ жазушыларының бірі болды. Бұған жазушының жас кезінде социалистік көзқарасты қолдауы, Америка социалистік партиясының мүшелігіне өтуі ықпал етті. Оның шығармаларын қазақ тіліне Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов аударды. “Қасқырдың балалары”, “Мартин Иден”, “Аяздың баласы”, “Ақ азу”, “Солтүстік жорығы”, “Өмірге құштарлық” секілді шығармаларын қазақ оқырманы жылы қабылдады.
Жалпы, оқырман арасында Джек Лондонның өлімі туралы мифтер желдей еседі. Оны ара-тұра зерттеушілер де қуаттайды. Ең күрделі еңбегінің бірі “Мартин Иден” романы десек, мұндағы басты кейіпкердің оқиға соңында өзіне қол жұмсап қайтыс болуын жазушының өлімімен байланыстырып, оны есірткіден қайтыс болды деген қауөсет тарады. Аталған аңыздар үшін біз оқырманды айыптай алмаймыз. Себебі Джек Лондонның көптеген кейіпкерлері жас кезінде өзіне қол жұмсап көз жұмған. Оқырман да жазушыдан сондай поэтикалық қисын іздегендіктен, осы долбарға сенгісі келеді. Бүгінгі медицинада “Мартин Иден” синдромы деген дерт бар. Бұл – бай адамдарда кездесетін психологиялық ауру. Төрт құбыласы түгел адамдардың себепсіз өмірден баз кешуі. Осы тұста бұл болжамның жаңсақтығын айтқымыз келеді. Себебі аталған роман 1909 жылы жазылған. Ал жазушы 1916 жылы қайтыс болды. Яғни қаламгер кейіпкерінің өмірін сомдау, шығармашылық эмоция деген ықпалмен өлімді таңдаса, роман жазылып біткен соң-ақ өмірмен қоштасу керек еді. Екіншіден, 1913 жылы оған Сан-Францисколық дәрігердің қойған бүйрек жетіспеушілігі сырқаты жазылған құжат әлі күнге сақталған. Емделу үшін екі рет Гавайға барған сапары да тіркелген. Ал өмірінің соңғы апталарында ауруды басу үшін ішімдік бергенін, соңғы сағаттарында морфи еккенін отбасылық дәрігері Уильиям Портер айғақтайды. Небәрі қырық жыл өмір сүрген жазушы зиратын ранчоның бір түкпірінен дайындаған. Үйінен бір сағаттық жаяу жердегі шағын төбенің басына жерлеуді өсиет еткен.
Джек Лондон бұл үйде екінші әйелімен бірге тұрған. Зерттеушілер оны англиялық баспагер Чармианмен некелесуі шабыттандырды, сол әйелдің арқасында көптеген жақсы шығармалар жазды деп жазады. Дегенмен Чармианның бала көтеру арманы орындалмаған. Бірнеше мәрте орын алған сәтсіз жүктіліктен соң ерлі-зайыптылар Чармианның жиен сіңлісін бауырына басқан.
Жазушының бірінші некесінен екі қызы бар. Джоан Лондон мен Бекки Лондон әкелерінің жолын қуып бірі жергілікті жазушы болды, бірі ғылыммен айналысты. Бүгінде осы екеуінен тараған жиырмаға тарта ұрпақ бар. Қазір мұражай-мекенді жазушының шөбере келіні басқарады.
Егіске арналған құрал-саймандар тұратын сарай. Өртенген ескі қамалдың сыртқы қорғаны. Жазушымен бірге әлемнің барлық құрлығына саяхаттаған шабадан. Жазушының жұмыс бөлмесі. Әдеби агенттердің жұмыс залы. Жазу бөлмесінің артындағы шағын балкон. Көбіне жатын бөлмеде емес, осы балконда түнеген. Ас үйдегі барлық жеміс пен дақыл жазушының ранчосында өсірілген. Өмірінің соңғы жылдары өткен, қазір жазушының музейіне айналған мекен. Жазушы өз қолымен отырғызылған кактус бағы әлі күнге жайқалып тұр. Бұл – Джек Лондон мәңгі тыныстаған жер. Жазушының қабірі өз өсиетімен үлкен тастың астына қойылған.
Л.ҚОНЫС