Өмір салтыВиртуоз журналист. Гүлраушан.

Виртуоз журналист. Гүлраушан.

 

Кез-келген мамандықта кәсіби мамандар мен шеберлер болады. Біріншісі – ережеге бағына отырып өз ісін орындайтындар, соңғысы – сол ережені өздері жасайтындар. Шеберлер – өз ісін өнерге, өмірінің өзегіне айналдырғандар.

Раушан Төленқызы – қазақ журналистикасында сұхбат алудың виртуозы. Көне латын сөзі «витуоз» (virtus), түбірі – «талант, абырой» деген мағынадан шығады. Раушанның әрбір сұхбатын басқалардың жұмысымен шатастыру мүмкін емес, өз қолтаңбасы бар. Мысалы, Роза Бағлановамен жасаған әйгілі сұхбатында әншінің кербез мінезін ашу үшін оның сөйлеу мәнерін сақтай отырып, сөздерін кейде дыбыстылған күйінде сәтті беру мысалдары журналистер арасында әлі күнге дейін үлгі ретінде айтылады. Раушан Төленқызының Талғат Бигелдинов, Роза Бағланова, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова және басқа да тұлғалармен жасаған сұхбаттары негізінде студенттерге шеберлік дәрістерін өткізуге болады.

Кейде журналистикада тіл байлығы құндылығы кемсітіліп, ақпарат «қысқа-нұсқа» болу керек дегенге назар аудартады. Бірақ дәл әрі ұтымды сөз қолдану журналистің жұмысының ықпалын арттырады, ойды оқырман жүрегіне жеткізеді. Раушан Төленқызы бізге – әріптестері үшін қазақ тілі, лексикасы, тарихы мен этнографиясы бойынша жиі жүгінетін «энциклопедиямыз», қазынамыз. Ол білетін кейбір сирек қазақша сөздер мен мәліметтер интернеттен де табылмауы мүмкін.

Раушан Төленқызымен еліміз егемендік алғаннан кейінгі алғашқы тәуелсіз басылымдарының бірі – «Қазақстан» газетінде бірге істедік. Ол Астанаға кеткенде барлығымыз келуін асыға күтетінбіз. Раушан үнемі олжалы оралатын, қоржынынан сол кездегі басқа журналистердің қолы жетпейтін министрлер мен депутаттар, саясаткерлермен ауқымды экслюзив сұхбаттар табылатын. Егер сол сұхбаттарды топтастырып, кітап етіп, шығарса, бір дәуірдің келбетін берер еді.

Раушан өз бауырларына ғана емес, қасындағы өзінен жасы кіші, әсіресе қыз журналистерге қамқор, мотиватор бола біледі. Егер жұмыста әділетсіздік болса, одан сайын жақсы жазуға жігерліндіретін, тіпті кейде байланысымыз үзіліп қалғанда да хабарласып, қандай биіктер бар екенін ақырын еске салып, алға ұмтылуға ой салатын.

Раушанның ұлының аты – Мұқият. Раушан Төленқызының өмірлік философиясын беретін осы есімнің – сөздің терең мағынасын кейін түсіндім. Егер әр маман өз ісіне мұқият болса, ісі оңға басады, одан сол ұжым мен қоғам дамиды. Егер адамдар бір-бірінің көңілі мен сөзіне мұқият болса, махаббат пен ынтымақ сақталады, береке мен ырыс қонады.

Бүгін журналист, публицист Раушан Төленқызын туған күнімен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына бақыт тілейміз.

Журналист А.Көшкенова

                                            ГҮЛРАУШАН
Он сегізден сәл асқан, гүлдей нәзік кезіңде танысқасын ба, бүгінгі сенің мерейлі жасқа толған күніңде Гүлраушан деп еркелетіп атайыншы дедім. Өткен ғасырдағы «Раушан коммунистен – Раушан журналистке» дейінгі уақыттан сыр толғасам, бір дастан жазып шығуға болар еді.
Бейімбетті оқығандар «Раушан коммунисті» жақсы білсе, қазіргілер «Раушан журналисті» дұрыс қабылдайтын шығар. Сенің журналистік жолың сонау «Қазақстан пионері» газетінде шыққан мақалаларыңнан басталған, курстасымыз Нышанәлі Ниязбектің «Раушанды сендердің бәріңнен бұрын білемін, ол менің пионер досым» дейтіні шындық. Бізді қара шаңырақ Қаз МҰУ , журналистика факультетінің сырттай оқу бөлімі таныстырды, жылына бір рет кездессек те, бір жылдың білімін бір айда аламыз деп күн-түні кітапқа телмірсек те сырлас дос болуға уақыт таптық, алты айдай зырлап өте шыққан алты жылда достықтың негізін қалап үлгердік. Өткен ғасырдың 84 жылдары басталған сыйластыққа сызат түсірмей, қай жерде, қай қалада болсақ та апта аралатып, хабарласып тұрдық, басымызды күн шалғанда емес, бұлт шалғанда да көлеңке дос болып қашып тығылмай, қасымыздан табылдық.
Өзің сұхбат алғанда Қуаныш Жиенбай ағамыздың «Шығармашылық адамының рахатқа кенелгенін көрген жоқпын», дегеніндей біздің басымыздан да сан түрлі оқиғалар тізбектеліп өтіп жатты. Қуанышта тасымай, қиындықта жасымауды өмір үйретті. Өмір ұстаздың алдында қанша сынақ тапсырғанымызды бір Алла мен өзімізден басқа кім білсін?! Кейде көзқарастарымыз келіспей қалатын кездер болады, сонда біреуміз тез арада қайта хабарласып үлгеретінбіз. Кейін сол сәтті еске түсіріп күлетін едік,еңбегімен жоғарыға өрлеген жан болса қуанатынымызды айтсаңшы, 2012 жылы 23 қаңтарда Мұхтар-Құл-Мұхаммед Мемлекеттік хатшы, Дархан Мыңбай Мәдениет және ақпарат министрі болып тағайындалғаны туралы жаңалықты естіп, екеуміз үйде шай ішіп отырып, енді журналистика алға қарай дамиды, журналистердің еңбегі бағаланады деп жарыса сөйлеп, бір-бірімізді толықтырып, түн ортасы ауғанша ұйықтамағанымыз ше?! Таңғалатыным, екеуара әңгімеде үстімізге киетін киім мен сатып алатын бұйым, жетпей жататын тиын туралы айтып көрмеппіз. Кейде екеуміз бірдей жазған ортақ кейіпкерлеріміз жайлы,олардың ерекше қасиеттерін, айтқан ойларының оралымды тұстарын еске алып, еленбеген еңбектері бағаланып, марапатталып жатса балаша қуанатынбыз. Не жаңалық бар деген сұраққа да мен өз саламнан жаңа бағдарлама, сен газеттегі жаңа мақала, жаңа шыққан кітап жайлы бастап, кей кезде ұлттық мүддеге қатысты әттеген-ай дейтін өзекті мәселелерге ауысып кететінімізді байқамай да қалатынбыз. Сен жазған дүние, әсіресе сұхбаттарыңның тақырыбының өзі ерекше өзіне тартып тұратын. Кейіпкеріңнің бүкіл ғұмырының маңызды сәті мен ұстанымы,өзіндік көзқарасынан ойып алып, қойған бір ауыз сөзден журналист Раушан Төленқызының жазу шеберлігі мен ой өрісінің кеңдігі, ізденісі бірден байқалатын. «Астана ақшамы» газетінде бір жыл ішінде жарияланған сұхбаттарыңның тақырыптарына назар аударсақ:
«Қадыр Мырза Әли: Жақсы сөздің бәрі найзағай сияқты. Жарқ ете түседі» (03.03.2011 ж. Раушан Төленқызы), «Жұбан Молдағалиев: Қазақ ең риза болғанда «Шіркін, ақын екен» дейді» (28.09.2010 ж.), «Қуаныш Жиенбай: Шығармашылық адамының рахатқа кенелгенін көрген жоқпын» (08.04.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Тұрсынбек Кәкішев: Сын әдебиетке абыройлы дүние әкелгенде өркендейді» (06.11.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Суретшілер күш-қуатты табиғаттан алады» (23.09.2010 ж. Раушан Төленқызы), Айтып тауыспас, жазып сарқымас Ақселеу» (11.09.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Алаш әнінің антологиясы» (05.10.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Бағыбек Құндақбайұлы: Кімнің режиссері талантты болса, соның театры мықты» (04.02.2010 ж. Раушан Төленқызы), «Бауыржан Ибрагимов: Сахна сайқымазақтардың төрі емес» (15.04.2010 ж. Раушан Мырза-Ахмет), «Кенесары – Күнімжан» (10.06.2010 ж. Раушан Төленқызы);
Жылдар жылжыған сайын «Қазақстан пионерінен» басталған журналистік жолың « Жас алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») , «Ана тілі», «Қазақпарат» агенттігі, «Қазақстан РТРК» АҚ , «Астана» журналы , «Астана ақшамы» сияқты басылымдарда жалғасты. Олардың әрқайсында да сенің сырлы сұхбаттарың бірінен соң бірі жарияланып,оқырман жүрегінен жол тауып жатты. Қалам ұстаған қауымның Раушан Төленқызының есімі аталса білмейтіндері кемде – кем деп ойлаймын. Курстастардың ішінде де журналистика саласында өндіртіп жазып, оқ бойы озып тұрғандардың көшінің басындасың! Оған дәлел ретінде ҚР Журналистер Одағының сыйлығы мен Президенттің грантын айтсақ та жеткілікті.
ҚазМҰУ- да оқығандар үшін аңыз адам Темірбек Қожакеевтің кітабының атындай «Күлкі –күштілер қаруы» деп қиындықтарға да күле қарап,бір-бірімізге жігер беретінбіз. Көлік апатынан кейін менің оң қолым көп нәрсе жасауға жарамай, көзге ота жасатқаннан кейін сенің көру қабілетің сәл нашарлаған тұста, екеуміз қолұстасып аялдамадан автобусқа мінерде сен : «Базико,қолыңды ауыртып алма» десең, мен: «Раушан сүрініп кетпе» деп айтуын айтып алып, түскесін Мәшһүр Жүсіптің « Соқыр,саңырау және жалаңаш» туралы өлеңіндегідей деп еске түсіріп, көшені басымызға көтеріп күліп едік, әлі күнге денсаулығымыздағы күтпеген сынақтарды күліп жеңіп келеміз, бізге сол қиындықтарды еңсеруге күш-қуат,сабыр берген Аллаға сансыз шүкір…
Қуанып еске алатын шуақты сәттер де аз болған жоқ. Мұқият өмірге келген күннен тәй-тәй басқан қадамынан бастап, жыр ғылып айтатынбыз, қазір ол әңгіме таусылмай немерең Мейірленге ауысты, туған күндерімізден де мүмкіндігінше қалып көрмеппіз, тіпті Мұқият үйленерде , келін алуға Қызылордаға да саған еріп,тартып кеткенмін ғой. Соңғы уақытта қолымыз қалт еткенде демалыс орындарына да бірге барып жүрміз. Биылғы Мерей екеуіңнің Жезқазғанға келіп, қасиетті мекен – «Теректі әулиеге» барғанымыз, араға ай салып, оңтүстік өңірді армансыз аралаған курстастар кездесуі жайлы әсерлерімізді әлі күнге хабарласқан сайын еске аламыз, жанымыз жадырап, қуанып қаламыз. Басында сен жайлы не жазсам екен деп қобалжып бастасам, енді тоқтай алмай, «Жасыл көрпе» жырындай көсіліп бара жатқан сияқтымын. Нышанның «Пионер досына» таласа алмайтыным, Райымбектің «Періштесіндей» теңеу таба алмайтыным рас, бірақ «Базикош» деп маржандай тістерің тізіліп, сыңғырлаған үнің естілгенде әдемі әуеннің қайырмасындай : «Гүлраушан, дос тілегін ұқ, Раушан» деп мерейжасыңның қуанышы мол, денсаулығың зор, ғұмырың ұзақ болсын деп тілеймін.
Журналист Базаргүл Үмбетова
 

Соңғы жазбалар

Джулия мен Салтанат

0
Өткен аптада екі бейкүнә қызды бірін - Астанада, екіншісін - Венеция маңында өздері сенген, арқа сүйеген жақындары асқан жауыздықпен өлтірген. Екі оқиға да екі...

Қытай мен Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару академиялары Желісі құрылды

0
Бейжіңде «Өркениеттер қарым-қатынасы және жаһандық даму» форумы өтті. Форум аясында Қытай мен Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару академиялары арасындағы ынтымақтастық Желісі құрылды. Оны құру...

«Өр-Кен» кітабы Ұлттық академиялық кітапхана қорына енді

0
АСТАНА. KazUnite - Қоғам қайраткері, «Даңқ» орденінің иегері Бейсембек Нақышбековтің жақында ғана жарыққа шыққан «Өр-Кен» атты кітабы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына енді. Елордадағы...

Алихан Байменов: Тәуелсіздік тірегі – азаматтық жауапкершілік

0
Бүгін еліміздегі ұлттық мереке - Республика күніне орай қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов тәуелсіздікпен келген үш құндылық жайлы...

ГРАФ МОНТЕ-КРИСТО – КЕШІГІП ҚАЙТҚАН КЕК

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Кездейсоқ қазынаға тап болған адамның ақшасы көбінесе қолға ұстаған мұз тәрізді еріп кетеді. Ал мақсаты бар адамның қолында ол мүмкіндіктер мен...