Өмір салтыИталиялықтар шайды қалай ішеді?

Италиялықтар шайды қалай ішеді?

 

ИТАЛИЯ. KazUnite – Неапольдың орталығындағы бір мейрамханадан шай сұрағанымда алдыма қалбырдағы сусын әкеліп қойды. «Бұл не?», – десем, даяшы: «Лимон қосылған шай», – деді міз қақпай. Сосын шәугімдегі шай керек екенін айттым. Кетіп қалған, енді қарасам, бір құты суық су мен бір шөкім пакеттегі шай әкеліп тұр. Тек қайта түсіндіргеннен кейін ыстық су әкеліп берді.

Суды да кастрюльге қайнатады немесе «микроволновкаға» жылыта салуы мүмкін. Сондықтан, Италияда тұратын құрбым алдын-ала даяшыға суды жылытпай, кәдімгідей қайнатып әкелуін егже-тегжейлі түсіндіреді екен.

Италиялықтар үйінен шәугім таба алмайсыз. Ал кофе машинаның бірнеше түрі бар. Шынын айтсам, олардың шай ішкенін көрмеппін. Көбіне үйлеріндегі шайларды мен ішіп тауысатынмын. Ыстық шайды өздері ауырып қалғанда не тоңғанда дайындайды. Мейрамханаларда лимонмен шай сұрағанда үнемі маған даяшылар алыстан күдікпен қарап тұратын. Себебін енді түсіндім.

Оның есесіне олар күніне 5-6 кесе кофе іше береді. Қыдырып жүріп те, машинамен келе жатып та, тоқтай салып, барға кіріп, құртақандай ыдысқа құйылған эспрессоларын сіміре салады. Оған қоса таңғы асқа тек тәтті жейтінін қайтерсіз?!

Искьяда мейрамханада отырған кезде түскі ас кезінде тағы шай сұрадым. Даяшы бетіме аңтарылып қарап қалыпты. Достарым жапа-тармағай күліп жатыр. Даяшы қай жақтан келгенімді сұрады. «Қазақстан» десем, бұрын ондай елді естімеген, одан сайын абдырап, ойға шомды.

Сөйтсем, жылы күні шай ішу – таңсық болса, түстегі шай – оларға тіпті неғайбыл жәйт. Оған қоса шай ғана емес, кофені де тамақпен араластырмайды. Тамақ кезінде шарап не су ішеді. Эспрессолары тамақтан кейін ұсынылады.

Қалай десек те, ең дәмді кофе мен дәмі бал үйіретін пицца – Италияда, дәлірек айтсақ, Неапольде. Егер бұрын мен сияқты пицца жемей, кофе ішпейтін болсаңыз, осы жақта қыдырып жүріп, барменге: «Caffè doppio!» (екі есе үстемеленген кофе) немесе «Caffè shakerato!» (салқын кофе) деп тұрсаңыз, таңданбаймын. Бірақ капучиноға түстен кейін тапсырыс бермеңіз. Италиялықтар оны тек таңертең ішеді. Осындай – заңдылық. Тек сусынға қатысты. Ал ас ішу дәстүрі – бөлек әңгіме.

Айтпақшы, шайды көп ішпесе де, түрлі шөптер қосылған шайдың сан түрі сатылатын тамаша дүкендер бар. Солардың біріне Бари қаласында бардым. Сол жерде шайлардың жұпар исіне қанығып, дәмін татып көре аласыз. Мен «Марко Поло» мен апельсин шайын ұнатып, Қазақстанға әкелдім. Айтпақшы, кезінде итальяндық саяхатшы, зерттеуші Марко Поло Еуропаға шығыстан әкелген құнды дүниелер арасында, кейбір деректерге қарағанда, шай да болуы мүмкін.

 

Соңғы жазбалар

ГРАФ МОНТЕ-КРИСТО – КЕШІГІП ҚАЙТҚАН КЕК

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Кездейсоқ қазынаға тап болған адамның ақшасы көбінесе қолға ұстаған мұз тәрізді еріп кетеді. Ал мақсаты бар адамның қолында ол мүмкіндіктер мен...

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары басталды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары басталды. Сапар барысында ол БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді. Сондай-ақ ҚР Президенті «Орталық...

Орталық Азия мен Кавказ елдерінің үкімет өкілдері Корея Республикасының озық цифрлық тәжірибесін зерделеуде

0
Орталық Азия және Кавказдың жеті елінен келген 20-дан астам мемлекеттік қызметшіден тұратын делегация мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтерді табысты цифрлық трансформациялау үшін озық тәжірибелер,...

Бәсекелесі жоқ бизнес – кәсіпкер Кемелбек Әбдуәлімен сұхбат

0
KazUnite - Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату – көптен бері келе жатқан кәсіптің бірі. Халық өнеркәсіпшілігіне аса мән берген қазақ халқы тері...

Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Семей маңындағы ауылына сәлем жолдады

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Америкадағы өмір салт-дәстүрге, қазақтың ұлттық құндылығын тереңірек тануға деген қызығушылықты арттырды». Бұл туралы Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Розлана Ерғалиева айтты. «Адамға жүрген...