Өмір салтыТөрт теңіздің ортасындағы түрік елі. Тұмса табиғатқа саяхат

Төрт теңіздің ортасындағы түрік елі. Тұмса табиғатқа саяхат

 

АНКАРА. KazUnite – Алып Азиядағы 97 пайыз жері «Анадолы» аталып, Еуропаға емсінген 3 пайыз аймағы («Румелия» аталады) таңғажайып Түркия – қос құрылықтың Таяу Шығыс шекарасындағы шуағын ашқан жұмақ-мекен. Елдің аталған қос белдеуін Мәрмәр теңізі және Босфор мен Дарданелл бұғаздары қақ бөлген жұрттың саны 84 миллионнан асып-жығылады. Ататүрік заманынан бері (мемлекет пен дін бөлек) зайырлы ел ұстанымындағы Түркияда бүгінгі таңда 80 мыңнан аса мешіт бар.

Түркияның солтүстігінде – Қара теңіз, оңтүстігінде – Жерорта теңізі, батысында – Эгей теңізі, солтүстік-батысында – Мәрмәр теңізі шалқып-ағып, қатарынан тістескен төрт теңіз шайып жатыр. Өзім дәл ортадағы алтын белбеу – теңізі де, орманы да жоқ, ресми астанасы Анкарада тұрамын. Каппадокия мен Памуккаленің, Осман Империясының алғаш астанасы болған Бурса шаһары туралы да таңды-таңға ұрып, шер тарқатуға болады.

ХI ғасырда Анадолыға Орталық Азиядан түркі халықтары қоныс аудара бастап, Кіші Азия түбегі өркениет орталығына айналған. Түркі тайпаларының бірі – османдықтар – ХY ғасырда Константинопольді алып, «Стамбул» деп атап, ордалы Осман империясы үстемдік етті.

Түрік елінің берекесі – саяхат. Түркия билігі туризмді дамытуға орасан көңіл бөліп, туризм индустриясын жылына 50 млн туриске жеткізуді «ұлттық мақсат» етіп қойды. 2019 жылы туристік ағын 51 млн 748 мың шетелдік мейманды құрап, мүдделі мақсатқа қол жетіп, әлем елдерінің арасында туризмді үдемелі дамыту бойынша Түркия 2018 жылы 8-орыннан – 6-орынға көтерілді. Түріктер жағажай, шопинг, көрікті жерлер, сауықтыру және спа, гольф сияқты туризмнің барлық түрін дамытуға мейлінше мүдделі.

ЖІӨ-нің 11,2 пайызын құрап (2019 ж), жұмыс орындарының 9,4 пайызын қамтитын елдің экономикасы үшін туризм – тағдырлы сала. Елдегі туристер ағыны негізгі үш бағытқа: Жерорта теңізінің курорттарына (Анталия), Ыстамбұлға және басқа аймақтарға бөлінеді. Жерорта теңізінің курорттары: Анталия, Белек, Кемер, Алания, Сиде (2019 ж 15,5 млн турист) – жағажай туризмі жайнап тұр. Эгей теңізінің курорттары кеудеңді сергітіп, жасыңа-жас қосады: Измир, Чешме, Кушадаси, Дидим, Бодрум, Мармарис, Даламан, Фетхие (елдегі туристік ағынның 15-20 пайызы). Көк суда маржамен көш бастаған Ыстамбұлдың құтты қонақтары Айя Софияны, Көк мешітті, Сұлтанның Топкапы сарайын, Үлкен базар секілді көрікті орындарды тамашалайды. Мүмкіндігі мол, әлеуеті зор түрік туризмінің қызмет көрсету сапасы, көлік қолжетімділігі, қауіпсіздігі жетілдірілсе, турситер саны 100 млн адамнан да асуы әбден ықтимал.

Біз Ыстамбұл мен Бурсада, Кастамонуда, Пынарбашы, Аздавайда болдық. Қара теңіз аймағындағы ең көрікті жерлердің бірі, ел табиғатының туризм орталығы саналатын Пынарбашы ауданындағы Хорма шатқалының (каньон) көркі ерекше елітіп, көз тартады. Хорма шатқалы – үш адамның идеясымен (аудан әкімі, мектеп директоры, аудан спорт бөлімінің басшысы) қолға алынып, үш-ақ жылда толық іске асқан.

Зара өзенінің ғасырлар бойғы саяхаты кезінде пайда болған Куре тауларының ұлттық паркіндегі Хорма шатқалы – төл қабырғаларының бойындағы үш шақырымдық ағаш көпірдің арқасында саяхатшыларға қолжетімді екен. Жаяу жолаушыға бақандай жеті шақырым жер.

Етқызулықпен аяғымыздның ауырғанын да сезбей қалдық. Қазақ ауылында бие сауып, қой қайтарып, он таба нан жауып, жалаңаяқ майлы топырақты кешіп, аунап қунап өскен бала емеспіз бе, аяқ киімді қолымызға ұстап, жалаңаяқ жүріп, тамаша тұмса табиғатқа тамсанып, арасында «Мен келемін тау ішінде…» деп әндетіп те алдық.

Аздавай ауданындағы биіктігі – 2 500 метр Шатақ шатқалына көтерілгенде, бас айналып, көз қарауытты. Сөмкеміздегі дәріге жармастық. Таудың құзар шыңына шыққанда ғана дене қызуымыз қалыпқа түсті. Айнала түгел – шыны. «Шатақ шатқал» десе – дегендей-ақ екен, аяғыңның астына қараудың өзі қорқынышты һәм өзінше бір рахат. Адреналин.

Құдай қазақты да рақымынан қаққан емес, табиғатының сұлулығы ешкімнен кем түспейді. Тек туризм саласын түзу соқпаққа салсақ, әлемнің қыдырымпаздары қазынамыздың қазанын аузы-мұрнынан шығарып, толтырғалы тұр. Шіркін, еститін құлақ, құймалы бұлақ болса…

 

Соңғы жазбалар

«Табиғатты аялау»: KazUnite компаниясы бейнематериалдар байқауын жариялады

0
НЬЮ-ЙОРК. 15 сәуір – Экологиялық білім күніне байланысты АҚШ-тағы KazUnite медиа компаниясы әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ жастары арасында «Табиғатты аялау» тақырыбында халықаралық бейне материал байқауын...

Саади шығармашылығы және қазақ даналығы: парсы ойшылының қазақ әдеби дәстүріне әсері

0
АСТАНА. KazUnite - Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің парсы ойшылы Саади Ширазидің шығармашылығының қазақ әдеби дәстүріне әсері...

Бас құрау және бала сүю: «Зорастыр бүй деді» кітабы

0
«Зорастыр бүй деді» кітабының Бас құрау және бала сүю туралы тарауының түпнұсқадан аударылған қазақша нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз. – Інішек, саған қояр бір сұрағым...

АҚШ-тағы грин карта иелерінің міндеттері мен құқықтары қандай

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - Трамп әкімшілігі құжатсыз және заңсыз иммигранттарды депортациялау науқанын жалғастыра отырып, енді АҚШ-тың грин карта иелеріне назар аударды. Fox News арнасына берген...

Ирандықтар Наурызды қалай қарсы алады

0
АСТАНА. KazUnite - Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің...