Өмір салтыНью-Йоркте тұратын қазақ қызы Семей маңындағы ауылына сәлем жолдады

Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Семей маңындағы ауылына сәлем жолдады

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – «Америкадағы өмір салт-дәстүрге, қазақтың ұлттық құндылығын тереңірек тануға деген қызығушылықты арттырды». Бұл туралы Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Розлана Ерғалиева айтты.

«Адамға жүрген ортасы міндетті түрде ықпалын тигізеді. Америкаға келгенде айналамыздағы адамдарға қарасақ, біраз уақыттан кейін белгілі бір ұстанымы, көзқарасы тұрғысынан өзгеріске ұшырап жатады. Бірақ менің ойымша, әр адам кез келген жағдайда өзінің тәрбиесіне, жеке сана-сезіміне, иманына байланысты таңдауын жасайды. Америкадағы өмір ана тілімізге, ұлттық салт-дәстүрімізге, дінімізге деген махаббатымды күшейтті. Осында келгелі ұлттық құндылықтарымызды, тілімізді терең білуге, Ислам қағидаларына деген қызығушылығым артты. Өз дінімізді терең танып, білгім келді. Ауылда өскендіктен, тәжірибе жүзінде дінімізден аздап хабарым болған. Бірақ Америкаға келгеннен кейін арада біраз уақыт өткен соң орамал тағып жүруді қаладым», – дейді Розлана.

Алайда бұл жағдай оның өзі үшін де, туыстары үшін де күтпеген жағдай болған көрінеді.

«Жүрегімнің түбіндегі бір қалау осы жолға итергендей болды. Бірақ байқасам, мен ғана емес, айналамдағы құрбыларым да мен сияқты орамал таға бастапты. Бәріміз соңғы жылы осындай шешімге келгенімізге қарағанда, Америкада жүрген құрбыларымыз бір-бірімізге ықпалымызды тигізген сияқтымыз», – дейді ол.

Оның айтуынша, АҚШ-та орамал тағып, ұзын көйлек киіп жүргендерге ешкім тіксініп қарамайды.

«Америкада түрлі ұлт диаспоралары өмір сүреді. Мұндай әралуандық жағынан Нью-Йорктей қала жоқ шығар. Сондықтан маған бірден шешім қабылдап, ұзын киіп, орамал тағып жүру түк қиын болған жоқ. Бұл да, бәлкім, Алланың бір мейірім танытқаны шығар. Бірден ұзын көйлек киіп, шашымды жауып, орамал тағып, көшеге шығып кете бердім. Автобусқа отырғанда да, көшеде жүргенде де ешкім таңғала қараған жоқ. Өзім де «біреулер не ойлайды?» деп түк қысылмадым. Мұнда адамдар көшеде де өздерінің ұлттық киімдерін киіп жүре береді», – дейді Нью-Йорк тұрғыны.

Сонымен қатар ол АҚШ жұртшылығы ешкімнің тіліне, дініне, ұстанымына, ұлттық ерекшелігін сақтауға мүлде шектеу қоймайтынын айтады.

«Бұл елде ұлттық ерекшелігіңді сақтауға еш кедергі жоқ. Мысалы, қазақтар қазір Наурызға жиналады, Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатады. Тағы да басқа дәстүрлі, діни мерекелерін тойлауы мүмкін. Оған ешкім теріс қабақ танытпайды. Мен өзім осындай ұлттық мерекелер болса, қалмай барып қатысуға тырысамын. Кейде көрші штаттарда, көршілес қалаларда қазақтар бас қосып жатса да барып, сол ортада болуға тырысамын. Сол үшін арнайы ұлттық камзол да тіктіріп алдым. Жоғарыда айтқанымдай, Америкаға келгелі қайта өзіміздің дініміз бен тілімізге, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызға деген махаббатым арта түсті», – дейді АҚШ-тағы қазақ қызы.

Америкадағы өмір өзіне ұнағанмен, Розлана болашағын Қазақстанмен байланыстыратынын тілге тиек етті.

«Шетелге бір шыққан соң сонда қалып қоятын жастар өте көп. Мен өз басыма келсем, үлкен арман қуып, жастай келгеннен кейін әзірге бірнеше жыл осында болып, оқып, жетіліп, өз қабілетімді, мүмкіндіктерімді сынап көргім келеді. Біраз жылдан кейін мен Қазақстанда, қалың қазақтың ортасында, бес бала сүйген қадірлі ана болып, отбасыммен өмір сүретін шығармын. Неге екенін білмеймін, кішкентай бала күнімде де кейін бес балам болса деп ойлайтынмын. Алла ниетімді қабыл етсе, солай көпбалалы ана болып, елде өмір сүріп отырамын деп ойлаймын. Өз мамандығым бойынша физика пәнінен сабақ беретін ұстаз болатыным анық. Алла нәсіп етіп, қазіргі талпынысым сәтті болса, ол уақытқа дейін магистратура, PhD деңгейін аяқтап, профессор болып, бұйырса, Қазақстанда университетте сабақ беріп жүретін шығармын», – дейді ол.

Семей қаласында дүниеге келген Розлана Ерғалиева Абай облысы Бородулиха ауданы Новопокровка ауылында өскен. Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте оқыған. Алматы қаласындағы ҚазҰУ-да білім алған.

Бірер жылдан бері елден жырақта жүрген қазақ қызы ауылдастарына ыстық сәлем жолдады.

«Новопокровка ауылының тұрғындарына, мектеп директоры Ермек Мәулітұлы бастаған мұғалімдеріме үлкен сәлем жолдағым келеді. Бұрын мектеп директоры болған Тоқтарбек Рысқалиұлы жақсы адам еді. Ол кісіге және барша ұстаздарымызға алғысым зор», – деді Розлана Ерғалиева.

 

Соңғы жазбалар

Таспагерлер арасындағы халықаралық байқау қорытындыланды

0
НЬЮ-ЙОРК. Экологиялық білім күніне байланысты АҚШ-тағы KazUnite медиа компаниясы ұйымдастырған таспагер мамандар арасындағы «Табиғатты аялау» атты халықаралық бейне материал байқауының қорытындысы шығарылды. Халықаралық байқауға Қазақстанның...

«Табиғатты аялау»: KazUnite компаниясы бейнематериалдар байқауын жариялады

0
НЬЮ-ЙОРК. 15 сәуір – Экологиялық білім күніне байланысты АҚШ-тағы KazUnite медиа компаниясы әлемнің кез келген еліндегі таспагер мамандар арасында «Табиғатты аялау» тақырыбында халықаралық бейне...

Саади шығармашылығы және қазақ даналығы: парсы ойшылының қазақ әдеби дәстүріне әсері

0
АСТАНА. KazUnite - Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің парсы ойшылы Саади Ширазидің шығармашылығының қазақ әдеби дәстүріне әсері...

Бас құрау және бала сүю: «Зорастыр бүй деді» кітабы

0
«Зорастыр бүй деді» кітабының Бас құрау және бала сүю туралы тарауының түпнұсқадан аударылған қазақша нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз. – Інішек, саған қояр бір сұрағым...

АҚШ-тағы грин карта иелерінің міндеттері мен құқықтары қандай

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - Трамп әкімшілігі құжатсыз және заңсыз иммигранттарды депортациялау науқанын жалғастыра отырып, енді АҚШ-тың грин карта иелеріне назар аударды. Fox News арнасына берген...