Өмір салтыЕлеусін Бұйрин – Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы

Елеусін Бұйрин – Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашы

 

Елеусін Бұйрин – қазақ халқының тарихында ерекше орын алатын тұлға, алғашқы ұлттық газеттің редакторы әрі ағартушы.

Елеусін Бұйрин қай жылы және қай жерде дүниеге келген?

1874 жылы Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Нарын құмында дүниеге келген. Әкесінен жастай айырылып, тағдыр тауқыметін тартса да, байлардың малын бағып, ауыл молдаларынан араб тілін үйренеді. Жастайынан оқуға зерек болып өскен соң, мал айдаған татарлармен бірге Қазан қаласына келіп орыс-татар байларына жалданып, тіршілік азабын көп көреді. Қазанда жүріп, орыс тілін меңгеріп алады да, Қазан мұғалімдер семинариясына оқуға қабылданады. Оқуды жақсы аяқтағаннан соң Астрахань қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Фото: Danaqaz.kz

Журналистік мансабы қалай басталды?

Бұл кезеңде қазақ халқының ұлттық баспасөзін құру идеясы әлі де жүзеге асырылмаған болатын. ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының әлеуметтік – экономикалық және саяси мәселелерді шешуде мерзімді баспасөздің атқарар қызметінің маңыздылығын Ш.Бөкеев, Ғ.Қараш, Б.Қаратаев, С. Меңдешев, М.Шо­мбалов сынды Бөкейлік қазақ зиялылары жақсы түсінді. Сондықтан да олар шын мәніндегі жалпы ұлттық газет шығару ісіне көп күш жұмсап, газет редакторлығы қызметіне Астраханьда мұғалімдік қызметте жүрген Е.Бұйринді шақырады. Сөйтіп, 1911 жылдың 16 наурызынан 1913 жылдың шілдесі аралығында барлығы 18 саны жарияланған «Қазақстан» газетінің тұңғыш шығарушысы Елеусін Бұйриннің баспагерлік өмірі осылайша басталады.

Фото: Danaqaz.kz

«Қазақстан» газеті және оның маңызы

Қазақстан газеті  революцияға дейінгі қазақ тілінде жарық көрген басқа да мерзімді баспасөздермен салыстырып қарағанда, өзінің демократиялық, реформаторлык идеяларымен, яғни әлеуметтік прогрестің жаршысы ретінде танылуымен ерекшелене түседі. Газеттің әр санының алғашқы бетінде «газеттің мақсаты – кәсіп ету, ғылым үйрену» деп жазылып отырган. Осылайша «Қазақстан» газетін қазақ ұлтын оятудың құралы деп таныған Е.Бұйрин аталмыш басылымның алғашқы санында, баспасөздің ағартушылық және ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызын: «Бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет! Сол себепті газет біздің басшымыз! Газет біздің достар алдында – көркіміз! Дұшпандарға қарсы құралымыз! Газет біздің білмегенімізді көрсететін – ұстазымыз! Газет біздің қаранғыда жарық беріп, тура жолға салатын шам-шырағымыз!»,- деп айқындап береді. Сондай-ақ ол «Казакстан» бетінде: «Замана езгереді, заман шаруаны, адамды езгертеді. Өзгермесе, жаңаға ыңғайланбаса, ол кейін калады. Заманымыз езгеріп отыр, біз де езгерейік», – деп, бүгінгі ұрпақ үшін де өзінің құндылығын жоғалтпаған ұлағатты ой айтады.

Елеусін Бұйрин ағартушылықпен айналысқан кезеңі

Қалың ұйқыда бейқам жатқан қазақ елін оятуды мұрат еткен Елеусін Бұйрин газет шығарумен ғана шектелмей, езінің «Әу, қазақ» деген өлеңімен басталатын «Ызың» атты кітабын шығарады. Бұл еңбекке өз аудармаларымен бірге ұлт қамын ойлаған М.Жұмабаев, А.Мәметов, Ғ.Малдыбаев, И.Бисенов, Х.Қоңыратбаев сынды қайраткерлердің өлендерін топтастырып және орыс ақыны Кольцовтын «Что ты спишь мужичек» атты өлеңін қазақ тіліне аударып енгізеді.

фото: egemen.kz

Енді «Қазақстан» газетінің шығу тарихы туралы бірер сөз. 1910 жылы қыркүйек айында ішкі ордалық халық мұғалімі Елеусін Бұйринның атынан газет шығаруға рұқсат сұраған арыз түседі. Осыған байланысты Астрахан губернаторы Соколовский жандарм басқармасына өтініш иесінің бұрын соңды істі болған-болмағанын, саяси шүбәсіздігін анықтауды тапсырады. Осыдан соң барып Бұйринның өтінішін қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдаған губернатор 1911 жылдың каңтарында өтініш иесіне «Қазақстан» деген атпен, орысша қосымшасымен, жетісіне бір қазақша газет шығаруға рұқсат еткен номер 618 куәлік тапсырады. «Казакстан» газетінін екі саны шығарылған соң басылымның Астрахан, Орда кезеңі аяқталып, 1911 жылдың қазан айынан бастап газеттің кейінгі 16 саны Орал каласында басылып шығады. Орал қаласында «Қазақстан» газетін шығаруды жалғастыруды мақсат еткен Е.Бұйрин 1912 жылдың сәуір айында қазақтың бір топ зиялыларын жинап, астыртын мәжіліс өткізеді. Газетке қаржы табу мәселесін талқылаған топ мүшелері әрқайсысы 20 сом көлемінде жарна жинап, ай сайын 175 сом жинауға келіседі. Осы жиылыстан кейін қаржы табу үшін Барлыбек Сыртановпен байланысып Ғ.Мұсағалиев Жетісу өңіріне жіберіледі. Е. Бұйрин редакторлығымен шығып отырған «Қазақстан» газетінің бетінде жа­рия­ланған мақалалардың мазмұнына көз жіберсек қазақ елінің хал-ахуалын, тіршілігін, сол кездегі шаруашылық жәйін ұғынуға және бейқам отырған елді өнер білімге, мәдениетке, өзге елдердің озық тіршілігіне қарап үлгі алуды үндеген прогрессшіл – демократиялық ізгі ниетті анық аңғаруға болады.

«Қазақстан» газетінде шыққан мақалалар

«Қайсысы пайдалы?» (1912. №6, 7 февраль.) деген мақалада автор отырықшы елдердің тұрмыс тіршілігінен мысалдар келтіре отырып, отырықшылықтың артықшылығын айтып, көшпелі өмірдің зиянын көрсеткен. Ал «Балаларды қай оқытумен оқыту керек?» (1912. №7, 21 февраль) атты мақала мазмұнында оқу-ағарту мәселесі сөз етіліп, әр қаладағы оқу орындарының мекен жәйі туралы мәліметтер берілген.

Сонымен бірге «Қазақстан» газетінің әлем елдерінде болып жатқан саяси оқиғалар туралы «Стамбулдан оқиға шыққан», «Соғыс», «Лена оқиғасы» т.б. хабарлар арқылы халықтың саяси санасын оятуға деген ұмтылысы байқалады. Газеттің әр санының басында мақсатымыз: «кәсіп ету, ғылым үйрену» деп көрсете отырып, басылым бетіне мәдени жаңалықтар, ғылым жетістіктері, жаңа шыққан кітап, газет, журналдар туралы хабарларды жиі беріп отырған.

фото: egemen.kz

«Қазақстан» газеті не бере алды?

Осылайша ұлт жанашыры бола білген редактор Елеусін Бұйрин бастаған өлкедегі Алаш қайраткерлерінің жан қиярлық еңбегі арқасында шығып тұрған басылым ақыры қаржы тапшылығынан 1913 жылы 18 санынан кейін жабылып тынады. Аз уақыт шықса да өңірдегі ұлт тіліндегі баспасөздің көш бастаушысы ретінде танылған бұл «Қазақстан» газеті болашақтағы шынайы басылымдардың шығар күнін жақындата түскені анық.

Тоталитарлық үстемдік жағдайында «Қазақстан» газетінің шығу тарихы, идеялық саяси бағыты, оның сол кездегі дәуір үніне қосқан үлесі, тіпті басылымның орыс және қазақ тілінде шығуына еңбек сіңірген ұлт қайраткерлері Е. Бұйрин мен Ғ. Қараштың өмірі, қоғамдық-саяси қызметі ұзақ уақыт бойы арнайы ғылыми-зерттеу объектісі бола алмады. Сонымен бірге газет бетінде жарияланған мақалаларды жариялауға да тиым салынды. Дегенмен 1962 жылы зерттеуші ғалым М.Ысмағұлов аталмыш газет туралы деректер негізінде: «Қазақстан» газетінің шығу тарихы және оның идеялық мазмұны» атты көлемді мақаласын жариялайды. «Қазақстан» газетінің көкейкесті арманы оның атынан да көрініп тұрғандай. Бұл туралы қазақ баспасөз тарихын зерттеуші Қ.Бекхожин: «Газеттің «Қазақстан» деп аталуында мән бар. Бұл қазақ жерлерін біріктіріп, демократиялы республика орнату идеясын аңғартады», – деген түйінді пікір айтады.

Кеңестік дәуірдегі қызметі және қудалануы

Кеңес үкіметі тұсында да Бұйрин өз қызметін жалғастырды. Ол Қазақ ССР Халық ағарту комиссариатының қызметкері, Алматыдағы Орталық музейдің ғылыми қызметкері болып жұмыс істеді. Кейін Е. Бұйрин сол тұстағы зобалаңнан қауіптеніп, 1932 жылы күзде 10 жасар қызы Софьяны ертіп Сталинабадқа кетуге мәжбүр болады. Алайда ұлт қайраткерінің Тәжік КСР Атқару комитетіне жазған соңғы өтініш хаты оның жат жерде небәрі жеті – сегіз ай өмір сүріп, аштықтың құрбаны болғандығын аңғартады. Е.Бұйриннің өзін қолға түсіре алмаған НКВД 1933 жылы Бұйриннің 18 жасар ұлы Әнуарды Мәскеуде тұтқындап, оқудан шығарып, анасымен және алты жасар қарындасы Хадишаны бірге Тагилден 40 шақырым жерде ормандағы «ІІІ интернационал» кенішіне қара жұмысқа жөнелтеді. Ал 21 жасар қызы Ғайшаны да институттан аластатып, Свердловскге жер аударды. Қиындық пен қорлық көрген отбасы 1937 жылы ғана лагерьден босанып, Алматыға келеді. Осылайша шын мәніндегі қазақтың тұңғыш ұлттық мерзімді басылым редакторының өзі ғана емес ұрпағы да тағдыр тәлкегіне түсті.

Қорыта айтқанда, «Қазақстан» газеті қазақ халқын оқу-білімге шақырған, отырықшылық өмірге, мәдениетке үндеген, халықтың саяси ой-санасын өсіруде елеулі рөл атқарған прогресшіл бағыттағы маңызды басылым болды. Міне, осындай басылымның тұңғыш редакторы болған Елеусін Бұйринды бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің жас ұрпағы ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының қоғамдық-саяси ұлттық мүддесін қорғауда баспасөз басылымын құрал еткен ірі тұлға деп танып, құрметтеуі тиіс.

Автор: Адия Әділетқызы

 

Соңғы жазбалар

Таспагерлер арасындағы халықаралық байқау қорытындыланды

0
НЬЮ-ЙОРК. Экологиялық білім күніне байланысты АҚШ-тағы KazUnite медиа компаниясы ұйымдастырған таспагер мамандар арасындағы «Табиғатты аялау» атты халықаралық бейне материал байқауының қорытындысы шығарылды. Халықаралық байқауға Қазақстанның...

«Табиғатты аялау»: KazUnite компаниясы бейнематериалдар байқауын жариялады

0
НЬЮ-ЙОРК. 15 сәуір – Экологиялық білім күніне байланысты АҚШ-тағы KazUnite медиа компаниясы әлемнің кез келген еліндегі таспагер мамандар арасында «Табиғатты аялау» тақырыбында халықаралық бейне...

Саади шығармашылығы және қазақ даналығы: парсы ойшылының қазақ әдеби дәстүріне әсері

0
АСТАНА. KazUnite - Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің парсы ойшылы Саади Ширазидің шығармашылығының қазақ әдеби дәстүріне әсері...

Бас құрау және бала сүю: «Зорастыр бүй деді» кітабы

0
«Зорастыр бүй деді» кітабының Бас құрау және бала сүю туралы тарауының түпнұсқадан аударылған қазақша нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз. – Інішек, саған қояр бір сұрағым...

АҚШ-тағы грин карта иелерінің міндеттері мен құқықтары қандай

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - Трамп әкімшілігі құжатсыз және заңсыз иммигранттарды депортациялау науқанын жалғастыра отырып, енді АҚШ-тың грин карта иелеріне назар аударды. Fox News арнасына берген...