Өмір салтыҚұжатқа енді “қазақ” деп жазылуы мүмкін – Ауғанстан қазақтары

Құжатқа енді “қазақ” деп жазылуы мүмкін – Ауғанстан қазақтары

 

ТАХАР. KazUnite – Ауғанстандағы этникалық қазақтардың жай-күйі қалай? Оларды не толғандырады? Атажұртқа оралуға қандай кедергілер бар? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде KazUnite тілшісі Ауғанстанның Тахар қаласында тұратын этникалық қазақ Тас Мұхаммедпен тілдесті.

Тас Мұхаммед 1996 жылы туған. Ауғанстанның Тахар қаласында дәрігер болып жұмыс істейді. Басты арманы – атажұрты Қазақстанға оралу. Бұл ретте ол Ауғанстандағы қазақ жастары елге оралу үшін Қазақстан Үкіметі тарапынан көмек қажет екенін айтты.

Фото Тас Мұхамедтің жеке мұрағатынан

Тас Мұхаммедтің ата-бабасы қазақ жерінен Ауғанстанға 300 жыл бұрын қоныс аударыпты.

«Ауғанстанның Тахар қаласындағы мемлекеттік ауруханада дәрігермін. Медицинамен қоса заң саласы бойынша да оқыдым. Одан бөлек, жеке клиникам және дәріханам да бар. Қарамағымда бірнеше адам жұмыс істейді. Бізде жыл мезгілдеріне қарай түрлі ауру пайда болады. Сондай науқастарды емдеумен жүреміз. Ауғанстанның қысы өте суық, жазы тым ыстық. Дәрігерлердің кейде үзіліссіз жұмыс істеуіне де тура келеді. Тахарға отбасымызбен бірге көшіп келдік. Өзіміз және туыстарымыз шаһардың орталығында тұрамыз. Кабулда докторантураны оқып бітірдім. Тахар қаласында білуімше, шамамен 7 мыңға жуық қазақ тұрады. Кейбіріміз қуанышты әрі қиын сәттерде бас қосып тұрамыз. Қаланың сыртында да таныс ағайындарымыз бар. Бірақ жақын араласпасақ та, аталарымыз арқылы таныспыз. Екі туған қарындасым бар. Атамекенге екі-үш отбасы көшіп барған. Олармен тек анда-санда ғана хабар алысамыз. Үш ғасыр бойы қазақ кітабын көрмей, ана тілінен айырылған халықпыз. Алғашқы буындар қазақ тілін білді. Өкінішке қарай кейінгі буын, біз бен балаларымыз ана тілімізді  ұмыттық», – дейді ол.

Оның айтуынша, көптеген қазақ Ауғанстандағы соғысты көріп, әртүрлі топтардың қысымынан жапа шеккен. Тәліптер Ауғанстанды басып алғаннан кейін мыңдаған қазақ Пәкістан, Иран мен Түркия елдеріне көшіп кеткен.

«Тахар қаласынан 2 мыңға жуық қазақ бауырларымыз босқынға айналды. Көбісі үйлерін тастап кетті. Жастарымыз өз беттерімен талпынып, атажұртқа оқуға да бара алмайды. Оларды бізде Үкімет қолдамайды. Қазақ Үкіметі қаны бір азаматтарын қолдап, жастарды оқуға шақыратын арнайы бағдарламалар ашса екен деп тілейміз», – дейді Тас Мұхаммед.

Сонымен қатар ол қаржы жинап, бірнеше рет Қазақстанға бармақ болған әрекетінен ештеңе шықпағанын айтып өтті. Бірер мәрте арнайы турларды ұйымдастыратын алаяқтарға да ұрынған көрінеді.

«Ауғанстандағы басқа ұлт өкілдеріне қарағанда бізге қарастырылған жағдай төмен. Балаларымызға арналған мектеп жоқ. Ал осындағы өзбек ұлтының өкілдері өз атажұртында білім ала алады. Бар тілегіміз қазақ Үкіметі бізді естіп, елге алып кетпесе де, қазақ тілін үйренуге жағдай жасаса екен дейміз. Қазақша сізді түсінгеніммен, өкінішке қарай ойымды жеткізе алмаймын. Мұндағы қандастарымыздың бәрі елге көшіп баруға да дайын», – дейді 25 жастағы этникалық қазақ.

Сондай-ақ Тас Мұхаммед Ауғанстанда қазақтың тарихын білетін қариялардың бар екенін айтады. Егер Ауғанстандағы қазақтар туралы зерттеу жүргізгісі келетіндер болса, оларға қолғабыс етуге дайын екендіктерін жеткізді.

«Ауғанстанды 34 түрлі ұлт пен ұлыс мекен етіп жатыр. Әрбір ұлт өз мүддесін ойлайды. Қазіргі кезде биліктің құзыреті тәліптерде. Басқаларымыз екінші дәрежеде өмір сүрудеміз. Қазақтардың көбісі мал бағу, егін егу сияқты ауыл шаруашылығымен тіршілік кешуде. Бірақ арасында сауда-саттық және жеке кәсіппен айналысып жүргендер де бар», – дейді ол.

Ауғанстанда бүгінде екі ресми тіл, дари және парсы тілдері қолданылады. Әзірге құжаттарына «ауған» деп жаздырып жүр. Жақында электронды төлқұжатты қолға алған тәліптер билігі 32 ұлтты цифрлық құжатқа енгізіпті. Осыған байланысты ауған билігі бұдан былай жаңа құжатқа «қазақ» деп жазуға рұқсат беруі мүмкін екенін айтады Тас Мұхамед.

«Кабулдағы Қазақстан елшілігіне бармадым. Бізде ешқандай да мүмкіндік жоқ. Білім жағынан мемлекет құлдырап барады. Бұрында білім сапасы аса жоғары емес еді. Ауғанстандағы басқа ұлттардан гөрі қазақтарға кедергілер көп. Басты арманымыз – атажұртта өмір сүру. Бізді алып кетпесе де, жастарымызды Қазақстанда оқытса екен. Себебі қазіргі жүйе қараңғылыққа апаруда. Қарияларымыздан есте қалған дүниелер көп. Аталарымыз қыз қуу, ат баптау сияқты салт-дәстүрлерімізді жиі-жиі әңгіме етіп отыратын. Ұлттық мерекеміз әз-Наурызды білемін. Бірақ өкінішке қарай оны мұнда бізге тойлатпайды», – дейді қандасымыз.

Қадірәлі Сарыпбек

 

Соңғы жазбалар

«Табиғатты аялау»: KazUnite компаниясы бейнематериалдар байқауын жариялады

0
НЬЮ-ЙОРК. 15 сәуір – Экологиялық білім күніне байланысты АҚШ-тағы KazUnite медиа компаниясы әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ жастары арасында «Табиғатты аялау» тақырыбында халықаралық бейне материал байқауын...

Саади шығармашылығы және қазақ даналығы: парсы ойшылының қазақ әдеби дәстүріне әсері

0
АСТАНА. KazUnite - Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің парсы ойшылы Саади Ширазидің шығармашылығының қазақ әдеби дәстүріне әсері...

Бас құрау және бала сүю: «Зорастыр бүй деді» кітабы

0
«Зорастыр бүй деді» кітабының Бас құрау және бала сүю туралы тарауының түпнұсқадан аударылған қазақша нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз. – Інішек, саған қояр бір сұрағым...

АҚШ-тағы грин карта иелерінің міндеттері мен құқықтары қандай

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - Трамп әкімшілігі құжатсыз және заңсыз иммигранттарды депортациялау науқанын жалғастыра отырып, енді АҚШ-тың грин карта иелеріне назар аударды. Fox News арнасына берген...

Ирандықтар Наурызды қалай қарсы алады

0
АСТАНА. KazUnite - Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің...