Өмір салтыСӘЙГҮЛІК

СӘЙГҮЛІК

 

АСТАНА. KazUnite – Сәйгүліктің жан-дүниесін, ішкі күйзелісін өлең жолдарымен жеткізген автордың материалын сол қалпында оқырман назарына ұсынамыз.

I

Мәреде тұр небір жүйрік ұмтылған,

Күміс ерге жібек жауып жұлқынған.

Мен де келдім екі өкпем солқылдап,

Топ жүйріктің ортасына тың тұрған.

***

Еркіндік бар жүрегімде бұлқынған,

Бірақ оным байқалмайды тұрқымнан.

Тіпті мені мазақ етіп біреулер,

Тоқымымды сөз қылады жыртылған.

***

Сансыз нөпір қыл құйрықтың қылаңы,

Жыйылыпты бесті, дөнен, құнаны.

Бір ғажайып болғалы тұр аламан,

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады.

***

Ерекше бір күйге түсіп өздері,

Тұлпарлардың ойнақшиды көздері.

Делебесі қозған жұрт та шулайды,

Бір де естіліп, бір де естілмей сөздері.

***

Кейбіреуін жетектеп жүр қанша адам,

Жанкүйері өрекпиді самсаған.

Бас бәйгені аламыз деп шулайды,

Неткен жандар бостан-босқа шаршаған.

***

Біреулері мәре жаққа баспайды,

Біреулерге байтал түгіл бас қайғы.

Көріп тұрмын, біліп тұрмын көбісі,

Соңғы үмітін осы жерге тастайды.

***

Өртенсе де өкініштен өзегім,

Мен шыдаймын, бәріне де төземін.

Тіпті мына бәсекенің рухы,

Ауада тұр, жан-тәніммен сеземін.

***

Біреулер жүр «бәйгемді,- дейді,- шаппай бер»,

Одан кейін кернейлетіп мақтай бер.

Мен осыны көріп тұрып толқыдым,

О, Тәңірім, қолда мені, сақтай гөр!

***

Арпа менен сұлыны жеп семірген,

Сылаң қаққан сәйгүліктер не білген.

Құйрық-жалым таралмаған кеп тұрмын,

Үзеңгім де күміс емес темірден.

***

Мен де бұрын осы жерден аттанып,

Аламанға шыққан едім шаттанып.

Бас бәйгені аламын деп ойлаушы ем,

Алда арман құшақ жайып ақ мамық.

***

Бірақ, бірақ…

Қыр басында белгі қалып байқалмай,

Басқа жолға түсіп кеткем ойланбай.

Ширек ғасыр шауып келдім айналып,

Тура жолды тауып артқа қайта алмай,

Дер кезінде адастым деп айта алмай.

***

Аламанға мен бұрында шыққамын,

Дауылдарға қарсы шаптым, бұқпадым.

Әр төбенің басындағы белгіге,

Жіті қарау керек екен ұққаным.

II

Бір хабар бар жүректі жаралайды,

Бәрі бірдей бәйгеге жарамайды.

Көпті көрген атбегі, кәрі сыншы,

Жүйріктердің арасын аралайды.

***

Сыншы шал баппен жүріп аралайды,

Көзбен көріп, жүрекпен саралайды.

Біреулерге көмбеге жетерсің деп,

Біреуге айтар, «мынауың жарамайды»,

Ешкімнің көңіліне қарамайды…

***

Қасыма кеп сыншы шал көп айланды,

Алды-артыма қарады, көп ойланды.

Секем алып ұмтылдым шетке қарай,

Лезде кеп алдыма, бөгей қалды.

***

Айтшы сені мұнша кім зорықтырған?

Өкініш бар кеудеңде толып тұрған.

Айналайын рухыңнан сәйгүлігім,

Аламанға қайтадан келіп тұрған.

***

Ащы терің бар екен алынбаған,

Жанарыңнан от көрдім жалындаған.

Тұрпатың келіскенмен бабың төмен,

Белгілі болып тұр қазір халің маған.

***

Соңғы үміттің шырағын жағайын деп,

Келіп тұрсың жұлдыз боп ағайын деп.

Тай күніңде жоғалтқан арман үшін,

Жер апшысын қуырып шабайын деп.

Тұр екен осы бәйге өзің үшін,

Ең ғажайып аламан болайын деп.

***

Сыншы шал жанарымнан арай көрді,

Қомданған шоқтығыма қарай берді.

Әттең, әттең, ертерек баптағанда…

Әй, қайтесің, өмір ғой, жарайды енді…

Дірілдеген қолымен толқып тұрып,

Ұйысып қалған жалымнан тарай берді.

***

Қарияның жүрегі еріп кетті,

Менің де көңілімді көрікті етті.

«О, Жаратқан, бере гөр тілегін» – деп,

Кетерінде батасын беріп кетті.

III

Екпінінен құйын соғып, жел тұрып,

Жөнелді аттар қабыландай серпіліп.

Ыңыранып қала берді сыншы шал,

Қобызының құлақ күйін келтіріп.

***

Бұрында да дәл осылай басталған,

Дәл осылай тымақ жерге тасталған.

Дәл осылай қиқулаған халықтың,

Көздерінде домаланып жас қалған.

***

Ал шабайық, қара терге малшынып,

Кең тыныстап, қалың топтан сәл шығып.

Құлын кезім көз алдыма келеді,

Сауырымды тілген кезде қамшы үміт.

***

Жарысайық, қолтық етін сөгіп бір,

Алынбаған ащы терді төгіп бір.

Кімнің күлік, кімнің бүлік екені,

Аллаға аян, Жаратушы көріп тұр.

***

Бұл бәйгенің әділетсіз жағы бар,

Жон теріңді қыршып жатыр жабылар.

Орта жолда қосылатын тың келіп,

Беті қалың пысықайлар табылар.

***

Жарысады сәйгүліктер бағы бар,

Талайлардың тауы бүгін шағылар.

Қалтарыста бұғып жатқан іші тар,

Айбалталы Батыраштар тағы бар.

***

Қос құлағым көк аспанға шаншылып,

Алам десең, міне жаным, тал шыбық.

Өлген артық тақымында қойшының,

Жүргенімше өкінішке жаншылып.

***

Бірі шабар атақ пен сый алам деп,

Бірі шабар ел аузында қалам деп.

Мен келемін табу үшін өзімді,

Басқа жайды ойламастан алаң боп.

***

Бұл өмір ғой ақ-қарасы тең түсіп,

Бірі артық, бірі жатар кем түсіп.

Атақ үшін жанұшыра шапқандар,

Жатыр әне аяғына жем түсіп.

***

Тұяғымнан будақ-будақ шаң шығып,

Сауырымнан қошқыл түсті қан шығып.

Арманым жоқ, О, Тәңірім, кетсе егер,

Шауып келе жатқан кезде жан шығып.

***

Үзеңгісі алтынменен қапталған,

Бір сәйгүлік шыға келді қапталдан.

Орта жолдан қосылды да кетті әне,

Жанарынан сыңай көрдім ақталған.

***

Бәлкім осы бас бәйгенің иесі,

Тұр ғой әне сыйлық артқан түйесі.

Тек осылар біле ме екен өмірде,

Болатынын тұлпарлардың киесі.

***

Мен келемін көмбе жақты жобалап,

Бүкіл халық шулап жатыр «тобалап».

Жүрегімді жарып шыққан ыстық жас,

Жанарымда бара жатты домалап.

***

Ауыздықтан екі езуім жырылып,

Ағып келем көз алдымда бір үміт.

Жанұшырып жеткен кезде көмбеге,

Мүмкін тағы кете салам бұрылып…

15.03.2015

Авторы: Қанат Бейсенғазин

 

Соңғы жазбалар

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті

0
АСТАНА. KazUnite - Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі...

Нью-Йорк штаты Ассамблеясының марапатына ие болған алғашқы қазақ кім?

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Таймс-сквер орталығында өткен Нью-Йорктегі сән апталығы аясында Нью-Йорк штатының Ассамблеясы Анелия Әлімованы салтанатты түрде марапаттады. Анелия – мұндай марапатқа ие болған...

Әлемнің ТОП-10 үздік университеті белгілі болды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite — Еуропа және Америка университеттері 2024 жылғы әлем университеттерінің академиялық рейтингінде (ARWU) көш бастап тұр. Гарвард университеті тағы да бірінші орында, деп...

Қазақстанның қазіргі шекарасында Абылайдың да, Әбілхайырдың да, Жәңгірдің де үлесі бар – картограф

0
KazUnite - Қазақтың ресми шекарасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты дейтін түсінік дұрыс емес. Белгілі картограф, «Қазақ хандығы» тарихи картасының авторы, АҚШ-тағы Гарвард университетінің...