Мұзтаудан көтерілсе серпіліп күн,
Сарғайып күткендердің дертін ұқтым.
Өр Алтай бес мың жылдан бермен қарай,
Отаны ғұн мен сақ, ер түріктің.
© Төлеген Рақымжанұлы
ШҚО. KazUnite – Қарт Алтайдың бір пұшпағы болып есептелетін қазіргі Катонқарағайдың табиғатына тамсанбайтын жан жоқ шығар, сірә?! Атынан-ақ жұпар иіс аңқып, қарсы алдыңнан жұмақтың есігі ашыла салғандай бойың балқып, сезімің сергіп сала береді. Оның бүгінгі сұлулығы осындай болғанда, бұрынғы сылануы қандай еді?! Сансыз сұрақ самсап шығып, осынау ғажайып өлкенің ежелгі тарихына еріксіз ой жібересің. Сонау сағым заманда бұл өңірді кім мекендеді? Олар қандай тұрмыс-тіршілік кешті? Көкейге келіп тірелген сұрақтар қалың ұйқыдағы қабаттасып, қатарласа шөккен ұзыннан-ұзақ қорғандарға жетелейді.
Катонқарағай құпиясы
Катонқарағайдың ежелгі құпиясы осыдан тарқатылатындай, олар тылсым тыныштығымен-ақ өзіне тартады. Тартқаны сол, бұл өңірге талай жанкешті саяхатшының табаны тиді, талай зерттеушінің ой-толғамдары қағаз бетіне түсті. Сол жазбаларға қарағанда, бұл өңірде ерте замандарда сақ, ғүн, түркі тайпаларының атамекені болған.
Сол қорғандардың бірі – «Берел» қорымы. Төр Алтайдың төсіне қарай өрлеп келеміз. Өрелден өттік, Берелге жеттік. Басына қарасаң, бас киімің шешілердей тәкаппар таулар, жағаға ақ көбіктен шашу шашып, асыға аққан асау өзендер, қыз мүсін қарағайлар мен тоқ балтыр қайыңдар қарсы алады. Мұрыныңды мүктің иісі қытықтайды… Бағытымыз – «Берел» мемлекекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы.
Алдымыздан Мұзтаудың ақ сәлемін алып, асығыс келе жатқан Ақбұлақ өзені жолықты. Мәңгілік мұздықтан шыққан өзеннің ағарып ағатынын кім көрген?! Осы таңданысты сезімнің жетегі бізді патшалар жазығына алып шықты.
Түгін тартсаң, тамырлы тарих сөйлейтін қасиетті даланы бір көрсек деген арманның орындалған сәті осы. Бір қарасаң, сонысы басылмаған бітік далаға ешкімнің аяғы тимегендей түр танытады. Бас-аяғы атшаптырым аумақты алып жатқан бұл жазыққа кімдердің ізі түспеген?! Сақтардың салты, ғұндардың ғұрпы, түркілердің тірлігі сақталған бұл жерге. Тілін тапқан жанға бүкпесіз сыр шертетін абыз мекен.
Алтай – адамзаттың алтын бесігі
Алтай – адамзаттың алтын бесігі. Бұл әдемі ұйқас үшін айтыла салған жай сөз емес. Алғашқы адамдар Африкада пайда болып, жер жүзіне тарады деген теория бар. Бірақ кейінгі археологиялық, генетикалық зерттеулер ескі пайымды түбірімен терістеп, адамзат бір уақытта – жер бетінің 4 бұрышында, Африка, Еуропа, Аустралия және біздің Алтайда пайда болғанын дәлелдеді.
Мысалға, хомо-сапиенс біткеннің отаны саналатын Африкадан алғашқы адамдардың бірі дейтін мүрде табылды. Жасы 50 мың жыл екен. Ал Аустралия жерінен табылған ежелгі кісінің сүйегі Африка – адамзат бесігі дегенге үлкен сұрақ қойды. Осыдан 60 мың жыл бұрын да Аустралияның жазығында адамдар жүгіріп жүріпті. Еуропалық көне адамның жасы 40 мың жыл болса, Алтайдан табылған адамның тісін, саусақтарын ДНК арқылы мұқият зерттеу барысында оның 50 мың жылға жуық уақыт бұрын өмір сүргені анықталды. Африкалықпен түйдей құрдас. Әлгі тау үңгірі Берелден 57 шақырым ғана жерде орналасқан. Қысқасы, Алтайды адамзат өркениетінің төртінші ошағы ретінде айтуға әбден болады.
Алтай десе, шексіз қазба байлық көз алдыға келеді. Бұл тауда не жоқ дейсіз? Бәрі бар. Титан, күміс, алтын шығып жатыр. Химиялық элементтің 100 түрі осы Алтайдан табылған көрінеді.
Ең алғаш жер бетінде металлды ерітіп, темірден бұйым жасаған адамдар осы Алтай мен Жезқазғанда өмір сүрген деседі. Жапон ғалымдарымен бірлесіп, планетадағы ең алғашқы металлургиялық пештер, алтын, мысты ерітіп алатын пештерге дейін осы жерде табылған. Алтай – көне металлургияның отаны дейтіні де сол… Алтайдың атауының мәні «Алтын» деген сөзден шыққан. «Алтынтау» деген мағынані білдіреді.
Ғалымдардың пайымдауынша, ең алғашқы темір де осы Алтайдың етегінде қорытылған. Күллі әлем қола дәуірінде жүргенде, Алтай жұрты, жер жаһаннан 600-700 жыл ерте темірге көшіп кеткен деседі. Ергенеқон дастанында темірді қорытып, жабылып қалған жолды бұзып жарып, темірші түріктердің Алтайдан түскені айтылады.
Алтай – ежелгі түрік халықтарының кіндік жұрты. Осы таудың етегінде ес жиып, күш алып, әлемдік империя құруға осы Алтайдан аттанып отырған. Римді дірілдеткен Ғұндар… Византия, Қытайға әмір жүргізген Көк Түріктер алтын бесімігіз деп осы Алтайды айтады. Алтай – тек түрік әлемінің ғана емес, сонау Корея түбегінен Венгрия жазығына дейінгі аралықты мекен етіп отырған халықтардың да отаны. Қазіргі кезде кейбір зерттеушілер тіпті америкалық үндістердің Алтайдан кеткендігін алға тартуда. ДНК-дағы сәйкестіктер де осы ойдың растығын дәлелдеп отыр. Денен, Адене тайпалары, тіпті ИНК, МАИЯ мәдениетінің де Алтаймен байланысы бары қазір біраз тарихшыға мәлім.
Берел қорымы – әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалықтың бірі
Археологтар ашқан әлемдік деңгейдегі үлкен жаңалықтардың бірі – Алтайдағы Берел қорымы. Ол жан-жағын биік тау қоршаған шағын тегіс алқапта орналасқан. Соңғы жылдарда «Патшалар жазығы» деп аталып кеткен бұл аумақ Бұқтырма өзенінің бойын қуалай батыстан шығысқа қарай көсіле түсіп, оған құятын Ақ Берел (Ақбұлақ), Бұланты тау өзендерімен шектеліп жатыр. Бұл араның табиғаты өте әсем. Берел қорымын мүйіз тармақ қайыңдар мен мәңгі жасыл самырсын, балқарағай, шырша жамылған мыңдаған жылдық орманды Алтайдың маңғаз да әсем сілемдері айнала қоршаған. Қазақ Алтайының жұмаққа баланатын осы бір қиырдағы түпкірі еліміздің ең шығысында, Ресей, Моңғолия және Қытай мемлекеттерінің шекараларымен түйісіп жатыр.
Кейіннен еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі 1996-1997 жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының жалғасы ретінде 1998 жылдан бастап тарих ғылымының докторы Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен қазақ-француз экспедициясы қорымның жаңа жобасын болжап, бірнеше қорғанды зерттеді. Берел қорымы үлкенді-кішілі бірнеше ондаған обалардан құралады, олар көбінесе солтүстік-батыстан оңтүстік-шығыс бағытында бір-екіден, кейде үш-төрттен топ болып орналасқан. Қорымда жетпіске тарта обалар тізбегі мен ерте түрік заманындағы көшпенділер қоршауы бар. Қорымның бәрі таспен қаланып, қорған сияқты үйілген.
Осы Берел қорымынан табылған археологиялық ескерткіштер, шын мәніндегі, әлемдік үлкен жаңалық, айтулы ғылыми табыс ретінде бағаланып отыр. Тарихшылар ұлы даланың кіндігі болып отырған осы Алтай жерінде ежелгі дәуірлерде скиф-сақ және сармат тайпаларының мекендегенін жазады. Олар ат құлағында ойнаған жауынгер әрі батыр адамдар болыпты. Әр жерден табылып жатқан қазба дүниелер – олардың металл қорытып, өңдей білгендіктерін, он саусағынан өнер тамған зергер, шебер суретші болғандарын дәлелдейді. Скиф-сақтардың мұндай асқан шеберліктерін табылған әшекейлік бұйымдардың қай-қайсысы да айғақтап бере алады. Олардың жасаған бұйымдары, қиыннан қиюластырған стильдік фантазиясы бүгінгі күннің оқыған-тоқыған суретшілерінің өзін қайран қалдырады. Алтайдағы Берел қорғаны, бұл жердегі обалардан табылған ғажайып заттар да осы скиф-сақтардың әлемді таңдай қақтырған қайталанбас өнерінің жалғасы болып отыр. Мұнда қорған астында мәңгілік тоңның пайда болуына байланысты мәйттің киімі, ат әбзелдері, ағаштан жасалған бұйымдар, ертоқым мен маталар, ағаш ыдыстар, тері мен киізден жасалған бұйымдар бастапқы күйінде сақталған. Бүгінгі Берел Қазақстан аумағындағы органикалық жәдігерлері сақталған бірден-бір ескерткіш.
Берел қорымынан табылған олжалардың маңыздылығы сол, олардың қай-қайсысы болсын ата-бабаларымыздың үздік мәдениеті мен өзіндік өнерінің ерекшеліктерін көрсетеді.
Олардың алып пішіндері ежелгі көшпенділердің көсемдеріне ерекше ғибадатхана салып, сән-салтанатпен ана дүниеге аттандыру мақсатында жасалғанын және сол жерге әдейі әкеліп жерлегенін көрсетеді. Обалардың таудың етегі мен таудан құлаған өзеннің жағасынан орын тепкені де мифологиялық наным бойынша жер мен көкті жалғастырушы әлемдегі бәйтеректің бір нұсқасы екенін, демек ол көне замандағы түсінік бойынша «жерұйыққа» жеткізуді жүзеге асырудың символы болып табылатынын көрсетеді.
Марқұмды о дүниеге – «жерұйыққа» аттандыра отырып, тайпаластары «көсеміміз мәңгі жасайды, ол мәңгі өлмейтін жан» деп түсінген. Сондықтан көсемнің денесін шірітпей сақтау маңызды шаруа болған. Сол мақсатпен қайтыс болған көсемнің денесі бальзамдалынып, ол жататын қабірдің ішіне тоң жүретіндей етіліп бөлекше жағдай жасалған.
Осы үрдіс бірнеше ғасыр қайталанып отырған. Бұл дерек ғылымда – «мәңгі тоң басқан обалар кереметі» деп аталып кетті. Осы кереметтің арқасында қабірлерде Алтайдың ежелгі көшпенділері өмірінің бірегей жәдігерлері – киімі, құрал-саймандары, ең бастысы, адамның мүрделері мен жылқының еті, сүйектерінің қалдықтары жақсы сақталынып, бізге дейін жетіп отыр.
Ат әбзелдерінде кездесетін образдарға жергілікті табиғаттың аң-құстары, бұғы, бұлан, бүркіт, таутекелер, арқарлар мен мысық тұқымдас жыртқыштар кіреді. Солай бола тұра, ежелгі көшпенділер өнерінде қияли, табиғатта болмайтын фантастикалық белгісіз тіршілік иелері басым болады. Олар көбінесе әртүрлі жануарлардың белгілерін өзіне біріктірген, кейде ұзын құйрығы арқасына қарай қайырылған, денесі мысық тұқымдас жыртқыштікі болса, тұмсығы жыртқыш құстікі, желкілдеген жалы өрнек жасай өрілген, мүйізі ирек, спиральға ұқсас грифон түрінде келеді. Бұл жерде грифон дегеніміз – классикалық сәулет пен қолданбалы өнердегі сарын: арыстан денелі, басы мен қанаты бүркіттікі болып келетін фантастикалық бейне.
Аңдар айқасы – аңдық стильдің негізгі сюжеті. Осындай сюжеттер Берел қазынасында аса мол. Олар мысық тұқымдас жыртқыштың бұғыға немесе таутекеге шабуы; өз құйрығын өзі тістеп жатқан грифон; грифонның аузындағы қос тұяқты жануар басының бейнесі сияқты көріністер. Аңдар айқасы бейнелерінің семантикасы негізі-жақсы мен жаманның, жарық пен түнектің, мәнгілік қозғалыс пен қарама-қайшылықтардың күрес символы сияқтылармен түсіндіріледі.
Ертедегі көшпенділер өнерінің осынау ғажайып үлгілері, қазақ халқының бейнелеу, декоративті-қолданбалы өнерінің қайнар көзі, негізі.
Мұзтау туралы естідіңіз бе?
Басын қар шалған, мәңгі мұздықтар мекені Мұзтау Қазақстан мен Ресейдің шекарасында орналасқан. Қытай мен Моңғолия қол созым жерде тұр. Шығыс және Батыс Мұзтау мен Делоне шыңдарын қосатын тау массиві Мұзтаудың негізін құрайды. Қойнауы аңыз бен тарихқа толы Мұзтау – киелі орындардың бірі.
Мұзтаудың бірнеше атауы бар. Алтайдың байырғы тұрғындары оны Уч-Сумер, яғни Үш Сүмер деп таниды. «Үш» сөзі түсінікті болса, «Сүмер» деген моңғол тілінде, буддизмдегі «Меру» – «Киелі тау» деген мағынаны береді. Яғни «Үш Сүмер» – «Үш басты киелі тау» деген атаудан шыққан. Кезінде Алтайдың екі жағын қатар қоныстанған елдердің арасындағы маңызды сауда-экономикалық рөл атқарған Үкік жазығынан қарағанда Мұзтаудың әппақ тәж киген үш басы анық көрінеді.
Мұзтаудың екінші атауы «Қатын Бажы». «Қатын» сөзі ертедегі түркілер тілінде «Ханшайым, жоғары тектен шыққан әйел» деген мағына берген. Ал «Бажы» кейіннен трансформацияға ұшыраған «Басы», яғни «Бас» немесе «Шың» сөздеріне келеді. «Қатын Бажы» сөзі қазіргі тілмен айтқанда «Әппақ тәж киген Ханшайым» мағынасына ие. Тағы бір тәржіме-түсініктеме бойынша Ежелгі Көк Тәңірге табынған елдер арасында «Құдайлар тауы» деген де түсінікке ие болған-мыс.
Ал Алтайдың теріскейін мекендейтін ежелгі славяндар Мұзтауды «Белуха» деп атайды. Бұл «Белый» сөзінен шыққан, басындағы мұздықтар мен ерімейтін қарларға қарай қойылған деген қате ұғым бар. Негізі Белуха атауы таудан ағатын мөлдір суларға байланысты «Беловодье» сөзінің қысқартуынан шыққан-мыс. Алтайға қоныс аударған алғашқы ортодоксальды христиан өкілдері (староверы) жұмақтың жердегі бөлшегі – «Беловодье» осы Мұзтаудың ішінде жасырылған деп сенген. Бажовтың ертегілерінде жазылған «таудан аққан сүт тәрізді өзендер» осы Мұзтаудың тау бұлақтарына қарап шыққан екен.
Азияның бұл бөлігіне Ислам келгенге дейін Көк Тәңірге табыну кезеңінде Мұзтау «Ұмай ананың отаны» саналған. Ұмай ана – өмірдің бастауы, Тәңірі жаратқан тіршілік иелерінің жарылқаушысы бейнесінде. Ананың сүтін басқадан жоғары қойған түркілер Ұмай ана бейнесін Құдайдың өкілі санаған. Мұзтаудың әппақ шыңдары ана кеудесі, одан аққан мөлдір су тіршілік сыйлаушы ана сүті деп есептеген. Тәңір – өмірдің бастауы болса, Мұзтау Тәңірінің жерге тіршілік берген бастауы болып саналған.
Мұзтау – аңызға толы өлке. Бұл жаққа аяқ басқандар міндетті түрде бір жоғын іздей келеді. «Жердегі жұмақ – Шамбала» да, ғарыштан келген қонақтар да осында деген бір-бірінен өтетін аңыздар қаншама. Ал жанына сая, көңіліне сабыр іздеп келгендер мүлгіген тастар мен аспанмен таласқан шыңдар арасынан адам әлі табиғаттың бір кішкене бөлшегі екенін түсініп қайтады.
Алтайдан мыңдаған шақырым алыстағы Үндістанда кеңінен таралған аңыз бар. Онда теріскейге қарай ұзақ жүрсең Қатын өзенінің жағасында шыңдары аспанмен таласқан Сумеру тауы бар деп айтылады. Үндінің қасиетті ведаларында Мұзтауды «төрт мұхиттың кіндігі» деп сипаттайды. Расымен де жағрапиялық жағдайы бойынша Мұзтау үш мұхиттың – Солтүстік мұзды, Тынық және Үнді мұхиттарының тура ортасында орналасқан. Сондықтан да ежелгі жазбаларда «Жер кіндігі» деген атқа ие болуы да тегін емес.
Рахман қайнары туралы не білеміз?
Рахман қайнары – еліміздегі шипалы сулардың бірі. Оған ауруына ем іздеп келетіндердің қарасы көп. Соған орай жағалауға түрлі санаторийлер салынған. Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қытай, Алтай тауларының дәл ортасында теңіз деңгейінен 1760 метр биіктікте орналасқан.
Термальды бұлақтардың жалпы ұзындығы 80 метр, температурасы 34С0-тан-43С0-қа дейін өзгереді.
Шипалы жылы су көзі асқазан, ревматизм, омыртқа сүйектері, жүйке, тыныс, улану, гинекологиялық аурулар, буындардың ауруы және теріге шығатын жараларды емдеуге қолданылады. Себебі арасан суының құрамында гидрокарбонаттар, натрий, кальций, радон, гранит секілді бірқатар химиялық элементтер бар. Сондай-ақ көлдің суы тұщы және көмір қышқылына аса бай.
Рахман көлінде балық не жануар секілді ешқандай тіршілік көзі жоқ. Қайнардың суы тек дәрілік мақсатта қолданылады.
«Рахман қайнары» атауы қандай мағынаны білдіреді? Қайнар жайында халық арасында түрлі аңыз-әңгімелер тараған.
Ерте кезде Алтай тауларының бөктерінде Әбдірахман деген аңшы өмір сүреді. Бір күні жалғыз баласын ертіп, аңға шығады. Алдарынан лағын ерткен сыңар мүйізді марал кезігеді. Сонда бала лаққа көздеп, оқ атады. Маралдың лағы жер сүзіп құлағанда, бала оның аяғынан аққан қанды көріп шошынады. Сөйтеді де есінен танып қалады. Жақын маңнан судың сылдырын естіген Әбдірахман баласының есін жиғызу үшін су әкелуге кетеді. Бұлақ басынан жаңағы марал мен лаққа тап болады. Бұлақ суы ішіндегі жаралы лақтың аяғындағы қанының тоқтап, жарасы жазылғанын көрген ол ерекше таңданады. Бұлақтан аққан қасиетті суды құйып алып, баласына апарады. Суды ішкен бала есін жиған екен. Әбдірахман ауылына су әкеліп, ауру-сырқауларға береді. Оcыдан кейін бұлақ «Әбдірахман қайнары», кейіннен «Рахман қайнары» деп аталып кеткен көрінеді. Сол уақыттан бастап Рахман қайнарын емдік мақсатта пайдаланып келеді. Өйткені ғажайыпқа толы таулы өлкенің таза ауасы мен мөлдір суы адам ағзасына аса пайдалы.
Маралдардың мүйізін неге кеседі?
Бүгінде Катонқарағайда аумағы бірнеше мыңдаған гектарды алып жататын марал шаруашылығы қалыптасқан. Ол теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктікте орналасқан.
Маралдар қолға үйретілген және жабайы болып табиғатынан екіге бөлінеді. Жабайы маралдар арнайы қорықтарда және мемлекеттің қорғауында болады. Ал арнайы шаруашылықтағы маралдар қолға үйретіледі.
Маусым, шілде айларының ішінде барлық маралдың мүйізін кесіп, орнын залалсыздандырып үлгеру керек. Себебі қолға үйретілген маралдар мүйіздерін өздіктерінен тастай алмайды, бұл жерде адамның көмегі керек. Ал жабайы маралдар өздіктерінен тасқа ұрып, бір-бірімен сүзгілесіп тастайды. Және бір біле жүретін жайт, маралдың еркек жынысының ғана мүйізі кесіліп ол ем ретінде пайдаланылады.
Маралдың мүйізі 9 келіден 15 келі, 20 келіге дейін жетеді. Ал оның құрамында адам денсаулығына пайдалы көптеген микродәрумендер бар. Бір маралдың мүйізінен 1,5 литр қан шығады. Одан соң мүйіздің орны залалсыздандырылады. Жалпы маралдың мүйізі 72 күннің ішінде қайта өсіп шығады.
Мүйіз кесу процесі маралдарды таудан айдап әкелуден басталады. Оларды топпен қораға қамап, біртіндеп мүйіздерін кеседі. Сол сияқты мамандар алдымен қайсысының мүйізі пісіп жетілгенін ажыратып алады. Мүйізді кескен соң оның қаны арнайы ыдысқа құйып алынып, адамдар оны сол сәтте ішеді. Ал мүйіз бірнеше рет қайнатылады, одан емдік дәрі-дәрмектер мен дәрумендер жасалады. Жалпы сала мамандары панта өнімдерін тіршілік нәрі деп санайды.
«Марал шаруашылығының негізі – Алтай» деп бекер айтылмаған. Себебі осы таулы аймақта ғана мыңнан аса шөп түрі өседі, оның 500-ден астамының емдік-дәрілік қасиеті бар және 26 өсімдік Қазақстанның қызыл кітабына енген. Яғни марал тек Алтай өңірінде өсетін өсімдіктермен қоректенеді.
Жаз кезіндегі мүйіз кесу, оларды консервациялау қызу жүргізілетін маусым, шілде айларында еліміздің түкпір-түкпірінен денсаулығын сауықтыруға, емделуге келушілер Катонқарағайдың марал өсіретін шаруашылықтарына «панты бұлауына» түсу үшін ағылып келіп жатады. Қазір барлық марал шаруашылықтарында емдеу-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Мұнда пантымен емдеу арқылы ағзаны сауықтыруға, күш-қуатты толықтырып, демалуға толық жағдай жасалған. Катонқарағай ауылындағы «Баян» туристік-сауықтыру кешенінде емалушылар үшін пантотерапия, фитоемдеу, жаяу және атпен серуендеу ұйымдастырылады. Сенімді көлігі барлар биік таудағы мүйіз кесетін орындардың басына барып та ем-дом қабылдайды, ғажайып табиғат аясында демалады.
Катонқарағайлықтардың өздері бұл тұмса табиғатты «пәк табиғат» деп атайды. Себебі дүниенің бұл кереметін жергілікті жұрттан басқа көп ешкім көре бермейді.
Осы өңірдің тумасы, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік өкілінің бірі Қалихан Ысқақ былай дейді:
«Катонқарағай десе, «бұл екінші Швейцария ғой» дейтін жаман әдет бар. Швейцария заманнан бері тапталып қалған сарыжұрт қой, оның қасында Алтай төр жайлаудың сонысы емес пе?! Дүниежүзінде біз де талай елді шарлап көрдік. Катонқарағайды солардың бірімен салыстыру сөкеттік болар еді».
Өлкенің тағы бір төл перзенті «Мұзтаудың мұзбалағы», «Алтайдың кербұғысы» атанған жазушы Оралхан Бөкейдің шығармаларына арқау болған киелі аймақты қанша сипаттасақ та, бір тақырыпқа сыйғызу мүмкін емес. Табиғаттың сұлулығын камераның объективі де 100 пайыз көрсете алмайтыны анық. 100 рет естігенше бір рет көрген дұрыс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
«Катонқарағай» энциклопедиясы; berel-museum.kz; e-history.kz; elorda.info; didar-gazeti.kz; el.kz; baribar.kz; ruh.kz