Саяхатқа шыққанда адам бақытты. Ешкім тосын жағдай күтіп тұр деп ойламайды. Шындығында, Стивен Спилбергтің «Терминалындағы» Том Хэнкс ойнайтын кейіпкер сияқты әуежайда 9 ай кідіру қаупі жоқ емес. Бұл фильмге құжаттарын жоғалтып, Париж әуежайын 18 жыл паналаған ирандықтың басынан өткен шынайы оқиға негіз болған.
Сонымен, KazUnite.com Италиядағы авторы саяхат кезінде өзі кездескен жеті тосын тосқауыл мен олардан шығу жолдарын баяндайды:
Құжат жоғалту. Былтыр күзде Будапешт әуежайындағы Costa Coffe үстелінде телефонымды «зарядкаға» қойып, ұмытып кеткенмін. Телефон қалташасында жеке куәлігім мен банк карточкам бірге кетті. Каспи банк қосымшасы да – сол номерде. Неаполь ұшағына отыратын кезде ғана телефонымды тастап кеткенім есіме түсті. Қайтып баруға уақыт жоқ: не Будапештте қалуым керек, не Неапольға ұшуым керек. Ең соңғы сәтте ұшаққа отырдым. Италияға келе сала әуежайдың жоғалған заттар бөліміне (Budapest Lost Property), достар арқылы Венгриядағы Қазақстан елшілігі консулына хат жаздым. Әуежай почта арқылы бірден жауап беріп, заттың сипатын сұрастырды. Елшілік әуежай полициясына тек ертесінде телефон шалды. Бұл уақытта телефоным қолды болып кетті. Құжаттарды полиция бірнеше аптадан кейін тауып, елшілікке қайтарды.
Қорытынды: Құжаттарды телефонға сақтамаңыз. Әсіресе төлқұжатқа абай болыңыз. Егер құжат жоғалса, дереу сол елдегі Қазақстан елшілігіне хабарласыңыз. Ол үшін сапарға шығар алдында олардың контактілерін жазып алыңыз. Олар елге қайтуға рұқсат беретін уақытша анықтама береді. Өзіңізбен екі құжат, мысалы, жеке күәлік пен төлқұжат алған артық емес. Егер бірі жоғалса, екіншісі арқылы басқа құжаттарыңызды қалпына келтіре аласыз. Төлқұжатыңыздың көшірмесін, паролін өзіңіз білетін почтаға сақтаңыз.
Банк картасын жоғалту. Жолға шыққанда жол қаражатын карточкаға және қолма-қол ақша түрінде бөліп алған дұрыс. Мен де солай істедім. Бірақ карточкам телефонмен бірге жоғалды. Онсыз ұшақта су да сатып ала алмайсыз. Ал қолма-қол ақшам аз болатын.
Егер бірнеше банк карточкасы болса, тіпті жақсы. Мысалы, Неаполь ұшағында сусынға қолма-қол ақша алмайды, сосын екінші карточкамда қалған тиын-тебенмен төледім. Оған қоса ішкі рейстерге билет алатын болсаңыз, карточка тағы керек. Сонымен, Фейсбук арқылы Каспи банкке хат жаздым. Шыны керек, олар жылдам жауап беріп, видео арқылы мені төлқұжатыммен тексеріп, банк қосымшасын алдымен бұғаттап, сосын карточка табылып, телефон номерім қалпына келгенде, қайта тез іске қосты.
Қорытынды: Ақшаның бір бөлігін ғана карточкада сақтаңыз. Бірнеше карта болса, тіпті жақсы. Карточка жоғалса, банкке жылдам хат жазып, картаны бұғаттаңыз, әсіресе әлеуметтік желідегі қызметтері тез жұмыс істейді. Сосын әлеуметтік желідегі пароліңізді ғана емес, парақшаңыз тіркелген почта паролін де есте сақтаған ләзім. Олай болмаған жағдайда, телефонсыз Инстаграмды қалпына келтіргенім сияқты әуре-сарсаңға түсуіңіз мүмкін. Бұл – енді басқа әңгіме.
Қолма-қол ірі ақша. Неапольге келген соң телефон алу керек. Ал мендегі қолма-қол ақша – бір жапырақ 500 еуро. Дүкендерді аралап жүріп, ең арзан телефон сатып алмақшы болдым. Бірақ ірі қағаз ақшаны бірде-бір дүкен алмайды. Досым екеуіміз бірнеше банкке, досымның карточкасы бар банкке де бардық, олар да ақшаны «ұсатудан» бас тартты. Сөйтсек, Италияның мафияға қарсы заңы бойынша 500 еуро купюраларға оның қай банктен алынғанын дәлелдейтін декларация керек. Сонымен біз Неапольдің Орталық банкіне барып, олар өз базалары арқылы мені біраз тексергеннен кейін ғана ақшамды ұсағырақ купюраларға айырбастап берді.
Қорытынды: Еуропаға, әсіресе Италияға барғанда ақшаны карточкада немесе ұсақ ақшада ұстаған дұрыс.
Телефон жоғалту. Егер Неапольдан әрі қарайғы баратын жерім – Амстердамда тоқтайтын үйдің адресі, қарсы алатын адамның контактілері тек телефонымда сақталмағанда, оның жоғалғанына аса уайымдамайтын едім. Телефон номерімді қалпына келтіру – банк карточкамды іске қосуға қарағанда көбірек уақыт алды. Kcell компаниясына телефон арқылы хабарласу қиын болды. Бірақ олардың Фейсбуктегі командасы әлдеқайда тиімді, жылдам жұмыс істейді екен. Тек соларға жазғаннан кейін ғана, іс алға басты. Ақыры қиыншылықтарға қарамастан, номер қалпына келтірілді, whatsApp іске қосылды.
Қорытынды: Телефон жоғалса, оператордың әлеуметтік желідегі қызметтеріне дереу хабарлама жіберіңіз. Олар қосымша өтініш жазуды сұрайды. Сондықтан, жеке күәлігіңіздің көшірмесін де сақтай салыңыз. Сол арқылы Қазақстандағы жақын туысыңыз, сіздің атыңыздан барып, нөмеріңізді қалпына келтіре алады. Баратын жердің мекен-жайын, байланыс телефондарын почтаңызда, әлеуметтік желідегі парақшаңызда да сақтап қойыңыз.
Билет жоғалту. Әрине, ұшаққа билет онлайн алып, тіркелуге болады. Бірақ ұшаққа отырар кезде «посадочный» билет қажет. Онсыз ұшаққа өте алмайсыз. Дәл ұшар алдында осындай билет жоғалса, не істейсіз? Бір жолы Мәскеу әуежайында 8-9 сағат кідіруге тура келді. Келесі елге ұшатын рейс уақыты келгенше, әуежайдың қонақ үйінде мызғып алмақшы болдым. Ұйқым қанып, одан кейін асықпай кофе ішіп, енді ұшаққа өтер кезде билетімнің жоқ екенін түсіндім. Ал Мәскеу аэропорты үлкен. Бір шетінен екінші шетіне жету – қиямет. Егер билетті жылдап тауып үлгермесем, ұшақтан қаламын. Билетімді қайда жоғалтқаным белгісіз. Содан жүгіріп кафеге келдім, онда билет жоқ, жолда сумкалар тексеретін орынға бардым, одан да таппадық, ең соңында қонақ үйге жеттім, билетім сонда қалыпты. Қонақ үйде билетімді алып, тексергенім есіме түсті.
Қорытынды: Билет пен құжатты қолға ұстайтын сумкадан шығармай, мұқият сақтаңыз.
Рейске кешігу. Әуейжайда келесі рейсті сарыла күтіп отыруды ешкім жақтырмайды. Сондықтан кейде келесі рейске аз уақыт қалатындай билет алғымыз келеді. Мен де солай істедім. Бодрумнан Стамбулға ұшып барып, 2 сағаттан кейін Нұр-Сұлтанға кетемін деп ойладым. Бірақ ұшатын уақыт жақындағанда Бодрумдағы рейс 1 жарым сағатқа кешігетіні хабарланды. Ал менің Стамбул әуежайында багажымды алып, қайта тапсыру, кедендік тексеруден өту уақытын ескерсек, Қазақстанға ұшатын рейске кешігетінім анық. Бағыма қарай, Қазақстанға ұшатын рейс те 2 сағатқа кешікті. Оған қоса ұшатын және ұшып келу терминалдары жақын болып шықты. Бірақ әуежайда біраз уайымдағаным рас.
Қорытынды: Әрине, халықаралық және ішкі рейстерге билеттерді бөлек алған тиімдірек. Ішкі рейстер бағасы әдетте арзан. Бірақ егер келесі рейспен ұшатын болсаңыз, екі рейстің арасындағы уақытқа кемінде 4 сағат қалдырсаңыз, жаныңыз тыныш болады.
ПЦР тест. Пандемия саябырсығаннан кейін көптеген елдер туристерден ПЦР тест сұрамайды. Бірақ соңғы эпидемиялық жағдайды ескерсек, бұрынғы шектеулер қайталанған жағдайда біраз кедергілер шығуы мүмкін. Мысалы, Амстердамнан Франкфуртке ұшып келген жолда голландиялық кәсіпкермен таныстым. Ол да Нұр-Сұлтанға Германия арқылы ұшуы керек. Оның Pfizer вакциянасын алған құжаты бар. Ұшар алдында тағы ПЦР тапсырған. Бірақ дәл ұшатын кезде оның ПЦР тест нәтижесі келіп үлгерген жоқ. «Эйр Астана» оны ұшу алаңына жібермеді. Ол кезде Pfizer Қазақстанда мойындалмаған.
Қорытынды: Баратын еліңіздің талаптарын ескеріңіз, қажет болса, тест тапсыруды ұмытпаңыз.
Сіз ешқандай кедергіге кездеспей, жолыңыз болады деп сенеміз. Дегенмен, «сақтықта қорлық жоқ».