Өмір салтыМұхтар Мағауинді көре алмау немесе қазақтың «МЕНІ»

Мұхтар Мағауинді көре алмау немесе қазақтың «МЕНІ»

 

ВАШИНГТОН. KazUnite – 2020 жыл. АҚШ-қа енді ғана келген кезіміз. Әлі Америка қоғамын жатырқап, елді сағынып, күнде құлазыған көңіл елге қарап елеңдеп жүрген кез еді. 2 ақпан күні жазушы Мұхтар Мағауин атамыз 80-ге толады, жазушы Вашингтон қаласының іргесіндегі Силвер Сприң (Silver Spring) кентінде тұрады екен деп естідік.

«Сағынбай қалай шыдап жүрсіз?» деп сұрай алмадым

Ол кезде Нью-Йоркте тіл курсында оқимын. Балалар кішкентай. Бәріміздің жалғыз демеушіміз – балалардың әкесі Мұрат бір баланы балабақшаға, бірін мектепке тасып, өз жұмысына әрең үлгеріп жүрген еді. Қазақтың тарихын қопарып, «қазақта мемлекеттілік болмаған» деп, бәрін өзінен бастағысы келетін биліктегілердің нарративіне тойтарыс беріп, қазақ тарихын қабат-қабат көмбе арасынан аршып жазып, ұлт жадын, ұлттық рухты жаңғыртып, әдебиет арқылы бодандықтан босаған қазақтың санасын отарсыздандырып келе жатқан Мұхтар Мағауинді ер азаматым ертеден қадір тұтады. Мұрат, Мұрат Алмасбекұлы өзі де жазушы, жазушы жанын жақсы түсінетіні анық. Одан сырт Мағауиннің рухтас оқырманы, тілекшісі.
Мұраттың қалауымен қарбалас тірлікке қарамай, жазушыны құттықтап қайтуға Вашингтонға баратын болдық. Сабақтан себепсіз қалуға болмайды. Шетелдік студент болған соң бәрі АҚШ иммиграция қызметінің бақылауында.
Уақытымызды есептеп, Нью-Йорктен Вашингтонға барарға және қайтарға билет алдық.

Мұнда уақытты 24 сағатпен есептемейді. Түнгі 12-ден түскі 11:59-ға дейінгі уақыт – am, түскі 12-ден түнгі 23:59-ға дейінгі уақыт pm болып жазылады.
Сонымен ақпанның 1-інен 2-іне қараған түнгі 3 аm-де шығып, жазушыны құттықтап, кешке қайтып кетеміз деп билет алдық. Уақытты – am мен pm-ді шатастырып алмайық деп мұқият тексердік. Дүйсенбі балаларға да, өзіме де сабақ еді. Түнделетіп болса да келуіміз керек болатын.

Бұл кезде Америкаға жаңа кеп жатқанбыз, кіндігі жаңа кесілген баладай әлі жүрегіміз елмен бірге соғып, күнде Қазақстан жайлы, туған-туыс, ауыл-аймақ, дос-әріптестер жайлы оймен өмір сүріп жүрген едік.
Өзім сағыныштан сарғайып, тез елге қайтып кетердей болатынмын. Көшеде жүрсем айналама қарап құлазып, іштей жетімсіреуші едім. Үйге келіп, балаларымды құшақтап алданғандай боламын. Қазақстаныма тез барып, қазақ көшелерінде емін-еркін жүруді асыға күтіп, аңсайтынмын.

Мағауиннің біраз жылдан бері шетелде тұратынын білген соң ол кісіде де осындай күй болатын шығар деп топшыладым. «Үлкен кісі ғой, елден жырақта жүру тіпті қиын шығар» дедім. Ұзақ жыл осы сағынышқа қалай шыдап келеді екен деп ойлаумен болдым.

Мұхтар Мағауинді көрер сәтті толқи күттім. Кездесіп, әңгімесін тыңдау да бір ғанибет шығар. Сол кезде «елді сағынып, қалай шыдап жүрсіз?» деп сұрамай отыра алмайтын шығармын деп ойладым. Соны сұрап тұрып өзім жылап жібермейін деп те қорықтым. Өйткені елді ойлағаннан өзімнің кеудеме өксік тығылып, жылағым келетін еді…

Сонымен дайындалып, 2 ақпан күні Мұрат екеуміз ұлымызды ертіп, үшеу болып жолға шықтық. Күні бойы көшелерінде кісі ығы-жығы жүретін, қарбалас қала түнде тып-тыныш екен. Бруклиннен Манхеттенге дейін метроға отырып, одан әрі Манхеттеннен такси ұстап, автобус аялдамасына келдік. Айнала қап-қараңғы. Қала орталығы да тып-тыныш. Автобус та, адам да жоқ. Ерте келіп алдық па деп ойладық. Әрі күтіп, бері күтіп, тықыршып билетімізге қарадық. Сөйтсек, автобус уақыты 3 pm екен. Түнгі 3 емес, түстен кейінгі 3. Онымен баруға болмайды. Біз жеткенше кеш болып кетеді. Ал ертең сабақ. Қайта алмай қаламыз. Сонымен, салымыз суға кетіп кері қайттық.

Мұхтар Мағауинді құттықтап бара алмадық. Мен Мұхтар ағаға «елді сағынып қалай шыдап жүрсіз?» деп жыламадым…

«СИЛВЕР СПРИҢДЕ СВЕТ ЖОҚ»

2023 жылдың жазы. Жол шығынына қарамастан, елге суып кетпесін деп балаларды Қазақстанға жібергенбіз. Ерім екеуміз жұмыс бабымен бір штаттан бір штатқа сапарлап жүрдік. Бірде жолымыз Балтимур қаласына түсті.
Балтимур Мұхтар Мағауин тұратын Силвер Сприңге жақындау. Арасы 1 сағатқа жетпейді. Өзім отарсыздану туралы зерттеулер жасап жүргем. Мағауиннің шығармаларының 90%-ы, мүмкін бәрі халықтың санасын отарсыздандыруға ықпал ететін қуатты еңбек қой. Сондықтан бұл жолы жазушыны осы себеп үшін де көргім келді.

Атамыздың жары Бақытжамал апамызға қоңырау шалдық. Мен өзімнің АҚШ-та докторантурада оқитынымды, отарсыздану бағытында зерттеулер жасап жүргенімді, жазушымен пікірлескім келетінін айттым.
Апамыз ар жағында отырған қаламгерге өтінішімді жеткізді. Мұхтар Мағауин мазасы болмай тұрғанын айтып жатты. Дауысы телефоннан естіліп тұр еді.
Бұл шілденің қақ ортасы, климат кризисі елді алаңдатып, ыстық өте көтеріліп тұрған шақ еді. Тап осы күндері Америкада күннің ыстығынан көп штаттарда халықтың денсаулық ахуалы нашарлағаны хабарланып жатқан. Американың шығысындағы Мериленд те жазы ыстық жер.

Апамыз:

«Қазір күн ыстық, атаңның мазасы болмай тұр. Оның үстіне, бүгін Силвер Сприңде свет өшіп қалып еді. Сәл күйіміз келмей тұр», – деді.

Өйткені содан бірер күн бұрын ғана қатты жел болып, ағаштар құлап, сол ауданның біраз бөлігі жарықсыз қалған екен. Ал электр қуатынсыз, желдеткіш пен кондиционерсіз отыру үлкен сынақ еді…

«Жарайды, тағы жолымыз түсер», – деп, ағамыздың деніне саулық тіледік.
Осылай екінші рет оқталып тұрып, Мұхтар Мағауинді көре алмадым.

КӨРШІ «АУЫЛДА» ТҰРУ

2019 жылы АҚШ-қа оқуға кетерде Мұрат Американың қай штатына орнықсақ екен деп штаттарға онлайн «зерттеу» жасаған. Сонда Мұхтар Мағауин тұратын Мэриленд штатын картадан ашып қарап, осы өңір жайлы ақпараттар оқып отыратын еді.

Мэриленд – жоғары білім алған зиялы адамдарының саны бойынша АҚШ-тағы Бостон қаласы бар Массачусетстен кейін екінші орында тұрған штат. Қазақтың айбынды жазушысы Америкаға қоныс аударғанда дәл осы штатқа келіп орналасқаны жарасымды көрінетін. Мэриленд – интеллигенция шоғырланған штат. Мұнда иммигранттар да көп және оларға көзқарас та жақсы. Ал Мұхтар Мағауин тұратын Силвер Сприң Вашингтонның іргесінде.

2024 жылы менің жұмысым онлайн болған соң, ал өзіне тұрақты бір штатта тұру міндеттелмеген соң Мұраттың баяғы бір ойын жүзеге асырмаққа Мұхтар Мағауин тұратын Мэрилендке көшпек болдық. Америкада Мағауиннің айналасында тұру бір бақыт сияқтанды.

Бұл шақта үлкеніміз мектеп бітірген, кішілері мектепке барады. Балалары бар отбасы үшін қауіпсіздік пен жақсы мектептер орналасқан орта таңдау – басты приоритет. Бақсақ, Силвер Сприңнің мектептерінің рейтингі аса жақсы емес екен. Содан қымбат болса да, Силвер Сприңге іргелес Бесезда қаласына орналастық. Өзімізді Мағауинмен «көрші ауылда» тұрғандай сезіндік.

Жазушы Мұхтар Мағауин ақсақал Түркиядан күзде келді деп естідік. Бірақ сау етіп үйіне барып тұруға болмайды. Бүгінде Америка түгілі Қазақстанда да кісі уақытын алмау, біреуді рұқсатсыз мазаламау мәдениеті қалыптасып келе жатыр емес пе?! Содан ыңғайы келсе, жазушы құп көрсе, 2 ақпан күні 85 жасқа толған шағында құттықтап барайықшы дедік.

Кенет 9 қаңтар күні жазушының дүниеден өткенін естідік.
Елмен бірге біз де қатты қайғырдық… Жерлеу рәсіміне бардым. Жазушының жүзін көрмесем де, арулап әкетіп бара жатқан табытына ұзақ қарадым. «Қаламгердің сүйегі неге Америкада қалды?» деген сұрақ, әртүрлі ой маған да маза бермеді…

АМЕРИКА ҚАЗАҚТАРЫ

Қазақ журналистикасында қызмет етіп жүріп талай тұлғамен сұхбат құрдық, өз деңгейіміздегі сұрақтарымызды қойып, өз аузынан жауап алдық. Тұлғалардың тәлімін, мессежін оқырманға жеткіздік. Бірақ редакция басшылығы қанша емеурін танытып, қанша тапсырса да, дәл Мұхтар Мағауиннен сұхбат алудың сәті түспеген еді.

Мұхтар Мағауин журналистерге сұхбат бере бермейтін. Қайбір жылы «Алтын орда» газетіне сұхбаты шыққанда «бірінші рет сұхбат берді», «екінші рет сұхбат берді» деп санап жүргеніміз есімде.

Оқырман ретінде өзімнің алғаш рет «Сары қазақ» атты әңгімесін оқығандағы әсерім ешқашан ұмытылған емес. Шығарма кейіпкерінің «маған қазақ емессің деді ғой» деп төбелес шығаратыны, қазақ болудың, қазақ деген атты иемденудің өзін қадір тұтқан кейіпкер маған Мағауиннің өзінің болмысынан, Мағауин «менінен» сыр бергендей еді. Мұхтар Мағауиннің барлық шығармасының бір өзегі де сол сияқтанатын.

Жазушының шығармалары қазақ тарихын әдебиет арқылы жаңғыртып, қазақтың отарланған санасын әдебиет арқылы емдеп, әдебиет арқылы қазақтың кеңес дәуірінде семіп, өле жаздаған рухын тірілтіп, еңсесін көтеру бағытындағы идеологиялық ықпалы мықты құндылық менің ұғымымда. Тарихшылардың айта алмағанын әбебиет арқылы айту, қазақтың тарихын әдебиет арқылы түзіп беру қандай білімді, қандай еңбекті, қандай ерік-жігерді, қандай тұлғалық биіктікті қажет ететінін көзіқарақты адам түсінеді. Бұл – менің ұғымымда жазушылық қана емес, күрескерлік, ағартушылық, азаматтық. Деколонизация перспективасымен қарағанда, Мағауин – отарланған сананы отарлық дертінен емдеп, айықтыратын психотерапевт. Мұндай миссияны елін отарлық санадан азат еткісі, елін өркендеткісі келген ғалымдар мен қаламгерлер атқарған.

Ал бүгінгі әлеуметтік желінің тілімен айтқанда, Мұхтар Мағауин – езілген қазақ еңсесін көтеруге қызмет еткен «рухани коуч». Дәл осы коуч сөзін өз басым Мағауиннің сұхбаттарында берген жауаптарына қарап та айтар едім.
Иә, Мағауин – әдебиеттегі коуч. Аффирмация да, тәуелсіз санамен табысты өмір сүрем дегендерге арналған стратегиялық жоспар да, ақыл да, білім де әр сөзінде тұр.

Бас мұраты қазақты санасы азат, өз тамырын, шыққан тарихын білетін, ертеңге мақсаты айқын, болашаққа қарай нық қадамдар жасай алатын қазақ тұлғасын, қазақты қалыптастыру болды. Ал енді қазаққа осынша қызмет етіп, қазаққа болсын, қазақ ұлттық қадір-қасиетін, тілін, қазақтық менін жоймай сақталып қалсын деген идеяға шығармашылық өмірін ғана емес, өзін де арнаған қаламгердің сүйегі қалай қазақ топырағына апарылмады?

***

Мағауинді Америкада жерлейтінін білгенде ел секілді мен де екіұдай сезімде болдым. Бір жағы өзіміз Америкада тұрып жатқан соң «заңғар жазушы қабірінің басына барып, тәу етіп тұратын болдық» деп қуандық. Шетелде ұзағырақ тұрып қалсақ, «балаларымыз қазақшылығын сақтап қала ала ма, жоқ па?» деп алаңдаумен жүрген ана ретінде мені бұл шешім қуантса да, «қалай, неге?» деген сұрақтарым бітпей қойды.

Жерлеу рәсімінде Бақытжамал апамызбен әңгімелесіп тұрып, алдымен неше жыл бойы ішімді тырналаған сұрақты қойғам:

«Мұхтар атамыз елді сағынғанда не істеуші еді?» – деген едім.

Бірақ бұл шақта өзімнің де Америкада тұратыныма 5 жылдан асқан. Бұл шақта елге деген сағыныштан да маңызды нәрселер барын ұғынып қалғам. Сондықтан бұл сұрақты қойғанда бұрын ойлағанымдай көңілім босаған жоқ, жыламадым.

Бірақ ағаштағы алманы алам деп, бұтақты сілкігенде маңдайыма алма емес, тырс етіп бір тас тигендей болды.

«Аталарың елді сағынған жоқ», – деді Бақытжамал апа. «Ол Қазақстанды сағынған жоқ. Қазақстандағы өзінің ең жақын деген бірер досын ғана сағынды, соларды ғана айтып жүрді…»

Бұл сөзді естігенде, таң қалдым.

Қалай? Туған елді қалай сағынбауға болады?..

***

Жазушының келінімен, зайыбымен әңгіме кезінде ол кісі өзі жазсам деп армандаған, жоспарлаған шығармаларының 95 пайызын жазып үлгергенін, өзін бақытты сезінгенін, жақсы өмір сүргенін айтып жатты.
Жазушының шетелде туған немерелерін көрдім. Қазақша да, ағылшынша да сайрап тұр… Қарап, көңілім толды. Олар жазушы аталары әдебиет арқылы тұғырын биіктетіп, қастерлеп өткен қазақ атына лайық ұрпақ болып өсіп келеді.
Америкада тұрса да, қазақ екенін біледі, қазақша таза сөйлейді. Менің де балаларым сияқты. Бірақ бұл балалардың балалары, кейінгі ұрпақ ше? Олар Америкада тұрса, қазақ болып қала ала ма? Қазақ деп өткен тұлғалардың Америкада қалған ұрпағы қазақшылығын сақтап қала ала ма?..

Мені мазалайтын сағыныштан да маңызды нәрсе осы еді. Жарайды, жазушы елді сағынбаған шығар. Елден көңілі қалды ма, қазақ болып өмір сүру үшін, тіпті қазаққа қызмет ету үшін Қазақстанда тұру міндет емес деп түйді ме?.. Бірақ ұрпағым шетелде қазақшылығын жоғалтып алады деп алаңдамады ма екен?
Өзім аршып, қорғап, жан беріп кеткен қазақ рухын ұрпағым жоғалтып алмай ма деген қорқыныш, уайым болмады ма екен?
Болса, оны қалай сейілтті?..

Әлде… «Қазақстанда да қазақтың тілінің халі мүшкіл, қазақтың тілін, ділін сақтаудың қиындығы қай елде тұрса да бірдей» деп ойлады ма екен?!
Әлде, жазушының мұраты жазушы ретіндегі миссиясын орындап, кеудесіндегі «кейінгіге қалдырсам» деген дүниелерін жазу ғана болды ма? Жазудың мәні жазуда ғана болса, оның әрі қарайғы функциясы ешкімді алаңдатпаса, онда жазуда мән бола ма?

Әлде жазушылығының жүгін өзі көтеріп, ал тікелей ұрпағының қазақшылықты сақтау, жалғау жауапкершілігін балалары, немерелері әрі қарай жалғап әкете алатынына кәміл сенді ме?

Бәлкім, «дүние баянсыз, ештеңе мәңгілік емес» деген шығар? «Әркім өзіне жүктелген миссияны орындайды, әркім қолынан келгенін жасайды, қалғаны бір Алланың еншісінде» деген болар? Бірақ олай үмітсіздікке салынған адам елдің, миллиондаған жұрттың үмітін оятатын ұлы дүние тудыра алар ма еді?

Әлде Қазақстанның мықты мемкелет болатынына, ол шет елдердегі қазақ диаспорасындағы, соның ішінде Америкадағы қазақтардың да тірегі болып, қазақтықтың негізгі тұғыры болып ғасырлар бойы тұратынына сенді ме?
Жерлеу рәсімінен сан сұраққа толы санамен қайттым.

***

Былтырлары белгілі журналист Ая Өміртайға берген сұхбатында Мұхтар Мағауиннің «Қазақстанға бармаймын, Қазақстанда орыс қоғамы..» деген тұсы бар еді. Сұхбаттың осы тұсын әлеуметтік желіде бөліскенімде, «Сонда Америкада қазақ қоғамы ма?» деп жазған еді бір оқырман.

Бұл сұрақтың тууы заңды.

Америкада бес жылдан бері тұратын адам ретінде білерім, бұл елге келіп жатқандардың, келіп орныққандардың көбі – орыс тілді қазақтар. Қазақ тілділердің келіп жатқаны бертінде ғана. Бұл зерттеулер көрсеткендей, Қазақстандағы тілдік теңсіздіктің экономикалық теңсіздікпен ұштасқанынан. Орыс тілділердің тұрмысы жоғарырақ болатын да, шет елдерге де орыс тілділер көбірек шығатын. Одан бөлек, соңғы жылдарға дейін елге жететін ақпараттың басым бөлігі орыс тілінде болды.
Орыс тілділер көп болғандықтан, АҚШ-тағы қазақ диаспораларын біріктіретін әлеуметтік топтар мен онлайн чаттарда да жұртшылық жазысатын хаттардың 90%-ы орысша.

Иә рас, Америка қазақ қоғамы емес. Мұнда қазақ қоғамдастықтарының өзінің басым бөлігінің тілі – орыс тілі. Қазақстанда бар «ауру» Америкаға келгенде бірден айыға қояды деймісіз?! Десе де, Америкада тұрудың бір жеңіл жақтары бар:
Мұнда билікке, әлеуметтік нысандарға қай тілде сұрақ қойсаң, сол тілде жауап аласың. Өз басым барлық жерде анкеталарға «ана тілім – қазақ тілі» деп жазғандықтан, аурухана, мектептерде қазақ тілінде қызмет алудың қуанышын көрдім. Өз Үкіметің болмаса да, АҚШ үкіметі қазақ тілінде қызмет алам дегенге тілдік құқын құрметтеп, қазақша қызмет көрсеткенде қалай риза болмайсың?! Мектептерден талай рет балаларымның оқуына байланысты қазақша хаттар келді.
Екіншіден, Америка – Қазақстан емес, сондықтан мұнда қазақ тілі үстемдік етпесе де өкпелемейсің. Бұл жер қазақтың, қазақ тілінің отаны емес. Мұнда арлы адам ретінде өз еркіңмен, елді сыйлап, бюджетке шығын әкелмей ағылшынша үйреніп алғың келіп тұрады. Қазақстанда сыннан өтпеген тіл құқыңның сақталуын Америкаға кеп тексере бергің келмейді, әсте. Бастысы, мұнда кез келген жерде қазақша еркін сөйлейсің, ешкім сенен орысша сөйлеуді талап етпейді, орысша білмесең де кемсітпейді. Орысша сөйлеуге тіпті де мұқтаж болмайсың.

Қазақтың отар дәуірінен маңдайына таңба болып қалған орыс тілі, орысша білмесең төмен санау, «орыссыз күн көре алмаймыз» деген ұғым мұнда жоқ.
Азат рухты қазаққа бұл жердің рахат сыйлайтыны да осыдан…

«ҚАЗАҚ – МЕН»

Жазушы Мұхтар Мағауиннің жерлеу рәсімінен кейін күндер бойы өзімді мазалаған сұрақтың жауабын журналист Жанар Байсеміздің «Мағауиннің соңғы сөзі» атты сұхбатын таптым.

Журналистің күлімдеп отырып, нәзік үнмен диалог жасап, өткір сұрақтарды тартынбай қоятыны – кәсіби ерекшелігі. Әдетте көп журналист-блогерлер кейіпкеріне ұнау үшін өткір сұрақ табиғи түрде туындап жатса да, оны айналып өтіп, кейіпкеріне ұнайтын сұрақтар қоюға тырысады. Ал Жанардың сұхбатынан «жалқау болдым дейсіз, жалқау болсаңыз, қалай көп кітап оқыдыңыз?», «Мен гениймін деп отырсыз. Осы сөзді айту үшін қандай рух керек?», «Маған шығарма көктен келеді деп отырсыз, тоқтап қалады деп қорықпайсыз ба?» деген сияқты шынайы сұрақтары журналистің өзіне, кәсібіне адалдығы деп ұқтым. Сұхбатты тыңдап отырған көзі қарақты көрерменнің де көкейінде осы сұрақтар туары һақ, соны іркілмей сұрай білген журналисті айтсаңшы!

Мұхтар Мағауин шығармаларын шабытпен емес, күн тәртібін жасап, жоспармен жазатынын айтыпты. Кеңестік билік дүркіреп тұрған дәуірден бастап өз азаматтық позициясы, көзқарасы қалыптасқан жазушы жазуына, оқырманына, еліне адал болып, қаламын көлденең тақырыптарға былғамай, ылғи елдің отар санасын емдеуге арнағаны құрметіңді бикітетеді.

Әдебиетті қазақ идеодогиясына, қазақты отарсыздандыруға қызмет еткізген жазушы өзінің орны ерекше екенін, өз бағасын білетіні, өзін «гений жазушымын» деп атағаны да қазаққа өзінікіндей өр рух дарытқысы келетінінен деп ұқтым.
Рас, адамның тылсым табиғатын ашуға арналған кей сұрақтар типі дәл Мұхтар Мағауинге арналмағандай көрінді. Арналса, тұщымды жауап болар еді. Бұл да жазушының қаламын да, өзін де, алар білімін де, ойларын да өзі ерте жасынан мұрат еткен миссиясына ғана арнағанын көрсеткендей.

Сұхбатта жазушының жазу техникасы, күн тәртібі, жазу шеберханасы жазушының шығармашылық өміріне қатысты детальдар деректі фильм сияқты сәтті беріліпті. Жазушыдан «қолыңыздан келсе, не өзгертер едіңіз?» деген сұраққа «Қазаққа мықты президент тілер едім» дегенін естігенде, көзіңе еріксіз жас толады. Сексен бес жыл жасаған жазушының елі тәуелсіздік алғанда «енді аштан өлмес, арманым жоқ» деген елжанды қаламгердің өзегін өртеп, кеудесін өксікке толтырған өкініш сенің де жүрегіңді қарып өтеді. Ең соңында тұрған бос орындықты көргенде осындай біртуар тұлғадан айырылғаныңды ойлап, көңілің жоқтау айтып құлазиды…

Қазақ үшін жаны ауырмаған жазушы аз шығар. Кезінде Шерхан Мұртаза да, Фариза Оңғарсынова да жаны ауырды. Шерағамыз шырқырап, талай шындықты айтты. Биліктегілерге жеккөрінішті болса да, күресті. Ал жер кодексі қабылданғанда Парламентте депутат болған екі қаламдасының Иманғали Тасмағамбетов бастаған үкіметтің ығына жығылып, манипуляцияға ұшырағанын кешіре алмай айтып өткен Мұхтар Мағауин кейінгі қаламгерлердің ел мұратына адал, ұстанымға берік болуын өсиет еткісі келгендей. Әйтпесе тірі тұрып өлілерді айыптап қайтеді?!.

***

Алла жаратқан топырақтың бәрі бірдей. Сүйегің қайда жатса да, рухыңның барар жері бір Көк. «Мағауиннің соңғы сөзі» атты сұхбатты көріп отырып, осыны ойлайсың. Жазушының әңгімесінен оның қазақты, елін жан-тәнімен жақсы көргенін тағы да сезінесің.

Иә, тұлғаның Қазақстанға оралмауы қазақты жақсы көрмегеніен емес. «Қай жерде жан тапсырсам, сол жерге жерлеңдер, деген өсиет мұсылмандыққа да, жаратылыстың заңына да үндеседі.

Шығармашылығын қазаққа деген махаббатпен жазып, жазушы ретінде ұлттық идеологияға үлкен үлес қосқан қаламгер өмір мен өлім мәселесінде өз өсиетін «қазақтың айбынды қаламгерінің сүйегі Қазақстанда жерленуі керек» деген идеология «қорабына» сыйдырудан мән көрмепті. Сұхбатында «қазақ – мен» («мен – қазақпын» емес!), «Қазақстан – мен» дегені де сол еркін рухы азат қазақ азаматының қалыптан тыс ойлауының жемісі еді. Алып тұлғаның азатқұмар болмысы Америка қоғамына үйлескені рас…

Қазақ болып қалу үшін немесе қазаққа қызмет ету үшін Қазақстанда тұру, расында, міндетті шарт емес. Алыстағы алып елде тұрып-ақ туған еліңе ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосып жатсаң, азаматтық, перзенттік борышыңды өтегенің.

Заңғар тұлғамыз Мұхтар Мағауин өзінің шетелде тұрып, тіпті шетелде жатып-ақ қазақ рухына қызмет ете алатынын білді. Қаламгер қайда өмір сүрсе де, қандай жағдайда өмір сүрсе де, өзіндегі ерте жасында бой көтерген мықты қазақтық рухтан ол қайда жүрсе де, ажыраған жоқ.

«Соңғы сөзді» көріп отырып түсінгенім, Мағауиннің идеологиялық әдебиет арқылы бәрімізге қазақ болу аманатын арқалатып кетті. Қайда тұрып, қайда қалатынына қатыссыз «Қазақ – мен» деді. Бұл – әрбір саналы қазақ үшін мықты мотивация, мықты аффирмация, мықты ұран.

Расында да, қазақ – Мұхтар Мағауин.

Қазақ – сіз.

Қазақ – мен.

Осы қазақтың менін жоғалтпай сақтап, кейінгі ұрпаққа жалғай алсақ, аманатқа адал болғанымыз.

Нәзира БАЙЫРБЕК,

Вашингтон, АҚШ

 

Соңғы жазбалар

«Табиғатты аялау»: KazUnite компаниясы бейнематериалдар байқауын жариялады

0
НЬЮ-ЙОРК. 15 сәуір – Экологиялық білім күніне байланысты АҚШ-тағы KazUnite медиа компаниясы әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ жастары арасында «Табиғатты аялау» тақырыбында халықаралық бейне материал байқауын...

Саади шығармашылығы және қазақ даналығы: парсы ойшылының қазақ әдеби дәстүріне әсері

0
АСТАНА. KazUnite - Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің парсы ойшылы Саади Ширазидің шығармашылығының қазақ әдеби дәстүріне әсері...

Бас құрау және бала сүю: «Зорастыр бүй деді» кітабы

0
«Зорастыр бүй деді» кітабының Бас құрау және бала сүю туралы тарауының түпнұсқадан аударылған қазақша нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз. – Інішек, саған қояр бір сұрағым...

АҚШ-тағы грин карта иелерінің міндеттері мен құқықтары қандай

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - Трамп әкімшілігі құжатсыз және заңсыз иммигранттарды депортациялау науқанын жалғастыра отырып, енді АҚШ-тың грин карта иелеріне назар аударды. Fox News арнасына берген...

Ирандықтар Наурызды қалай қарсы алады

0
АСТАНА. KazUnite - Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің...