Өмір салтыЭЙНШТЕЙННІҢ МИЫ ҚАЙДА?

ЭЙНШТЕЙННІҢ МИЫ ҚАЙДА?

 

«МЫЛҚАУ БАЛА»

Бес жасқа таяғанша оның тілі шықпады. Балаларының сөйлемегеніне алаңдаған ата-анасы оны «мылқау бала» деп ойлады. Бала қарым-қатынас жасай алатын, бірақ сөйлегеннің орнына ернін жыбырлатып қоя салатын еді. Баласының бұл күйін уайымдаған ата-анасы оны талай дәрігерге алып барды. Бірақ бәрі дұрыс секілді, ешқандай себеп анықталмады.

Бірде үйде отбасы түгел жиналып, түскі ас ішіп отырған. Түскі асқа сорпа дайындалған еді. Сол тұста бала алғаш рет тіс жарып сөйлейді. Сондағы айтқаны:

– Мына сорпа ыстық, – деген сөз еді.

Мұны көрген ата-анасы өз көзіне өзі сенбеді. Қалай? Балалары сөйлей ала ма? Ол тап-таза сөйлей ме? Онда жұрттың баласы бір жастан асқанда-ақ сөйлеп жүргенде бұлардың ұлы неге беске дейін бір сөз айтпады? Неге аузын жыбырлатып қана келді? Түк түсінбей, таңданған ата-анасы оңашада ұлынан:

– Сен сөйлей алады екенсің ғой. Бүгінге дейін неге сөйлемей жүрдің? – деп сұрайды.

Сонда бала:

– Менде бұған дейін бәрі дұрыс болды, – деп жауап беріпті.

Бұл – болашақ ғалым, физиканың ең маңызды теорияларының бірін жасап, адам өміріне үлкен өзгеріс әкелген Албьерт Эйнштейннің сәби шағы болатын. Бес жасқа дейін сөйлемеген бала өзінің сөйлемеу себебін осылай сөйлеуге қажеттілік болмағанымен түсіндірген еді.   Демек, өмірде қажеттілік қана қозғаушы күш болатыны ғой? Қажетіллік болмаса, ғылым туар ма еді? Қажеттілік болмаса, Альберт Эйнштейн де ғалым болар ма еді? Әрине, жоқ. Оның ғылымға – құнды теориялар, адам өміріне үлкен жаңалықтар әкелуінің өзі сол қажеттіліктен еді. Білсем, анықтасам, шешуін тапсам деген қажеттілік болатын.

Бір ғажабы баланың бойында ғылымға деген осындай қажеттілік ол небәрі төрт-бес жасқа толғанда туған тәрізді. Төрт-бес жас шамасында Энштейн қатты ауырып қалады. Оның көңілін аулау үшін әкесі компас әкеліп береді. Компастың не екенін түсінбеген бала оны олай бұрады, былай бұрады. Компастағы қозғалып тұрған магнит жебе оның бар назарын магнитше тартады. Бала көңілінде сұрақ көп: «әне бір нәрсе қалай қозғалып тұр? Оны қозғап тұрған қандай жасырын күш? Ол не?» Бала осындай ойлармен таң атырып, күн батырады. Сұрақтың шешімін табуға деген ұмтылыс оның бойына өмірдегі күрделі шешімдерді табу жолындағы күрескерлік қабілетті қалыптастыра бастайды.

Ғалымға өмірінің соңына дейін тыным бермеген сондай ұмтылыс еді.

***

Альберт Эйнштейн Германияның Вюртемберг қаласында 1879 жылы 14 наурызда Ашкенази еврейлерінің отбасында дүниеге келген. Оның өмір тарихы еврей халқы тарихынан бөлінбейді. Бірақ ғалымның өз еврейлері үшін жанын отқа да, суға да салуға дайын болғанын оның өмірбаянынан көруге болады.

Бес жасында тілі шыққаннан кейін ата-анасы Альбертті Мюнхендегі католик бастауыш мектебіне беріпті. Сол жерде үш жыл оқыған соң болашақ ғалым Луитпольд гимназиясына (қазіргі Альберт Эйнштейн гимназиясына) ауысады. Ол математика мен физика пәндеріне бейім бала болатын. Он екі жасында-ақ бір жазғы демалыста алгебра мен Евклид геометриясын өз бетінше үйреніп алады. Сол жылы Пифагор теоремасының өзіндік дәлелдерін де табатын деңгейге жетеді. Одан қалса, математикалық есептеулерді дербес оқи бастайды. Бала он төртке келгенде интегралды және дифференциалды есептеулерді меңгеріп, қатарынан оқ бойы озық тұрады.

Альберт он төрт жасқа толғанда оның отбасы бизнес мақсатымен Италияға көшеді. Бірақ болашақ ғалым Мюнхендегі гимназиясын аяқтамағандықтан, Германияда қала тұруға мәжбүр еді. Альберт болса Германияда ұзақ қала алмайды. Оған себеп болған отбасынан алыстағаны емес, Германиядағы жағдай, мектеп режимі мен оқыту әдісіне деген наразылығы еді. Бойы бұлқынысқа толы бала қажеті жоқ қысымдарға құрылған тәртіпке бой бергісі келмейтін. Ұзамай, ол мектебін тастап кетіп қалады. Мюнхендегілер бала жоғалды деп іздеу салады. Бірақ Альберт жоғалмаған еді. Ол Италияның Павия қаласындағы ата-анасына барған. Қаншама жыл ақы төлеп оқыған қымбат гимназияны тастап кетуге болмайтын, алайда мектепке оралып, ондағы тәртіпке бағынғысы келмеген Албьерт ата-анасын көндіріп, Италиядағы дәрігерлерден анықтама жасатып алып, мектепке жібереді. Сөйтіп, гимназияны үйде жатып аяқтайды. Бұл 1895 жыл еді. Гимназияны аяқтау үшін ол «Магнит өрісіндегі эфир күйін зерттеу туралы» тақырыбында қысқа эссе жазады.

Бұл – ғалымның физика ғылымына қарай жасаған алғашқы қадамы еді.

«ЕР АДАМ РЕТІНДЕ ӨЗІМДІ СОНШАЛЫҚТЫ БАҚЫТСЫЗ СЕЗІНЕМІН»

Болашақ ғалым он алты жасында Цюрихтегі Швейцария федералды политехникалық мектебіне (қазіргі Eidgenössische Technische Hochschule, ETH) оқуға түсу үшін емтихан тапсырған. Бірақ физика мен математикадан жоғары ұпай алғанымен, емтиханның жалпы тест бөлімінен өтпей қалады. Оның есте сақтау қабілеті, әсіресе сөзді есте сақтауы нашар еді. Баланың физика мен математикаға келгенде дес бермейтінін аңғарған политехникалық мектеп директоры Альбертке орта білімді толық аяқтау үшін Швейцарияның Арау қаласындағы Аргов Кантон мектебіне (гимназияға) баруға кеңес береді. Бұл 1896 жыл еді. Болашақ ғалым бар болғаны он алты жаста ғана болатын.

Альберт Арауда сол тұстағы атақты профессор Йост Уинтелердің үйінде жатып оқыпты. Йост Уинтелердің Альберттен бір жас қана үлкен, Мария есімді сұлу қызы бар екен. Альберт Эйнштейн Марияға қатты ғашық болады. Алайда сол жылы Энштейн Swiss Matura-дан жоғары балл жинап, федералды политехникалық мектепте математика мен физика бойынша төрт жылдық оқуға түседі де, Арауда қалады. Ал бозбаланың ғашығы Мария Уинтер ата-анасымен бірге Швейцарияның Ольсберг қаласына көшіп кетеді.

Федералды политехникалық мектеп болашақ ғалымның ғылыммен айналысу қабілетін шыңдаған орта болатын. Сол ортада ол осы салаға құмар бірнеше дос, армандас тапты. Солардың бірі жиырма жастағы сербиялық ару Милева Марич еді. Марич математика және физика бойынша дипломдық курста оқитын алты студенттің арасындағы жалғыз қыз бала болатын. Жасынан зиялы, интеллекті жоғары аруларға көңілі жақын Альберт Эйнштейн Маричпен жақсы дос болып кетеді. Ортақ қызығушылықтары көп болған соң бозбала мен бойжеткен физика жайлы сағаттап әңгімелесіп отырудан жалықпайды екен. Олардың достығы кейін махаббатқа ұласады.

Осы тұста ғалымдар әртүрлі болжап жүрген бір жайт бар: кей мәліметтерге қарағанда, олар некеге тұрмастан бір бала сүйген деседі. Өйткені көптеген жазбаларда 1902 жылы Марич өз анасының үйінде кішкентай қызымен тұрып жүргені суреттеледі. Бір сыншылар Марич ол баланы асырап алған десе, келесі топ Эйнштейнді некесіз сәби туғаны үшін айыптап жазған. Бірақ сәби ауырып, ерте шетінеп кетіпті. Ал Эйнштейн мен Марич 1903 жылы шаңырақ көтереді. Заңды некеге тұрғаннан кейін олар екі ұл сүйеді.

***

Эйнштейннің алғашқы ғылыми еңбегі 1905 жылы жарияланған. Жалпы ғалымның күрделі еңбектеріне оның алғашқы жары Милева Маричтің үлкен үлес қосқаны көп айтылады. Ғалымға оның идеяларын зерттеп, шығармашылыққа айналдыру кезінде Марич математика тұрғысынан анализ жасап, дәл көрсеткіштерге жетуіне көмектесіп жүріпті. Сол арқылы Эйнштейн алғашқы некесі тұсында өте табысты болған делінеді.

Альберт Энштейн мен Милева Марич 1904 жылы Швейцарияның Берн қаласында тұрғанда бірінші ұлы Ханс Альберт Эйнштейн дүниеге келген. Кейін олар Цюрих қаласына көшеді. Онда 1910 жылы екінші ұлы Эдуард дүниеге келеді. 1914 жылы Альберт Энштейнге қайтадан Берлинге қоныс аударуға тура келеді. Бірақ осы тұста оның әйелі Марич екі баласымен бірге Цюрихта қалуға шешім қабылдайды. Ерлі-зайыптылардың осылай екі қалада, екі бөлек өмір сүруі ақыры олардың өмір жолдарын да екі түрлі арнаға бұрады.

Бернде жалғыз тұрып, бойдақтың күнін кешкен Эйнштейн өзінің немере ағасының қызы Эльза Левентальмен көңіл қосыпты. Эльза ғалымға анасы жағынан да туыс еді. Сөйтіп, 1919 жылы ол алғашқы жары Маричпен ажырасуға бел байлайды. «The Berlin Years: Correspondence» басылымы жариялағандай, сол ажырасу кезінде Альберт Энштейн Маричке «егер ажырасуға келісім берсең, мен болашақта Нобель сыйлығын алғанда оның ақшасын саған беремін» деп уәде берген екен. Маричке ойлануға бір апта беріледі. Бірақ Марич бірден келісімге келеді.

Ғалымның «алдағы Нобель сыйлығының ақшасын саған беремін» дегенін Альберт Энштейннің ғылыми еңбектеріне Марич те көп үлес қосқанын мойындауы деп пайымдайтындар бар.

***

Осы тұста Албьерт Энштейннің махаббаты, ол ғашық болған арулар жөнінде қызық мәліметтер бар. 2015 жылы  жарық көрген «Эйнштейннің махаббат хаттары» атты еңбекте ғалымның алғашқы ғашығы Мари Уинтерді қалай жақсы көргенін бейнелейтін хаттары жарияланыпты. Онда ғалым отбасын құрған жылдары да өзінің алғашқы махаббаты Мариге деген сүйіспеншілікпен өмір сүргені бейнеленеді. Мысалы, 1910 жылы әйелі екінші баласына жүкті кездің өзінде Албьерт Энштейн:

«Мен сізді әр минут сайын шынайы сүйіспеншілікпен ойлап жүремін және ер адам ретінде өзімді соншалық бақытсыз сезінемін», – деп жазыпты Мариге.

Тағы бір хаттарында өзінің алғашқы отбасы жайлы айта келе, Марич екеуінің арасындағы сезімді «қате махаббат» және «жоғалған өмір» деп суреттеген.

***

Албьерт Эйнштейн Маричпен ажырасқаннан кейін де алғашқы ғашығы Мариге қосыла алған жоқ. Ол 1919 жылы өзіне қамқор болып жүрген, анасы жағынан да, әкесі жағынан да туысы болып келетін, алдында аталған Эльзаға үйленді. Бұл кейін ғалымның өмірінде орын алған қателіктердің бірі ретінде аталды.

***

Жалпы 2006 жылы Иерусалим еврей университеті жариялаған хаттар жинағынан Альберт Энштейн өмірінде алты әйелді сипаттап жазғанын көруге болады. Мысалы, 1923 жылы ғалым өзінің жақын досы Ханс Мюсамның жиені Бетти Нейман есімді хатшы қызға ғашық болыпты. Одан бөлек хаттары арасында аустриялық Маргарет Лебах деген әйел, гүл бизнесімен айналысқан Эстелла Катценелленбоген, бір бай еврейдің жесірі Тони Мендель, Берлинде әлеуметтанушы болып қызмет еткен Этель Михановски деген әйел аталады. Осылардың ішіндегі әлеуметтанушы Этель Михановскимен өзі Эльзамен заңды некеде бола тұра кездесіп жүрген делінеді құжаттарда. Ғалымның хаттарынан өз отбасынан сырт Этельге әр мерекеде сыйлық жіберіп, одан сыйлық алып тұрғанын түсінуге болады.

Ғалымның бірінші әйелі Марич оның шығармашылығына серпін беріп отырған болса, екінші әйелі Эльза ғалымға жақсы күтім жасап, қамқорлықпен қараған дейді ғалым өмірін зерттеушілер. Әйтпесе Альберт Энштейн өмірі шашын тарамайтын адам болған. Көбіне алқам-салқам киініп, қалай болса, солай жүреді. Басқа планетада өмір сүріп жүргендей, жан-тәнімен ойға, ізденіске түсіп кететіні сонша, көбінесе ол тамақ ішуді де ұмытып кете беретін болыпты-мыс. Сондай аңғалдығынан тіпті бір рет үйіне досы келгенде онымен терең тақырыптарда әңгімелесіп жүріп, досына жұмыртқа орнына қол сағатын қуырып беріпті деген де жазбалар бар… Алайда 1912 жылы екінші рет үйленгеннен кейін оның күтімі жақсы болған. Екінші әйелі Эльза ғалымның уақтылы тамақ ішуін, дұрыс киініп жүруін қадағалап, оған балаға қарағандай қамқор болыпты.

1935 жылы Эльза жүрек және бүйрек ауруына шалдығып, 1936 жылы көз жұмады. Бұдан соң ғалым Маргарита Коненкова деген орыс әйелмен қарым-қатынаста болады. Бірақ олардың қатынасы  ұзаққа созылмайды. Маргарита  Коненкова Ресейдің АҚШ-тағы тыңшысы еді.

ЭНШТЕЙН ТҮРКИЯДАН ҚАНДАЙ КӨМЕК СҰРАДЫ?

1933 жылы Албьерт Эйнштейн Америкаға, Калифорния технологиялық институтының ғылыми қызметкері ретінде екі айлық жұмыс сапарымен келген. Бұл шақта ол өзінің Америка ғылымы үшін қаншалық бағалы адам екенін түсінетін еді. Өйткені бұдан бұрын да ол Америкаға бір рет келген. Артынша, бірталай оқу орнынан шақырту алған еді. Енді осы екінші келісінде америкалықтар Энштейннің аяғын жерге тигізбей, құрметтеп күткен. Осы жолы кейінірек өзінің өмірі жайлы үлкен еңбек жазған Валтер Исааксон (Walter Isaacson), атақты комик актер Чарлз Чаплин (Charlie Chaplin), зерттеуші журналист Аптон Синклэр (Upton Sinclair) тағы басқа беделді, ықпалды тұлғалармен танысқан.

Осы сапардан қайтар жолда Эйнштейн мен Эльза Бельгия арқылы Германияға өтпек болған. Бірақ дәл сол күндері, яғни 1933 жылдың 23 Наурызында Германияда орын алған біраздан бергі тартыстан жеңіп, нацистік ұстанымдағы Адольф Гитлер билікке келеді. Мұны естіген ғалым енді қайтып Германияға орала алмайтынын түсінеді. Өйткені  билікке нацистер келісімен Германияда еврейлерге қысым күшейген еді. Ақпан-наурыз айларында ғалымның Берлиндегі үйіне бірнеше рет тінту жүргізілген. Кейінірек ғалымның қала сыртындағы коттеджіне шабуыл жасап, нацистер Эйнштейннің жеке желкенді қайығын тәркіледі. Германияның қайда бет алғанын түсінген Эйнштейн бірден сол Бельгиядағы неміс консулдығына барып, неміс азаматтығынан ресми түрде бас тартып, төлқұжатын тапсырады.

Ал Гитлердің тонаушы билігі кейінірек ғалымның қайығын сатып, ал коттеджін гитлерюгенд лагеріне айналдырады.

***

1933 жылы сәуірде Германияның жаңа үкіметі еврейлерге кез келген ресми лауазымға, соның ішінде университеттерде сабақ беруге тыйым салатын заңдар қабылдады. Барлық еврей ұлтынан щыққан ғалымдар ғылыми қызметтерінен бас тартуға мәжбүр болды. Одан кейінгі айда еврей ғалымдарының еңбектері өртелді. Олардың арасында Альберт Эйнштейннің де еңбектері бар еді. Бұл әрекетті нацистік Германияның үгіт-насихат министрі Джозеф Геббельс «Еврей интеллекті өлді» деп жариялады. Германияда газет-журналдар «неміс режимі жауларының» тізімін жариялап жатты. Онда Эйнштейннің де есімі болды. Сонда тіпті бір журнал Эйнштейннің басы үшін 5000 доллар сыйақы берілетінін жариялады деген мәлімет бар.

Басына қауіп төнген Энштейн қайда барып паналарын білмей, Бельгияның Де Хаан қаласында бірнеше ай тұруға үй жалдап алды. Арада бірнеше ай өткенде ол Британдық Әскери-теңіз офицері командир Оливер Локер-Лэмпсонның жеке шақыруымен Англияға барады. Ғалымның басындағы жағдайдан хабардар Локер-Лэмпсон оны Кромердегі өзінің ағаш үйінің жанындағы бір үйге орналастырып, екі сақшыға ғалымның қауіпсіздігін күзеттіріп қояды.

Осы тұста Энштейннің ұлтжандылығын көрсеткен үлкен бір оқиға болды. Германияда еврейлерге қысым жасалып жатқанда шет елде қалып, жан сауғалаған Албьерт Энштейн өз басының амандығына қанағаттанбайды. Оның уайымы Германияда қалып, қысым көріп жатқан еврейлердің жағдайы еді. Әсіресе, еврей ғалымдары үшін қатты алаңдайды. Локер-Лэмпсон оны Уинстон Черчилльмен, кейінірек Остин Чемберленмен және бұрынғы премьер-министр Ллойд Джорджбен кездесуге шақырып, ірі тұлғалармен таныстырған. Сондай кездесулердің бірінде Эйнштейн олардан Германияда қалып қойған еврей ғалымдарын құтқарып алып шығуын қиыла сұрады. Өз елі үшін жаны шырқыраған ғалымды түсіне қойған британдық тарихшы Мартин Гилберт Черчилль дереу жауап беріп, досы физик Фредерик Линдеманнды Германияға жіберді. Оған берілген тапсырма еврей ғалымдарын тауып, оларды Британдық университеттерге орналастыру үшін елден алып кету болатын.

Осы тұста айта кететін тағы бір жайт бар. Албьерт Эйнштейн басқа елдердің көшбасшыларымен, соның ішінде Түркия премьер-министрі Исмет Иненюмен де хабарласып, жұмыссыз қалған неміс-еврей ғалымдарын Түркияға шақырып, жұмысқа орналастыруға көмек сұрапты. Сол жолы Эйнштейннің бір ғана хатының нәтижесінде Түркияға 1000-нан астам еврей қоныс аударады. Осылайша, Түркия қуғын-сүргінге ұшыраған еврейлерді де бауырына тартыпты.

***

Ғалымға қамқор Локер-Лэмпсон сол 1933 жылы Парламентке Эйнштейнге Британ азаматтығын беруді сұрап, ұсыным жасаған. Бірақ ол қолдау таппайды. Амалсыз қалған ғалым АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Принстон қаласында орналасқан Перспективалық зерттеулер институтына университеттің тұрақты стипендиаты болу туралы ұсыныс жолдайды. Ұсынысы қабылданып, Энштейн Америкаға қоныс аударады. Арада екі жыл өткенде ғалым АҚШ-та тұрақты тұрғын куәлігін алуға өтініш береді. Сол жылы, яғни 1935 жылы, Нью-Джерси штатындағы Принстон қаласынан, университетке жақын жерден үй алады.

ҒАЛЫМНЫҢ ӨКІНІШІ

Эйнштейн – өмірінде жүздеген кітаптар мен мақалалар жазған ғалым. Олардың арасында 1905 жылы жасаған салыстырмалылық теориясы, 1916 жылғы жалпы салыстырмалылық теориясы, 1926 жылғы броундық қозғалыс теориясы бойынша зерттеулері, 1938 жылғы физика эволюциясы ерекше бағаланады. Осының арасындағы салыстырмалылық теориясы үшін Эйнштейн 20-ғасырдағы әлем ғылымының ең озық ғалымдарының біріне айналды. Ғалымның бүгін инновация мен технологияға біршама арқау болған ғылыми еңбектерін айтпағанда, сәтсіз болған және аяқталмаған, яғни шешімі табылмаған теориялары да көп. Мысалы, өмірінің соңғы жылдарында ашамын деп қатты құлшынған Барлық нәрсе теориясы (Theory of everything)   аяқсыз қалды. Ал біраз еңбектері мен теориялары қазірге дейін пікірталас тудырып келеді. Бір айта кетерлігі, өзі жасаған кей теорияларға кейін ғалымның өзі де қарсы шығып отырған. Осындай қарама-қайшылықтарға қарамастан, Эйнштейннің зияткерлік жетістіктері мен өзіндік ерекшелігі оның танымалдылығын арттырды. Ол бұқаралық мәдениет саласында да кейіпкер болды. Юморымен, тіпті аңғалдығымен талай карикатураға да арқау болды. Сөйте тұра, оны танымалдылығы «Эйнштейн» сөзін «данышпан» сөзінің синонимі ретінде қабылдайтындай дәрежеге жеткізді.

Эйнштейн есімін атағанда қазір көпшіліктің ойына бірінші салыстырмалылық теориясы оралса, екінші еске түсетін нәрсе – атом бомбасы. Эйнштейннің атом бомбасына қатысын айтпас бұрын ғалымның ғылыми даму дегеннің өзіне сын көзбен қарағанын айта кеткен жөн. Мысалы, 1933 жылы Эйнштейн Калифорния технология институтында студенттермен кездесу кезінде «ғылым көбінесе адамдарға пайдадан гөрі зиян алып келетінін» айтады. Бұл жөнінде «Эйнштейн: оның өмірі және ғалам» деп аталатын кітапта баяндалады.

Ал Эйнштейннің атом бомбасын ойлап табуғаа қатысы кейде қарапайым халық арасында мақталып, кейде датталып жатады.

1939 жылы Лео Сцилард бастаған венгриялық ғалымдар нацистік Германияда әлемдегі тұтас қалаларды, тұтас елдерді жойып жібере алатын жойқын қару – атом бомбасы жасалмақ деген сыбыстан сескеніп, АҚШ билігіне дабыл қағып, хат жазады. Бірақ хат діттеген жеріне жетпей ме, елеусіз қалады. Бұдан соң ғалымдар хатты жеткізіп, АҚШ назарын осы мәселеге аудару үшін АҚШ-тағы беделді ғалымдарды пайдалануды көздейді. Кей құжаттарда бұл «Эдуард Теллер, Йюдин Вигнер, Лео Сцилард және Эйнштейн фашистік Германияның атом бомбасын жасауға дайындалып жатқанын ести тұра ондай қуатты қарудың алдымен АҚШ-та жасалуы керегін президентке айтып жеткізуді біздің жауапкершілігіміздегі іс деп түсінді» деп баяндалады. Қалай болғанда да, жоғарыда аты аталған ғалымдар мен Албьерт Эйнштейн ақылдаса келе, олар АҚШ президенті Рузвельтке «АҚШ атом бомбасын Германиядан бұрын жасауы керек, оған біздің ғалымдардың әлеуеті жетеді, сіз бізге жағдай жасаңыз, тапсырма беріңіз» деген ұсыныспен хат дайындайды. Оған ең беделді ғалым, физик Эйнштейннің қолын қойғызып, Презеидентке жолдайды. Осылайша, Эйнштейн 1939 жылғы 2 тамыз күнгі АҚШ Президентіне жазып, қол қойған хатымен әлемде атом бомбасын жасауға түрткі болған адам ретінде де тарихта қалды.

Көп ұзамай, АҚШ Президенті ғалымды қабылдап, оның ұсынысын мақұлдап, Манхеттен жобасын қабылдатады. Жоба бойынша Америкада бір топ ғалым атом бомбасын жасауға жұмылдырылады, олар өндіріске қажет барлық ғылыми деректермен, қаражатпен, бар жағдаймен қамтылады…

Эйнштейннің өзегін өртеген өкініш дәл осы Рузвельтке жазылған хатқа қол қоюы еді. Хатқа қол қойған сәтте-ақ ол өзінің өмір бойы ұстанып келген бейбітқұмарлығына, өзінің соғысты жау санаған принципіне қарсы келді. Ал атом бомбасы тарихта бір ғана түймешені басу арқылы тұтастай бір қалаларды, бір елді адамдарымен, барлық техникаларымен қоса қырып-жоюға мүмкіндік тудырды. Қазірге дейін қит етсе, сол қаруды кезеніп, әлем халқының үрейін тудырып отырған елдер бар…

Атом бомбасының осынша қуатын, оның елді қорғауға ғана емес, елді талқандап, миллиондаған адамның өмірін бір-ақ сәтте жалмауға жұмсалатынын кеш ойлаған ғалым сол хаты үшін өзегі өртене өкінді дейді достары. Албьерт Эйнштейн дүниеден өтерінен сәл бұрын, 1954 жылы, «Мен сол бір хатқа қол қойғанда үлкен қате жасадым» деп налыпты. Содан соң 1955 жылы Эйнштейн Британия ғалымы Бертрент Русселмен және басқа да ғалымдармен бірігіп, атом бомбасының қаупін баса көрсеткен манифестоға қол қояды. Бірақ бұл кезде әлемдегі ең қуатты елдердің саяси тұлғалары мақсатына агрессиялық жолмен-ақ жеткісі келсе, атом бомбасына сүйенуге болатынын түсініп, біліп алған еді.

ҒАЛЫМНЫҢ СОҢҒЫ ҮЙІ… ЖӘНЕ МИЫ

Ғалым өмірінің соңғы күндерін Американың Принстон қаласындағы екі қабатты үйінде өткізді. АҚШ-тың Нью-Джерси штаты, Принстон қаласындағы Мерсек көшесі бойында орналасқан 112-үй – ғалым Америка азаматы болуға шешім қабылдаған 1935 жылы алған үйі. Сол үйде ол 1955 жылы өмірден өткенше тұрды. Бірақ ғалым ауруханада көз жұмды.

Фото ашық көздерден алынды

Біз таяуда әлемге әйгілі ғалымның өмірінің соңғы жылдарын өткізген үйіне барып, репортаж жасап қайттық. Бірақ байқағанымыз Эйнштейннің үйі сол көшедегі басқа үйлерден түк ерекшеленбеген.

 

Фото авторы: Құбылай Алмасбек

Сыртында Эйнштейннің сонда тұрғанын көрсететеін тақтайша белгі де жоқ. Тек қана «private residence» жеп жазылыпты. Мұның себебі, ғалымның өзі өмірден өтпес бұрын «мен өлген соң үйімді мұражайға айналдырмаңдар» деп өсиет айтқан. Неге олай айтқанын әркім сан-саққа жүгіртіп жазып жатады.

Сонымен Принстондағы Энштейн үйі ғалым келіп орналасқанда жаңа салынбаған. Оның іргетасы 1876 жылы қаланған екен. Ғалым дүние салған соң ол үй ғалымның өгей қызы Маргот Эйнштейннің иелігіне өтеді. 1986 жылы Маргот қайтыс болған соң үй 1989 жылдан 2001 жылға дейін Нобель сыйлығының лауреаты, физик Фрэнк Вилчектің меншігінде болады. Одан кейінгі иесі Нобель сыйлығының иегері, Принстон, кейін Гарвард университетінің ғалымы болған Ерик Маскин болыпты. 2012 жылға дейін үйді иеленген Маскин ол үйде тұрмайды, бірақ студенттерін алып келіп, Эйнштейн тұрған үйде кешкі семминарлар өткізіп, дәріс оқып жүреді.

Эйнштейннің өзі үйін мұражайға айналдыруға қарсы болса да, оны мұғагерлері тыңдағысы келмеген. Бірақ нақты қандай шешімге келерін білмеген АҚШ үкіметі Эйнштейндей ғасыр гениі тұрған үйді қалай да қорғау үшін 1976 жылы АҚШ-тың тарихи орындарының ұлттық тізіміне енгізіпті. Үй жеке тұлғалардың меншігінде болса да, тарихи мұра ретінде мемлекет оны қорғауға алған. Қазіргі уақытта үй IAS-қа (Institute for Advanced Study) тиесілі және онда ешкім тұрмайды. Ал Эйнштейн тұрған үй қандай екен деп көруге барған адамдар ішіне кіруге рұқсаты болмағандықтан, сыртынан көріп, Эйнштейн жүріп өткен жолдарды басып, үй ауласында суретке түсіп, кете береді.

Фото авторы: Құбылай Алмасбек

***

Эйнштейннің үйін айттық, енді миына оралайық. Эйнштейн үйін мұражайға айналдыруға рұқсат бермесе де, «мен өлгенде басымнан миымды алып зерттеуге болады» деп айтқан дейді ғалымдар. Бірақ бұл – анық-қанығы ашылмаған дерек. Өйткені кей деректерге Эйнштейннің миы ұрлап алып зерттелген деген пайымдар айтылады.

Бір анығы, Эйнштейн қайтыс болып, денесі мәйітханаға апарылған соң америкалық патогонист Томас Штольц Харви (Thomas Stoltz Harvey) ғалымның бас сүйегін ашып, миын алыпты. Ол ота жеті жарым сағатқа созылған. Миды өлшегенде салмағы 1230 грамм болады. Ал көлемі әдеттегі адамдардың миына қарағанда кішірек екен. Томас Харви Энштейннің миын Пенсильвания университетінің зертханасына апарып зерттеуге кіріседі. Эйнштейннің неге соншалық ақылды болғанынан бір сыр бар ма деп, миды алдымен 240 бөлшекке бөледі. Майда клеткаларын микроскоппен қарайды. Түк таппайды.

Мұнда да ғалымның миы туыстарының келісімімен алынды ма, оған ғалымның өзі шынымен келісіп пе еді, жоқ па деген мәселе бойынша үнемі қайшы пікірлер айтылады. Бірақ бастапқыда Эйнштейннің ұрпақтарынан келісім алынбағанымен, кейін әкесінің басынан миды алып, зертханада сақтап отырғанын білген үлкен ұлы Ханс амалсыз келісімін берген екен дейді кейбір деректе. Бірақ ол әкесінің миын зерттеуден табылған мәліметтер тек беделді ғылыми журналдарда жарияланатын зерттеулер үшін қолдануды талап етеді.

1978 жылы Америкада Эйнштейннің миы Харвидің зертханасында 20 жылдан бері сақталып тұрғаны жөнінде ақпарат тарайды. Сонда ми екі шыны құмырада спиртте сақталып келіпті. Одан соң тағы 20 жыл бойы Эйнштейн миының бөлшектеліп, әртүрлі универсиеттердегі ғалымдарға зерттеуге жіберіледі. 2007 жылы Эйнштейннің миын алып сақтап жүрген Томас Харви дүние салады. Сосын 2010 жылы Харвидің мұрагерлері Эйнштейннің миын, оның барлық бөлшектерін, еш жерде жарияланбаған  14 фотосуретін жинап,  АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау және медицина мұражайына тапсырады.

Эйнштейннің үйі мұражайға айналмаса да, миы мұражайға қойылған. 2013 жылы Филадельфиядағы Мюттер мұражайы ғалымның миының 46 кішкентай фрагментін сатып алып, музей галереясына қойды. Адам бойындағы қабілеттің сырын қандай да бір физикалық денеден іздеп, Эйнштейннің данышпандығының сырын оның басынан алынған мидан іздейтіндер Мюттер мұражайына барып, ғалымның миының кептірілген бөліктерін микроскоппен көре алады.

***

Ми демекші, кейде америкалық қаламгерлер мен ғалымдар «Эйнштейннің IQ-і оның ұрпақтарына берілді ме?» дегенді бірнеше рет талқылап жазыпты. Бұл бізге таңсық емес, үнемі ұлылардың ұрпақтарынан да ұлылық белгісін іздеп, талай жерде беті қайтқан қаламгерлер қазақта да аз емес қой.

Эйнштейн мен Марч үш бала сүйсе де, Эйнштейндей танымал болмаса да, Марч ақылды, білімді әйел болса да, олардың балаларының ешқайсысы керемет ақылдылығымен көзге түспеген. Керісінше, ғалымдар Эйнштейннің ұрпақтары неге аурушаң болғанын таба алмай келеді. Эйнштейн мен Марчтың тұңғышы Лисерл бір жасқа толар-томас шағында-ақ ауырып, шетінеп кеткен. Кенже ұлдары Эдуард медицина саласы бойынша оқып жүріп, жиырма жасқа толғанда жүйке ауруына ұшырап, шизофрениядан зардап шекті. Сөйтіп,  өмірін Цюрихтегі психиатриялық университеттің ауруханасында өткізді. Үш баладан үлкен ұлы Ханс қана толыққанды өмір сүрді. Ол да ата-анасы секілді ғылым жолын қуып, Беркелейдегі Калифорния университетінде көлік саласын зерттейтін ғалым болды. Бірақ, өкінішке қарай, оның балалары ауру болып туыпты.

Эйнштейн осындай тағдыры да, еңбектері де күрделі, жұмбаққа толы тұлға болып тарихта қалды. Оның ғылымдағы табысы бүгінгі күнделікті тұрмыста қолданылатын техникалардан бастап, ғарыш саласына дейінгі технологияда қолданылып жүр. Оның ерекшелігі, ғылымның шексіз дамуының пайдасымен қатар, зияны болатынын дәлелдеп кетуінде де шығар. Кез келген дүние орнымен қолдансаң бақ та, орынсыз қолдансаң – сор.

Сол секілді ғылымның өзі жасанды жолмен жоқтан бар жасау екенін біле тұра, өзі ғылымға қызмет еткен ғалымның үзілер алдында емханада жатқанда өзіне ота жасатуға көнбегені де ойландырады. Дәрігерлер ота жасап, ғалымның өмірін сақтап қалуға болатынын айтқан. Бірақ сонда Эйнштейн «жасанды жолмен ұзартылған өмірде не мән бар дейсің» деп, келісім бермепті.

Ғылымның күшімен ұзартылған өмірден мән таппаған ғалым өзінің бүкіл өмірін арнаған тұтас ғылым мән тапты ма екен?..

 

Соңғы жазбалар

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті

0
АСТАНА. KazUnite - Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі...

Нью-Йорк штаты Ассамблеясының марапатына ие болған алғашқы қазақ кім?

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Таймс-сквер орталығында өткен Нью-Йорктегі сән апталығы аясында Нью-Йорк штатының Ассамблеясы Анелия Әлімованы салтанатты түрде марапаттады. Анелия – мұндай марапатқа ие болған...

Әлемнің ТОП-10 үздік университеті белгілі болды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite — Еуропа және Америка университеттері 2024 жылғы әлем университеттерінің академиялық рейтингінде (ARWU) көш бастап тұр. Гарвард университеті тағы да бірінші орында, деп...

Қазақстанның қазіргі шекарасында Абылайдың да, Әбілхайырдың да, Жәңгірдің де үлесі бар – картограф

0
KazUnite - Қазақтың ресми шекарасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты дейтін түсінік дұрыс емес. Белгілі картограф, «Қазақ хандығы» тарихи картасының авторы, АҚШ-тағы Гарвард университетінің...