Өмір салтыЖаҺан жұртын қызықтырған ел (фото)

ЖаҺан жұртын қызықтырған ел (фото)

 

БОДРУМ. KazUnite – Жаз маусымы басталысымен демалыс орындары мен туристік агенттіктерде қарбалас сәт басталады. Әрбір отбасы үшін де осы кезде «демалысты қайда өткіземіз?» деген сауал бірінші орынға шығып, демалыс орнын таңдау, жолдама сатып алу сияқты шаруалар ойландырады.

Қазақстандықтар қайда демалуды құп көреді?

Отбасылық демалысын алдын ала жоспарлағандарға азын-аулақ жұмсайтын қаражаттарын ыңғайлап, сөмкелерін асынып, жолға шығу ғана қалса, аяқ астынан демалысқа аттанатындарға шетелде демалған дұрыс па, әлде елде тыныққан тиімді ме деп таңдау жасау, демалыс орнын іздеу «машақаты» кезігеді. Машақат дейтін себебіміз туристік агенттік қызметкерлерінің айтуынша, биыл демалушылар қатары былтырғыға қарағанда 2-3 есеге артып отыр. Сондықтан тиімді бағадағы жолдамалар жылдам сатылып кетіп жатыр. Ал жолдама бағасы биыл теңгенің құнына қарай құбылып тұр.

«Турлавка» туристік агенттігінің директоры Антон Иванкин «жолдама құны былтырғымен салыстырғанда 20-25 пайызға қымбат» дейді.

«Қазақстандықтар көбінесе Мысыр (Египет), БАЭ, Түркияда демалғысы келеді. Сұраныс бар. Жұмысымыз қазір қызып тұр. Бұл жақтарда демалудың орташа бағасы – бір адамға 300-350 мың теңгеден басталады», – дейді турагенттік басшысы.

Анталияға неге ынтықпыз?

«Қазіргі уақытта Анталия жағалауына билет құны күн сайын өзгеріп жатыр.  Мәселен, бір ересек адам жолдаманы 1 апталық демалыс үшін 300-350 мың теңге төңірегінде сатып ала алады. Бұл бюджеттік нұсқа, яғни жағажайдың бірінші жағалау сызығынан алыс орналасқан 3-4 жұлдызды қонақ үйлер бағасы.

Ал Эгей теңізі жағалауындағы демалыс турларының құны әдетте логистикалық шығындарына байланысты жоғары. Өйткені Бодрумға ұшу Анталияға қарағанда қымбатырақ.

 

Нақты құнын айтсақ, Эгей жағалауында демалу үшін туристер Анталиядағыдай бюджеттік нұсқаны таңдап, тур сатып алатын болса, адам басына 100-120 еуро артығырақ төлеуі керек. Әрине, демалушыларға  мүмкіндігінше тиімді, қаражатын үнемдеуге болатын нұсқаларды ұсынуға тырысамыз. Ұшақ билетін сәл арзанырақ алуға болатын күндер болады. Біз бірінші кезекте туристерге осындай ұсыныстарды қарастыруға және ұсынуға тырысамыз», – дейді Антон Иванкин.

Саяхатқа қай кезде қамданған дұрыс?

Турагенттік қызметкерлерінің айтуынша, қазір сұраныс өте жоғары болғандықтан, жақын күндерге турлар тез сатылып кетіп жатыр. Сондай-ақ сұраныстың көптігінен туристердің таңдаған күндеріне ұшақта орын жоқ немесе қонақ үйде демалушыға ұнаған орындар бос емес. Сол себепті демалысты алдын ала жоспарламаған отбасылар үшін биыл осындай қиындықтар туындап отыр.

«Осы орайда шетелде демалуды жоспарлап жүрген қазақстандықтарға мүмкіндігінше турларды ерте брондау арқылы сатып алуға кеңес береміз», -дейді турагенттік қызметкерлері.

Оқырмандарға демалыс орынын таңдау, тиімді бағамен туристік жолдама сатып алу бойынша кеңесін ұсынған Антон Иванкин былай дейді:

«Біріншіден, қаңтар-сәуір аралығында қонақ үйлер бағасы 40-50% арзан болады. Одан кейін әр жаңа айдың әрбір бірінші күні жеңілдіктер 10%-ға азаяды, ал жазғы маусымға қарай жеңілдік мүлде болмайды. Ерте брондау арқылы қолжетімді бағамен сапалы қонақ үйге тур таңдауға және сатып алуға мүмкіндік аласыздар. Көбіне туристердің ең танымал қонақ үйлерде жаз маусымында жайлы орындар таба алмай қалып жататындары да сол жақсы орындар ерте брондау сатысында сатылып кетеді. Туристік жолдаманы ерте сатып алу арқылы жазғы маусымда қат болатын әрі бағасы шарықтап кететін авиабилеттерді арзан бағаға оп-оңай брондап қоясыздар».

Сонымен қатар турагенттік басшысы әрбір жолаушы тур сатып аларда жолдама ұсынып отырған агенттікпен келісімшарт жасасып, қажет болған жағдайда компанияның тіркеу құжаттарын көріп, заңдылығына көз жеткізіп алуды қаперде ұстауды ескертеді.

Қоңыржай Бодрум

Маусым айының алғашқы онкүндігінде Түркияның Бодрум демалыс аймағында орналасқан Эгей теңізі жағалауына отбасыма тур сатып алмақ болдым. Ғаламтор желісін ақтарып алдымен ақпарат іздедім. «Маусым айының басында Эгей теңізі салқындау» деген пікірлерді көзім шалды. Дереу ауа райы болжамына қарасам 34-35 градус ыстық, ал судың жылылығы 23-25 градусты көрсетіп тұр. Көп ойланбастан жағалауға жақын орналасқан,  all-inclusive концепциясы бойынша демалыс ұсынатын бесжұлдызды қонақ үйден турагенттік арқылы жолдама сатып алдым.

Бару-қайту әуе билеті, медициналық сақтандыру шарты және қонақ үй құны, тамағы, демалыс бағдарламалары мен әуежайдан межелі орынға жеткізу қызметі бәрін қосқанда жолдама бағасы 4 адамға 1 миллион 50 мың теңге болып шықты.

Турагенттік мамандарынан біз таңдаған уақытқа Анталия бағытына жолдама құнын сұрап көрсем, 300-400 мың теңгеге қымбатырақ. Мұның себебі ғаламтордағы Бодрум аймағы маусымның басында салқындау болады деген мәліметтерде жатқан сияқты. Басқа себебін таба алмадым.

Бодрум – климаты жанға жайлы, тауы да, бауы да, суы да, нуы да көрген жанды тамсандырар таңғажайып жер. Түркияның бұл өлкесіне келіп демалушылардың дені кәрі құрлықтан келетіндер. ТМД елдерінен келген туристер саусақпен санарлық. Қызмет көрсетушілер негізінен  ағылшын, түрік тілдерінде сөйлейді. Орыс тілінде сөйлейтіндер де кездесіп қалады.

Біз маңдай тіреген қонақ үй Бодрумнан 2 сағаттық жердегі Мармарис қаласындағы курортты қалашықта орналасқан, сырт көрінісі жарнамалық суретінен көргенімізден де әдемі, 4 бассейні, 1 аква паркі, 4 ғимараты бар тау баурайындағы территориясы кең қонақ үй боп шықты. Жағажай іргесінде тиіп тұр.

Толқыны тулаған Эгей теңізі

Эгей теңізінің жағалауы қиыршық тасты және өте желді. Теңіз аспанмен астаса көкпеңбек, тұп-тұнық боп алыстан көзді арбайды. Тынық күндері моп-мамақан күйде терең тыныстап, саған тесіле қарағандай, сырбаз, сырлы, жұмбақ қалыпта толықсып жатса, желді күндері асау толқындарымен жағалауға асыға ентелей келіп, өрекпи көкке шапшиды. Сонда да сұлу. Көз талғанша қарайсың. Теңіз бүгін толқынды екен деп суға түспей отырған бір адамды көрмейсің. Толқынды құшақтай құлаштай жүзген демалушылар… Жанның бір тыныстар кезеңі жаздың бір осы сәті болса керек…

 

Базарлық іздесеңіз…

Туристердің бірқатары жағажайда, бірқатары бассейндерде суға түсіп, күнге қыздырынады.

Күн еңкейген кезде көпшілік қала көшелерін аралап, сауда орындарына бас сұғады. Сауда қатарларында тек түрік өнімдері. Ішінара «Италияда жасалған» деген киімдерді кездестіріп қаласың. Біз өз еліміздегідей «қытайлық тауарлар бар ма екен?» деп қарап көріп, көзге түспеген соң сұрастырып едік, мүлдем жоқ деген жауап алдық. Қай-қайсысы да өз өнімдерін ұлықтап, «Түріктің тауарлары» деп мақтанышпен ұсынып жатты. Іштей қызығып, бір жағы елін мақтан тұтқан ұлттық рухтарына тәнті болдық. Таңдап алам деген жандар үшін тауарлар өте көп, яғни таңдауға мүмкіндік бар.  Бағалары Алматымен шамалас. Бодрумға демалыс таңдағандар шопинг жасамас бұрын ойланып, әбден зерттеп алғандары жөн дер едім. Ал естелікке, сыйлыққа деп алатын ұсақ-түйек заттардан көз тұнады. Шертіп, шетінен таңдай алуға болады. Қалтаңыздағы жұмсайтын қаражатыңыз түрік лирасы немесе АҚШ доллары болғаны дұрыс. Банк картасымен төлем жасауға да болады. Бұл жерде бір ескеретін  жайт, картамен төлем жасағанда комиссия бар.

Далян өлкесіне бір күндік сапар немесе

Эгей теңізінен Жерорта теңізіне қалай жеттік?

Біз демалыс барысында бір күнімізді турагенттік ұсынған Далян өзеніне экскурсияға арнауды жөн көрдік. Автобуспен тақтайдай түзу, замануи жолдарымен тоқтамай жүріп отырып, Далян өзеніне дейін жетіп, әрі қарай қайықпен өзенді бойлай жүзіп, жағалауындағы антикалық дәуірге жататын археологиялық ескерткіштерді тамашаладық. Далян өзенінің бойында шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 400 жылы тау-тастарын тесіп жасалған Ликия қабірлері бар. Көне заманнан жеткен қабірлер бір тасы да кертілмей, алыстан анық көрініп тұр.

Өзенді жағалай қоныс тепкен мейрамханалар, туристер тасып, әрі-бері жөңкілген қайықтар бәрі-бәрі көңілді көтереді.

Одан әрі Далян өзенінің Жерорта теңізіне құяр сағасындағы әйгілі Изтузу жағажайына бардық. 25 шақырымға созылатын жағажай, бұл Далян өзені мен Жерорта теңізі арасындағы табиғи шекараны құрайтын тар шельф. Жағажайдың «Изтузу» деген атауын қазақшаласақ, «Тұз  ізі» дегенді білдіреді. Бұл жерде ертеде тұз өндірісі болған. Жерорта теңізіндегі ерекше қорғауға алынған Caretta caretta тасбақасы тіршілік ететін орындардың бірі – осы жағажай. Экускурия барысында Эгей теңізіне қарағанда жағалауы жұмсақ құмды, суы жылырақ Жерорта теңізіне де суға түсіп, жолбастаушымыздың өңір туралы әсерлі әңгімелерін тыңдадық.

Далянды әлемге танытқан теңіз тасбақалары

Қазір Түркияның Мугла провинциясына қарасты Далян  қаласы әлемге танымал қалаға айналып келеді. Жері құнарлы болғандықтан, ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Бұрын мақта көптеп егілсе, қазір олардың орнын анар алқаптары басқан. Өңірде балық шаруашылығы да жақсы қолға алынған. Бір кезде балықшылар ауылы болған, қазірде 5 мыңға жуық халқы бар Далян шаһарына туристердің ағылып келуінің сыры неде?

Жаһан жұртшылығын қызықтыратын – әлгінде айтып кеткен, тасбақаның жойылып бара жатқан түрі Caretta caretta тасбақалары. Әлемде 8 түрлі теңіз тасбақасы өмір сүретін болса, олардың екі түрі Түркияның Жерорта теңізі жағасында болады.

Бұлар – Caretta Caretta ірі басты теңіз тасбақасы және жасыл теңіз тасбақасы.

Осы екі түрлі теңіз тасбақалары жалпы мамыр-тамыз айлары арасында көптеген жағажайда ұя салады. Осы ұяларға түнде жұмыртқаларын тастап кетеді. Судан тек жұмыртқалайтын кезде ғана шығады.

Халықаралық жануарларды қорғау ұйымдары бұл тасбақаларды ерекше қорғауға алған. Туристер тас қабығының ұзындығы жасына қарай 1,5-2 метрдей болатын, бастары айрықша үлкен тасбақаларды көруге құштар. Біз мінген қайыққа да тасбақалар жақын жүзіп келіп, бір-бірін қуалай балаша ойнап жүрді.

Қайықпен серуендеп жүріп, теңіз шаяндарын ауладық. Тауық еті ілінген қармақ ілмегіне оп-оңай іліккен теңіз шаяндары өткір аяқтарымен қармақ бауын қиып тастауға ұмтылып жатты. Ірілі-ұсақты 4-5 теңіз шаянын ұстап, суретке түсіп, қайтадан суға жібере салдық. Теңіз шаяндары да – айрықша қорғауға алынған жануарлардың бірі.

Бұл Далян өзеніндегі бір күндік сапар бағасы бару-қайту жолақысы, түскі асын қосқанда 4 адамға 60 мың теңге шамасында шықты. Туристік агенттік өкілдері бұдан да басқа Яхтамен серуендеу, Памуккале қаласына сапар деген секілді бірнеше турларды қоса ұсынды. Біз Далян өңіріне саяхатты қанағат тұттық.

Ұлтын ұлықтаған өндіріс иелері

Мармаристегі қонақ үйімізге жеткенше жолда балшық ванналары және күкіртті сутек көздері бар ашық курортқа аялдадық. Мұнда ревматизм мен тері ауруларына пайдалы деп саналатын емдік қасиеттері бар балшық ванналарына түсіп, жылы термалды сумен толтырылған бассейнде жүздік.

 

Әрі қарай жолда анар, апельсин алқаптарында болып, анардан шарап өндіріп отырған қожалық иелерімен кездестік. Шараптың жасалу әдісі туралы әңгімелеген шарап өндірушілер мұнда да «Түрік шарабы – әлемдегі ең шәрбат шарап» деп бағасын асыра мақтай, отандық өнімдерінен дәм татырып, ерекше дәріптеді. Анадолы жұрты – жердің төсін еміп, тынбай еңбек ететін, оған қоса сату өнерін меңгерген, ұлтын, елін, жерін сүйетін даңқты ұлт.

Біздің Қазақстаннан келгенімізді естіген сәтте  «Атажұрттан келген туысымыз» деп ыстық ілтипат білдіріп жататындары да сондай жарасымды һәм жүрек елжіретерліктей әсерлі…

Көзімізге оттай басылған ою

Эгей теңізі жағасындағы тоғыз күндік демалысымыз қалай өткенін білмей қалдық. Әдемі әсерден айыға алмай дабырлай әуежайға жеттік. Кенет кішкентай қызым қалт тұра қалып, «Қазақстанның оюын көріп тұрмын! Мен Қазақстанды, үйімді сағындым…» дейді кемсеңдей…

Расында «Эйр Астана» ұшағының оюлы қанаты көрініп тұр екен. Жүрегіміз лүпілдеп кетті.  Құдіретіңнен айналайын, туған ел..!

Сапар соңы

Байқап отырғандарыңыздай, біз жазғы демалысты алдын ала жоспарламай, жолдаманы маусым кезінде сатып алдық. Егер біз қаңтар-ақпан айларында брондап қойғанымызда шығынымыз 1,5-2 еседей төмен болатын еді. Биылғы демалыс шығындарын есептей  келе, алдағы уақытта ерте брондау қызметін пайдаланамыз деп шештік. Айтпақшы бізден бір тәжірибе деймін бе, әлде шағын пайдалы кеңес десек пе екен?! Біз бұл сапарымызға қаражатты жыл бойы депозитке салып, жинақтадық.

 

Соңғы жазбалар

ОРЫС ӘСКЕРІ НЕГЕ ӘЛСІЗ?

0
KazUnite / Нұржан Байтас - Ресейде мобилизация басталғалы ірі қалаларындағы жөнін тапқан ер азаматтары елінен кетіп жатыр. Ресейден ебін тауып кетіп қалуға бет алған...

Қазақтарға ғана құшағын ашқан америкалық бала

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Лас-Вегас әуежайында Димаш Құдайбергенмен кездескен америкалық жанкүйерлердің арасындағы қазақ әншісінің мейіріміне бөленген Габриел есімді ұл баланы қазақтармен нендей тылсым байланыстыруы мүмкін? Бұған...

Лас-Вегастағы кездесу: 9 жасында Димаштың әндерін тыңдап, тілі шыққан Габриел

0
ЛАС-ВЕГАС. KazUnite - Төрткүл дүние көз тіккен кәсіпқой боксшылар Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің теңдесіз трилогиясында Қазақстанның Әнұранын шырқауға арнайы барған қазақ әншісі Димаш...

Ашық аспан астында: Қызылорданың мерейтойы этно бағытта өтті

0
ҚЫЗЫЛОРДА. KazUnite - Ұлыстың бекемдігі үшін қазақ баласын жастайынан мергендікке баулыған. Жебесі үш жүз құлаштан асып нысанаға тиген батырлар жайлы тарихымызда талай дерек бар. Тіпті...

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Нью-Йоркке келді

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. Мемлекет...