Өмір салтыБүкірліктен қалай құтылуға болады?

Бүкірліктен қалай құтылуға болады?

 

АСТАНА. KazUnite – Бүкірліктен құтылуға бола ма? Ол үшін не істеу керек? Бұл сұрақтарға денсаулыққа пайдалы арнайы ортопедиялық білікшелер (валик) әзірлеп, қосымша табыс тауып жүрген жас кәсіпкер әрі ҚР Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасының дәрігер-офтальмологы Айгерім Дербісалиева жауап берді.

«Қазір Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық oрталығы ауруханасында дәрігер-офтальмолог болып қызмет атқарамын. Сонымен қатар өзіме ұнайтын кәсіп ретінде, денсаулыққа пайдалы арнайы ортопедиялық валиктерді қолдан әзірлеп, сатамын. Оны «чудовалик» деп те атайды. Бұл жеке кәсібім. Кәсіпті іске асыруда маған жұбайым үнемі қолдау көрсетеді. Отбасымызда үш қыз тәрбиелеп отырмыз», – дейді Айгерім Дербісалиева.

Ол 2009 жылы Алматы қаласындағы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Емдеу ісі факультетін бітірді. Кейін Астана медицина университетінде оториноларинголог мамандығы бойынша оқып, резидентура тәмамдаған.

Айгерім 2016 жылдан бері омыртқаны түзеуге арналған ортопедиялық валиктер әзірлеумен айналысады. Оны жасау үшін табанды еңбекті қажет екенін айтады.

«Oмыpтқa – бүкiл aғзaны ұcтaп тұpaтын өтe мaңызды тipек. Жалпы ересек адамдарда бүкірлік (кифоз) жиі кездеседі. Бүкірлік – омыртқа бағанасының (әдетте кеуде бөлігінің) дөңестеніп қисаюы. Бүгінде жас балалардың өзінде мектеп сөмкесінің ауыр болуынан иықтың бүкір екенін байқауға болады. Мамандар мұны көп жағдайда түзеу мүмкін емес деп санайды. Алайда жапондық дәрігер әрі шығыс медицинасының маманы Тошики Фукуцудзи бүкірліктен құтылуға және кез келген жастағы адамға дұрыс дене мүсінін қалыптастыруға көмектесетін жаттығуларды ойлап тапқан. Фукуцудзи әдісі «Сауығудың жапондық жүйесі» кітабында сипатталған, – дейді Айгерім Тұңғышбайқызы.

Ортопедиялық валик арқылы көптеген жаттығу жасауға болады. Сондай-ақ ол балалардың церебралды салдауында, аутизм, омыртқа жарығы (грыжа) басқа да ақауларға көмектеседі. Мысалы, тепе-теңдікті сақтауға, отырып-тұруға, созылу жаттығулары, спастиканы азайтуға, қан айналымын жақсарту мен арқа аяқ-қол бұлшық еттерін нығайтуға жақсы әсерін тигізеді.

«Жапондық дәрігердің әдісі бойынша ортопедиялық валик дайындауды бала күтімімен үйде отырған кезде қолға алдым. Өйткені декреттік демалыстың алғашқы кезінде арқа омыртқам ауыра бастады. Сондықтан ортопедиялық валик іздей бастадым. Медицина саласында қызмет еткендіктен, мен арнайы жаттығулардың бар екенін білдім. Бірақ елімізде сол уақытта ондай валиктер сатылымда болмады», – дейді жас кәсіпкер.

Сондықтан оларды Айгерім үй жағдайында өзі жасап, қолданып көреді. Пайдасы мол екенін байқаған ол валикті суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, сатылымға шығарады. Нәтижесінде оларға сұраныс бар екенін байқап, кәсіпті әрі қарай жалғастырады.

Оның айтуынша, алғашқы жарты жылда тапсырыс өте аз болған.

«Елімізде мұндай заттарды ешкім жасамады. Сондықтан сол уақытта нарықта бәсекелестер өте аз болды», – дейді Айгерім.

Бұл затты дайындау үшін тігін машинасы мен сапалы маталар қажет. Ал ортопедялық валиктің ішін толтыратын зат – таза ағаш үгіндісі.

«Оны дайындауға керекті құрал – оқтау. Бұл екеуін де арнайы ағаш өңдеу цехынан тапсырыспен алдырамын. Әсіресе, ағаш үгіндісінің таза өңделген әрі құрғақ болуы өте маңызды. Себебі бұл – өнімді әзірлеу барысындағы маңызды кезең. Сол кезде  өнім сапалы  шығады», – дейді Айгерім Тұңғышбайқызы.

Жас кәсіпкер мұның қандай пайдасы бар екенін айтты.

«Кез келген жастағы адамға арналған бұл ортопедиялық валиктің пайдасы көп. Күнделікті бес минуттық жаттығудың арқасында іш тартылып, өз қалпына келеді. Омыртқа түзеледі. Кейін адамның бойы белгілі бір сантиметрге ұзарады. Сонымен қатар үздіксіз пайдаланудың арқасында тыныс алу жеңілдейді, ағзада қан айналым дұрысталады және ұйқы жақсарады», – дейді жас кәсіпкер.

«Ортопедиялық валикті жасаумен айналысудағы мақсатым – айналамдағы адамдарға пайдамды тигізу. Ілгеріде айтқанымдай, алғашқы кезде әуелі өзім пайдаландым. Оның денсаулыққа пайдалы екенін байқаған соң кәсіпке айналдырдым», – дейді ол.

Маманның сөзінше, валикке 5 минуттан көп жаттығуға болмайды.

«Ортопедиялық валиктер 100% табиғи өнімнен және қолдан жасалған. Пішінін өзгертпейді. Оны үйіңіздің немесе кеңсеңіздің бүкіл интерьеріне сай етіп жасауға болады», – дейді Айгерім.

Кәсіпкер өнімді нарыққа қалай шығаратыны жайында айтып өтті.

«Алғашқы кезде бұл өнімді Instagram әлеуметтік желісі арқылы сата бастадым. Бірте-бірте экошоптар, Грин колор сияқты органикалық өнімдер сататын сауда дүкендерінде сөрелерге қойып, сатылымға шығардым. Кейде арнайы массаж жасайтын кабинеттері бар мамандар да клиенттері үшін тапсырыс береді. Ол сауда дүкендерімен тығыз  қарым-қатынаста жұмыс істейтінін айтты. Соңғы екі жыл ішінде тауарларды «Kaspi» дүкені арқылы сатып жүрмін, – дейді дәрігер-кәсіпкер.

Оның айтуынша, еңбектенген адам әрқашан  алға қойған мақсатына жетеді.

«Еш әрекет етпей, мемлекетке қарап, «маған мемлекет не береді» деп отырудың орнына, әр адам «Мен елім үшін не істей аламын?» деген сұрақты көбірек қойып, әрекет етуі керек. Жастарға айтарым, биік мақсат қойыңыздар. Сол кезде үлкен жетістікке жетесіздер», – дейді Айгерім.

Айта кетсек, ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу тұрғысында
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасын қолға алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын.

Сабина Кәкімжан 

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...