НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Нью-Йоркте такси қызметімен айналысу үшін қайда тіркелу керек, қандай курс оқу керек? Басқа қандай талап бар? KazUnite тілшісі осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Нью-Йорк қаласында қазіргі таңда 185 мыңнан аса адам такси және лимузин жүргізу куәлігіне ие. Алайда такси қызметін атқаруға рұқсат етілген, яғни лицензия алған көліктер саны 125 мың ғана. Нью-Йоркте кез келген көлік жүргізуші такси бола алмайды. Сол сияқты такси қызметіне келген көлікті пайдалануға рұқсат етілмеген. Мұнда жалпы такси қызметі 1971 жылдан бастап Taxi Limousine commission деп аталатын жергілікті компания арқылы қала әкімшілігінің бақылауымен жүзеге асырылады. Барлық жүргізушілер осы компаниядан арнайы курс оқып, рұқсат алып, тиісті талаптарын орындаған соң ғана такси болып жұмыс істей алады. Сонымен қатар таксиге арналған көліктер де осы орталықта арнайы тексеруден өткен соң ғана тіркеледі.
Қазіргі уақытта жаңа көліктерге нөмірлер беріліп жатқан жоқ. Нью-Йорк қаласында көліктерге нөмір беруге қатаң шектеулер қойылған. Осы кезде тек мүмкіндігі шектеулі, арбамен жүретін жандарды таситын көліктерге ғана нөмір беріледі. Одар адамды арбасымен қоса сала алатындай арнайы жабдықталып, инспекциядан өтуге тиіс. Сол себепті көптеген көлік жүргізушілері такси қызметіне арналған нөмірлерді жалға алып жұмыс істейді. Нөмірдерді жалға алу бағасы аптасына 150-250 доллар мөлшеріне тең. Ал көліктерді жалға алу құны көліктің түріне, сапасына, жағдайына қарай 300-1200 доллар аралығында болады.
Нью-Йоркте таксимен жүру көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді. 2016 жылы қалада такси индустриясында бір күнде 766 мың рет такси шақырылған болса, 2018 жылы бұл сан 1 миллионнан асқан. Яғни бір күннің өзінде қаладағы такси қызметіне миллионнан аса тапсырыс түскен. TLC компаниясының мәліметінше, 2018 жылы такси ең көп шақырылған күн – 14 сәуір. Бұл күні Нью-Йорк таксишілері 1 230 000 рет жолаушы тасыпты.
Нью-Йоркте үш түрлі такси қызметі бар. Олар: жасыл такси, сары такси, қара такси. Қарапайым халық арасында жасыл такси, сары такси қолжетімді. Әр таксишіге және такси болуға арналған көлікке Такси және Лимузин Комиссариаты лицензиясы беріледі. Талаптары қатаң.
Сары түсті такси қызметі көбінесе Манхэттен аумағында жүреді. Бұл сары таксилерді адамдар кез келген жерден қол көтеріп тоқтата алады. Сары таксилер өте қатты жүреді, негізінен көшеде қол көтерген адамдарды алуға асығады. Бұл такси түрі қаланың барлық жерінде қол көтерген адамдарды ала алады.
Ал жасыл такси қызметі қаланың кейбір аймағында ғана көшеде қол көтеріп тұрған адамдарды ала алады. Негізінен бұл такси түрі шақырту арқылы ғана жолаушы тасымалдайды. Жасыл таксилер Манхэттен орталығында қол көтеріп тұрған адамдарды ала алмайды.
Үшінші топтағы таксилер – әдеттегі, бірақ арнайы TLC нөмірі бар көліктер. Олар көшеде қол көтеріп тұрған жолаушыларға тоқтай алмайды. Көшеде тоқтап жолаушы алудың айыппұлы жоғары. Үш рет бұл тәртіпті бұзғандар такси жүргізу лицензиясынан айырылады. Бұл таксилер тек қана арнайы құрылғылар арқылы онлайн тапсырыс қабылдап, жұмыс істей алады.
Құрылғы арқылы такси қызметін жүргізуге арналған 4 компания жұмыс істейді. Ал таксидің жол ережесі, заңы Жол полиция Департаменті мен осы Комиссариат арқылы реттеледі. Қажет кезінде екі жақтың да айыппұл салуға құзыреті бар.
Нью-Йоркте осы арнайы қосымшалар арқылы жұмыс жүргізетін такси қызметтерінің қатарында Uber, Lift, Get, Gea, Curb, Myle бар. Бұл такси қызметі арнайы құрылғы арқылы жүргізіледі. Мұнда таксиші болып жұмыс істеу үшін такси қызметінің лицензиясын және такси нөмірін алғаннан кейін, осы құрылғыға тіркеледі. Бұл такси түрлері көшеде қол көтеріп тұрған адамдарды ала алмайды. Тек шақырту арқылы ғана жолаушы тасымалдайды.
Такси Лимузин комейшин компаниясы өздеріне тиесілі барлық такси қызметтерін қатаң бақылайды. Такси қызметіне байланысты заңдары уақыт пен жағдайға, қажеттілікке байланысты өзгеріп отырады. Қарамағындағы такси жүргізушілеріне қатаң талаптар қояды. Мысалы, такси жүргізушісіне қызметін атқару кезінде телефонмен сөйлесуге шектеу бар; көлікті қатты жүргізіп, жолаушыны қорқытуға немесе себепсіз өте баяу жүргізуге де болмайды. Сонымен қатар такси жүргізушісі көліктегі жолаушыға тесіле қарауына болмайды; ешқашан өзге ұлттарды алаламай, қызмет көрсетуі керек. Егер көшеде қол көтеріп тұрған қара нәсілді адамды көре тұра тоқтамай кетсе, онда олар шағымдана алады. Осындай шағымдар 2-3 рет түскен жағдайда олар такси жүргізу құқығынан айырылады.
Сол сияқты Нью-Йорк қаласының әр ауданында әртүрлі адамдар тұрады. Мысалы, Манхэттен ауданына негізінен ауқаттылар қоныстанған. Брайтон-Бич жақта көбінесе орыстар немесе КСРО аумағынан келгендер мекендейді. Енді бір ауданда арабтар, кейбір аудандарда қытайлар тұрады. Бронкс деген аймақта қара нәсілді адамдар тұрады. Жергілікті тұрғындар арасында қылмыстың көбірек тіркелуіне байланысты Ейст Нью-Йорк «қауіпті аймақ» деген түсінік қалыптасқан.
Егер де такси жүргізушісі аталған аудандарға барудан бас тартса, бұл да дискриминация болып саналады. Осындай жағдай такси жүргізушісінде 3 рет қайталанса, такси жүргізу құқығынан айырылады.
Нью-Йорк қаласында такси жүргізу қызметі қиын және қатаң заңдар мен талаптар арқылы реттелгендіктен, кез келген адам такси жүргізушісі бола алмайды.
Авторы: Ақерке Башир,
Нью-Йорк қаласы