Өмір салтыӘйелге қырық жан не үшін керек?

Әйелге қырық жан не үшін керек?

 

«Әйелдің қырық жаны бар» деп жатады дана халқымыз. Ата-бабамыз мұра етіп қалдырған аталы сөздің ешбірі текке айтылмаған. Мына сөз де соның дәлелі. Әйелге қырық жан не үшін керек? Қырық жаны болса неге сонша нәзік?

Әйел адамға әйел болып күн кешудің өзі бір жағынан – бақыт, бір жағынан – салмақты іс. Өйткені қырық жанның да өз сұрауы бар. Қырық жанның да өз салмағы бар. Әйелдің болмысына сай тұрмыстың қандай жағдайына болса да төзу үшін күш керек. Олардың физикалық жағдайы әлсіз болғанымен, ішкі жан-дүниесі мен жүйкесі мықты. Әйелдің ғұмырын бойына сіңіріп, әйел атына сай болу үшін де оларға қырық жан керек.

Төменде редакциямызға KazUnite оқырманы жолдаған бір нәзік жанды қайсар әйел туралы, өзінің жеңгесі жайлы мақаласын тура сол қалпында назарыңызға ұсынамыз.

Анамдай болған жеңгем жайлы бір үзік сыр

Өмірде кез келген адамның тілін тауып, көңілінен шыға білетін ақ көңіл жандар бар, бірақ сирек. Менің асыл жеңгем Гүлбаршын Қожақанқызы сондай жандардың қатарынан еді. 

Фото Назгүл Мауытханқызының жеке мұрағатынан. Суретте Гүлбаршын Қожақанқызы (1961-1998), алдында отырған қызы

8 жасымда анамнан айырылып, ерте жастан көңілім алай-дүлей болып, елегізіп жүргенімде Гүлбаршын жеңгем әулетіміздің босағасынан аттап, мені анамдай ыстық құшағына басқан еді. Жан баласына қатпайтын сырымды сол кісіге ашатынмын. Аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдаған, ақ көңіл жан еді жеңгем.

Гүлбаршын Қожақанқызы Ақсуат өңірінің Екпін ауылында 1961 жылы дүниеге келген. Қарғыба ауылына келін болып түсіп, ағам Оралғазы екеуі 1984 жылы шаңырақ көтерді. Әкеміз Мауытхан ақсақалдың үлкен келіні әулетіміздің босағасынан аттаған сәттен бастап қайын атасын, жаңа отбасы мүшелерін жылы қабылдап, ағайын-туыстың, үлкен-кішінің көңілін тауып, әп-сәтте менің жақын сырласыма айналды. Жеңгем ауылдың адамдарын да жатсынбай еркін араласып, жайдары мінезімен көршілермен де тез тіл табысып кетті. Үйге келген әр адамға қай уақыт болмасын, бір шәугім шайы дайын тұрып, ақ дастарханынан дәмі әсте үзілмеуші еді. Сиыр сауып, сүт тартып, май шайқап, құрт қайнатып, от жағып, отқа ас дайындау жеңгемнің күнделікті тірлігі-тін. Жеңгем  аудан орталығындағы жұмысы мен үйдің тіршілігін қатар алып, бала тәрбиесіне де мықты болды. Сүт тартып, құрт жайғанда әндетіп, көңілді отыратын. Бар шаруаны шын пейілімен атқарып, айналасына шуақ шашып, нұрын төгіп жүруші еді.

Бір бойына асыл қасиеттерді жинаған жеңгем аузын ашса, жүрегі көрінетін кең пейілді жан еді. Адам баласына жамандық ойламайтын жүрегі мейірімге толы жеңгемді анамдай жақсы көріп кеттім. Жеңгем жұмысында да әріптестерінің ортасында сыйлы болды. Бұл қасиет оған ата-анасынан дарыған екен.

Ағам мен жеңгемнің шаңырағында бір ұл, екі қыз өмірге келді. Ұлдары Ғалымбектің есімін ғалым болсын деп Мауытқан атасы өзі қойып еді. Атасы марқұм 1-сыныпқа да өзі жетектеп апарды.

Жеңгем өмірге сәби әкеліп, ана атанғаннан кейін де балаларының жарқын болашағы үшін екінші мамандықты оқуға бел байлады. Сырттай бөлімге құжаттарын тапсырып, «студент-ана» атанды. Таңдаған мамандығы бойынша сабағына дайындалып, сессия тапсыруға ауылдан қалаға келетін. Түнімен түрлі сызулар сызып, сабаққа дайындалғанда жеңгемнің қасында отыратынмын. Менің жеңгеме көмегім әйтеуір әңгімелесіп, шай ішу болатын. Өзім анамнан ерте қалып, үйдің кенжесі болғаннан кейін бе екен, өте ерке болып өстім. Ешкім бетіме қарсы келіп, сөз айтқан емес. Бір нәрседен қолымды қағып, бетімді қайтарған жан болған жоқ. Асыл жеңгем де еркелігімді ерекше түсініп, анамның жоқтығын білдіртпей, барынша еркелетті.

Кешкі астан кейін жеңгем екеуіміз үйдегілер ұйқыға жатқан кезде өз тірлігімізді ертеңгі күнге қалдырмай, бірге істейтінбіз. Кешке сүт тартып, таңғы шайға дәмді ұсақ бауырсақ пісіріп, жент жасайтынбыз. Жеңгем ұсақ бауырсақ пен жентті дайындаудың нағыз шебері болатын. Үйдің ішін ақтау, сырлау сияқты жұмыстарда жеңгемнің қасында бірге жүретінмін. Бала кезімнен мені үй шаруасына үйретіп, өзінің ақылын айтып, кеңесін беретін. Ашық-жарқын жеңгемнің өмірінде дауыс көтеріп, ренжіген сәттерін мүлде көрмедім. Үнемі жарқылдап, күліп жүретін. Жүрген жерінде күн жарқырап, нұрын төккендей болушы еді, шіркін!

Төркіндеп Екпін ауылына бара қалса, мені қасынан қалдырмай, ертіп апаратын. Жеңгемнен қалып қойсам, ботадай боздап шығатынмын. Оны да байқаған жеңгем көңіліме кірбің түсірмес үшін мені үнемі ертіп жүретін. Жеңгемнің үйіне төркіндеп баруының өзі бір керемет еді. Құдалардың үйі, ауылы мен үшін де ыстық болып кетті. Бізді ерекше ілтипатпен қарсы алатын. Дастарханнан төрді ұсынып, Қожақан ата мен Бадрикамал апа (құда-құдағи) бар тәттіні менің алдыма қоятын. Жеңгемнің әпке, інілері де маған ерекше мейіріммен қарайтын. Қарап отырсам, сол еркелегім жақсы жандардың ортасында сақталған екен. Жеңгемнің көзіндей болған құдалармен байланыс жібін әлі күнге үзбедік. Бұл өмірде сыйласқанға не жетсін?!

1998 жылдың наурыз айында ауылдан қаланың дәрігерлеріне жай ғана денсаулығын тексертуге келген жеңгемнің аурухана төсегіне таңылып, соңғы демі осы қаланың ауруханасында үзілерін кім білген? Ол ауруханаға жатқанда сауығып шығатынына үмітті едік. Тезірек сауығып, аман-есен отбасына, бала-шағасының қасына оралуын тіледік. Өкінішке қарай олай болмады. Кенеше жабысқан дерт көздері жәудіреген үш құлыншақтың асыл аналарын, менің алтыннан да ардақты жеңгемді мәңгілікке алып кетті. 1998 жылдың 2 мамырында небәрі 37 жасында ізгі жүрек соғуын тоқтатты.

Өмірге деген құлшынысы зор еді. Ортамызда әлі де жарқырап жүруі керек еді. Амал нешік?! Алланың ісіне шара бар ма?! Ғибратты ғұмыр иесі құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, кете барды. Орны тым ойсырап қалды. Мен үшін аса қымбат жан еді. Оның қазасы көңілімді қатты құлазытты. Өзім бұғанам қатпаған 8 жасымда анамнан айырылып, бала жүрегім қан жыласа, анамдай көрген асыл жеңгемнен айырылғанда құдды бір уақыт тоқтап қалғандай есеңгіреп қалдым. Аяулы анам мен асыл жеңгеме деген сағыныш әлі де өзегімді өртейді.

«Орнында бар оңалар» дегендей, Дастан ағасы мен Марияш жеңгесі балаларды мейірімге бөлеп, ерекше қамқорлық танытты. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өмірдің тура жолынан адастырмай өсіріп, жеткізді. Балалар еш таршылық көрмеді. Дастан ағасының өнегелі тәрбиесін көрген балалар еңбекқор болып өсті. Бүгінде аға-жеңгемнің балалары адал кәсіптің нәсібін көріп жүр. Бір-бір шаңырақтың иесі болып, барша ағайын-туыс, дос-жаран арасында сыйлы болып, жұмыстарын абыроймен атқарып жүр. Аға-жеңгемнің алтын асықтай ұлдары, қара шаңырақтың иесі Ғалымбек қазіргі таңда Астанада жеке кәсіппен айналысады. «Келін қайын ененің топырағынан» деп бекерге айтылмаса керек. Ғалымбек пен жары, жеңгемнің өзінен аумайтын келіні Айдана – бүгінде шаңырақтарынан қонақ үзілмей, ақ дастархандары жақсылыққа жайылатын ұлағатты отбасы, 3 бала тәрбиелеп отырған ата-ана. Төрінде әкелерін күтіп отырған Ғалымбек пен Айданамызға Алла разы болсын. Қыздары Гүлім мен Айгерім құтты орындарына қонып, ана атанып, балаларын тәрбиелеп, бір-бір бақытты отбасының ұйтқысы болып отыр. Мамандықтары бойынша қызметтерін істеп жүр. Аллаға шүкір, жеңгемнің соңында қалған көзінің қарашығындай үш баласы анасының аруағына кір келтірмей, алғысқа бөленіп, үлкендердің батасын алып ер жетті. Айналайын бауырларым, көктеп, көгере беріңдер! Жолдарың лайым ашық болсын!

«Мәңгі өмір жоқ, мәнді ғұмыр бар» демекші, қамшының сабындай қысқа ғұмырында айрандай ұйыған отбасының ұйықтықсы болған, әулетке бала келін болып келіп, дана да парасатты ана атанған асыл жеңгемнің жаны жәннатта болып, рухы пейіштің төрінде шалқысын! Бақұл болыңыз, қайран жеңге! Жарқын бейнеңіз жадымызда мәңгі сақталады!

Сағынышпен естелік жазған: Көбешова Назгүл Мауытханқызы,

Семей қаласы

 

Соңғы жазбалар

«Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды»: New York Film Academy құндылығы неде

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының және Ауа райы болжамының жүргізушісі, «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері, New York Film Academy түлегі...

Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының әкімі болып этникалық қазақ тағайындалды

0
БАЯН-ӨЛГИЙ. KazUnite - Моңғолия премьер-министрінің бұйрығымен Баян-Өлгий аймағының әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды. Бұл туралы Kaznews ақпарат агенттігі хабарлады. Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жаңадан сайланған Баян-Өлгий...

TPAМПлин бe, тықыp тaянy мa: Дoнaльд Tpaмптың билiккe кeлyi әлeмгe қaлaй әcep eтeдi

0
HЬЮ-ЙOPК. KazUnite - Қaй кeз бoлcын әлeмнiң нaзapынaн әcтe тыc қaлмaйтын Aмepикa Құpaмa Штaттapы биылғы қapaшa aйы бacтaлғaлы бepi тiптeн жaһaнның бacты жaңaлығынaн түcпeй...

Қазақстанда Мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер болып жатыр

0
АСТАНА. KazUnite - Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде...

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...