Өмір салтыШАЙТАНДЫ ҚУҒАН ХАМИТ

ШАЙТАНДЫ ҚУҒАН ХАМИТ

 

АСТАНА. KazUnite – 2019 жылдың ақпан айында елорданың байырғы тұрғыны Хамит Бегалы есімді молда, аузы дуалы ақсақалмен сұхбат құрғанбыз. Бірақ сол кезде фотограф қасымызда болмағандықтан, ақсақалды суретке түсірудің сәті түспеді. Смартфонның да қуаты таусылыпты. Телефон нөмірін қалдырған Хамит ақсақал тағы да келетінін айтып, редакциядан шығып кетті. Содан бері Хамит ақсақалды еш жерден кезіктірмедік. Телефоны байланыс аясынан тыс жерде болды. Сұрастырып едік, көрген-білген ешкім болмады. Фотосы болмағандықтан, материал бірде-бір басылымға жарияланбады. Енді сол сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз.

Хамит Бегалы:

«4 жасымда жүн түтіп, 9-ымда жер жырттым»

Жасым 82-де. Кереку өңірі Шарбақты ауданы Ұзынтерек ауылында туып-өстім. Балалық шағым сұрапыл соғыс кезінде өткендіктен, сол заманның барлық балалары сияқты еңбекке ерте араластым.

4 жасымда жұмыс істегенім есімде. Майданға шұлық тоқып жіберу үшін аналарымыз қырқылған жүнді жуып, бізге түттіріп қоятын. Сөйтіп, шамның жарығымен түнгі сағат 12-ге дейін жүн түтіп отыратынбыз. 9 жасымда сиыр жегіп, жер жырттым. Өсе келе өгіз жегіп, сырғауыл әкелетінбіз. Менің еншімде Кекірек, Ақжауын атты екі өгіз болды. Сол өгіздер есімнен әлі де кеткен емес. Еңбегіміз бейнетті болса да, соның бәріне шыдадық.

Әкем марқұм мұғалім болып еді. 9 жасымда қайтыс болды. Оның жоқтығы арқама батып, 3 сыныптық қана білім алдым. 15 жасымда жылқы бақтым.

Үш жасымда әжем: «Көгалды баспа. Оның да жаны бар. Обал болады», – деді. Содан бері мен көк шөпті баспадым. Обал жасаудан сақтанамын. Үлкен кісілер: «бүтін нәрсені қиратушы болма. Қиратсаң, сенің өмірің де бүлінеді», – деді. Ауылымыздың қасында Кіші сарыкөл, Үлкен сары көл, Қайранкөл, Қанет деген көлдер болды. Осы көлдерге барғанда пыр-пыр етіп үйректер ұшып жүретін. Бірде солардың жұмыртқасын үйге алып келдім. Онымды байқаған әжем: «ұяны бұзушы болма, ұяны бұзсаң, кейін өзіңнің де ұяң бұзылады. «Сақтансаң сақтайды» демекші, сақтанып жүрсең, Алланың қаһарына ұшырамайсың», – деді. Осының бәрін құлағыма құйып, 7 жасымнан сүрелерді жаттап, әжемнің айтқанын орындап, Құранның шарапатын көріп өстім. Түзу жолдан ешқашан таймадым. Темекі мен арақты татып көрген емеспін. 1990 жылдардан бастап 5 уақыт намаз оқып жүрмін.

«Лақап атым – Ең арзан молла»

3 жыл жылқы баққан соң аттан түсіп, темір тұлпарды тізгіндеп, шопырлық жұмысқа ауыстым. Қазіргі елордамыз, бұрынғы Целиноград қаласына 1961 жылы қоныс аудардым. Көлік тізгіндегенде де аузымнан әсте «Біссімлләні» тастамадым. 12 жыл таксопаркте, 6 жыл өрт сөндіру қызметінде шопыр болып, кейін талай жыл абақтының автобусын жүргізіп, зейнеткерлікке сол мекемеден шықтым. Таксопаркте жүргенімде екі мәрте қалалық мәслихаттың депутаты болдым.

1970 жылы «Еуразия» сауда орталығының маңынан пәтер алдым. Содан бері қаншама әруақты соңғы сапарға шығару рәсімін атқардым. Өзім мешіт молласымын. Намаз оқып, «5-6 дұға» білгеннен соң жаназа рәсіміне шақырады. Неге бармасқа? Ақсақалдардың бірі: «Бәрің кейін шегіне бересіңдер. Кейін мен бақилық болсам, кім менің кебін көйлегімді кигізіп, кім мені ақыретке орайды?» – деді. Оның осы сөздері өтіп кетті де, бұл рәсімді өткеруге кірісе бастадым. Бірде мені Бөгенбай даңғылының бойындағы «Зоводской» деген жерге шақырды. Бардым. «Сіз ең арзан молла деп естідік», – деді. Маған үлкендер жағы «ақша емес, сауап жина», – деп құлағыма құйған-тұғын. Содан ешқашан рәсімді өткергенім үшін өз бағамды айтып көрген емеспін, айтпаймын да. Бірақ осынымнан да болар, 1996-97 жылдары «ең арзан молла» деп атым шыққан.

Жақында бір кісі: «Әкемді жерлегенімізге 17 жыл болды. Басына бір бармадым. Соңғы кездері түсіме жиі кіріп жүр. Сізді ертіп барсам бола ма?» – деді. Бардым. Екі сағат жүріп, зиратты әрең таптық. Кезінде там соққан да, сол күйі бармаған. Қорым өсіп кеткен. Іздеп шаршадық. «Әр адам – әруақтың 40 жыл азығы» дейді. Сондықтан әруақты ұмытпай, олардың рухына Құран бағыштап жүрген жөн.

«Түрме табалдырығын тоздырдым»

Абақтының автобусын тізгіндеп жүргенімде Феодор Васильевич есімді бастықтың орынбасары ұсыныс жасап, жазасын өтеушілерге талай мәрте дәріс оқыдым.

Өз бетімше қазақ әдебиетін көп оқығаным болмаса, ешқандай университетте білім алған жоқпын. Тек бала күннен көргенім мен естігенімді көңілге тоқыдым. Содан 200 сотталушыға естіген-білгенімді айтып, оларды сүрелермен аластадым. Сонда сотталушылардан: «Мұнда сендері не айдап әкелді?» – деп сұрағанымда олардың көбісі: «жастық, мастық», – деп жауап берді. «Егер жаза басып, тәртіп бұзғаным үшін түрмеде тек бір тәулік ұстап, қоя берсе, мен мұның қандай болатынын біліп, өмір бойы бұзықтықтан аулақ болар едім», – деп сан соққандары да болды араларында. Адам баласы үш тәулік отырса, соған еті үйреніп алады. Бір тәуліктің өзі – үлкен тәрбие. Сонда жазасын өтеушілерге: «Түн ол шайтандікі, жыртқыш аңдардікі. Түнде қасқыр ғана жортады. Ал адам баласы демалуы тиіс. Шайтаннан қорқуы керек. Себебі шайтан адамды азапқа салуға, апатқа ұшырауға, жамандық істеуге, ұрлық жасауға итермелейді. Міне, сендер шайтанның азғыруына ұшырап, теміртордың арғы жағында отырсыңдар», – деймін. Содан соң оларды малдасқұрып отырғызып: Фатиха, Ықылас, Нас сүрелерін оқып, әруақтарыңды жібітейін. Алла сендерді жебеп жүрсін. Ащы даусым да шығып кетуі мүмкін. Сендердің бойларыңдағы шайтанмен алысуым керек», – деймін. Сөйтіп жүріп, теміртордағы талай жағдайды көзім көріп, сотталушылардың да аузынан неше түрлі әңгіме естідім.

Бірде Феодор Васильевич маған: «Сіздің дәрістеріңізден кейін түрме бос қалды. Қазір мұнда адам азайды», – деп айтты.

Осындағы он шақты мектепке де барып, алдыма 9-11 сынып оқушыларын жинап, дәріс оқыдым. №57 мектепте өткен дәрісіме екі мыңнан аса бала қатысты. Содан «9-11 сыныпта оқитын ұл балаларды түрмеге апарып, 5-6 сағат, тіпті бір тәулік ұстаса, олар ешқашан тәртіп бұзбас еді» деген ойға келдім. Себебі қоғамға тәртіп пен тәрбие өте қажет.

«Жындыхана мен наркологияға жиі бардым»

Сондай-ақ жындыханаға да барып, емделушілерге дұғасын оқыдым. Дәрігерлердің ұсынысы бойынша наркологиялық диспансерде де талай мәрте болып, ішімдікке тәуелділердің жынын шығардым.

Бірде наркологиядағы орыс ұлтының өкіліне жәрдемдесу керек болды. Содан әлгі орта жастағы жігітке: «Мен дұға оқыған соң «аминь» деп айт. Бұл жерден шыққан соң өз дінің бойынша үш рет шоқын», – дедім. Екі жылдан соң біреу келіп амандасқанда танымадым. Ол маған: «аминь, аминь» деді. Сонда ғана оның наркологиядағы орыс жігіті екені есіме түсті. Өзінің айтысына қарағанда, наркологияға 8 рет түсіпті. Менің дұғамнан кейін арақты да, шылымды да – бәрін қойыпты. Ажырасып кеткен келіншегін де үйіне қайтарып, қазір ел қатарлы өмір сүріп жатқанын айтып, маған ризашылығын білдірді.

Баяғыда 5 жасар асау биенің басына бұғалық салып, танауын бұрап-бұрап жібергенімізде жұп-жуас болып шыға келетін. Тентекті де солай тезге салуға болады. Тағы бірде 25-тердегі жігіт маған: «30-дан асқан ағам бар. Арақ ішеді. Сіз оған ақыл айтып, бойындағы жынын шығарып бересіз бе?» – деді. Барсам, әлгі жігіт: «Мен ешкімді тыңдамаймын. Өз білгеніммен жүремін. Сіз де маған ештеңе істей алмайсыз», – деді. Содан мен оған: «Сенің аяқ-қолыңды байлап, жаның мұрныңның ұшына барғанша сол жақ балтырыңды бұраймыз, бұраймыз. Содан өзің-ақ жөнге келесің. Небір асау жылқыны да үйреткенбіз. Сені де солай жұп-жуас қылып, арақ ішпейтіндей етеміз», – дедім. Ол: «Сіз қашанғы менің қасымда жүресіз. Басқа жаққа кетіп қаламын да, өз дегенімді істеп жүре беремін», – деді. Мен: «Егер сенің басқа жақта арақ ішіп жүргеніңді естісем, соңыңнан полицейлермен іздеп барып, тағы да жөнге саламын. Қашан сен үйленіп, дұрыс өмір сүрмейінше осылай жалғастыра беремін», – дедім. Артынан біраз уақыт өткен соң інісінен сұрасам, әлгі жігіт арағын қойып, түзеліпті. «Мал шөпке, адам сөзге тоқтайды» деп бекерге айтылмаса керек.

Қағазға түсірген Нұрдәулет КӘКІШ

 

Соңғы жазбалар

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті

0
АСТАНА. KazUnite - Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі...

Нью-Йорк штаты Ассамблеясының марапатына ие болған алғашқы қазақ кім?

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Таймс-сквер орталығында өткен Нью-Йорктегі сән апталығы аясында Нью-Йорк штатының Ассамблеясы Анелия Әлімованы салтанатты түрде марапаттады. Анелия – мұндай марапатқа ие болған...

Әлемнің ТОП-10 үздік университеті белгілі болды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite — Еуропа және Америка университеттері 2024 жылғы әлем университеттерінің академиялық рейтингінде (ARWU) көш бастап тұр. Гарвард университеті тағы да бірінші орында, деп...

Қазақстанның қазіргі шекарасында Абылайдың да, Әбілхайырдың да, Жәңгірдің де үлесі бар – картограф

0
KazUnite - Қазақтың ресми шекарасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты дейтін түсінік дұрыс емес. Белгілі картограф, «Қазақ хандығы» тарихи картасының авторы, АҚШ-тағы Гарвард университетінің...