НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Америкаға келу – әлемнің түкпір-түкпіріндегі көп адамның арманы. Алайда АҚШ-қа заңды түрде виза алу кез келген адамға бұйыра бермейтіні де жасырын емес. Дегенмен «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» дегендей, виза ала алмағандар үшін Америкаға жетудің бір жолы – Мексика арқылы кіру. Бірақ мұны оңай жол деуге келмейді. Ол үшін талай елдің шекарасынан өтуге тура келеді. KazUnite редакциясына АҚШ-қа Қазақстаннан Мексика арқылы келген Ержан есімді (кейіпкердің есімі өзгертілді) қазақ азаматы хат жолдады. Оның жолда көрген бейнеті туралы әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.
АҚШ-қа визасыз келудің жолы
Америкаға бару – талайдың арманы ғой. Мен де жақсы өмірге ұмтылу үшін Америкаға барсам, білім алып, жұмыс істесем деп армандап жүрген едім. Ол елге виза алудың қиындығын білгендіктен, визаға тапсырмай, не де болса тәуекел етіп, Мексика арқылы барайыншы деп бекіндім. Тәуекелге бел будым. Әлеуметтік желілерде АҚШ-қа Мексика арқылы барып жатқан талай адамның видеосын көріп, жазғандарын оқығанмын. Әсіресе, 2022 жылдың күзінде Америкаға отбасымен бірге Мексика арқылы барып, сол елден саяси баспана сұрап отырған Таня атты қырғыз қызының YouTube-тағы видеосын көргенде мен «жұрт Америкаға екі-үш баласымен Мексика арқылы барып жатқанда, маған аса қиынға соға қоймас» деп ойладым. Бірақ қателесіппін.
«Алғашқы аялдамам Бразилия болды»
Рас, мен АҚШ-қа Мексика арқылы баратындарға арнайы делдалдық жасайтын, жол көрсетіп беретін туристік агенттіктер барын білген жоқпын. Әр елде сондай агенттіктердің өкілдері немесе құпия түрде жұмыс істейтін адамдар барынан бейхабар едім. Тіпті хабарым болса да, олар орта есеппен бір адамды немесе отбасын Мексика арқылы АҚШ-қа жеткізудің жолын көрсетіп, картасын жасап бергені үшін ғана 10 000 $ алады екен. Одан бөлек жол шығыны тағы бар. Оны менің қалтам көтермес еді.
Сонымен өзім интернеттен әртүрлі ақпаратты қарай отырып, алдымен Бразилияға бір жетейін деп шештім. Сөйтіп, Бразилияның Сан-Паулу қаласына дейін билет алдым. Жолай Дохада ұшаққа ауысып отырдым. Елден Бразилияға жеткенімше жолға 45 сағат кетті. Сапарым басталғанда біздің елде әлі қыс еді. Күн суық, желтоқсан айы болатын.
Бразилияның Сан-Паулу қаласының әуежайынан түскен кезімде ыстық леп бұрқ ете қалды. Шынымды айтсам, жол бойы алдында не күтіп тұрғаны, сапары қайда апарып соғатыны белгісіз жолаушы үшін оның өзі жағымсыз әсер етті. Бразилияда бәрі португал тілінде сөйлейді. Тіл білмегенімнен қатты қиналдым. Бірақ соған қарамастан, арзандау қонақ үйден орын алып, дүкеннен бірдеңе-бірдеңе алып жеп, жүрек жалғап жүріп, енді әрі қарай шығып кетер жол іздедім.
Мексикаға дейінгі маршрут
Шығу оңай болмады. Жол іздеп, бір штаттан бір штатқа баруға тура келді. Солай әр қаласын кезе жүріп, Бразидияда 19 күн өткіздім. Тіл білмеймін, тамағы да бөлек ел, бір ұшақтан екінші ұшаққа отырып, қалай да Рио-де-Жанейроға жетсем екен деп жол іздеумен болдым. Одан әрі Коста-Рикаға, Коста-Рикадан Кандоросқа, одан Владималаға, одан кейін Мексикаға өтуім керек болатын. Өзімше интернет ақтарып, ізденіп ойластырған маршрутым осы болды.
Бұл жерлерді неге таңдады десеңіз, осы тізімдегі елдер негізінен бізді визасыз қабылдай береді екен. Бразилияға, Коста-Рикаға визаның қажеті жоқ. Мұндағы тек Кандорос пен Владималаға ғана тура бара алмайсың. Ол елдер виза түгілі, паспортың болса да, тікелей барсаң кіргізбейді. Мұның бәрін анықтап, қиындық тудырады-ау деген тұстарды түртіп алғанмын.
Бразилиядан Мексикаға жеткінімше тағы он күн өтті. Сонымен жолға шыққаныма бір айдан асты.
Тынық мұхиты. Қайықтағы 11 сағат.
Коста-Рикаға жеткен күннен бастап ұшақ жоқ, көлікпен жүру қажет. Жол-жөнекей әлеуметтік желілерден өзім сияқты ТМД-дан шығып, Америкаға жол тартқан адам іздедім. Ресейден шыққандарды ақыры Коста-Рикада кезіктірдім. Әрі қарай бірге жүрейік, не көрсек те бірге көрейік деп шештік.
Тапачуладан Тынық мұхиты арқылы Сан-Педроға қайықпен 11 сағатта жеттік. Кішкентай қайыққа адамдарды сыйғанынша отырғызды. Біз 25 адамдай отырдық. Жалпы, басқа да қайықтар ағылып жатады екен. Дегенмен қайықтар көбіне түнде жүріп, күндіз сирек жүреді екен. Кейде түнде жел соғады. Сондай кезде Тынық мұхитының толқыны тұла бойыңды толқытады. Қорқынышты әрі қауіпті сәттер де болмады емес, болды. Бірде жанармай бекетіне тоқтап тұрғанбыз. Мен қайықтың бас жағында отырдым. Бір кезде ортаңғы жақта отырған қырғыз әйелінің шыңғырған қатты даусы естілді. Жұбайымен, баласымен кетіп бара жатқан-ды. «Не болды екен?» деп бәріміз сол жаққа қарай елеңдеп, мойын бұрдық. Ол шошығаннан дауыстап айта алмай, бір жақты қолымен нұсқап көрсетті. Қарасақ, бізге қарай қатты жылдамдықпен бір қайық ұшып келеді. Кеме келе жатқандай қатты қорқынышты көрінді. Бойымызды үрей биледі. Абырой болғанда біздің қайықтың бір моторы дүрілдеп тұрған екен, сәл алдыға қарай жылжып үлгерді қайта. Әлгі қайық артқы жағымыздан 50 сантиметрдей ғана қашықтықтан зу етіп өте шықты. Егер зуылдап келе жатқан қайықты әлгі әйел көрмегенде не болатынымызды тіпті елестете де алмаймын. Бізге келіп соғылса, қайығымызды ортасынан бөліп, шашып кетер ме еді? Бәріміз бір шу етіп, тәубемізге түстік.
Сан-Педродан кейінгі сарсаң
Содан Сан-Педро қаласына жеттік. Сол жерде талонға кезекке тұрдық. Жан-жақтан әртүрлі көп ұлт өкілдері жиналды. Африкадан, Гаитидан келгендер де болды. Солар сияқты алыстан келгендерге сәл құрметпен қарайды екен. 8 күн кезекте тұрып, тоғызыншы күні Мехико Ситиге жолға шықтық. Ол жерден әрі қарай Рейносаға бардық. Онда да кезекті біраз күтуге тура келді. Рейноса Техас штатымен шекараласатындықтан, сол жерден Америкаға заңды түрде өтпек болғанбыз. Оған кезек баяу жылжыды. ТМД елдерінен арамызда орыстар көп болды. Біздің арамыздан Америкаға екі күнде 4 адам ғана аттанып жатты. Мүмкін алдымыздан кезексіз өтіп кетіп жатқандар да болды ма екен, кім білсін? 10 күн күттік. Содан 3-4 жігіт ақылдасып, Мехико Ситиге қайтадан қайттық.
«Жол көрсетушімізді тұтқындады»
Айтпақшы Рейносаға барар жолда да біраз қиындыққа тап болғанбыз. Есірткі кантробандасына қарсы сақшыларға ұсталдық. Олар бізді, заттарымызды, құжаттарымызды – бәрін мұқият тексерді. Қазақстанның паспортын көріп, таңқалды. Айтуларынша, біздің елдің паспортын алғаш рет көрген-мыс. Бізге «кері қайтыңдар» деді. Неге десек, біздің рұқсатнама қағазымызбен тек бір штатта ғана жүруге мүмкін екен. «Бұл жерде визасыз жүре алмайсыңдар», – деді. Шыны керек, 50 мың доллар сұрады. Бізде ондай ақша жоқ, «қайдан табамыз?» деп қысылдық. Ақыры қалтамызда барын ұсындық. Олар біздің жол көрсетіп бара жатқан адамымызды алып кетті. Мехико Ситиге алғаш барғанда Америкаға өткізетін кісі іздеген едік. Тапқан кісіміз адам басына 500 доллардан алған. Бірақ ол бізге ешқандай уәде бермеген. Одан бөлек 6-7 мың доллар сұрағандар да болды.
«Елдеріне кері қайтқандар да болды»
Жалпы, жолда тексерген кедендік бақылаушылар тарапынан бізді кері қайтарған сәттер болмады. Бірақ кейбір жолаушыны келген штатына 2-3 рет кері қайтырғанын артынан естідік. Олардың көбісі шыдамай, өз еліне қайтып кетіпті. Жолдың ауыр-жеңіл болуы «нақты осылай» деп тап басып айта алмайсың, әркімге әрқалай. Тек шыдағандар ғана жолын әрі қарай жалғастырады. Еліне қайтудың бір себебі қаржылық қиындыққа тірелуі мүмкін. Өйткені жағдайы жақсы адамдар Америкаға тек визамен баратыны белгілі. Жағдайы жақсы болса, оларға бұлай дала-қаланы кезудің не қажеті бар еді?! Кейбір жолаушы діттеген жеріне жете алмай, орта жолда, бөтен елде қайтыс болған жағдай да орын алды. Мысалы, әлемдегі алып мұхиттың толқыны қатты болған кезде қайықтан құлап, Тынық мұхитына батып кеткендер туралы да құлағымыз шалды. Сондықтан мұндай қауіпті сапарға шықпас бұрын әбден ойлану керек.
«Мехико Ситиден Тихуанаға дейін 7 рет тексерді»
Содан Мехико Ситиден Тихуана қаласына автобуспен шықтық. Жолда біз отырған автобусты кедендік бақылау сақшылары 7 рет тоқтатып, тексерді. Кейде қарақшылар да тоқтатқан кездер болды. Пагоны жоқ болғандықтан, оларды бірден байқайсың. Олар тексергенде ақшаны неғұрлым көрінбейтіндей етіп, барынша жасыруға тырысасың. Менің ақшамды сәл болмағанда байқап қоя жаздады. Мен ақшаны үнемі қолға ұстап жүрдім. Тексеріс кезінде бір қолымнан ақшаны екінші қолыма байқатпай, тез ауыстырып отырдым. Әр тоқтатқан сайын кейбір адамды келген штатына кері қайтарып жатты. Тихуананың ішімен жүріп, әрі қарай тас жолмен АҚШ-қа жеттік.
Мексика мен Американың шекарасындағы биік қақпадан өрмелеп, АҚШ-тың аймағына секіріп түстік.
«Америка шекарашылары қамауға алды»
Арамызда, әсіресе, қытайлықтар көп болды. Жалпы, АҚШ-қа заңсыз жолмен келетін қытайлықтар саны өте көп. Мексикадан қатарымызға мексикалықтар да қосылды. Американың шекарашылары бізді бірден ұстап, тексерді. АҚШ-та әр қалада осы елде уақытша немесе тұрақтап тұруға иммигрант болып келгендерді қабылдап, оларға қызмет көрсететін Welcom Family Center деген орталық болады екен. Бізді сондай орталыққа апарды. Ер адамдарды бөлек, әйел адамдарды бөлек орналастырды. Ол жерде адамдар өте көп екен. Әр жақтан келген әртүрлі ұлт өкілдері орталыққа лық толды. ТМД-дан да аз адам келмепті. Қазақстаннан 4 жігіт болдық. Жататын орын болмай, түрегеліп тұрған кезіміз де болды. Кейбіреудің қасына жақындасаң, бөтен елдің адамдары ренжігендей түр танытады. Қырғыздың жігіттерін шығарған кезде олар бізге құрмет көрсетіп, өз орындарын ұсынып кетті. Оларға көп рақмет. Бұл жерде 2 күн жаттық. 7-8 күн жатқандар да болыпты. Одан кейін қонақ үйге жіберді. Коронавирус бар-жоғын нақтылау үшін ПТР тест тапсыруды міндеттеді. Ортамызда ағылшынша жақсы сөйлейтін жігіттің бірі дереу бір штатқа кетуі керек болып, сондағы кісілерге жөнін айтты. Мен жолға шықпай тұрып, елде жүргенде вакцина алған болатынмын. Сөйтіп кезегімізді күтпей, өз бетімізше жүре беруімізге мүмкіндік туды. Содан қасымыздағы жігітті шығарып салып, өзіміз басқа қонақ үйге аялдадық. Сол жерден кейін әркім өз жолымызбен басқа штаттарға аттандық.
«Көшеде қару кезеніп, тонап кетті»
Бұл сапарымдағы ең қиын жер Бразилия болды. Себебі ол жақта мен жалғыз болдым, тіл білмедім. Бір жағынан Бразилия Мексикаға қарағанда қауіптірек көрінді. Бірде Бразилияның бір қаласынан екінші қаласына жетіп, көшеде келе жатқанымда кешкісін 3 жігіт маңдайыма қару кезеніп, қонақ үйдің алдында тонап кетті. Ақшамды, телефонымды тартып алды. Тілдерін мүлде түсіне алмадым. Португал тілінен басқа тілде сөйледі.
Жалпы, ТМД-дан Америкаға Мексика арқылы жету үшін 2 айға жуық уақыт, 11 мың доллардай (тоналған шығынды қосқанда) ақша кетті.
P/S: Материалды көшіріп басу үшін міндетті түрде автордан рұқсат сұрап, KazUnite порталына гипер сілтеме көрсету қажет.