Өмір салтыБЕЛБАСАРДЫҢ МАЙТАЛМАН ШОПАНЫ

БЕЛБАСАРДЫҢ МАЙТАЛМАН ШОПАНЫ

 

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ. KazUnite – Қазақ қоғамында ақсақалдар институтының орны ерекше. Халқымыз қарттарды ақыл дариясы, даналық қазынасы ретінде қадірлеген. Қариялардың қатысуынсыз қоғамда қордаланған мәселелер шешіліп, қарымды істер қолға алынбаған. Қартын қадірлеп, қара шаңырақтың құты мен киесі деп ұққан халқымыз оларға қашанда төрден орын берген. Сондай ақсақалдың бірі – Жамбыл облысы Шу ауданы Белбасар ауылының тұрғыны Әзіз Тұрысбек.

Әзіз Әбдрақманұлы 1948 жылы 2 қазан күні Қытайдың Шолақтерек елдімекенінде дүниеге келген. Бала күнінен атасының тәлімін алып, бауырында өскен. Атасы Тұрысбек ақсақал елге мәлім имам-молда болған. Балалардың сауатын ашып, хат танытқан екен. Тұрысбек ақсақалдың қатысуымен Албанның ішіндегі Құрман руынан шыққан азаматтар бірлесіп, сол кездері Қытайда мешіт салдырыпты. Сол мешіттің орны әлі күнге дейін бар деседі.

Әзіз Әбдрақманұлының балалық шағы Қытайда өткен. Ескіше, яғни қазақтың төте жазу ғарпімен хат таныған. 1962 жылы ұлы көшпен бірге атажұрты Қазақстанға оралып, қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы Құмкент совхозына қоныстанған. Сол ауылда орта білім алып, 1968-1970 жылдары Украинаның Харьков қаласында әскери борышын өтеп келген.

1971 жылы тамылжыған тамыздың 7 жұлдызында Әзіз Әбдрақманұлы мен Күләз Бағашарқызы отау тігіп, шаңырақ көтерген. Шымкентте тұңғыш қыздары Орынкүл дүниеге келді. Сәби сыңғыры қуаныш сыйлап, түтіні түзу ұшқан отбасының күндері осылай өтіп жатады.

Бірде Шу ауданындағы ағайын-жұрағаты Әзіз Әбдрақманұлына келіп, кеңес құрып: «өзіміз бір маңайға шоғырланып, төскейде малымыз қосылып, берекелі күн кешейік» деген ұсыныстарын айтып, Жамбыл облысына шақырады. Содан үлкендердің сөзін жерге тастамай, Әзіз Әбдрақманұлы 1973 жылы отбасымен бірге Жамбыл облысы Шу ауданы Белбасар ауылына қонастанады. Сол жылы екінші баласы дүниеге келді. Жамбыл өңіріне әрі Жамбылсай қыстағына келгенде өмірге келгендіктен, ұлдарының атын Жамбыл деп қояды.

Ағайын-туыстың ортасына орнығып, жақсы-жайсаң жұртпен қауышқан Әзіз Әбдрақманұлы ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысуды қолға алады. Бір отар қой алып, жеке бағады. Осылайша, қайнаған тіршілік, шопандық өмір басталады. Содан Теріскейде бір жыл қыстап, Жамбылсай, Үңгірлі, Жылысай қыстауларында көшіп-қонып жүреді. Ал жаз айларында Еспе, Сүлікті, Суанқұдық, Бибұға жайлауларын мекендеген.

1976 жылы үшінші перзенті Зинагүл Үңгірлі қыстауында, 1978 жылы төртінші баласы Ерболат Жылысай қыстауында, 1980 жылы бесінші баласы Нұрболат Жадыра жайлауында, 1982 жылы кенже баласы Айдархан Жылысай қыстауында дүниеге келді. Қазіргі таңда балаларының барлығы үйлі-баранды, түрлі салада еңбек етіп жүр. Айдархан Алматы қаласында, заң саласында қызмет атқарады.

Белбасардың майталман шопаны болған Әзіз Әбдрақманұлы зейнет демалысына шыққанға дейін осы кәсібінен қол үзбеді. Ұзақ жылдар ішінде дамылсыз жұмыс істеп, осы салаға әбден еңбегі сіңді. Мысалы, 1994 жылы аналық бас әр 100 саулықтан 130 қозыдан алған кездері болды. Отардағы 500-600 қойдың жүнін қырқатын. Әр қойдың жүні 4-5 келі тартатын еді. Жұмыстың ауырлығына қарамады. Соған орай табан ет, маңдай тері, ерен еңбегі елеусіз қалмады. Марапаттан да кенде болмады. Үкімет тарапынан ең әуелі газ-52 жүк көлігіне, кейіннен сол кезде басшылар жүретін уаз автокөлігіне ие болды. Жомарт азаматтар да еңбегін бағалап, ат мінгізіп, ертоқым, кілем сияқты түрлі сый-сияпаттарын көрсетіп жатты. Сонымен қатар 90-жылдары «Таурас» маркалы түрлі-түсті теледидар ұтып алғаны балаларының есінде ерекше сақталған. Себебі ол кезде мұндай теледидар ауыл-аймақта сирек еді. Тіпті сол уақытта түрлі-түсті теледидарлар елімізге енді-енді ғана келіп жатқан еді. Сондай-ақ Әзіз Әбдрақманұлына әр жылдары мадақтама қағаздары, облыс орталығындағы демалыс орындарына жолдамалар табысталды. Ауылдың абыройлы, бетке ұстар азаматы болды. Бүгінде аузы дуалы ақсақал.

«Өмірдің бір қызығы – бала» демекші, 4 ұл, 2 қыз өсірген Әзіз Әбдрақманұлы мен Күләз Бағашарқызы балаларынан 31 немере, 7 шөбере көрді. 51 жыл жұптары жазылмаған өнегелі отбасы ұрпақ қызығына кенеліп, бақытты ғұмыр кешті.

Тағдырдың жазғанына шара бар ма? 2022 жылдың қыркүйек айында Күләз Бағашарқызы 72 жасында өмірден өтті. Топырағы торқа, жаны жәннатта болып, рухы пейіштің төрінде шалқысын!

«Үйіңде қартың болса, жазып кеткен хатпен тең» дегендей, Мұқағали жырға қосқан дария көңілді қарияларымызды қадірлей білейік. Әзіз Әбдрақманұлына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз! Жасай беріңіз! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз! Жан-жағыңыз тегіс аман болсын!

 

Соңғы жазбалар

«Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды»: New York Film Academy құндылығы неде

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының және Ауа райы болжамының жүргізушісі, «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері, New York Film Academy түлегі...

Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының әкімі болып этникалық қазақ тағайындалды

0
БАЯН-ӨЛГИЙ. KazUnite - Моңғолия премьер-министрінің бұйрығымен Баян-Өлгий аймағының әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды. Бұл туралы Kaznews ақпарат агенттігі хабарлады. Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жаңадан сайланған Баян-Өлгий...

TPAМПлин бe, тықыp тaянy мa: Дoнaльд Tpaмптың билiккe кeлyi әлeмгe қaлaй әcep eтeдi

0
HЬЮ-ЙOPК. KazUnite - Қaй кeз бoлcын әлeмнiң нaзapынaн әcтe тыc қaлмaйтын Aмepикa Құpaмa Штaттapы биылғы қapaшa aйы бacтaлғaлы бepi тiптeн жaһaнның бacты жaңaлығынaн түcпeй...

Қазақстанда Мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер болып жатыр

0
АСТАНА. KazUnite - Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде...

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...