ТОКИО. KazUnite – Күншығыс еліне виза алу үшін қандай талаптар қойылады? Қазақтар жапондардан шұғыл түрде нені үйренуі керек? Осы және өзге де сұрақтар жөнінде Токио тұрғыны Жадыра Сембіқызымен сұхбат құрдық.
– Жадыра Сембіқызы, өзіңізді толықтай таныстырып өтсеңіз. 12 жылдан бері Токионың тұрғыны екенсіз. Ол жақта тұрақтап қалуыңыздың себебі неде? Бұл тағдыр ма, әлде таңдау ма?
– Бұл жаққа келгенде 15 жаста болдым. Ата-анам Жапонияны он бес жасар қорғансыз қыз үшін ең қауіпсіз, сенімді және білімі жоғары дамыған мемлекет деп танып, осында жіберді. 10-12 сыныпты осында аяқтап, бакалавриат және магистратураны да осында оқыдым. 2 жыл ғылыми зерттеумен айналыстым. Қазір мұнда ата-анам, інілерім барлығымыз біргеміз.
– Жапониядағы қазақтар туралы не айтасыз? Олар Жапонияға қашан қоныстанды, саны қанша және немен айналысады? Яғни күн көріс көзі не?
– Мұнда қазақтар көп емес. Бар болғаны 180-дей қазақ бар. Олар ірі компанияларда, IT саласында қызмет арқарады. Соңғы кездері шетелде қазақ жастары IT саласынан өзін жақсы көрсетіп жүр.
– Жапонияда қанша қазақ студенттері білім алады? Оқуды бітірген соң елге қайта ма, әлде сол жақта қалғанды жөн санай ма?
– Жапонияда 51 қазақ студенті білім алып жатыр. Оқып, оқыған дүниелерін тәжірибеден өткізу үшін 1-2 жылға жұмысқа қалғысы келетін студенттер өте көп. Себебі біз оқып алып, оны тәжірибеге алмастырмасақ, елімізге барып та дұрыс жұмыс істей алмаймыз деп ойлаймын. Тәжірибеде жүрген кезінде компаниялар жақсы жағдайын жасап, тиімді келісімшарттар ұсынып жатса, көбісі қалып жатады. Бірақ «осы білімімен елге қайтып, туған жерімді дамытамын» дейтін жастар да аз емес.
– Жапондардың жас көріну сыры неде?
– Жапондардың жас көрінетін себебі олар үнемі күліп жүреді, ешқашан қабақтарын шытпайды. Бір-біріне мүлдем дауыс көтеріп, ұрыспайды. Әрдайым көтеріңкі көңіл-күйде жүргендіктен, бұл, әрине, сыртқы келбетке де әсер етеді. Және суды өте көп ішеді. Бұл теріні таза ұстауға көмектеседі. Мінекей, косметика қолданғанның орнына осындай әдет ғұрыптарын көптеп ұстанады.
– Ресми деректерге сүйенсек, жапондардың орташа есеппен өмір сүру ұзақтығы – 83 жас. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Мұның қандай құпиясы бар?
– Ең алғашқы құпиясы – жапондардың өмір бойы білім-ғылым қуып өтуінде. Әрдайым жаңа білімге ашық. «Қолымнан келмейді» дегенді білмейді. Мысалы, менің Жапониядағы профессорларым 76 жаста бола тұра, компьютердің тілін менен жақсы біледі. Заманауи дүниелердің бәрінен хабардар. Үнемі ізденіс үстінде. Ал екінші құпия – дұрыс тамақтану. Бұл өте маңызды. Олар көбінесе балық өнімдерін және теңіз өнімдерін тұтынады. Үшінші құпия – көреалмаушылық, қызғаныш сияқты жағымсыз әдеттерден аулақтығында. Білгенімен бөліседі. Төртінші құпия – спортпен шұғылдану. Бұл жақта спорт – жастың да, кәрінің де өмірінің бір бөлшегі. Бесінші құпия – музыкамен айналысу. Жапонияның ең мықты оқу орындарының бірі саналатын Токио университеті статистикалық зерттеу жасады. Сол жоғары оқу орны студенттерінің 96 пайызы аспапта ойнайды екен. Яғни аспаптарда ойнай алу белгілі бір деңгейде миымызды шынықтырады деседі. Осыдан-ақ музыка өнерінің жапондардың өміріндегі маңызды рөл атқаратынын түсінуге болады. Және тағы бір құпия – ешкімге ешқашан ренжімеу. Біреуге ренжіген сайын қартаю процесі жиілейді. Міне, осындай принциптерді берік ұстанады.
– Жапондардың сіз бен біз түсіне алмайтын дәстүрлері, әдеттері, наным-сенімдері туралы айтсаңыз.
– Түсіне алмайтын дүниелері жоқ. Олар қазақ ойшылдары мен Исламда айтылған нәрселерді іс-әрекетпен жасайды. Бір қарағанда, дүниетаным жағынан ұқсастықтар бар. Мысалы, жапон халқы – өте ерте тұратын халық. Ал қазақта «Ерте тұрған ерлердің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген сөз бар. Сонымен қатар «Мейлі олар мұсылман болсын, мейлі басқа болсын, мен ерте тұрған жанның ырыс-берекесін арттырамын» деген Алланың сөзін де үлкендерден естіп тұрамыз. Алланың берген ырысынан, төбеден жаудырған берекесінен құр қалмайды. Бізде ұйқышылдық басым. Несібемізден қағылуымыз, көп нәрсеге уақыт таппауымыз осыдан. Себебі Алла уақыттың берекесін таңға жасырған. Негізі аталарымыз бен Алаш ардақтылары айтып кеткен жолмен жүрсек, жапондардан да, америкалықтардан да, немістерден де мықты бола алатын едік…
– Күншығыс еліне виза алу қаншалықты қиын?
– Күншығыс еліне виза алудың қиын жағы да бар, оңай жағы да бар. Қалай қиын деп ойласаңыз, жапондар өз тілін білмейінше виза бере қоюы екіталай. Бір жағынан жапондар өте принципшіл келеді. Барлық затты ретімен істейді. Ал біз, шетелдіктер көбісін орын-орнымен істеуді білмейміз. Уақытты дұрыс пайдаланбаймыз. Сол себепті жапондар бізге аздап қорқа қарайды. Жапон тілін біліп немесе уақытты дұрыс пайдалана білсек, олар виза беруге дайын. Виза аса қиын емес. Айта кетейін, қазақстандықтар тарапынан Жапонияға виза алу бойынша қосымша сұрақтар туындап жатса, кез келген сауалға өзімнің Instagram аккаунтымда да жауап беремін.
– Жалақы қандай деңгейде?
– Ең төменгі жалақы 1800 доллар. Оны үкімет солай бекіткен. Әрі қарай 2000-5000 доллардан жоғары. Мәселен, Токиода студенттер сағаттық жұмыс істесе, ең төмені – сағатына 11 доллар.
– Қазақтардың жапондардан шұғыл түрде үйренуі керек үш маңызды дүниені айтыңызшы.
– Біріншісі, кітап оқу мәдениеті деп айтар едім. Екіншісі, бір-біріне құрметпен, мейірім-махаббатпен қарайтын қарым-қатынас қалыптастыру қажет. Өз ұлтымызды, тілімізді, дінімізді сүюіміз керек. Қазақта мынадай сөз бар ғой: «Өз тілің бірлігің үшін, өзге тіл тірлігің үшін». Бірлігіміз үшін өз тілімізде сөйлеуіміз керек. Қазақ тілінің мәртебесі биік болса, қазақтың да мәртебесі биік болмақ. Сондықтан қазақы құндылықтарымызды жоғалтпай, керісінше, шетелдік азаматтарды өзімізге қарату үшін құндылықтарымызды биікке көтеру керек. Бізде өз құндылықтарымызды бағалау жетіспейді. Ал үшінші айтарым, ерте тұруымыз керек. Мен өзім Қазақстанға келген кезде, бесте тұрып жүгіремін. Сол кезде даладан ешқандай тірі жан көрмеймін. Барлығы ұйықтап жатады. Біз ұйықтамауымыз керек, оянуымыз керек, үйренуіміз керек, білуіміз керек. Қазақстанда ашылмаған ғылым қаншама. Жапонияның сакура деген гүлі бар. Сол тек сакура үшін жылына әлемнен миллиардтаған туристер келеді. Ал Қазақстанда сакурадан да керемет гүлдер бар. Әлі оны зерттеп шығарған жоқпыз. Сондай дүниелерді зерттеп, біліп, шетелдіктерге көрсетіп, өзіміз де көріп, бағалай білсек, онда олар бізге қызығушылық көзқараспен қарар еді. Жапония туралы таңды-таңға жалғап айта беремін. Себебі өмірімнің көп бөлшегі осында өтті. Негізі Жапониядан үйренетін дүние өте көп. Әсіресе, білім саласы. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш ардақтылары айтып кеткен ғой: «Біз Жапониядан үйренейік, екінші Жапония болайық» деп. Жақұт сөздерді аяқ асты етпей, расымен де Жапониядан үйренеріміз көп.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Еңлік Қалдарханқызы