МотивацияАмерикалық Меррил Питтман Купер 101 жасында аттестат алды

Америкалық Меррил Питтман Купер 101 жасында аттестат алды

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – 101 жастағы Меррил Питтман Купер – Филадельфиядағы қара нәсілді троллейбус жүргізушілері мен кәсіподақ көшбасшылары арасынан суырылып алға шыққандардың бірі. Бірақ 1930 жылдары оқушы кезінде жалғызбасты анасының баласының мектептегі оқу ақысын төлеуге жағдайы болмаған.

1938 жылы ол Батыс Вирджиниядағы азаматтық соғыстан кейін құрылған мектеп-интернаттың бірінші жылын бітірген.

Купердің айтуынша, оның анасы үй күтушісі болып жұмыс істегендіктен, ұлының мектеп бітіретін жылғы оқу ақысын төлей алмаған.

«Ол тынбай еңбек етті. Өте қиын кезең болды. Содан оқуымды жалғастырмай-ақ қойғаным дұрыс болар деп шештім», – деді ол.

Содан кейін ол өз оқуының ақысын төлеу үшін Филадельфиядағы әйелдер киімін сататын дүкенге жұмысқа орналасып, 1945 жылы қалалық троллейбусқа оператор болып қабылданған.

«Жұмысты енді ғана бастағанымда ауыр болды. Трамвайды жүргізгенімде адамдардың маған айтқан кейбір сөзін қайталап айтқым да келмейді», – деді Купер өзі талай ұшырасқан расизм туралы еске алып.

Ол өзінің осы саладағы мәнсабын мақтан тұтады. Бірақ бәрібір оны бір ой мазалап келген. Ол – орта мектепті бітіріп, аттестат алу еді.

«Уақыт зымырап өтіп жатты. Содан соң мен ендігі бәрі кеш шығар деп ойладым. Сондықтан барлығын ысырып қойып, мейлінше жағдайға қарай икемделуге тырыстым. Жұмысқа беріліп, күнкөріс қамымен кеткенім сонша армандарым жайына қалды», – дейді Купер.

Батыс Вирджиния штатының Шепердстаун қаласында өскен Купер қазір Нью-Джерси штатының Юнион-Сити қаласында тұрады.

Сонымен араға 84 жыл салып, оған ақыры арманын жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Оның отбасы Джерси-Ситидегі отельде 19 наурыз күні диплом табыстау рәсімін ерекше салтанатта ұйымдастырып берді.

Купердің күйеу баласы Род Бекерник Нью-Йорк штатының Джеймстаун қаласынан. Бұрын әлеуметтік ғылым мұғалімі болған Род қайын атасы Купердің 1930 жылдары қара нәсілді жасөспірімдердің білім алуында қиындықтар болғанын айтқанын естіген соң қайын атасы диплом алуы қажет деген шешімге келеді.

1938 жылы жақсы білім алғысы келген қара нәсілді бозбала Шепердстаундағы екі бөлмелі шеттетілген мектептің 8-сыныбын бітірген соң білімін Сторер-колледжде жалғастыруға мүмкіндік беретін тест тапсырған. Фредерик Дуглас демеушілік жасаған бұл колледждің негізі 1967 жылы қаланған.

Бала Меррилл Питтман Купер, Шепердстаун қаласы, Батыс Вирджиния штаты, 1920 жылдардың басы. (Куперлер отбасы)

Купер үйдегі жалғыз бала болған. Анасы жалғызбасты болғандықтан, баласының Сторер колледждегі оқу ақысы мен тамақтануына ақша табу үшін үй күтушісі болып жұмыс істеген.

«Бізде көп ақша болған жоқ. Бірақ мен адвокат болуды армандайтынмын. Мұғалімдерім менің жаңа аяқ киім мен мектеп формасын сатып алуға мүмкіндігім жоқ екенін білетін. Сондықтан да олардың кейбірі маған қажетті затты сатып алып беру үшін мені қаланың орталығындағы дүкендерге ертіп апаратын. Бірақ бұл туралы басқа балаларға жақ ашпауымды тапсыратын. Мектепте қара нәсілді мұғалімдер көп болды. Олар маған қарайласып жүретін», – деп еске алды Купер.

Фотода Меррилл Питтман Купер Филадельфияның кәсіподақ компаниясы, 1970 жылдар. (Куперлер отбасы)

Ол троллейбустардың операторлар қатарын біріктіруге атсалысқан. Кейінірек троллейбустар пайдаланудан алынып тасталған соң Купер автобус жүргізушісі болған. Одан кейін Оңтүстік-Шығыс Пенсильванияның көлік басқармасының 234 кәсіподақ кеңсесі ашылған. Ол түрлі кәсіподақ ұйымдарында қызмет етіп, кәсіподақ президенті де болған. Содан соң Нью-Йорктегі «Халықаралық тасымалдаушылар одағы» деп аталатын мекеменің вице-президенті болып қызмет атқарған.

«Бірде туған қалама барғанда мен бұрын осы жақта тұрғанымда маған қонуға, мейрамханасында тамақтануға рұқсат берілмеген қонақ үйге тоқтадым. Мұны жасағаным өзім үшін бір ғанибет болды. Менен үнемі табысты болудағы құпиямның не екенін сұрап жатады. Бірақ шын мәнінде ондай еш құпиям жоқ», – деген Купер қазіргі уақытта жалғыз тұратынын, тамақты өзі пісіретінін, азық-түлік сатып алуға өзі баратынын, тек қартаюына байланысты көлік жүргізбейтінін айтты.

Меррил Питтман Купер 1978 жылы Филадельфияда фармацевт болып жұмыс істеген 3 баласы бар жалғызбасты ана Марион Карпемен отбасын құрған. Олар ресми шаңырақ көтергенге дейін 14 жыл кездескен көрінеді.

Купердің кіші өгей қызы Марион Бекеринктің айтуынша, анасы 2015 жылы қайтыс болған.

«Әпкем мен ағам және мен оның (Меррил Купер – ред.) әдебиеттен көп білетініне және тамаша оратор болғанына қызығып қарайтынбыз. Біз оны Купер мырза деп атайтынбыз. Оның білімі терең болды. Ол үнемі Кеннеди немесе Кинг сияқты ораторлардың сөздерін мысалға келтіретін. Оның әпкем екеумізге: «сендермен дауласу үшін заңгер болғым келіп кетеді» дейтіні әлі де есімде. Бірақ ол онсыз да өте сауатты болды», – дейді бүгінде зейнеттегі заңгер, 63 жастағы Бекеринк.

Меррилл Питтман Купер мен Мэрион Купер үйленген күні, 1978 жыл. (Куперлер отбасы)

Бекеринктің 64 жастағы әпкесі Энид Карпех-Диаз да өгей әкесін тек жақсы жағынан ғана танығанын айтады.

«Анам мен өгей әкем «афроамерикалықтың табысты болуының кілті – тек білім» деп отыратын. Бірақ әкем орта мектептің аттестатын ала алмағанына қарамастан өмірде үлкен табысқа жетті», – дейді Энид Карпех-Диаз.

Сонымен қыздары мен күйеу баласы 19 наурыз күні Куперге бала күнгі арманын орындап, құрметті аттестатты салтанатты жағдайда табыстап, тосын сый жасау үшін оған Джерси-Ситидегі Hyatt Regency отеліне біреулер ұзақ жасауының сыры неде деген тақырыпта сұхбат жүргізгісі келеді деп апарған.

Меррилл Питтман Купер мантиияда және Мартина Карпе, Марион Бекеринк, Энид Карпе-Диаз бен Род Бекеринк (солдан оңға қарай). (Джефферсон округінің мектебі, Батыс Вирджиния)

Олар қонақ үйге барған соң ғана Род Бекеринк Куперді мантия кию үшін шақырғанын айтқанда қария көзі мөлтілдеп бұрышта біраз тұрып қалған.

«Мен ешқашан бұлай болады деп ойламаппын», – дейді Купер.

Марион Бекеринктің айтуынша, оның өгей әкесі сол кезде толқығаны сонша, құдды тілін жұтып қойғандай біраз уақыт сөйлей алмай тұрған.

19 наурыз күні Меррилл Питтман Куперге орта білімнің құрметті аттестаты табысталды (Джефферсон округінің мектебі, Батыс Вирджиния).

Содан Куперге аттестат табысталатын сәтті басқа да отбасы мүшелері де көруі үшін салтанатты шара виртуальды түрде өткен. Куперге аттестатты Батыс Вирджиниядан келген Джефферсон Бонди округіндегі мектеп өкілі табыстаған. Шараға виртуальді түрде қатысқан Сторер колледжі түлектерінің қауымдастығы мен Харперс-Ферри өкілдері сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірген.

«Мен өзіме мұндай бақытты күнді тіпті елестете алмай тұрмын. Біршама уақыт өткізіп алғаныма қарамастан, әйтеуір ақыр соңында осы аттестатқа қол жеткізгенім үшін шынымен де бақыттымын», – деген Купер аттестатын рамкаға салып, өзінің үйінің төріне қойып қойған.

Дереккөз: The Washington Post

 

Соңғы жазбалар

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті

0
АСТАНА. KazUnite - Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі...

Нью-Йорк штаты Ассамблеясының марапатына ие болған алғашқы қазақ кім?

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Таймс-сквер орталығында өткен Нью-Йорктегі сән апталығы аясында Нью-Йорк штатының Ассамблеясы Анелия Әлімованы салтанатты түрде марапаттады. Анелия – мұндай марапатқа ие болған...

Әлемнің ТОП-10 үздік университеті белгілі болды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite — Еуропа және Америка университеттері 2024 жылғы әлем университеттерінің академиялық рейтингінде (ARWU) көш бастап тұр. Гарвард университеті тағы да бірінші орында, деп...

Қазақстанның қазіргі шекарасында Абылайдың да, Әбілхайырдың да, Жәңгірдің де үлесі бар – картограф

0
KazUnite - Қазақтың ресми шекарасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты дейтін түсінік дұрыс емес. Белгілі картограф, «Қазақ хандығы» тарихи картасының авторы, АҚШ-тағы Гарвард университетінің...