НҰР-СҰЛТАН. KazUnite – «Көкесіз» тендер. 0 теңгемен кәсіп бастау. Инвестиция. Қаржылық сауаттылық. Мидың дамуына жұмсалған 15 миллион теңге. Осы және өзге де тақырыптар жөнінде кәсіпкер, инвестор, «Тендер жаса» компаниясы мен «Мың батыр» даму орталығының негізін қалаушысы Азамат Серікұлымен сұхбат құрдық.
– Азамат, сізді көпшілік сыртыңыздан «миллионер» деп атайтын көрінеді. Бұған не дейсіз?
– Теңгемен солай деуге болатын шығар. Бірақ мен өзімді миллионермін деп санамаймын. Біз негізінен жастарға мотивация беру жағына көбірек көңіл бөлеміз. Алайда өзімді мотиватормын деп те айтпаймын.
– Бизнесті қалай бастадыңыз?
– Астанаға келгеннен кейін басталды. Елордаға Алматыдан 25 жасымда келдім. Ол кез мен үшін өте қиын кезең еді. Тоқырау, дағдарыс дегендей. Басында OLX арқылы жұмыс істеп, нәпақамды таптым. Құрылыста істеп көрдім. Кейінірек жөндеу жұмыстарымен айналысып, бригада ұстадық. Сөйтіп жүріп, базарды жағаладым. Одан кейін тендер саласына келдім. Жалпы, тендерге келгеннен кейінгі бастапқы екі жылда мен тез өзгере алдым. 27 жасқа толар шағымда «Как общаться с людми» деген кітапты оқыдым. Қазір бұл кітаптың авторы да нақты есімде жоқ. Атауы да басқаша болуы мүмкін, бірақ мен өзім солай атаймын. Шынымды айтсам, мен мектептен кейін оқу оқымағанмын, әскерге де бармағанмын. Сондықтан маған адамдармен тіл табысуды, кері байланыс жасауды үйрену керек болды. Ал жаңағы айтқан кітапта байланыс жасаудың 25 түрі тарқатылып жазылыпты. Осыдан кейін құрылыста да, базар жұмысында да жақсы өзгерістер бола бастады. Одан бері 100-ден аса кітап оқыдым. Көптеген шетелдік тренингтерге қатыстым. Өзіме 15 миллион теңгедей инвестиция салдым. Яғни әлемдегі ең мықты деген коучтардан сабақ алдым.
– Мысалы, кімдер? Олардың қаншалықты септігі тиді?
– Энтони Роббинс, Радислав Гандапас, Ицхак Пинтосевич, Саидмурод Давлатов сынды басқа да ТМД мен әлемнің бірқатар коуч-тренерлерін айтуға болады. Олардың кейбірінің аса септігі болмаса да, енді бірінің қағидасы көмектескен сияқты. Тек мотивацияға ғана тойып алмай, көбіне маркетинг, коуч, психология жағына мән бердім. Енді ораторлық жағымды дамытуға ден қойсам деген ниетім бар. О баста көп ешкіммен араласпасам да, ақырындап адамдармен сөйлесуді үйрене бастадым. «Сөйлей-сөйлей шешен боласың, көре-көре көсем боласың» демекші, ең алғашында 5 адамның алдында, одан кейін 50 адамның алдында кідірмей сөйлеуге бейімделдім. Қазіргі уақытта кез келген аудиторияда емін-еркін дәріс оқуға дағдыландық. Осы уақытқа дейін тендермен айналысу бойынша курстар ұйымдастырып, 2 мыңнан аса шәкірт оқыттық. Бізге ең соңғы тиынын төлеп келгендер аз болмады. Соның өзінде оларды курстан кейін үлкен табысқа шығарып жатырмыз. Олардың ішінде 30 миллион теңге қарызынан аз уақытта құтылған адам бар. Ол қаржы пирамидасына кіремін деп алаяқтарға ұрынып, осыншама қарызға кіріп кеткен екен. Менің қандай сөзімнен мотивация алғанын білмеймін. Бірақ ол кісі бізге келгенге дейін тіпті өз-өзіне қол жұмсаған да көрінеді. Содан 9 айдың ішінде барлық қарызынан құтылды. «Тырнағыммен тас қопардым», – деді.
– Қазір компанияда қанша адам жұмыс істейді?
– «Тендер жаса» мен «Мың батырды» қосқанда 500-ден аса адам жұмыс істейді. Ал өзімнің жеке командамдағылардың дені – жастар, барлығы – 20 шақты қыз-жігіт. Онда маркетинг бөлімі, сату бөлімі, дизайн бөлімі бар.
– Сіз үшін құндылық не?
– Мен негізгі бағытым – мемлекет пен халықтың арасына алтын көпір болу. «Тарихты жазбайды, жасайды» демекші, бәлкім, тарихты жасап жатқан шығармыз. Ашығын айтсақ, қазіргі таңда ауыл-ауданды қойып, үлкен қалалардың өзінде құжатты дұрыс білмейтін жастар аз емес. Қазақстанда жүк таситын жұмысқа, күзетшілікке, такси болуға, даяшы болуға кезекте тұрғандар көп болғанмен, дамуға ұмтылатын, мимен жұмыс істейтін жұмыстарға кезекте тұрғандар аз. Адамдар мимен жұмыс істеуден бойын аулақ ұстап, көп жағдайда қашқақтайды. Сондай адамдарға өзімді үлгі қылып көрсеткім келеді. Өз басымнан мысалдар көп келтіремін. Себебі әкемнің 9 бауыр-қарындасы ауылда әлі күнге дейін біреудің малын бағады. Өскеменнің шетінде Тарбағатай тауының бөктерінде әкем де мал баққан. Біздің әулеттен мемлекеттік қызметкер, мұғалім, дәрігер болып ешкім шықпаған. Не ешқайсысында диплом да жоқ. Тіпті, жігіттер жағы әскерге де бармаған. 20 жылдан бері жұрттың малын бағумен күнелтіп келді. Бұл үрдіс балаларына дейін жалғасып бара жатты. «Қараңғылық біздің қанымызға сіңіп қалған» деп ойладық. Бірақ ол қанға емес, миға сіңіп қалған екен. Мен бүгінде сол стереотипті жойып, туыстарымызға «жұрттың малын емес, өз малымызды бағайық» деген коммерциялық ұсыныс жасадым. Қазір бәрі қолдап отыр. Алдағы 5 жылдың ішінде әулетімізді бизнестің әулетіне айналдырсам деп жоспарлап жүрмін.
– Бизнес бастауда қандай кедергілер мен қиындықтар болды?
– Туған қарындасым дертке шалдыққан соң оны емдету үшін қомақты қаражат қажет болды. Сондағы керегі – 3-4 миллион теңге. Отбасымызбен күйзелісті бастан кешірдік. Сол үшін қалайда бірдеңе істеу керек болды. Біреуден қол жайып сұрауға дәтім шыдамады. Ол кезде құрылыста жүргенмін. Содан өзім жеке бригадамен жұмыс жүргізейін деп 40 күн жаяу жүріп, хабарландыру қағазын тараттым. Елорданың оң жағалауынан сол жағалауына жету үшін күніне 20-30 шақырым жаяу жүретінмін. Көп қабатты тұрғын үйлердің әр қабатына хабарландыруды жапсырамын. 1,5 ай ішінде бір ғана қоңырау түсті. Бір пәтерге жөндеу жүргіздік. Содан кейін жолымыз болып, бірінен кейін бірі 5-6 пәтерден тапсырыс түсті. Ұсақ-түйек қарызымды қайтарып, 200 мың теңге ақша жинадым. Ол кезде елорданың оң жағалауындағы «Көктал» тұрғын алабының шетіндегі там үйде тұратынмын. Содан сол жаққа жақын жердегі базарға барып, ондағы контейнерді сататын адамға қолымдағы 200 мың теңгені ұсынып, 1 миллион теңгенің қалғанын 3 ай ішінде бөліп төлеуге уағдаластық. Бірақ нақты не сататынымды да білмедім. Әйтеуір, сол жерге қалайда кіру керек болды. Оған себеп бар. Үлкен контейнерде көп тауарым да болмады. Басында тұтынушылар да маған көп келмеді. Айналадағы адамдардан бірдеңе сұрасам, мардымды ештеңе айтпады. Шеткі жақтардан ламинаттың бірнеше түрін әкеліп қойып, сатылымға шығарып жүрдім. Үстінен 15 мың теңге табыс көремін. Күнделікті бір ламинат сатып жүрдім. Сөйтсем, менен сатып алатын базардың басқа бөлігіндегілер оның үстінен 200 теңге қосып сататынын естідім. Көп ұзамай сол жердің қыр-сырын зерттей жүріп, 3 айдан кейін олардың тауарына өзім үстеме ақы қосып сататын болдым. Сөйтіп маған сол базардағылар «Решало» деген лақап ат қойды. Әлі күнге дейін көрсе солай атайды. Содан бір жылға жетпей базардан екі бутик аштым. Тиыннан теңге құрауға болатынын базарда жүргенде түсіне бастадым. Ол жерде сатпаған тауар қалмады. Бірақ өкінішке қарай базарда жүргенімде қарындасым қайтыс болды. Бұл жағдайдан кейін күйзеліске ұшырап, біраз ішімдіктің шырмауына түстім. Балаларым өсіп келе жатыр, басымда көлігім де, үйім де жоқ. Өз-өзімді қолға алуым керек болды. Бір контейнерімді сатып, «Астаналық базардан» орын алып, Қытаймен кәсіп жасамақшы болдым. Бірақ жоспарым іске аспай, банкротқа ұшырадым. Бір бутигіме ағамды тұрғызып қойған едім, одан қайтарып алуға ыңғайсыздандым. Содан қалайда күнкөріс керек, тендерге келдім. Бірақ мен ноутбук, құжат дегенге аса сауатты болмаған соң басында өте қиын болып көрінді. Одан соң онда «аға-көкесіз болмайды» деп ойлайтынмын. Алайда бір досым өзінің 450 мың теңгелік айлығынан бас тартып, тендермен айналысып жүргенін көрдім. Сұрасам, тендерден 1,5 миллион теңге табыс табатынын айтты. Мені тіркеп беруін өтіндім. Кері шегінетін жол болмаған соң да, алға қарай қадам жасадым. Шүкір, тендерді 0-ден бастап, бір жылда бірнеше миллион теңгенің айналымына шықтық.
– Дамудың жолына қай жастан бастап түстіңіз?
– 29 жастан бастап тренингтерге көңіл бөле бастадым. Негізі базарда жүргенде де күнделікті табысым жаман болмады. Бірақ ол кезде қарындасым қайтыс болып кеткеннен соң ба, сол тапқан ақшаның мәні болмады. Күнде жұмыстан кейін ішімдік ұрттап, думандатып кететінмін. 29 жасқа толған соң ертеңінде ойландым. Қарындасым қайтып келмейді. Тірі адам тіршілігін жасау керек. Содан ютубты ақтарып, тренингтерді қарадым. Сол кезден бастап миға көбірек инвестиция сала бастадым. Жақында Энтони Робинстың 500 мың теңгелік 4 күндік курсын сатып алдым. Ай сайын тренингтерге кемі 300 мың теңге жұмсаймын. Жалпы, осы уақытқа дейін миымды дамытуға 15 миллион теңге инвестиция салдым.
– Сол 15 миллион теңгені қанша еселеп қайтара алдыңыз?
– 20-30 есе деп айтуға болады. Миға салған дүниенің бәрібір де қайтымы болады.
– Бұрын сіз де билікке ренжіп жүрген кездеріңіз болғанын айтқан едіңіз. Ал жоғарғы жаққа әлі де өкпесі қара қазандай болып жүргендерге не айтар едіңіз?
– Жоғарғы жаққа ренжудің еш қажеті жоқ. Құжатқа сауатты болсаң, Үкімет барлық мүмкіндікті жасап қойған екен. Тек соны тиімді пайдалана білу керек. Мысалы, кәсіпкерлер әзірге салықтан босатылды. Ол – үлкен мүмкіндік. Одан бөлек, әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында қайтарымсыз гранттар, субсидиялар бар. Бірақ шетелдерге гастербайтер болып кетіп жатқан қандастарымыз көп. Керісінше, басқа ұлттың өкілдері бізге бизнеске келіп жатыр. Көп құжат әкімдіктер арқылы рәсімделеді. Соны жасауға қиынсынатындар аз емес. Бір кісіні үнемі мысалға келтіріп жүремін. Бірде біздің курсқа қырғыз ұлтының өкілі, бір әйел адам келді. Ол кісі копьютерде бір құжатты көшіріп, екінші жерге қоюды білмейтін. Сабақтарды да аса түсінбей отыратын. Бірақ күнделікті келе берді. Оған аптасына екі рет қана келу керектігін айтсақ та, күнде келуін тоқтатпады. Оның білуге деген ниетін көріп, үйренгенше келіп тұруға рұқсат бердік. Сөйтіп ол үздіксіз бір ай келді. Ал бір апта бойы күнделікті келген қазақты көрген жоқпын. Содан әлгі әйел адам тағы бірде кеңседе отырсам, коммерциялық ұсыныс жасап беруімді өтінді. Бірақ мен өзі жасау керектігін айттым. Соны 5 сағат отырып жасады. Мен үшін 5 минуттың ғана жұмысы-тұғын. Бірақ өзі тырысты. Жақында кеңседе жолықтырып қалсам, тендермен өзі ғана айналысып қоймай, бір топ қандасына да үйретіп жүр екен. Алғаш келген кезі мен қазіргі жағдайын салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Сондай табандылықтарына, мінездеріне таңдай қақтым. Бізге де сондай еңбекқорлық қажет. Жеріміздің асты мен үстіндегі байлықты ойлап жүре бермей, мидың байлығын ойлаған дұрыс.
– Сұхбатыңызға рақмет!