НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Компанияны нөлден бастап қалай құруға болады? Оны табысқа жетелеп, нарық көшбасшысына айналдырудың сыры бар ма? Бұл туралы америкалық кәсіпкер, инвестор Питер Тильдің Блейк Мастерспен бірге жарыққа шығарған «Нөлден бірге дейін» кітабында жазылған.
Бірқатар әлемдік бестселлер түпнұсқасынан тікелей қазақ тіліне аударылып, «Фолиант» баспасынан оқырманға жол тартты. Олардың қатарында «Бәріне қолыңды бір сілте!», «Сергек сана», «Нөлден бірге дейін» сынды кітаптар бар. Осы шығармаларға жасалған қысқаша шолуды оқырман назарына ұсынамыз.
«Бәріне қолыңды бір сілте!»
Америкалық танымал жазушы, журналист, жеке даму жөніндегі кеңесші Марк Мэнсон «Бәріне қолыңды бір сілте! немесе өмірді жеңілдету өнері» кітабында әр адамның өзін-өзі дамытып, өмірін жеңілдетуі үшін ерекше кеңес ұсынады. Оның өмірлік философиясы қарапайым – бәріне қолыңды бір сілте! Ол бұл жерде қалай қайғыны қаруға, жарақатты жақсы жаққа, ал проблеманы күшке айналдыруға болатынын көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, мазасыздық, уайымшылдықпен күресудің нұсқаулығы іспетті. Өйткені ауыр бейнетіне қарамастан жеңіл өмір сүруге, қорқынышты жеңіп, еркін болуға, сонымен бірге жүрегіңді сыздатқан мұң-шерің азапқа салса да, күліп жүруге үндейді.
Айта кетсек, Марк Мэнсон осы уақытқа дейін үш кітап жазған. Соның ішінде «Бәріне қолыңды бір сілте!» кітабы Amazon сайтында 1-орынды, ал The New York Times бестселлер тізімінде 6-орынды иеленген. Ағылшын тілінен Мира Сембайқызы аударған.
«Нөлден бірге дейін»
Инвестор Блейк Мастерспен бірге жазған «Нөлден бірге дейін» атты кітабында Питер Тиль стартапты алпауыт компанияға айналдыру үшін құрылтайшылар әлемге жаңа көзқараспен қарап, әлі ешкім дамыпаған «жеңімпаз» идеяны байқай білуі қажет екенін айтады. PayPal-дан бастап жүздеген сәтті инвестицияның тәжірибесіне сүйене отырып, автор стартап құруда табысқа жету үшін кәсіпкер қандай стратегияны таңдау керек екенін түсіндіреді.
Питер Тиль 1967 жылы Германияның Франкфурт қаласында дүниеге келген. Стэнфорт университетін тәмамдап, 1989 жылы философия бойынша өнер бокалавры, ал 1992 жылы заң ғылымдарының докторы атанған.
Ол серіктестерімен бірге PayPal онлайн төлем жүйесін жасап, 2002 жылы қоғамдық компания ретінде танылды.
«Ешбір кәсіпкер құра алмаған құнды компания қандай болады? Билл Гейтс жаңа операциялық жүйе жасамайды. Ларри Пейдж бен Сергей Брин жаңа іздеу жүйесін ойлап таппайды. Егер сіз бұл жігіттерді көшіріп жатсаңыз, олардан ештеңе үйренбегенсіз. Бұрыннан бар үлгіні жай ғана көшіріп алу жаңа нәрсені жасап шығарудан әлдеқайда оңай. Біз сол үлгіге қарап, оны қайта жасау арқылы әлемді бірден ерікті түрде үлкен N санына қарай көбейтеміз. Осылай қалыптасқан үлгінің мөлшерін көбейте береміз. Әрбір жаңа нәрсені жасау арқылы нөлден бірге қарай жаңа қадам жасаймыз. Бұл кітап сондай жаңа нәрселерді жасауға бағыттайды», – дейді автор.
Бұл кітапты ағылшын тілінен Әйгерім Сатыпалды аударған.
«Сергек сана»
Өзінің «Сергек сана» атты кітабында хиропрактика докторы, эзотерика және психология бойынша ең үздік кітаптардың қатарына енген бірнеше бестселлер авторы Джо Диспенза біздің биологиялық компьютеріміздің «жабдығы» мен «бағдарламалық қамтамасыздығын» оңтайландырып, миды жаңа күйге келтірудің жолы мен жөн-жосығын баяндайды.
«Ми неғұрлым сау болса, адам да соғұрлым бақытты, дана, бай әрі физикалық тұрғыдан денесі де мығым болады. Миы сау адамдар әлдеқайда тиімді, ұтымды шешімдер қабылдап, соның арқасында табысты әрі ғұмырлы бола түседі. Ал егер әлдебір себептен ми дұрыс жұмыс істей алмаса, адамның денсаулығы нашарлап, қаржылық келеңсіздіктер басталады, зердесі әлсірейді, өмірге қанағаттану деңгейі кемиді, табысы төмендейді. Егер қамқорлық жасауға бекінсеңіз, сіздің де миыңыз өзгере алады. «Сергек сана» кітабы сіздің де миыңызды жақсартуға септеседі. Осы еңбекті оқығанда сіз де дәл мендей ләззат аласыз деп үміттенемін», – деп жазады медицина докторы Даниэл Амен кітаптың алғы сөзінде.
Джо Диспенза 1962 жылдың 24 наурызында АҚШ-тың Буффало қаласында дүниеге келген. Ол дәрістерден және шығармашылықтан бос уақытында Вашингтон штатында Олимпия маңындағы өзінің жекеменшік емханасында хиропрактикамен айналысады. Оның бұған дейін де бірқатар кітабы ең танымал шығармалар қатарына енген.
«Сергек сана» кітабын ағылшын тілінен Айнагүл Садықова аударған.
Бұл кітаптар «Фолиант» баспасында басылып шыққан. Бүгінде «Фолиант» – Қазақстанның кітап нарығында ең сапалы өнім шығаратын баспалардың бірі. Аталған кітаптарды және басқа да қызықты шығармаларды foliantbooks.com сайтынан сатып алуға болады.