МотивацияАдамдарға қуаныш сыйлайтын кәсіпкер

Адамдарға қуаныш сыйлайтын кәсіпкер

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Мұхиттың жағасында балмұздақ сатып тұрған түрлі түсті көлік алыстан менмұңдалап тұр. Балмұздақ сатушы ыстық күні қайыр сұрап жүрген кісіге үлкен балмұздақты сыйға беріп жатыр.


Көше кезіп жүрген адам қолына балмұздақты алғанда қуаныштан жайнап сала берді. Сатушыда да бір адамға жақсылық жасағанына дән риза. Балмұздақ сатып, елді қуанышқа бөлеп жүрген кім екенін білгім келіп кеткені. Сатушыны сөзге тартып көрейін дедім.

Өзін «Гриша аға» деп таныстырған балмұздақ сатушы алпысты алқымдаған екен. Жүзінен мейірім төгіліп тұрған Гриша ағаның балмұздақ кәсібімен айналысқанына биыл 27 жыл болыпты. Ол АҚШ-қа 1994 жылы көшіп келіпті. 1995 жылы балмұздақ сата бастаған. Содан бері Гриша ағайдың өз қолымен дайындаған дәмді балмұздағынан еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін дәм татып жүр. Арасында үйсіз, күйсіз жүргендерге, балмұздаққа қызыға қарап тұрған балаға тегін береді. Гриша ағай маған да бір емес, екі балмұздағын ұсынды. Балмұздақтың дәмі тіл үйіреді.

“Бұрын балмұздақ кәсібін ашу оңайырақ болатын. Қазір оның жұмысы көп. Көптеген жерден рұқсат алу керек. Барлығын бүге-шүгесіне дейін тексергеннен кейін ғана рұқсат береді”, – дейді ол.

Балмұздақ дегенде адамда бақыт гормоны бөлінеді, жаздың жаймашуақ күні, демалыс, қамсыз балалық шақ еске түседі. Мен де бірнеше сағат болса да Гриша ағай секілді балмұздақ сатып, адамдарға қуаныш сыйлағым келді. Гриша ағай да қарсы болмады.

Гриша ағайдың жұмыс орнына, яғни автобусқа кірдім. Кішігірім автобустың іші құдды балмұздақ дайындайтын фабрика іспеттес. Түрлі машина, балмұздаққа қосатын тәттілер, түрлі-түсті шәрбат көздің жауын алады. Гриша ағай балмұздақ жасамас бұрын таң атпай оның бәрін сатып алады. Құрал-саймандарын сайлап, дайындағаннан кейін адамдардың сұраған балмұздағын жасауға кіріседі.

Гриша ағайдың есте сақтау қабілеті мен бірнеше істі бір уақытта қатар істей алатыны таңғалдырды. Бір топ бала шуласып жан жақтан түрлі балмұздаққа тапсырыс беріп жатты. Гриша ағай балмұздақ жасап жатып, бір уақытта тапсырыс қабылдап, шатастырмай кішкентай тұтынушыларға балмұздақ бағасын айтып үлгерді. Отыз жылға жуық балмұздақ сатумен айналысып жүргені шапшаңдығынан, іс-қимылынан білінеді. Балмұздақ жасау, тұтынушылармен дұрыс коммуникация құру бойынша кәсіби деңгейге жеткен.

Қолымнан келгенше көмектесуге тырыстым. Балмұздақты құюды үйрендім, бірақ Гриша ағайдікіндей болмады. Ол “Оған уақыт пен тәжірибе керек” – деп қолдау білдірді.

Маған бұл жұмыстың ең ұнаған тұсы – балалардың балмұздақты қолға алғандағы қуанышын көру. Тіпті тапсырыс бергенде де таңдау жасап, балмұздаққа қандай тәттіні қосу керектігін айтып жатқанда да көздерінен қуанышты байқайсың. Бірнеше сағат болса да, Гриша ағаймен бірге жұмыс істеп, балмұздақ сату ісімен жақынырақ таныстым. Керемет эмоция алдым.

 

Соңғы жазбалар

Қазақстанда мемлекеттік коммуникацияда жасанды интеллектті қолдану жөніндегі алғашқы цифрлы гайд жарық көрді

0
Астана мемлекеттік қызмет хабы «Мемлекеттік коммуникациядағы жасанды интеллект» цифрлық нұсқаулығын шығарды. Бұл – мемлекеттік сектордағы баспасөз хатшылары мен қоғаммен байланыс мамандарына арналған осындай алғашқы...

АҚШ-та тұңғыш рет қазақтардың құрылтайы өтеді

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Америкадағы қазақтардың тұңғыш құрылтайы 2025 жылдың 3 тамызында Нью-Йорк қаласында өтеді. Құрылтайды Нью-Йорк штатындағы «Қазақ Америка орталығы» ұйымдастырады. Орталықтың төрағасы Бейбітхан Бөрінің...

АҚШ-та білім алу: қазақстандықтар неге Американың білімін таңдайды?

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - ЮНЕСКО Статистика институтының (UIS UNESCO) мәліметінше, университеттер студенттерді тарту үшін жаһандық деңгейде бәсекелес болғандықтан, әлемде жоғары білімге деген сұраныс артып келеді....

Досқа да, дұшпанға да үлгі болған Имам Хомейни

0
АСТАНА. KazUnite - Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің мәдени істер жөніндегі кеңесшісі Али Акбар Талеби Матиннің Сейіт Рухолла Хомейни хақындағы мақаласын оқырман назарына...

Мемлекеттік органдар халықпен байланысты ЖИ арқылы жақсартады

0
Астанада орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар баспасөз хатшыларына арналған «Халықпен тиімді коммуникация үшін жасанды интеллект» тақырыбында үш күндік семинар-практикум өтті. Семинар барысында қатысушылар мемлекеттік...