МотивацияЛас-Вегастағы кездесу: 9 жасында Димаштың әндерін тыңдап, тілі шыққан Габриел

Лас-Вегастағы кездесу: 9 жасында Димаштың әндерін тыңдап, тілі шыққан Габриел

 

ЛАС-ВЕГАС. KazUnite – Төрткүл дүние көз тіккен кәсіпқой боксшылар Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің теңдесіз трилогиясында Қазақстанның Әнұранын шырқауға арнайы барған қазақ әншісі Димаш Құдайбергенмен америкалық жанкүйерлері кездесу өткізді. Осынау кездесу туралы Нью-Йорк тұрғыны Альмира Ерболаттың мақаласын сол қалпында оқырман назарына ұсынамыз.

Лас-Вегасқа Димаш келеді дегенді естіген соң бір жылдары Жапонияда тұрған кезімде әнімен жаныма демеу болған тұлғамен кездесуге асықтым. Димаштың Геннадий Головкиннің жекпе-жегі өтетін кешке келіп, Қазақстанның Әнұранын орындайтынын 14 қыркүйек күні кеште естідім. Жекпе-жек өтетін 17 қыркүйек күні спортсүйер қауым көп жиналатыны белгілі. Ондай кеште әншіні көру мүмкін бе? Дегенмен әншіні қалай да бір көріп, тілдесу үшін әлеуметтік желілердегі Димаштың жанкүйерлері жиналған топтарға көз жүгірттім. Сұрастырып көргенімде Димаш 15 қыркүйек күні кешкі сағат 20.24-те Лас-Вегас әуежайына қонатынын нақтыладым.

Бұрыннан Димаштың әнін тыңдап, оның тұлғалық болмысына тәнті болып жүргенмін. Қазақтың осынау жас жұлдызының жанкүйерлері әлемнің түкпір-түкпірінде бар екенін де білетінмін. Өзім орысша білмегендіктен, Қазақстандағы кейбір орыс тілді өнерсүйер қауымның тілін жете түсінбесем де, елдегі фан клубтар жайлы терең білмесем де, қытай, жапон, ағылшын тілінде сөйлейтін әлемнің түкпір-түкпіріндегі ерекше адамдардың басын қосқан Димаштың фан клубтарымен бұрыннан етене байланыста едім.  Димаштың әнін сүйіп тыңдайтын, соның арқасында қатерлі ісік ауруын жеңуіне көмектесіп, әлі де тіршілік кешіп жүрген қытайлық әйелді білемін. Қазақ әншісінің әндерін жинап, бейнероликтерін көрсе, оны өзге тілге аударып, әлеуметтік желілерге бөлісіп жүретін сол қытайлық әйел Димашқа жанкүйер болғаны үшін Дайдидау атанып кеткен екен.

Жапонияда, Америкада да дәл осылай тағдырын Димашпен байланыстырған адамдардың біршама екенін естіп жүретінмін. Олардың көбі Димаш қайда болса, сонда іздеп баруға бейіл. Америкаға жолы түссе, қай штатқа, қай қалаға келгеніне қарамастан алып ұшып барып, алдынан шығатынын айтпағанда, Қазақстандағы концерттеріне де қаншама мың адамның іздеп барғанын білесіздер. Оның қасында Нью-Йорктен мына тұрған Невада штатының Лас-Вегас қаласына Димаш үшін бару дегеніңіз не тәйірі!?

Димаштың Лас-Вегасқа келуіне бір күн ғана қалса да, әуежайда америкалық жанкүйерлерімен бірге көк туымызды ұстап, қарсы алу үшін қалай да үлгеруім керек болды.

Америкада көп жерге саяхаттап жүрсем де, Орталық штаттарға, оның үстіне өзім жалғыз барып көрмегенмін. Әлемдегі ірі ойын-сауық ошақтарының бірі саналатын Лас-Вегасқа бару былайғы кезде сәл қорқынышты көрінетінін несін жасырайын? Бірақ бұл кезде менде Димашқа деген құрмет, Димашқа деген ілтипат, Димашқа деген жанкүйерлік сезім қорқынышымды су сепкендей басты.

Нью-Йорк пен Лас-Вегастың арасы 4 141 шақырым. Егер екі қаланы жалғау үшін көлікпен барсаң, 41 сағат, велосипедпен 10 күн, пойызбен 3 күн уақыт жұмсауға тура келеді. Ал ұшақпен, әлбетте, 5 жарым сағатта жетуге болады.

«Әрі кетсе түнімен ұйықтамаспын, Димаштан бұрын Лас-Вегас әуежайына жетіп, көк туымызды желбіретіп ұстап тұрсам болғаны» деген оймен жанталаса билет іздедім.

Димаштың фандары жиналған әлеуметтік желілердегі топтарға кіріп, “кім барады?” деп сұрағаным сол еді, жан-жақтан көп адам хат жаза бастады. Бірі қытай, бірі америкалық ақ нәсілді азаматтар, бірі мексикалық әйел, тағы бірі Азияның бір елдерінен, Еуропадан келгендер…

Менің асыға билет қарастырып жатқанымды естіп, бір қытайлық қыз менімен бірге билет іздей бастады. Лас-Вегаста “бұзықтар” көп екенін айтып, сақтандырып дұрысырақ қонақүйге түсуге кеңес берді. Онымен қоймай, сағаттап отырып, өзі іздесіп, билет алдық.

Ал АҚШ-тың басқа қалаларынан Димашты көру үшін Лас-Вегасқа барғалы отырған әншінің жанкүйерлері менің жақсы жетуімді, шаршап қалмау үшін неше сағат демалуым керектігін, қайда кездесетінімізді жазып, байланысты үзбеді. Болмысы ерекше әншінің жанкүйерлері де бөлекше екенін мен сол кезде тіпті терең сезіне бастадым.

15 қыркүйек. Лас-Вегас әуежайындамыз.

Жолда келе жатқанымда жанкүйердің бірімен тілдескенімде Димашты көру үшін баласын ертіп барғысы келетінін, бірақ баласы аутизммен ауыратынын айтты.

«Әуежайға баламмен баратынымды айтқанымда Димаштың жанкүйерінің кейбірі «елдің мазасын аласың, балаға сақ бол» деп жатыр. Бірақ Димашты менен бұрын балам көргісі келеді», – деді.

Фото Альмира Ерболаттың жеке мұрағатынан / Димаштың жанкүйері Нэнсимен

Оның есімі Нэнси. Габриел атты ұлы аутизммен ауыратындықтан, тоғыз жасына дейін тілі шықпапты. Сөйлегені екі жасар балаға ұқсаған көрінеді. Баласын жалғыз өзі асырап-жеткізуде. Бірде баласының үйде интернетті қосып қойып, Димаш Құдайбергеннің француз тіліндегі SOS әнін бір сөзін бұзбай орындап тұрғанын көрген анасы өз көзіне өзі сенбепті. Сол күннен бастап ол Димаш деген қазақ әншісі бар екенін біледі. Күн өткен сайын оның “репертуарындағы” Димаштың әндерінің қатары көбейе түсуде. Димаш қай тілде ән айтса, соны жаттап алады. Арасында орыс, қытай, қазақ әндері де бар. Сол Димаштың бір әнін үйренген уақыттан бері, міне, бір жыл өтіпті. Содан бері баланың тілі шыға бастаған. Күндіз-түні тыңдайтыны Димаштың әндері.

Мұхиттың ар жағында тұрып, баласының емделуіне, тынысы ашылуына осынша ықпал етіп жатқан, бір құдірет тылсым күшпен байланыстырған Димашты Нэнси қалай құрмет тұтпасын?! Содан, міне, Димаш келетінін ести сала, ол да алып-ұшып баласын алып, Димашты көруге бармақ. Баласы Габриелдің күнде монитордың ар жағынан көрсе де күш беріп, рух беріп жүрген тұлғасы Димашты шынайы өмірде көруіне мүмкіндік жасамақ. Мұндай мүмкіндіктен бас тарту мүмкін бе?

Габриел жайлы, Димаштың Габриелдің тағдырына қалай әсер еткені жайлы жан-дүнием тебірене тыңдаған мен Нэнсиді қолдай кеттім.

«Біздің Димаш басқа адамдарға ұқсамайды, ол Габриелді көріп қуанады. Баланы алаңдамай алып келе беріңіз», – деп дем беріп қойдым.

Нэнси менің келуімді асыға күтіп, алаңдап әуежайға жетіпті. Әуежайда Габриел менің ата-бабам Димаш туған елден екенін, Димашқа жаттығы жоқ адам екенімді сезгендей, маған қарай асыға жүгірді. Құшақтастық. Нэнси баласының мені жақын тартқанына аздап таңданғандай болды.

Сонымен әуежайда тұрмыз. Бәрі Димаштың жанкүйері. Барлығы – америкалықтар. Арасында мен ғана қазақпын. Қазақ екенімді құрметпен көрсеткім келіп, үстіме қазақы камзол киіп алғанмын.

Байқауымша, айналамдағы жанкүйердің бәрі Димаш үшін, оны көру үшін барынша тырысқан адамдар екен. Олардың қасында менің Нью-Йорктен ұшып жеткенім түкке тұрмайтын сияқты. Әуежайда он адам тұрса, олардың Димашқа жанкүйерлік тарихы он түрлі. Бәрінің әңгімесі тұлғаға шын жанкүйер болу адамды қалай биіктететінін дәлелдеп тұр.

Алда әр жанкүйердің Димашпен байланысы жайлы жазсам деймін. Бүгінше жүрегімді толқытып, мені де, осы оқиғаны көрген, естіген елді де тебіренткен Габриел жайлы жазғым келеді.

Сағат 20.24-те Димаш ұшақтан түсуі керек-тұғын. Айналамнан өзіммен бірге көк туымызды ұстап тұратын қазақ таппағанадықтан, сондағы бір әйел адамға менімен бірге туымыздың бір шетін ұстап тұруын өтіндім. Димаш мұхит асып ұшып келіп, Лас-Вегас әуежайында түскенде көк туымыз көзіне жарқ етіп көрінсе, қуанатынын жеткіздім. Димашты қуантуға себеп болуға бәрі ынта танытты. Бір әйел екеуміз туды ұстап тұрдық.

Мен оған «Туды жоғары ұстап тұрыңыз, қазақта әдеп солай», – деп түсіндірдім.

Ол кісінің қолы талып, тудың бір жағы сәл түсе бастаса, «көтеріп, туды керіп ұстайықшы», – деп өтініп қоямын. Арасында әзіл-қалжыңмен жеткіземін. Қолы талған әйел қос қолын кезек-кезек алмастырып, менімен бірге Қазақстан туын биік ұстап тұрды.

Сағат 20.24-те келуі керек болған ұшақты 21:30-ға дейін күттік. Димаштың әуежайда екенін білгенімізбен, оны таба алмай, әрі-бері жүгіріп, біраз іздедік. Габриел Димашты көпшілік ішінен бірінші болып тауып алды. Сүйікті әншісі өзіне қарай жүгірген кішкентай баланы құшақтап, 10 секундтай тұрды. Бірақ ол баланы өзіне байлап тұрған бір тылсым барын әнші ол кезде әлі де білмейтін еді (бәлкім, іштей сезген де шығар).

Димаш жанкүйерлерімен дидарласып, олардың сұрақтарына жауап беріп, 15 минуттай жанымыздан табылды. Қасымдағы адамдардың көбін Димаш та танитын болып шықты. Олардың кейбірі «мені таныдың ба?» деп, мәре-сәре болысты. Димаш олар үшін тағдырына әсер еткен ерекше тұлға екенін, бәрі Димашты қастерлеп, қадірлейтінін сол кездегі әңгімелерінен де тереңірек түйсіндім.

Бір сәтте Нэнси сөйледі. Ұлы Гарбиел тоғыз жасқа дейін дұрыс сөйлей алмағанын, Димаштың әндерін тыңдағаннан бері сөйлеу мәнері жақсарып қалғанын айтып, толқыныспен көзіне жас іркілді. Осыны естігенде Димаш өзі ұзақ жолдан шаршап-шалдығып жетсе де, жасы кіші болса да кісілік танытып, орнынан тұрып, балаға қарай жүрді. Габриелді мейірімге, ерекше жылылыққа толы құшағына қысты. Сәл кідірді де, сәлден соң:

«Менде қазір саған беретін ештеңе жоқ екен. Саған сыйлығым осы болсын», – деп, үстіндегі костюмін шешіп, Габриелдің арқасына жапты.

Костюмді киіп, көзінен бақыт оты ұшқындап тұрған баланы көрген жанкүйерлердің кейбірінің көздері жасқа толды. Димашпен өткізген сондағы әр минут, әр секунд қаншалықты бағалы десеңізші. Онда бір ауыз артық сөз айтылмады. Жүрек бір рет те әдеттегі реттік соғысымен соққан жоқ. Әр секунд толқынысқа, тебіреніске, тылсым әлемнің сөзбен айтып жеткізгісіз бақытына толы болды. Ол бақыт сол жерде жиналған Димаштың жанкүйерлерінің бәріне ортақ бақыт еді. Бәрі қуанып, ерекше әсерленіп тұрған болатын.

Головкиннің командасындағы қазақ қыздары асықтырып, Димашты әрі қарай ертіп кетпегенде сол сәт, сол сезім жалғаса берер ме еді.?

Әншімен жол екіге бөлінген соң оның жанкүйерлері Димашпен кездесуден алған әсерден арылғысы келмеді ме, тарамай біраз тұрды. Одан кейін бәріміз бірге тамақтануға бардық. Димаштың өзіне, фанаттарына қатысты нешетүрлі сырға толы жан тебірентерлік әңгімелер айтылды. Иә, Димашпен араларындағы рухани байланысты сақтау үшін, рухани биіктен төмендемеу үшін еңбектенген екен олардың әрқайсысы. Олардың арасында Димаш үшін ештеңе істемеген мен ғана сияқтымын.

Димаштың костюмін киген кішкентай Габриел аутизммен ауыратындықтан, тынышсыздау бала болатын. Бірақ костюм киген сәттен бастап өзгеріп сала бергенін сездік. Сабырлы, жаймашуақ күйге енгендей көрінді. Үстіне киген үлкен костюмді қуана сипалап, анасын құшақтап, қуанышы қойнына сыймай жүрді. Баласының қуанышын көрген Нэнси тағы да көзіне жас алды. Артынша Димаштың әлеуметтік желілердегі суреттерін көріп, оның Америкаға келмей тұрып, Рим папасымен кездескенде дәл осы костюммен жүрген екен. Енді мұхит асып келіп, Рим папасының батасы сіңген костюмді Габриелге сыйға берді. Мұны мұғжизаға балаған Нэнси Димаш әлемі арқылы баласының бақытты өміріне жол ашылып жатқандай қуанды…

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Nancy B Ceniceros (@tulip_daisy_18)

Mен Лас-Вегасқа Головкиннің жекпе-жек кешінде ән айтатын Димашты көру үшін ғана барғанмын. Мен сияқты Димашты көру үшін ғана Лас-Вегасқа барған, барғысы келген Америкадағы әр елдің азаматтары көп еді. Алайда жанкүйерлердің біршамасы 23 қыркүйек күні Алматыда өтетін Димаштың концертін көруге баратынын жазып жатты.

Бір Димаштың концерті үшін Қазақстанға қаншама шетел азаматы барғанын білесіз бе? Бір Димаштың туған жерін, өскен ортасын көріп, Димаштың табаны тиген жермен жүріп өту әлемнің әр бұрышындағы қаны, жаны, нәсілі бөлек қаншама мың адамға арман десеңізші.

Көбіміз Димашты “қазақтан шыққан жарық жұлдыз” деп мақтанышпен айтамыз. Ал Димаштың көптеген америкалық жанкүйері онымен өмір сүреді. Олардың көбі Димашты өз тағдырына ықпал еткен тұлға деп құрметтейді. Америкада мен көрген Димаштың әрбір жанкүйерінің оған қатысты бір-бір тарихы бар дейтінім осыдан.

Оның жанкүйерлері бірін-бірі бір адамындай қорғайды. Бірін-бірі түсінеді. Бірін-бірі құрметтейді. Олардың осындай биіктігіне сөзсіз Димаштың биік болмысы ықпал етеді.

P.S: Бүгін ғана Нэнсимен сөйлестім. Ол ұлы Габриелді ертіп, Қазақстанға 23 қыркүйек күні болатын Димаштың концертіне барғалы жатқанын айтты.

Ал Габриелдің Лас-Вегаста Димашпен кездескен сәттегі фотоларын Димаштың фанаттарының әлеуметтік желідегі топтарына бөліскенімде көпшіліктің көңілі босап, «Кішкентай періштенің үлкен періштемен қауышуы» деп жазып жатты…

Сол сәтке куә болғаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

Альмира Ерболат,

Нью-Йорк қаласының тұрғыны

Материалды көшіріп жариялаған жағдайда міндетті түрде kazunite.com порталына гиперсілтеме қою керек. 

 

Соңғы жазбалар

ОРЫС ӘСКЕРІ НЕГЕ ӘЛСІЗ?

0
KazUnite / Нұржан Байтас - Ресейде мобилизация басталғалы ірі қалаларындағы жөнін тапқан ер азаматтары елінен кетіп жатыр. Ресейден ебін тауып кетіп қалуға бет алған...

Қазақтарға ғана құшағын ашқан америкалық бала

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Лас-Вегас әуежайында Димаш Құдайбергенмен кездескен америкалық жанкүйерлердің арасындағы қазақ әншісінің мейіріміне бөленген Габриел есімді ұл баланы қазақтармен нендей тылсым байланыстыруы мүмкін? Бұған...

Ашық аспан астында: Қызылорданың мерейтойы этно бағытта өтті

0
ҚЫЗЫЛОРДА. KazUnite - Ұлыстың бекемдігі үшін қазақ баласын жастайынан мергендікке баулыған. Жебесі үш жүз құлаштан асып нысанаға тиген батырлар жайлы тарихымызда талай дерек бар. Тіпті...

Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Нью-Йоркке келді

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясына қатысу үшін Нью-Йоркке жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті. Мемлекет...

Алтай – адамзат өркениетінің төртінші ошағы. Катонқарағай құпиясы 

0
Мұзтаудан көтерілсе серпіліп күн, Сарғайып күткендердің дертін ұқтым. Өр Алтай бес мың жылдан бермен қарай, Отаны ғұн мен сақ, ер түріктің. © Төлеген Рақымжанұлы ШҚО. KazUnite -...