МотивацияҰялшақтық – тіл үйренудегі тосқауыл (аудио)

Ұялшақтық – тіл үйренудегі тосқауыл (аудио)

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Көп тіл білу қашан да адам баласының мүмкіндігін кеңейтетін факторлардың бірі. Қарапайым тілмен айтқанда, бірнеше тіл білген адам бірнеше елде жұмыс істеп, табысқа жете алады, бірнеше тілде ақпарат алып, ой өрісін кеңейте алады, бірнеше тілде сөйлейтін адамдармен дос, әріптес бола алады.

Қазіргі жаһандану жедел жүріп жатқан заманда көп тіл білудің қажеттілігі бұрынғыдан да артқан. Ағылшын тілінің әлемдік қатынас тіліне, қытай тілінің әлемдік бизнес тіліне айналғаны секілді сұранысқа ие әр тілдің берер игілігі де әртүрлі.

Қай тілді үйренсеңіз де, ол сізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны анық.

Ал тіл үйренуде жақсы нәтижеге жетуге ықпал ететін факторлардың бірі – адамның өжеттігі.

Бұл – ұялшақтық адамның жаңа тіл меңгеруіне елеулі кедергі келтіреді деген сөз. Біз өз тәжірибеміз бойынша түйген бұл ойды ғалымдар да жоққа шығармапты. Multilingual болуды, яғни көп тілде сөйлеуді адам сапасын арттыратын бір көрсеткіш деп таныған АҚШ-та ғалымдар ұялшақтықтың тіл үйренуге кедергі келтіретінін өткен ғасырда-ақ нақты зерттеулермен дәлелдеп кеткен екен. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша, үйреніп жүрген тілде сөйлеуге ұялу тіл игеру процесін 26%-ға кешеуілдететін көрінеді.

Бұл – ой саларлық дерек. Бір мінезіңізге бола тіл үйрену процесін 26%-ға кешеуілдету дегеніңіз тіл үйренем деп жүргендегі еңбегіңіздің, шығындарыңыздың төрттен бірін далаға кетіру емес пе? Ендеше, тіл үйренуге 26% зиян келтіріп отырған мінезіңізбен қалай күреспейсіз? Ол тіл үйренуіңізге ғана емес, табысқа, жетістікке жетуіңізге де кедергі келтіріп тұр ғой.

Осы тұста адамға ұялшақтығы тіл үйренуде қалай кедергі болуы мүмкін, тіл үйрену дегеніңіз білім алу, ал адам білім алуға ұяла ма… деген секілді сұрақ туындауы мүмкін. Бірақ адам ұялады екен. Ұялшақтар үйреніп жүрген тілінде өз ойын жазуға, сөйлеуге, дауыстап оқуға ұялуы мүмкін. Көбінде олар «менің дыбыстауым (pronunciation) дұрыс шықпай, өзгелер күле ме, қате жазып қойып масқара боламын ба?» деп тартыншақтауы мүмкін.

Өзіне сенімсіздікке құрылған бұл негатив ой көбіне перфекционистерде де болады. Яғни, бәрін жоғары деңгейде жасауым керек, не мүлде жасамауым керек деп, өз алдына биік жар қойып алатын перфекционист адамдардың да тіл үйренуі басқаларға қарағанда ұзаққа созылады. Өйткені ол алдындағы жарды ғана көріп, «тамаша сөйлемесем мүлде сөйлемейін» деп жүріп, үйреніп жүрген тілінде сөйлеу бойынша мүлде тәжірибе жинай алмайды. Сөйлемеген соң дұрыс дыбыстауға тілі жаттықпайды. Өйткені сөйлеуге, дұрыс дыбыстауға қатысы бар тіл мен жақ та – бұлшық ет. Жаттығуды қажет етді.

Ұялып, өзі үйреніп жүрген тілде сөйлемеу және жазбау салдарынан адам бөтен тілді жатсыну сезімінен арыла алмай жүреді. Мұны «тіл алдындағы қорқыныш» деп те айтады.

Бір жақсысы, тіл үйрену барысында кедергі келтіретін ұялшақтықпен күресудің амалдары бар. Бұл жайлы психологтар да, коучтар да, тіл оқытушылар да, тіпті тіл үйренушілер де өз тәжірибелері негізінде жазып та, айтып та жүр. Солардың бірсыпырасына тоқталайық.

Сонымен, тіл үйренуге ұялшақтық кедергі келтірмеуі үшін не істеу қажет?

Біріншіден, тіл үйренген соң «сіз неге жетесіз, ол сізге қандай пайда әкеледі?» деген секілді позитив факторларға көбірек көңіл бөліңіз. Яғни өз алдыңызға қойған мақсатыңыздан, арманыңыздан мотивация алыңыз. Сіз үшін «қате сөйлеп қойсам, өзгелер күлмей ме?» дегендегі өзгелердің ойынан гөрі өз болашағыңыз, алда жетер табысыңыз, арманыңыз артық екенін түсініңіз.

Екіншіден, тіл үйрену табиғи процесс екенін және ол бастапқыда кемшіліксіз болмайтынын мойындап, ақылмен қабылдаңыз. Кішкене сәбидің тілі шығып жатқанда ол да бар дыбысты бірден таза айта алмайды. Қателесіп жүріп сөйлеп үйренеді. Өз ана тілі болмаған соң жаңа бір тілді үйреніп жүрген адам да сол тіл алдында жас бала сияқты. Демек, оның да бірдеңелерді қате атап, шатасуға, дыбыстауда тілі келмей күрмелуге, қобалжуға, қателесуге хақы бар. Бұл – табиғи жағдай.

Үшіншіден, егер сіз жаңа тіл алдындағы қорқынышты  жеңе алмай, сол тілде не сөйлемей, не жазбай жүрсеңіз, сіз тілдік барьерді ешқашан жеңе алмайсыз. Қалай да қателесіп жүріп болса да, ол кедергіден өтуіңіз қажет. Дұрыс сөйлеу тәжірибе арқылы келеді. Осыны түсініңіз.

Төртіншіден, бөтен тілде сөйлеу кезіндегі ұялшақтықты жеңу арқылы сіз өз бойыңыздағы үнемі кері тартып тұратын ұялшақтықты жеңе бастайсыз. Демек, жаңа тіл үйрену арқылы сіз ашыласыз. Бастысы көбірек жұмысқа ұмтылып, табыс табу, өзге елдерде қыдырғанда аудармашысыз жүру, өзге тілдердегі қызық, пайдалы дүниелерді  түпнұсқадан оқу, тыңдау, ақпарат алу сияқты игіліктермен бірге сіз тұлға ретінде дамисыз. Сондықтан ұялшақтықты жеңуге ұмтылыңыз. Жалғыз отырғанда ғана күбірлемей, өзгелермен сөйлесіп тәжірибе жасауға талпыныңыз.

Бесіншіден, өзімшіл болып, өзіңізді ғана ойламаңыз. Бәрі сізге ғана қарап тұратындай, сізден басқа ісі жоқтай көрмеңіз. Әркімнің өз шаруасы, өзіне тән кемшіліктері бар. Демек, сіздің қате сөйлегеніңізде олардың шаруасы жоқ. Үйреніп жүрген тіліңізде тартынбай сөйлей беріңіз, әлеуметтік желіде пост жазыңыз, өз ойыңызды сол тілде жеткізуге тырысыңыз.

Сонымен, тіл үйренем, сол жолда табысқа жетем десеңіз, ұялшақтықты жеңіңіз. Әйтпесе еңбегіңіздің 26 пайызы далаға кетеді.

 

© Фото ашық көздерден алынды

 

Соңғы жазбалар

ГРАФ МОНТЕ-КРИСТО – КЕШІГІП ҚАЙТҚАН КЕК

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Кездейсоқ қазынаға тап болған адамның ақшасы көбінесе қолға ұстаған мұз тәрізді еріп кетеді. Ал мақсаты бар адамның қолында ол мүмкіндіктер мен...

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары басталды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк қаласындағы жұмыс сапары басталды. Сапар барысында ол БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйлейді. Сондай-ақ ҚР Президенті «Орталық...

Орталық Азия мен Кавказ елдерінің үкімет өкілдері Корея Республикасының озық цифрлық тәжірибесін зерделеуде

0
Орталық Азия және Кавказдың жеті елінен келген 20-дан астам мемлекеттік қызметшіден тұратын делегация мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметтерді табысты цифрлық трансформациялау үшін озық тәжірибелер,...

Бәсекелесі жоқ бизнес – кәсіпкер Кемелбек Әбдуәлімен сұхбат

0
KazUnite - Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату – көптен бері келе жатқан кәсіптің бірі. Халық өнеркәсіпшілігіне аса мән берген қазақ халқы тері...

Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Семей маңындағы ауылына сәлем жолдады

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Америкадағы өмір салт-дәстүрге, қазақтың ұлттық құндылығын тереңірек тануға деген қызығушылықты арттырды». Бұл туралы Нью-Йоркте тұратын қазақ қызы Розлана Ерғалиева айтты. «Адамға жүрген...