Мотивация«Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды»: New York Film Academy құндылығы...

«Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды»: New York Film Academy құндылығы неде

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының және Ауа райы болжамының жүргізушісі, «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері, New York Film Academy түлегі Арай Канапьяеваның Нью-Йорк қаласындағы New York Film Academy туралы авторлық мақаласын оқырман назарына сол қалпында ұсынамыз.

Ұстаздар «Аясаң, аяма» қағидасын ұстанады

New York Film Academy-де білім алу кезінде ми еріксіз ширады. Күнделікті бірқалыпты өмірден шығу өз алдына, жаңа дағдыларды үйрену тіпті әбігерге салды. Неге десеңіз, мәселенің мәнісі мынада жатыр, бұған дейін елде телеарнада тек эфир жүргізумен шектелмей, сюжет редакторы, қонақ редакторы, үйлестіруші сияқты қызметтерін атқарып, монтаж, түсірілім, кодировка сияқты жұмыстарды көрдім. Бет бояйтын да шаруа қолдан келетін. Бірақ 20 келілік камераны қолда ұршықша айналдырамын деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмепті. «Қажет болса, түсіре аласың» десе де, сенбес едім. Осы ретте «адамның жасағанын адам жасай алады» және «шын, қаласаң, жасайсың» дегенге көзім анық жетті.

Сонымен, академиядағы алғашқы күн танысу форматында өтті. Кіріспе сабақтың ертесінде ұстаз Daniel Hernandez-Alonzo камераның жалпы құрылысымен, негізгі тектіктерімен, функциясымен таныстырып, 12 студентті 4 топқа бөліп, бір-бір қара жәшікті қолымызға ұстатып қоя берді. Алғашқы тапсырма 60 секундық КСМ түсіру болды. Алғашқы түсірілімге мұғалім өзінің ассистентімен бірге шықты. «Көмектесетін шығар» деп ойлағанмын. Жоқ, «Аясаң, аяма» қағидасын ұстанды ма, камераны қолға берді де, алыстан бақылап отырды. Қанша қасарысса да, миға бұл ақпаратты қабылдауға тура келді.

Бұл ғана емес, жарық қою және оны пайдалану, микрофон мен петличканы қолдануды да меңгердік. Адам бұлшық етінің есте сақтау қабілеті (мышечная память) соншалықты мықты екен ғой, күнделікті бір нәрсені қайталай беріп, алғашқыда ауыр деген камераны аз уақыт ішінде шашып, қайта құрайтындай деңгейге жеттік. Монтаж жасауда да тура сондай деңгей. Материалға алғашында көзіміз бақырая қарайтын едік, уақыт өте келе, видеоны сарт-сұрт кескілеп, келістіретін деңгейге қадам бастық.

Жалпы, оқу барысында әр студент бір өзі түсіру, кейіпкермен келісу, монтаж, ксм жазу, дыбыстау, дыбысты тазалау сияқты дағдыларды меңгерді. Конвергентті журналистикамен жақыннан таныстық. Ол аздай аудио подкаст жасап, америкалық стандартқа сай жаңалықтар топтамасын жасадық. Өз басым жаңалықтарды ағылшын тілінде жүргізіп, продюсер және оның ассистенті қызметін қатар атқарып көрдім. Сөз жоқ, мықты тәжірибе болды.

Мүйізі қарағайдай майталман мамандар дәріс оқыды

Оқу барысында адамдармен қарым-қатынас тілін қайта үйренгендей болдық. Өйткені түсірілімге қажетті кейіпкер табу үшін үнемі ізденіс үстінде жүрдік. Қазақстандағыдай «нөмірін берші, сұрап берші» деу жоқ. Бәрі бөтен, бәрі бейтаныс. Танысып, білісіп, контакт көбейе түсті.

Практик мамандар дәріс оқыды. Мәселен, Zlatka Andorova. Ол – promo editor, freelancer, яғни бізше айтқанда, анонс жасайтын маман. Осыдан 11 жыл бұрын Facebook-қа 5 секундтық роликті 5000 долларға жасаған екен. Сіз бен біз білетін NBC Sports, TeenNick, Nickelodeon, IFC, AMC, WEtv, Sundance, BET-Jazz, CBS College Sports Network, NCAA және ESPN2 сияқты алпауыт медиакомпаниядарлың анонсында осы Златканың қолтаңбасы бар.

Тони Харристың дәрісі де ерекше есте қалды. Әл-Жазирадағы жұмысы, қауіпті аймақтан ақпарат тарату туралы айтқан фактілері елең еткізді.

Оқу барысында байқаған дүниенің бірі – мұндағы кез келген бағдарламаның жүргізушінің бет-бейнесімен кеңейе түсуі. Басында арна жүргізушіге жұмыс жасаса, кейін жүргізушінің бет-бейнесі арнаны байытады. Бағдарламар, тіпті жаңалықтардың өзі жүргізушінің атымен аталады. Мәселен, NBC Nightly news with Lester Holt, Live with Kelly and Mark.

Танымал шоу түсіріліміне көрермен ретінде қатыстық

Оқу уақытынан тыс Live with Kelly and Mark, The View сияқты шоулардың түсірілім барысына көрермен ретінде қатыстық. Ішкі жұмыс процесі қызық, әрине. Бізді тек тамашалап қайтудың өзі еріксіз таң қалдырды. Шоуға жай көрермен ретінде қатысу үшін кемінде екі апта бұрын тіркелесіз. Далада ұзын-сонар кезек. Студияда бос орын жоқ. Көрерменнің көңілін табатын арнайы маман бар. Күлдіреді, интерактив жүргізеді. Кем дегенде 100-150 адам ешкім күштемей-ақ (тегін) көрермен ретінде бағдарламаға қатысады. Кезекте де бәрі таласпай, шаршамай тең тұрады.

Жасанды интелектке қарсы strike-ты да көрдім. Сол туралы бейне материал дайындадым. Таң қалдым да. Наразылық білдіріп, орталыққа шыққандарды сырттан арнайы күш келіп, басып жаншымады. Бәрі мәдени түрде ұйымдасқан. Ой-пікірлері айтылды, естілді. Наразылық білдірушілерге бар жағдай жасалыпты. Ұсақ-түйек болуы мүмкін, бірақ кофе, тіске басар, плакат, мерч, т.б дайындықтары көзге түсті. Әркімнің өз ойын айтуға құқы бар. Айтылу да керек дегенді көзбен көрдік. Бгл ЖИ мәселесі әлі де өткір. Түрлі пікір бар. Оң шешімін табады деген үміттемін.

Осылайша, 95% пайыз практикадан тұрған академиялық сағаттар әрі-бері жүгіртті, ширатты, сананы да сәулелендірді. Теорияда алған білім мен тәжірибені бірден қолданбасам да, ыңғайына қарай әр дағдыны өз уақытында кәдеге жаратармын деп үміттенемін. Мұның бәрі бекер емес шығар, сірә.

Тони Харристың дәрісінен түйгенім:

Қандай да бір істің қайыры бар. Адамнан әрекет, Алладан берекет. Кез келген жұмысты ынта-шынтамен, құлшыныспен, есепсіз істеу керек, сонда ол жемісті болады. Журналист я жүргізушіге тек студияда отырып хабар тарату міндет емес. Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды. CNN-нің тура оқиға орнынан студия жасап, ақпарат тарататыны бар.

Айта кету керек, осы бір тәжірибені Ұлттық арна Батыс Қазақстандағы су тасқыны кезінде жүзеге асырды.

Үздіксіз білім алу керек. Көрерменнің санасын сәулелендіру үшін жүргізуші де білімін жетілдіріп, жаңалап отыруы шарт.

Осы орайда айта кетейін, қаншалықты орынсыздау болса да, группаласымыздың бірі Тони Харриске «жұмыстан басқа не істейсіз? Той, кеш жүргізесіз бе?» деген сұрақ қойды. «Оның еш қажеті жоқ. Бар назар, фокус жұмыста және оның сапасында», – деді Харрис.

Бетегеден биік, жусаннан аласа ұстаздар

Оқу барысында «Эмми» сыйлығын алған телепродюссер, Американың жергілікті және ұлттық арналарында (NBC, ABC) ұзақ уақыт қызмет еткен Robert Ferraro сабақ берді. Жаңалық жасауды және мәтін жазу мен редакциялауды үйретті. Ой деген ана тілде сайрап тұр, алғашында ағылшынша мәтін жазу оңай болмады. Қанша қиналсақ та, қасынан қалмай, берген білімін сіңіруге тырыстық. Ол да үйретуден жалықпады.

Телепродюссер, сценарист, режиссер Bill Einreinhofer ұстаз да дәріс берді. Біз жасаған барлық деректі фильмге өз бағасын берді. Америка телевизиясының тарихымен таныстырған да осы профессор еді.

Жалпы, шетелде оқудың бір артықшылығы да осы шығар, ұстаз сені сынамайды. Кез келген пікірді бірінші сенің артықшылығыңнан бастап, сөз соңын BUT (Bill Einreinhofer тәсілі) «мынаны-мынаны қоссаң, ескерсең, бұдан да күшті фильм жасай аласың», – деп тәмамдайды. Осылайша, айтылған сын да жақсы сіңеді. «Ойым қате болады-ау, артық сөйлемейін-ау» деген қорқыныш болмайды. Сондықтан іркілмей айту керек. Осы ойыңның бар болғаны үшін де құндысың. Білім іздеп келдің бе, сұрауға құқылысың. Қайта осыны сұрағаның қайта жақсы. Ешкім артық не кем емес, бәрі бірдей. Ондағы түсінік осындай.

Студенттен қымбат техниканы аямайды

Тағы бір артықшылығы – практиканың көп болуы. NYFA-да құны мыңдаған долларлық білім алуға қажетті құрал-жабдық қолыңа беріледі. Студент бәрін өз қолымен ұстап, өзі түсіріп, құрап, жинап көруі шарт. Қолданбаса, көзбен көрмесе, қалай үйренеді? Онда «қымбат техниканы олар қалай қорықпай береді?» деген сұрақ та туындайды. Бірақ бәрі сақтандырылған. Форс-мажор шартта жазылады, ескеріледі. Осылайша, студент емін-еркін шығармашылықпен айналысады. Кейде қателесесің, қателесу арқылы, өз қатеңді өзің түсіну арқылы ой түйесің. Өз материалыңа өзің жауапкершілік аласың. «Видеоны оператор түсірмепті» деген сөз жүрмейді. Өйткені оператор да өзің. Мұндағы оқу бір жағы кінәні әркімнен іздемей, өзіңмен ғана алысуды үйретті.

Жүкті келіншекке зілдей камераны көтеру оңай болмады

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының шетелде кәсіби біліктілікті арттыруға арналған тағылымдамасының оқу ұзақтығы – 10 ай. Бастапқы кезде көкейде «видеоны өзім түсірсем, оператор не істейді? Монтажды да өзім жасасам, мен үшін қаншама адам жұмыстан шыға ма?» деген сұрақтардың болғанын несіне жасырайын. Екіншіден, шынымен де ми қатты қарсыласты. Бұл жерге дейін бұрын аудионы өз бетімше тазалап та көрмеген едім. Салмағы кем дегенде 20 келілік камераны нәзік жандылығыңа қарамастан қолыңа ұстатқанда жылауға шақ қалады екенсің. Зілдей камераны көтеру жүкті келіншекке тіпті оңай болмады. Десе де, шүкіршілігімді айтып, бар ынтаммен оқыдым. «Бұл қаншама адамның арманы ғой. Кесірленбе, шүкір де» деп өзімді қамшыладым. Жаратушы да жәрдемдесті, күш берді. Біраз уақыттан кейін сол сәттен ләззат алып, камераның ауырлығын да сезбей, қуана оқыдым. Қазір еске түсірсең, соның бәрі көрген түс сияқты өте шықты. Баға жетпес тәжірибе жинадық. Қолға күректей дипломды алғанда көзге еріксіз жас тұнды. «Еңбек бәрін жеңбек» дегендей, табан ет, маңдай теріміз еш кетпеді.

Әзірге декреттік демалыстамын. Бұйырған күні жұмысыма қайта кірісемін. Қазір уақытты тиімді пайдалануға тырысып жүрмін. Ағылшын тілін сол ортада жетілдіріп, алда америкалық әріптестермен іскерлік байланыс орнатсам деген ниетім бар. Бір орында тұрып қалмай, ой түкпіріндегі жоба-жоспарды әлемдік тәжірибеде іске асыруға дәмелімін. Ұшқыр қиял, жүйрік ой оның бәріне жетіп-ақ тұр, дегенмен оған қолымыздың қаншалықты жететінін уақыт көрсетер.

Арай КАНАПЬЯЕВА,

Журналист, New York Film Academy түлегі

 

Соңғы жазбалар

Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының әкімі болып этникалық қазақ тағайындалды

0
БАЯН-ӨЛГИЙ. KazUnite - Моңғолия премьер-министрінің бұйрығымен Баян-Өлгий аймағының әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды. Бұл туралы Kaznews ақпарат агенттігі хабарлады. Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жаңадан сайланған Баян-Өлгий...

TPAМПлин бe, тықыp тaянy мa: Дoнaльд Tpaмптың билiккe кeлyi әлeмгe қaлaй әcep eтeдi

0
HЬЮ-ЙOPК. KazUnite - Қaй кeз бoлcын әлeмнiң нaзapынaн әcтe тыc қaлмaйтын Aмepикa Құpaмa Штaттapы биылғы қapaшa aйы бacтaлғaлы бepi тiптeн жaһaнның бacты жaңaлығынaн түcпeй...

Қазақстанда Мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер болып жатыр

0
АСТАНА. KazUnite - Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде...

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті

0
АСТАНА. KazUnite - Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі...