МотивацияҚазақ жастары АҚШ-тың кез келген ірі компаниясында жұмыс істей алады – Әнуар...

Қазақ жастары АҚШ-тың кез келген ірі компаниясында жұмыс істей алады – Әнуар Хамзин

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – АҚШ университеттерінде сапалы білім алып, әлемдік компанияларда қызмет істеу үшін кез келген адамға жол ашық. Ол үшін талпыныс қажет. Қазақтың талай баласы мұны нақты іспен дәлелдеп жүр. Солардың бірі – ұшқыштар әулетінің перзенті Әнуар Хамзин. Ол Флорида штатындағы Тампа университетін және екі магистратураны үздік бітірген. Оның Логистикадағы менеджмент мамандығы бойынша магистр дәрежесі бар. Флорида штатындағы қазақ диаспорасы қауымдастығының президенті. Сонымен қатар ол қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға арналған дәрі-дәрмек шығаратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірінде (Pfizer-дің американдық аналогы) бөлім басшысы. Шағын ұшақтарды басқаруға лицензиясы да бар.

2 жыл қатарынан (2021-2022) Майамидегі ATP Masters турнирінде және биыл Формула-1 раундында амбассадор болған Әнуар Хамзинмен сұхбат құрудың сәті түсті.

– Әнуар Дәулетұлы, өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз. 

– Әкем авиация саласында жұмыс істегендіктен, көп көшіп-қонып жүрдік. Қазақстанның оңтүстігінде, Қарағандыда, Нұр-Сұлтанда тұрдық. Өзім туралы айтар болсам, денсаулығыма үлкен мән беремін. Спортпен айналысқанды жақсы көремін. Дұрыс тамақтануға тырысамын. Жұмыс пен жеке өмірде баланс болуы керек деп есептеймін.

– Private Pilot License лицензияңыз бар екен. Бұл лицензиямен қандай ұшақты жүргізуге болады? 

– Нұр-Сұлтанда Мемлекеттік авиациялық орталықта ұшқыш мамандығы бойынша білім алдым. Теория мен практика қатар жүрді. Ұшқыш болу ұнады. Болашағымды аталған саламен байланыстырамын деп шештім. Ұшқыштарға арналған Private Pilot License (PPL) лицензиясын алдым, бірақ бұл лицензия тек коммерцияны көздемейтін мақсатта, бір маторлы ұшақты жүргізуге ғана мүмкіндік береді. Бұл лицензияны авиациялық орталық қаржыландырды. Ал коммерциялық мақсатта жолаушыларды тасымалдау үшін Commercial Pilot License (CPL) кәсіби ұшқыш лицензиясын алуым қажет. Аталған лицензияға ие болу үшін қаржы керек болды, алайда ата-анамды міндеттемей, басқа жолдарын іздедім. Бірнеше бағдарламаға тапсырдым. Ол бойынша ұшқыштың көмекшісі ретінде жұмыс істеуге болады. Компания CPL лицензиясын қаржыландырады және жалақыңыздан ай сайын лицензияға жұмсаған ақшаны ұстап тұрады. Lufthansa секілді ірі компанияға қабылдандым.

– Америкаға қалай келдіңіз?

– Ұшқыш болу басты мақсатым болғандықтан, ұлттық бірыңғай тест тапсырмадым. Жазда 10-11-сынып аралығында барлық оқушы тестке дайындалып жүрді. Мен ҰБТ тапсырмайтындықтан, мұғалім ағылшын тілінен олимпиадаға қатысуды ұсынды. Ағылшын тілім ол уақытта керемет болмаса да, ұсынысты қабыл алдым. Олимпиада бірнеше кезеңнен тұрды. Ағылшын тілінде математикадан тест тапсырдық, грамматикамызды тексерді. Үшінші кезеңде ағылшын тілінде сұхбат өтті. Сұхбатты әлемнің түкпір-түкпірінен келген он алты адамнан тұратын комиссия өткізді. Арасында Гарвард, Мичиганнан келген комиссия мүшелері отырды. Олимпиадада бірінші орын иеленген адам Гарвардқа жолдама алды. Мен екінші орын алдым. University of South Florida-да оқу мүмкіндігіне ие болдым. Аталған университет ұшқыштарды дайындамайды. Сондықтан басқа саланы таңдадым. Басқа салаға кеткеніме өкінбеймін. Себебі қазір ұшқыш мамандығына деген көзқарасым өзгерді.

Университетте оқып жүріп, көп саяхаттадым, университет футбол командасында болдым, тенниспен айналыстым, қазақ студенттерінің қауымдастығын құрдым. Оқумен қатар Pfizer, Fedex, Bristol Myers-те жұмыс істедім. Bristol Myers менің MBA оқуымды қаржыландырды. Екі магистрлық дипломым бар. Жақында ғана магистратураны аяқтадым.

– Құтты болсын! Енді қандай жоспарыңыз бар?

– Рақмет! Қазір бірнеше компанияға құжаттарымды жібердім. Оның ішінде Meta компаниясы бар. Олар жұмысқа шақырту жіберді. Десе де, басқа компанияларға да құжаттарымды тапсырдым.

– Болашақта Қазақстанға қайту жоспарда бар ма, әлде АҚШ-та қалғыңыз келе ме?

– Жақын уақытта Қазақстанға қайтамын деп айта алмаймын. Мұнда атқаратын біраз жұмыс бар. Бірақ түбі елге қайтатыным анық. Қазақстанның дамуына үлес қосқым келеді. АҚШ-та алған білімім мен тәжірибемді елдің дамуына қолданамын. АҚШ – білім алып, өз салаң бойынша тәжірибе жинау үшін таптырмас жер. Алайда мұнда балаларымды тәрбиелегім келмейді. Себебі Америкада менталитет мүлде басқа. Балаларымның қазақы тәрбие алғанын қалаймын. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өскен бала үлкенге құрмет, кішіге ізет дегенді біліп өседі. Отбасы құндылықтарын жақсы түсінеді. Қазақстандағы орта білім де АҚШ-пен салыстырғанда жақсырақ. Отбасым да Қазақстанда. Олардың жанында болғым келеді.

Қазақстанда білім алған, қазақы тәрбие көрген кез келген адам АҚШ-та ірі компанияларда жұмыс істей алады. Себебі қазақтарда оған қажетті қасиеттің барлығы бар. Ең бастысы жұмысыңды жақсы көріп, оны махаббатпен істесең, жақсы нәтижеге жете аласың. Осы сұхбат арқылы қазақ жастары бұл өмірде бәрі мүмкін екенін және шын қаласа кез келген компанияда жұмыс істей алатынын, кез келген оқу орнында білім ала алатынын түсінсе екен деймін. Егер бір адам болса да, осы сұхбатты оқығаннан кейін қорқынышын жеңіп, алға ірі мақсат қойса, менің мақсатымның орындалғаны деп білемін.

– Сұхбатыңызға рақмет! Сәттілік серігіңіз болсын!

 

Соңғы жазбалар

Республикалық Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы басшылығында – өзгерістер

0
Республикалық Тоғызқұмалақ Федерациясы президенті болып Әкім Тұрсұн сайланды. Ал бұған дейін республикалық федерацияны басқарған қоғам қайраткері Алихан Байменов ұйымның Құрметті президенті болып бекітілді. Сонымен...

«Бізге рух береді»: АҚШ-тағы қазақтар Мұхтар Мағауиннің Америкада жерленуіне қатысты пікір білдірді

0
МЭРИЛЕНД. KazUnite - Қазақтың абыз ақсақалы, аса көрнекті қаламгері, қазақтың азат санасын қалыптастыру және дамыту үшін қызмет етіп, әдебиетті ағартушылық пен ұлттық идеологияға үйлестіре...

Нью-Йоркте Жанәбіл Сымағұлұлын еске алу жиыны өтті

0
Нью-Йорк қаласында «Біріккен Алаш Қорының» ұйымдастыруымен Шыңжаң қазақтары арасынан шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жыл Шыңжаңда жоғары басшылық қызметте болған Жанәбіл Сымағұлұлын...

Мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен 10 әлеуметтік нысан салынады – ҚР Қаржы министрлігі

0
АСТАНА. KazUnite - Заңсыз шығарылған активтерді Қазақстанға қайтару үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 12 маусымында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға...

Бакуда қазақ жастарының ұйымы құрылды

0
БАКУ. KazUnite – Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінде Бакуда тұратын Қазақстан азаматтары мен қазақ студенттерінің басқосуы өтті. Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі...