Көзқарас«Бізге рух береді»: АҚШ-тағы қазақтар Мұхтар Мағауиннің Америкада жерленуіне қатысты пікір білдірді

«Бізге рух береді»: АҚШ-тағы қазақтар Мұхтар Мағауиннің Америкада жерленуіне қатысты пікір білдірді

 

МЭРИЛЕНД. KazUnite – Қазақтың абыз ақсақалы, аса көрнекті қаламгері, қазақтың азат санасын қалыптастыру және дамыту үшін қызмет етіп, әдебиетті ағартушылық пен ұлттық идеологияға үйлестіре қызмет еткен күрсекер жазушы Мұхтар Мағауин бүгін, 11 қаңтар күні АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Парклоун Мемориал зиратына жерленді.

Мэрилендтегі Диуанет Орталығы мешітінде өткізілген марқұмның жаназасын шығару рәсіміне жазушының отбасы, балалары мен немерелері, Американың әр штатындағы қазақ қоғамдастықтарының өкілдері, АҚШ-тағы қазақ елшілігінің өкілдері қатысты.

Халыққа теңдессіз еңбек сіңірген алып тұлғаның туған Отанынан шалғайда, Америкдағы үйінде дүние салғаны туралы хабардан қалың қазақ қоғамы әлеуметтік желілерде жазушының қайда жерленетінін талқылап, әртүрлі пікір білдірді. Көпшілік қазақтың отарсыздығы, өз тарихын, тамырын танып, өз ұлттық болмысын құрметпен сүю санасын қалыптастыру, сананы деколонизациялау бағытында ықпалды еңбек еткен Мұхтар Мағауиннің мәйітін елге жеткізіп, Атажұртта жерлесе деген емеурін танытқан еді.

Ал заңғар жазушының Америкада жерленуі АҚШ-тағы қазақтарға қалай әсер етті? Бұл туралы Америкадағы қазақ диаспорасының өкілдері KazUnite порталына пікір білдірді.

АҚШ-тағы «Біріккен Алаш Қорнының» президенті Ұланбатыр Бақытханұлы:

«Заңғар жазушы Мұхтар Мағауиннің қазасы – Алаш жұрты үшін үлкен қайғы. «Елім» деп өткен ердің есімі ел жүрегінде мәңгі сақталады. Оның сүйегі осы жақта жерленіп, АҚШ-тан топырақ бұйыруы марқұм атамыздың өзінің өсиетіне құрмет деп санаймын. Әйтпесе, қазақ елі де, Қазақстан жазушылар Одағы да марқұм жазушының ұлы Едіге ағамызға хабарласып, елге апарып жерлеу жайлы ұсыныс айтқан екен. Мұның барлығы ел тарапынан тұлғаға деген үлкен құрмет деп білеміз. Қазақтың алдаспаны Мұхтар Мағауиндай елі үшін еңбек етер ерлер көбейсе екен дегіміз келеді».

IT маманы, АҚШ тұрғыны Ғазиза Баекеева:

«Адам туғанда азан шақырады, ал дүниеден өткенде тек намазын оқиды екен. Жалпы, адам өмірі бір намаздың ұзақтығындай қысқа деседі. Сол қас-қағым уақытта қазаққа қазақтығын еске салып, рухын қайта жандандырған ұлы тұлғалардың бірі – Мұхтар Мағауин атамыз. Өзі дүниеден өтсе де, оның тарихи шығармалары, қалың көпшілік сүйіп оқитын туындылары ешқашан ұмытылмайды. Әрбір қазақ жастарының санасынада қазақ ұлтшылдығын қалайтын туындылары мәңгі жасайды. Осман Газидың атасы да Сирияда жерленген, сол секілді Мұхтар атамыздың зираты Америкада болса да, қазақ ұлты ешқашан ұмытпайды, себебі атамыздың құнды шығармалары ғасырдан ғасырға жететініне күмән жоқ».

«Американ-қазақ» қауымдастығының (Филодельфия) президенті Жұлдызай Исмаилова:

«Мұхтар Мағауин атамыз Америкада екенін естігелі бір барып көрсем, қолын алсам деп армандап жүретін едім. Өкінішке қарай бұйырмады. Заңғар жазушының дүние салғаны бәріміз үшін үлкен өкініш болды. Әуелде мен де елдегі отандасткрымыз секілді «Мұхтар атамызды елге апарып жерлей ме?» деп ойлағанмын. Мәйітті алып баруға қаржылай қолдау қажет болса, Америкадағы қазақтар көмектесер едік деп ойладым. Өйткені елде тұлғаның жаназасына өте көп адам жиналушы еді. Жаназаның маңызын, мәнін түсінгенідіктен, бұл да ойға оралады екен. Бірақ, әрине, марқұмның өзі осы Америкада жерлеуді аманат еткен болса, аманатты орындау – барлық тірі жанға парыз. Оның үстіне, дініміз бойынша қайтыс болғаннан кейін денені ертерек жер қойнына тапсыру керек делінеді. Елге жеткізу үшін кемі 2-3 күн кетеді екен. Көпті көрген, көпті білетін кісілер ғой. Бәрін ойластырып, аманаттап кеткен болар. Қаншама еңбегімен ұлт руханиятын байытып кеткен тұлға ғой. Қайда өмір сүрсе де, қайда жерленсе де, Мұхтар Мағауин атамыздың еңбектері әлі талай ұрпақтың рухын тәрбиелеп, санасын өсіретіні анық».

Театр және кино актрисасы Сәния Ерзат:

«Біріншіден, АҚШ-та тыныстау атамыздың өзінің өсиеті екен, ол кісі – алысты болжай білетін өте ғұлама адам, жер шарының адамзаттың ортақ үйі екенін және болашақта Америкаға келетін қазақтардың саны көбеймесе, азаймайтынын, өз шығармаларының құны уақыт өткен сайын арта түсетінін, болашақ ұрпақ алдында, тарих алдында, ұлт алдында жасаған ғылыми еңбектерін ешқашан ұмытпайтынын анық білген деп ойлаймын. Оны әжеміздің сөзінен де байқауға болады. «Мен Семейде оқыдым, ол Алматыда оқыды. Алғаш танысқанда-ақ ол маған үлкен жазушы болатынын айтты» дейді әжеміз».

Жазушы, АҚШ тұрғыны Мұрат Алмасбекұлы:

«Көпшілік Мұхтар Мағауиндей дара тұлғамызды үнемі іздеп, «елге оралса екен» деп тілейтін еді ғой. Қайтыс болғанда да «елге әкеліп жерлеу керек еді» деген ойын жазып жатқан отандастарымыз бар екен. Меніңше, Мұхтар Мағауиннің Америкада жерленуінің біраз себебі бар. Біріншіден, бұл тұлғаның өз қалауы, ұрпағына айтқан аманаты деп ойлаймын. Екіншіден, Америка секілді алып елде, демократиялы, азат, еркін елде жазушы өзінің соңғы жылдары ойына алған шығармаларын жазды, сөйтіп артына қазақ әбедиеті мен тарихына өшпес мұра болып қалатын құнды еңбек қалдырды. Өзі айтпақшы, Қазақстанның орыстанған қоғамында оның қысымына шыдап, орыстанған, отарланғн қоғаммен алысып өмір сүргісі келмеді. Оның үстіне жазушы елдегі әдеби ортаның пендешілікке негізделген, ұсақ-түйектерінен бойын аулақ ұстап, өзін таза, алаңсыз көңілмен шығармашылыққа арнағысы келді. Америка шығармашылық адамы ретінде, тұлға ретінде жанына тыныштық, жайлылық сыйлаған соң соңғы сұхбаттарында да өзінің тіпті Түркияда қалмайтынын, Америкаға оралатынын айтқан еді. Бұл елді жазушы еркіндігі, азаттығы үшін жақсы көріп қалды деп ойлаймын. Қазір байқасақ, Америкада кеудесі арманға толы, еркіндікке, еркін дамуға ұмтылған қазақ көбейіп келеді. Тұлғаның АҚШ-та жерленгені олардың көңілінде Америкада да өздеріне рухани күш берер бір биік тау, тұтқа барын сезіндіретін сияқты. Жазушының өз аманаты бойынша Америкада жерленуі бұдан былай Америкадағы жастардың «осында да қалың қауым, қасиеті бөлек ел бармыз» деген үмітін оятқан болар деп ойлаймын. Америкада енді қазақтың рухы биік боп, азаматтары құлазымай өмір сүруіне бұл да бір сеп болатын шығар. Оның сыртында «өлім қайдан болса, топырақ содан» деген бар. Жазушы елден кетіп, «енді елге қайтып бармаймын» дегенінен кейін қайтыс болған соң денесінің де елге апарылмай-ақ қойғанын қалаған шығар. Рас, туған отанның да өз қасиеті бар. Заңғар тұлғаларымызды жерлейтін қалыптасқан өз дәстүріміз де бар. Мысалы, Алматыда Кеңсайда қазақтың мықты тұлғаларының қабірі бар. Бірақ оның негізі Кеңес кезінде қалыптасқан. Астанада да ұлттық пантеон бар. Бірақ ол да – қолдан жасалған, Назарбаев негізін салған пантеон. Мағауин екеуін де көздемеді. Ал Америка сияқты алып елде, азаттықты ту еткен елде жерлеуді өсиет етіпті. Жазушының бала-шағасы да осы жақта тұрады. Жалпы, бұл Америкадағы қазақ қауымына бір дем берген іс-шара болды. Біз жазушыны еске алып, қабірінің басына барып тұрамыз. Қазақстандағы, елдегі көп отандасымыздың Мағауинді елге алдырып жерлеу жайлы тілегі орындалмаса да, жазушының аманаты бойынша Америкаға жерленуі осындағы қазақтарға үлкен киелі рух беретін, көңіліне тұтқа болатын шешім болды деп сенемін. Жазушы өзі айтпақшы «оның рухым мәңгі тірі жүреді». Мұхтар Мағауиннің қабірі Америкада тұрса да, біртуар тұлғаның рухы қазақ баласына күш беріп, бүкіл әлемді шарлап жүреді деп ойлаймын».

Қазақтың көрнекті қаламгері, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин 2025 жылы 9 қаңтар күні Америка уақыты бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша 10 қаңтар күні сағат таңғы 5:55-те) АҚШ-тың Мэриленд штатындағы үйінде 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпан күні бұрынғы Семей облысы Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет істеген. Ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Мәскеуде Максим Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша лекция оқыған.

Жазушы ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.

Жазушының XV–XVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары туралы «Қобыз сарыны», «Көк мұнар» романы, «Шақан Шері», «Гауһар» роман-дилогиясы, «Жармақ», «Шыңғыс ханның шарапаты» және өзге де шығармалары бар.

 

Соңғы жазбалар

Республикалық Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы басшылығында – өзгерістер

0
Республикалық Тоғызқұмалақ Федерациясы президенті болып Әкім Тұрсұн сайланды. Ал бұған дейін республикалық федерацияны басқарған қоғам қайраткері Алихан Байменов ұйымның Құрметті президенті болып бекітілді. Сонымен...

Нью-Йоркте Жанәбіл Сымағұлұлын еске алу жиыны өтті

0
Нью-Йорк қаласында «Біріккен Алаш Қорының» ұйымдастыруымен Шыңжаң қазақтары арасынан шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұзақ жыл Шыңжаңда жоғары басшылық қызметте болған Жанәбіл Сымағұлұлын...

Мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен 10 әлеуметтік нысан салынады – ҚР Қаржы министрлігі

0
АСТАНА. KazUnite - Заңсыз шығарылған активтерді Қазақстанға қайтару үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 12 маусымында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға...

Бакуда қазақ жастарының ұйымы құрылды

0
БАКУ. KazUnite – Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінде Бакуда тұратын Қазақстан азаматтары мен қазақ студенттерінің басқосуы өтті. Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел өз сөзінде еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі...

Қазақстан азаматы «Сеулдің құрметті тұрғыны» атағына ие болды

0
СЕУЛ. KazUnite - Сеул қаласы әкімдігінде «Сеулдің құрметті тұрғыны» атағын табыстау салтанатты рәсімі өтті. Биыл бұл жоғары марапатқа Қазақстан азаматы, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы...