КөзқарасСАУДАНЫҢ ТІЛІ НЕГЕ ОРЫСША?

САУДАНЫҢ ТІЛІ НЕГЕ ОРЫСША?

 

НҰР-СҰЛТАН. KazUnite – Елімізде бизнестің тілі неге орысша? Бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті. Сауда саласындағы тіл проблемасын қоғамның өзіне анализ жасату үшін KazUnite халықаралық порталы әлеуметтік сауалнама ұйымдастырған еді.

Зерттеуге қойылған талап әр адам жеке электронды поштасы арқылы тек бір рет қана жауап беруге мүмкіндік алды. Тамыз айының басында үш күнге созылған сауалнамаға
114 адам қатысты. Сауалнамада екі сұрақ қана қойылды. “Сіз көрген жарнаманың қанша пайызы қазақ тілінде?” деген сұрақ бойынша бірнеше жауап ұсынылды. Ал “Неге көпшілік бизнесін орыс тілінде жүргізгісі келеді?” деген сұрақ ашық сұрақ болды. Оған сауалнамаға қатысқан 114 тұлға 114 түрлі жауап берді. Нәтижесін кодтап, жауаптарды мазмұны бойынша 5 санатқа бөлдік.

ҚАЗАҚША ЖАРНАМАНЫҢ ЖИІЛІГІ

“Сіз көріп жүрген жарнаманың қанша пайызы қазақ тілінде?” деген сауалнамаға қатысушыларлың басым бөлігі 10-30% деп жауап берген. Бұл қатысушылардың 40,4 пайызын құрайды. Ал респонденттердің 19,3 пайызы өздері көріп жүрген жарнамалардың 10 пайыздан аспайтын бөлігі ғана қазақша екенін айтады.
Жауап бергендердің 14,9 пайызы бизнес жазбалардың 50-60 % қазақша десе, қатысушылардың 11, 4 пайызы бизнестегі қазақша жарнама көлемі 30-50% деп көрсеткен.

БИЗНЕСТІҢ МАҚСАТЫ – АҚША ТАБУ

Екінші сұрақ бойынша Қазақстандағы көп азаматтың кәсіп бастаса, жарнамасын орысша жазып, іс-қағаздарын, әлеуметтік желідегі парақшаларын орысша жүргізу себебін сауалнамаға қатысушылар әртүрлі түсіндірген. Алайда олардың басым бөлігі бизнестің мүддесі тілге қызмет ету емес, табыс табу екенін меңзеген. Яғни жауап бергендердің 47,3 пайызы бизнес жасайтындар тіл мәселесін емес, ақша табуды көздейтінін айтқан. Олардың пікірінше, бизнесті орыс тілінде жүргізу табысты болуға жол ашады. Қазақстанда орыс тілін бәрі түсінеді деген сенім бар. Сондықтан тауарын (қызметін) сатып, табыс табуды ғана көздеген соң кәсіпкерлер “бәріне түсінкті ету” үшін жарнамасын, жұмысын орыс тілінде жүргізеді. Сондай-ақ бизнесін, оның әлеуметтік желідегі парақшаларын, барлық жарнамасын орыс тілінде жазу орыс тілінде сөйлейтін тұтынушыларды тарту ниетінен деп түсіндіреді.

Қатысушылардың 32,4 пайызы бизнесті орыс тілінде жүргізуге себеп болып отырған құлдық сана, әлі күнге дейін Ресей жаққа жалтақтау деп есептейді. «Орыс тілі отаршылар зорлықпен таңған тіл болғандықтан, тәуелсіздік ала тұра өз мемлекеттік тілін менсінбей, орыс тілін таңдау құлдық сананың белгісі» деп түсіндірген.

Сонымен қатар бизнесте “жарнаманың қазақ тіліндегі нұсқасының сапасыздығын”, “қазақша жарнама тілінің қалыптаспағанын” түсіндіргендер де бар. Олар қатысушылардың 17,5 пайызын құрайды.

Ал жауап бергендердің тағы 13,1 пайызы Қазақстанда қазақ тіліне деген талап жоғын айтып, билікті және қоғамның өзін айыптаған.

ҰЛТ ТІЛІМЕН ҰЙЫСПАЙТЫН МӘТІН БАР

Бір кездері елордада қазақ тіліне деген талап күшейіп, әсіресе, бизнес саласында жұмыс істейтін орта және шағын кәсіпорындардың сыртқы жарнамалық келбетіне назар аударылатын. Соңғы кезде мұндай талап бәсеңдеді ме?

Бәрімізге белгілі, қолданыстағы заңнамада кез келген жарнаманың, көрнекі ақпарат мәтінінің алдымен мемлекеттік тілде жазылуы тиіс деген талабы бар. Егер жарнама таратуда белгіленген талаптар бұзылса, жеке және лауазымды тұлғаларға, шағын және ірі кәсіпорындарға да айыппұл салу көзделген. Бірақ 2018 жылдан бері жергілікті атқарушы органдардың кәсіпкерлерді тексеру функциясы алынып тасталды. Міне, содан бері қазақ тілі сауда, бизнес саласында қалтарыста келеді. Былайша айтқанда, заңда көрсетілген талаптарды орындатуға әлі күнге дейін заңнамалық негіз жоқ.

Нұр-Сұлтан қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сәкен Есіркептің айтуынша, басқарма қызметкерлері жыл басынан бері 2000-дай кәсіпкерге заң талаптарын түсіндіріп, заңға қайшы келетін 600-ден аса жарнамалық мәтінді алдыртып тастауға немесе қайта түзетіп жаздыртуға ықпал еткен. Сонда бұл қашанға дейін жалғаспақ? Әрине, нақты шара қолданылмағандықтан, бұл олқылық осылай жалғаса береді. Біздің сауалнамаға қатысқандардың 90 пайызы жарнамалық мәтіндерді тек орыс тілінде көретіні сондықтан болса керек.

«ТІЛДЕН АҚША МАҢЫЗДЫ»

Сонымен, бизнесте «тілден ақша маңызды» деп ойлайтындар көп екенін жоғарыда айттық.

Алайда ашық сұрақ болғандықтан, екінші сұраққа ерекше жауап жазғандар болған. Атап айтсақ, сауалнамада «Орыс тілді тұтынушылардың көбі бай», «Орысша жазсаң, тауарың тез өтеді», «Қазақша жүргізсе, менсінбейді», «КСРО заманынан қалған стереотип», «Адамға бірінші күн көру керек, тіл емес», «Бәрі түсінетін ортақ тіл – орыс тілі», «Қазақша жазу мода емес» деп ойлаймын» деген жауаптар да бар.

Әрине, бизнес – әлеуметтік жоба емес, бірінші кезекте пайда. Десек те Жүсіп Баласағұн жазып кеткендей, сауданың тілі – қоғамның тілі. Демек, бизнесті қазақша сөйлетпей, қазақ тілінің көсегесі көгермейді.

Ал отандық кәсіпкерлер пайданы ұлттық тілмен ұштастыра білуі үшін не істеуге болады? 

Гүлмира Аймағанбет

 

Соңғы жазбалар

АҚШ Сенаты TikTok-қа тыйым салу немесе сату туралы заң жобасын мақұлдады

0
ВАШИНГТОН. KazUnite - АҚШ Сенаты TikTok әлеуметтік желісінің иесі қытайлық ByteDance концернін басқа иелік етушіге беруге міндеттейтін заң жобасын қабылдады. Заң жобасында Қытай тарапына...

Шольц Путинге Канттың сөздерін мысалға келтіруге тыйым салды

0
Берлинде неміс философы Иммануил Канттың 300 жылдығына орай мерейтойлық жылдың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Берлин-Бранденбург ғылым академиясы мәлім етті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі. Іс-шара Пруссия...

Грекиялықтар елдің НАТО-дан шығуын талап етті

0
Грекия астанасы Афинада коммунистік партия мен халықаралық және бейбітшілік комитетінің мүшелері қатысқан салтанатты бейбітшілік шеруі өтті, деп хабарлайды KazUnite тілшісі  902.gr-ға сілтеме жасап. Агенттіктің хабарлауынша,...

«Таза Қазақстан»: Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауы тазартылды

0
KazUnite - Қазақстанда «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Абай облысы Мақаншы ауданындағы Айдынды-Алакөл жағалауында жалпы аудандық сенбілік өтті. Акцияға ауданның 11 ауылдық округі мен...

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...