КөзқарасСән индустриясы: Жылына 92 млн тонна киім қоқысқа тасталады

Сән индустриясы: Жылына 92 млн тонна киім қоқысқа тасталады

 

АЛМАТЫ. Қазақстандықтар тұтынған ескі заттарын, киімдерін қайда жібереді? Ескі киімдерді қабылдайтын орындар бар ма? Жалпы қайта өңдеу жайында тұрғындар біле ме? KazUnite//Айнұр Мұратова осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Бала кезімізде көктем, жаз айларында ауылға бір машина келуші еді. Ауыл адамдары ескі киім, мақта, жүн қалдықтары мен малдың сүйегін өткізетін әлгі машинаға. Ол машинаның ел аузында “шара-бара” деп аталатыны есімде. Көше-көшені аралай, ақырын жүріп өтетін көлік тіркемесінде қолдарында өлшегіш құралы мен есептегіш шоты бар екі адам қасқайып тұратын. Ауылдың үлкен-кішісі түгел көлік тоқтаған тұсқа жинала қалып, “бұл жолы не таратар екен” деген әуестікпен мойындарын соза таласа-тармаса көлік тіркемесіне көз салады. Жүн-жұрқа қабылдаушылар да мұрындарын шүйіре тіркемеге өрмелей жөнелген балаларды жақтырмай, “Әрі ойнаңдар, бұл сендерге базар емес. Бұл маңызды жұмыс!” деп маңғаздана түсетін. Біреулер жинап қойған ескі киімдерін, жүн, мақталарын қаппен, ал біреулер ортасынан буа сала арқалай көлікке қарай аяңдайды. Әлгі таразысы мен есептегіш шоты бар екі кісі ескі заттарды ұқыптай өлшеп, дәптерге бірнәрселер жазып тұрып қабылдап жатады. Сосын салмағына қарай өткізген адамдарға азын-аулақ тиын-тебен, сағыз, кәмпит, шар беріп, жарылқап тастайтын.

(Фото ашық дереккөзден) Кеңестік кезеңдегі халық “Шара-бара” атап кеткен машина осы

Ол кезде шар мен сағыздың қат кезі. Бала біткен сол кезде көретін жалғыз мультфильмі “Ну, погоди!” кейіпкерлері қоян мен қасқырдың суреті бар сағыз қолға тиіп, бір қарық болатын. Сол күндер жадымда жатталып қалыпты. Себебі облыс, аудан орталықтарынан шалғай жатқан ауылға арнайы келіп, ескі заттарды жинау, ол үшін ақша төлеу деген үлкен оқиға болатын. Ауыл маңы сүйектен тазарып, ауыл адамдарының қойма секілді ескі-құсқы заттарын жинап қоятын сарайлары бір босап, кәдімгідей пайдасы тиіп жататын.

Кейін кеңестік жүйе тарап, “жүн-жұрқа” жинау үрдісі де сап тиылды. Табиғатқа да, адамдарға да пайдасы бар шара ұмыт болды.

Ал бүкіл әлем “Жылына 92 миллион тонна киім қоқысқа кетеді. Жер бетін адамдар қатігездікпен бүлдіріп жатыр. Табиғат-анаға мұнан асқан қиянат жоқ. Қоршаған ортаны қорғайық!” деп дабыл қағып жатыр.

Расында мыңдаған, миллиондаған ғаламшар тұрғындары “мода” қуып, есепсіз киім сатып алып, оларды жыл өтпей қоқысқа тастайды. Сарапшылардың айтуынша, тіпті қоқыс үйіндісінде этикеткасы алынбаған киімдер көп кездеседі екен. Осынша ысырап пен табиғатқа келтірілетін зиянды ойлаудың өзі қорқынышты.

Дамыған елдер бұл тығырықтан шығудың бір жолы – ескі заттарды қайта өңдеп, пайдаға асыру деген тұжырымға келіп, тұтынған заттарды қабылдау шарасын жүйелі жолға қойып жатыр.

Ал Қазақстанда қалай? Тұрғындар тұтынған ескі заттарын, киімдерін қайда жібереді? Ескі киімдерді қабылдайтын орындар бар ма? Жалпы қайта өңдеу жайында тұрғындар біле ме?

Осы сұрақтарға жауап іздеген KazUnite.com сауалнама жариялап, оқырмандар пікірін білген еді.

“Қайта өңдеу туралы, тұтынған затыңызды қоқысқа жібермей, қайта өңдеуге өткізу туралы білесіз бе?” деген алғашқы сұраққа сауалнамаға қатысқандардың 71,6 пайызы “жоқ” деп жауап берген. Демек киім-кешектің қайта өңделетінен көпшілік хабарсыз.

Ал “Қазақстанда тұтынылған ескі заттар қайда жіберіледі?” деген сұраққа жауап бергендер арасында “Ескі киімдер қайта өңдеуге жіберіледі” деп жауап берген адам жоқ. 46,3 пайызы ескі киім-кешек ауылға немесе қайырымдылыққа жіберіледі десе, 33,8 пайызы қоқысқа, 20 пайызы өртеп тастайды деп жауап берген.


“Дамыған елдердегідей ескі заттарды қайта өңдеуге өткізер ме едіңіз?” деген сауалға жауап бергендердің жартысынан астамы “иә” деп жауап берген. Ал 12,3 пайызы “жоқ” депті. Ең өзекті сұрақ “Қандай да бір тұтынған тауарыңызды ескірген соң қайта өңдеуге өткізіп көрдіңіз бе?” деген сауалға респонденттердің 93,8 пайызы “өткізіп көрген жоқпыз” депті.

“Қазақстанда тұрғындардың қолданған заттарын қайта өңдеуге апармайтын себебі не?” деген сауалға жауап бергендердің 84 пайызы ескі заттардың қайда қабылданатынын білмейтінін айтса, 14,8 пайызы ұялатынын айтқан.

Бір айта кетер жайт, сауалнама нәтижесі мен сайтқа жолдаған хаттар легіне көз салсақ, көпшілік сауалнамаға жауап беруді құп көрмегені байқалады. Себебі хаттар арасында “Сіздер тұратын жерде қайта өңдеу зауыттары, ескі киім-кешекті қабылдайтын орталықтар бар ма? деп сұрасаңыздар ғой, жауап берер едік. Біздің өңірде тұтынған ескі заттарды қабылдайтын жер мүлде жоқ. Болса қанекей!” деген мазмұндағы хаттар да бар.

Кейінгі деректерге көз жүгіртсек, жаңа айтып өткеніміздей, әлем бойынша жылына 92 миллион тонна киім-кешек жалпы тоқыма бұйымдары қоқысқа кетеді екен. Сондай-ақ тоқыма қалдықтарының көлемі 2015-2030 жылдар аралығында шамамен 60 пайызға артып, жыл сайын қосымша 57 миллион тонна қалдық түзілетіні, жалпы алғанда жылына 148 миллион тоннаны құрайтыны болжанды. Зерттеу жасап отырып, цифрларға қайта-қайта көз салдым. Осынша ысырап не үшін деген сұрақпен қатар, «қалдықтарды қоршаған ортаға, табиғатқа залалсыз жою мүмкін бе?» деген сұрақ мазалады. Иә, адамзаттың сән индустриясын дамытам деп, жер бетін “шүберекпен” былғайтыны қандай өкінішті?!

Сән өндірісінің дамығаны сонша жыл сайын өндірілетін киімдердің саны 2000 жылдан бері екі есе артып, 2014 жылы алғаш рет 100 миллиардтан асқаны белгілі болды. Сатылмаған киімдер қайда кетеді дейсіз бе? Жап-жаңа күйінде өртеледі. “2017 жылы H&M компаниясының жыл сайын (2013 жылдан бері) 12 тонна сатылмаған киімді өртеп жібергені анықталды” деген дерек келтіреді goodonyou.eco сайты. Тоқыма өнімдерінің шамадан тыс өндірісі мен одан шығатын қалдықтар планетамызға орасан зор зиянын тигізіп жатыр.

“Әр секундта бір машина тоқыма өнімдері қоқысқа тасталады. 2030 жылға қарай жылына жаһан жұртшылығы қоқысқа 134 миллион тонна киім-кешек қалдығын лақтырады” деген дерек келтіреді шетелдік сайттар.

Киімдерді қайта өңдеу арқылы пайдаға жарату қаншалықты тиімді?

Сарапшылар көп киімдер жасанды талшықтар, пластиктерден жасалатындықтан, өңдеуге келмейтінін айтады. Әлем бойынша тігілетін киімдердің 12 пайызының матасы қайта өңдеуге жарамды. Қоқысқа тасталған пластик бұйымдардың ғасырлар бойы шірімейтіні белгілі. Сол бұйымдардың арасында секунд сайын тасталып жатқан бір машина тоқыма өнімдері де шірімей жата беретін көрінеді. Табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылуы, ғаламдық жылынуға не себеп болып жатқанын сезіп те отырған боларсыздар?!

Қоршаған ортаны бүлдірмес үшін не істеу керек?

Біздің елде тұтынылған киімдерді қабылдайтын қайырымдылық орталықтары бар. Оларға әлеуметтік желілердегі парақшалары немесе ресми сайттары арқылы хабарласып, киюге жарамды таза киімдерді тегін өткізуге болады. Киім құр тұра бермей, мұқтаж жанның игілігіне жарайды.

Сондай-ақ H&M брендінің киімдері сатылатын еліміздің кез келген қаласында ескі киімдерді өткізіп, жаңа киім алуға 15 пайызға дейін жеңілдік алуға болатын шаралар бар. MEGA сауда орталықтарындағы H&M дүкендерінде касса жанында жасыл түсті арнайы жәшіктер болады. Көйлек, дастархан, сүлгі, перде, теріден тігілген киімдер секілді кез келген бүлінбеген, өзіңізге керек емес бұйымдарды өткізе аласыз. Мұнда тек аяқ киімдер, жұмсақ ойыншықтар қабылданбайды. Бір қалта киім өткізсеңіз, бір жаңа киімді 15 пайыздық жеңілдікпен алуға ваучер ала аласыз. Күніне қанша киім өткізсеңіз де шектеу жоқ.

Мұнда қабылданған киімдер Германияға қайта өңделуге жіберіледі. Мұны ысырапқа жол бермеу және жаңа тауарға жеңілдік алу тәсілі десек болады.

Ескі киімді өткізуге болатын тағы бір орын – комиссиялық дүкендер. Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент сияқты үлкен қалаларда таза, бір-екі рет қана киілген әйгілі бренд киімдерін қабылдайтын комиссиялық дүкендер бар. Қабылдау бағалары киімнің сапасына қарай әртүрлі. Бір ғана Алматы қаласында осындай 163 комиссиялық дүкен бар деп көрсетеді almaty.spravker.ru сайты. Бірнешеуіне хабарласып көргенімізде дүкен иелері тек бренд киімдер қабылдайтындықтарын, сапасына қарай 3 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейін бағаланатынын айтты.

“Қабылданған киімдер сатылуға қойылады. Химиялық тазалаудан өткен, бренд киімдерді қабылдаймыз. Ақшасын киім сатылғаннан кейін барып қана береміз” деп жауап берді қоңырауымызға дүкен иесі. Бұл – сату арқылы киімге екінші өмір сыйлау тәсілі.

Жерді бүлдіріп, ауаны ластап жатқан қалдықтар туралы естіген сайын, сөз басында айтқан ескі киім, мақта-мата, жүн-жұрқа қалдықтарын жинайтын көлік жиі есіме түседі. Елімізде сол шаралар қайта қолға алынса, өңдеу зауыттары көптеп ашылса, табиғатқа келтірер залал азаяр еді. Халық үнемділікке де үйреніп, ысырапқа жол берілмес еді.
Бірақ ең бастысы, табиғатты қорғауға атсалысу әрбіріміздің боршымыз екенін түсінсек екен…

 

Соңғы жазбалар

В5+1 форумында Anelya Alimova мен Business Woman KZ келісімшартқа отырды

0
АЛМАТЫ. KazUnite - Алматыда АҚШ және Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан үкіметтері мен іскер топтары өкілдерінің қатысуымен «В5+1» форматындағы...

«Қазақстандықтарды байытқым келеді»: Америкада косметикалық брендін қалыптастырған қазақтың миллионер қызы

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - АҚШ-қа Эйнштейн визасы арқылы келген тұңғыш қазақтың кім екенін білесіз бе? Ол – People Awards нұсқасы бойынша халықаралық бизнес-сарапшы, Халықаралық ғылыми...

Қазақстан ҰҚШҰ-дан шығуға мәжбүр болуы мүмкін – саясаттану профессоры

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Саясаттану профессоры Полин Джонс жақында CDDRL және TEC бірлесіп ұйымдастырған Reds семинарында сөйлеген сөзінде Украинадағы Ресейдің жаңарған агрессиясы Мәскеудің Еуразиялық көршілерімен...

Қытай мен Астана хабы мемлекеттік басқару бойынша жаңа жобалар талқылауда

0
Астана Мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов пен Қытай ұлттық мемлекеттік басқару академиясы атқарушы Вице-президенті Си Чунтао екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуге ҚХР-ның...

«New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінде Қазақстанның Әнұраны шырқалды

0
Нью-Йорк қаласындағы «Leman Ballroom» залында  «New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінің 16-маусымы ашылуында қазақстандық дизайнердің ұлттық сән үлгілері ұсынылып, қазақ әншісі өнер көрсетті,...