КөзқарасЖұлдыз жауған баяғы түндер қайда? (аудио)

Жұлдыз жауған баяғы түндер қайда? (аудио)

 

KazUnite – Кеше ауылға барып, қона жатып қайттық. Ауылымыз таудың етегінде орналасқан. Ауасы, суы таза деп есептеледі. Тіпті аспаны да ашық әрі тұнық саналатын.

Осы орайда айтайын дегеніміз мынау: Түн ортасында сыртқа шығып, аспанға көз салдым. Алайда жұлдыздар тым-тым биікте екен. Олар әр жер-әр жерден сығараңдап, әзер көрінеді. Тіпті Жетіқарақшының өзі көмескіленіп тұр. Шөміш жағын әрең ажыраттық. Үркер шоқжұлдызы мүлде көзге түспеді.

Осы сәт: «Шіркін, жұлдыз жауған баяғы түндер-ай!» – деп іштей еріксіз ойға шомдым.

Осыдан жиырма шақты жыл бұрын, мүмкін отыз-қырық жыл бұрын шығар, түнде сыртқа шығып, аспанға қарасаң, жұлдыз дегенің қақ төбеңде самсап тұрушы еді ғой. Олар қол созым жерде самаладай жарқырап, жарыса жымыңдап, керемет әсерге бөлеуші еді. Ара-арасында түрлі-түрлі із қалдырып, кейбір жұлдыздар төмен қарай құлдилай ағып түсіп жататын. Сондай кезде: «Жұлдызым жоғары болсын!» – деп іштей тілек тілеуші едік. Оның бәрі тілмен айтып жеткізгісіз ғажап көрініс болатын.

Міне, сол бір сұлу суретті мен кеше көре алмадым. Қарап тұрып көңілім құлазыды. Жанымда тұрған немере ініме соны айтып едім, ол: «Мүмкін жұлдыздар азайып кеткен шығар», – деді. Оған тағар кінә жоқ. Себебі ол жұлдыз жауған түндерді көрмеген болар. Кейінгі ұрпақ қой. Бұл да бір өкініш!

Үйге кірген соң сирексіп кеткен жұлдыздар туралы жасы үлкен жеңгеме айтып едім, ол кісі: «Мен де осыны біраз жылдан бері байқап жүрмін. Баяғыдағыдай жұлдыз жоқ. Бірақ мен оны көзімнің көру қабілеті нашарлағаннан шығар деп ойлап едім», – деді.

Ертеңіне бұл тақырыпта ауылдың басқа да ересек адамдарымен сөйлестім. Бәрінің де әңгімесі бір арнаға келіп тоғысты. Қысқасы, олар баяғы самсаған жұлдыздарды көптен бері көрмепті.

Сонда сонау бір жұлдыз жауған түндеріміз ендігі жерде ертегіге айналып кете берер ме екен? Қол созым жерде жымыңдасқан жұлдыздарды енді қайтып көрмейміз бе?
Әрине, бұл жай романтикалық сұрақтар ғой. Ал ол сұрақтардың арғы жағында өте маңызды мәселе жатыр. Тоқ етерін айтар болсақ, бүгінде біздің аспанымыз да әбден ластанған. Ол түрлі тозаңдар мен түтіндерге, неше түрлі улы газдарға әбден толған болса керек. Жұлдыздардың анық көрінбей тұрғанының басты себебі сол деп білеміз. Әйтпесе баяғы біз білетін мыңдаған, тіпті миллиондаған жұлдыздар бір жаққа ауып кеткен жоқ қой. Немесе аспанда бар жұлдыздар кенеттен көрінбей қалатындай елдің бәрінің бірдей көру қабілеті нашарлап кетті деймісіз?

Бұл мәселе назар аудартады. Қала тұрғындары аспандағы жұлдыздардың сиреп кеткеніне баяғыда көндіккен. Себебі қала ауасы көп жылдардан бері лас, ал аспан газ бен түтінге, тозаңға толы. Мысалы, үлкен қалаларға төбесінен қарасаң, оны анық көре алмайсың. Қаланың үстін қара түтін тұмшалап тұрады. Ондай жағдайда жұлдыз санамақ түгілі, таза ауаның өзіне зарсың.

Ал енді нақ сондай жағдай соңғы жылдары ауылдық жерге де жете бастағаны ма? Міне, бізді осы ой мазалайды. Бұл бізді ғана емес, бүкіл адамзатты алаңдатарлық ахуал болса керек.

Егер ауылдың ауасы таза, аспаны тұнық болып тұрса, жұлдыздар да бұрынғыдай жамырай жарық шашып тұрмас па еді? Бұлай кете берсе, басқа-басқа, тау етегіндегі ауасы таза саналатын ел тұрғындарының да тынысы тарыла бастамақ па?

Мүмкін бұған орай әлемдік деңгейде талқылау өткізген дұрыс шығар? Бұл жөнінде осы салаға қатысты ғалымдар, тиісті мамандар не дер екен? Қалай болғанда да бүгінде көңіліміз күпті, ойымыз алаң.

Иә, жұлдыз жауған баяғы түндер қайда?

Иса ОМАР

 

Соңғы жазбалар

Джулия мен Салтанат

0
Өткен аптада екі бейкүнә қызды бірін - Астанада, екіншісін - Венеция маңында өздері сенген, арқа сүйеген жақындары асқан жауыздықпен өлтірген. Екі оқиға да екі...

Қытай мен Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару академиялары Желісі құрылды

0
Бейжіңде «Өркениеттер қарым-қатынасы және жаһандық даму» форумы өтті. Форум аясында Қытай мен Орталық Азия елдері мемлекеттік басқару академиялары арасындағы ынтымақтастық Желісі құрылды. Оны құру...

«Өр-Кен» кітабы Ұлттық академиялық кітапхана қорына енді

0
АСТАНА. KazUnite - Қоғам қайраткері, «Даңқ» орденінің иегері Бейсембек Нақышбековтің жақында ғана жарыққа шыққан «Өр-Кен» атты кітабы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына енді. Елордадағы...

Алихан Байменов: Тәуелсіздік тірегі – азаматтық жауапкершілік

0
Бүгін еліміздегі ұлттық мереке - Республика күніне орай қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов тәуелсіздікпен келген үш құндылық жайлы...

Виртуоз журналист. Гүлраушан.

0
Кез-келген мамандықта кәсіби мамандар мен шеберлер болады. Біріншісі - ережеге бағына отырып өз ісін орындайтындар, соңғысы – сол ережені өздері жасайтындар. Шеберлер - өз...