KazUnite – Қазақтың ресми шекарасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты дейтін түсінік дұрыс емес. Белгілі картограф, «Қазақ хандығы» тарихи картасының авторы, АҚШ-тағы Гарвард университетінің профессоры Нұрлан Кенжеахмет осылай деп есептейді.
«Мен жасаған картада шығыстағы тарихи шекарамыз Абылай хан тұсында шегенделген сызық бойынша жасалды. Қытайлар өзі сызған, «Қарауыл сызығы» дейтін шекара бар. 1766 жылы Абылаймен келісіп сызған. Бұл мәлімет қазір ешбір деректе жоқ. Шаң басып, архивте жатқан. Қытайлар білсе де, үндемейді. Осы деректің ескерусіз қалғанын пайдаланып, шекара мәселесін бұрмалап түсіндіреді. «Ол кездегі сызық ішкі қарауыл еді, сыртқы қарауылдың сызығы Балқашқа дейін барған» деген уәжбен, өтірік карта сызып жүр. Балқаштың шығысы мен оңтүстігі, бүкіл қырғыз жері біздікі деп жазып жүр. Оның бәрі өтірік. Негізгі қарауыл сызығы қазіргі Қазақстанның шығыс шекарасымен ұқсас. 1766 жылы Абылай мен Қытай билігі бекітіп кеткен. Өскеменнен қазіргі Қарқаралыға дейінгі аумақ картаға түсіріліп, шығыс шекара солай белгіленген. Оны мен Лондондағы Ұлыбритания кітапханасынан таптым. Кезінде ағылшындар Бейжіңді басып алған кезде манчжур тіліндегі түпнұсқасын өздерімен алып кеткен екен. Қытай тіліндегі түпнұсқасы қазір Тайуанда тұр. Сол деректерді алға тарта отырып, Қазақстанның қазіргі шығыс шекарасы Абылай заманынан бері келе жатқанын дәлелдеп шықтым. Өз ойымнан, аңыздан, ішкі түйсігімнен алған жоқпын. Нақты ғылыми дерекке сүйеніп дәлелдедім», – дейді тарихшы.
Оның пайымынша, елдің солтүстігіндегі шекараның қалыптасуына Әбілхайыр ханның еңбегі көп сіңген.
«Солтүстік шекараға келсек, орыс патшалығы біздің далаға жіберген неміс текті Лаврентий Панснер деген ғалым бар. Сол кісі «Қырғыз-қайсақтың иеленген жері» деген атаумен Орталық Азияның картасын сызып шыққан. Ол картада солтүстіктегі шекарамыз Ресейдің бекіністерімен өтеді. Оның шегі қазіргі солтүстік шекарадан да ары кетеді. Демек, кейін бізді шекарадан бері ығыстырған. Осы еңбекті біздің ғалымдар қазақ тұрғысынан зерттемейді. Бұл жерде осындай шикілік жатыр», – дейді профессор.
Ғалым кейбір әріптестерінің Әбілхайырдың орыс патшасына жазған хатын түпнұсқада оқымай шатасып жүргенін айтады.
«Көбі Әбілхайыр ханды орыс патшасына бодандықты бастаған адам деп ойлайды. Ал Орынбордың салынуына Әбілхайыр ықпал еткен. Біздің ғалымдар Әбілхайырдың сол кездегі орыстың әйел патшасына жазған хаттарының түпнұсқасын оқымайды, орысшасына сүйенеді. Әлі күнге дейін Әбілхайыр орыс патшалығының бодандығына сұранған деп оқытып жүр. Түпнұсқа хатты оқысаңыз, ондай емес. Әбілхайыр орыс патшалығымен одақ құрған. Орыстар Әбілхайырмен одақ құру арқылы жоңғарларға қарсы күрескен. Дәл қазіргі АҚШ пен Украинаның одағы сияқты одақ болған. Украина АҚШ-тың бодандығына сұранып отырған жоқ қой. Бұл да дәл сол сияқты», – дейді ол.
Нұрлан Кенжеахмет Жайық даласының қазаққа қайтуына сол кезде орыс отаршыларының өзі мүдделі болғанын айтады.
«Кейін Еділ қалмақтары діни себеппен, Тибет монахының үндеуімен шығысқа көшеді. Осы кезде Еділ мен Жайықтың арасындағы жер бос қалады. Орыстар Әбілхайырдың немересі Жәңгір ханды сол жерге орналастырады. Өйткені босай қалған жерге башқұрттар орнықса, бүлік шығады деп қауіптенген. Негізі оның көбі ноғайдың қонысы еді. Жәңгір ханның біліктілігінің арқасында кезінде жоңғарға өтіп кеткен батыс шекарамыз қайта өзімізге өтеді. Сондықтан Жәңгір ханды патшалық мүддесіне қызмет етті деу де қиянат. Соның арқасында ата қонысымыздың негізгі сұлбасын сақтап қалдық. Қазіргі орыс оқулықтарында Қазақстанның негізгі шекарасы 1864 жылғы Шәуешек келісімінде бекітілді делініп жүр. Негізі қытайлар орыстардан шақырту алғанымен, қорқып келмей қалған. Ақыры орыс әскерилері қазақтың рубасыларынан сұрап шекара сызған. Сонда рубасылар Абылай тұсындағы шекараны көрсеткен. Кейін орыстар осы нұсқаны қытайлар көрсетіп, олар мақұлдаған», – дейді тарихшы.