Көзқарас"Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас"

«Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас»

 

НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – АҚШ-тағы «Біріккен Алаш» Қорының құрылтайшысы Ұланбатыр Бақытханұлының мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.

1997 жылдан бастап қазақ елі 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде атап келеді.

Менің өз отбасым әрі әулетім үшін де бұл күн ерекше маңызға ие. Біздің әулетіміз Ақтайынша әулетінен (Марқакөл мен Алтай өңірін мекендеген) екі кісі 1944 жылы қазан айы тұсында, Кеңес үкіметі жағынан тағылған орынсыз айыптаулармен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында қамауға алынып, Қарағанды лагеріне 10 жыл мерзімге сотталған. Бірі – менің туған ұлы атам Балғынбек Саудабайұлы болса, енді бірі ұлы атамның немере бауыры Тұрахан Қалибек (Үкірдай) ұлы болатын. Екі бірдей арыстай азаматынан тірідей айырылып, арғы бет Алтайда қалған әулетіміз үшін бұл оңай соққы емес еді.

1953 жылы желтоқсанда Балғынбек атам Қарағанды лагерінен босатылып, Ресейдің Чита облысы арқылы ішкі Қытайға өтіп, сосын туған жері Алтайға оралған. Бірақ Қытайдың сол кездегі солақай сясатына байланысты ұлы атам Балғынбек Саудабайұлы 1959 жылы Алтайдың Шірікши деген жерінде ату жазасына кесілген.

Ал Тұрахан Қалибекұлы атам Қарағанды лагерінде болған кезінде ауырып, қайтыс болған. Жезқазғанда жерленген екен.

1989 жылы 28 Қарашада Шығыс Қазақстан облыстық прокуроры КСРО жоғары кеңесінің қуғын-сүргін құрбандарына қатысты әділдікті қалпына келтіру жөніндегі қортындысымен Балғынбек Саудабайұлы кінәсіз деп танылған. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі қабылданған Заңының 2-бабы негізінде 1906 жылы туған Балғынбек Саудабайұлы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып танылды және ақталды. Мен бұл мұрағат деректерін Америкаға келген соң іздеп табу мүмкіндігіне ие болдым.

Балғынбек Сайдабайұлы атамның ақталу-ардақталу заңды құжаттарын табуға қазір Алматыда тұратын Алаштың ардақты ақыны, Қазақстан Жазушылар одағығның мүшесі, ұлт жанашыры Сламхат Сейтхамза ағамыз бастан-аяқ еңбек етті. Сламхат Сейтхамза ағамызға бүкіл әулетіміздің атынан алғыс айтамыз.

Ал Тұрахан Қалибекұлы атам жайындағы ақталу деректері әлі де іздестірілу барысында. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары болған біздердің бүгінгі егемендігіміз сол бабаларымыздың арман-тілегінің орындалғаны.

Зұлмат ашаршылық – қазақ елі үшін ғана емес, адамзат үшін терең зерттеуді қажет ететін тақырып. 2018 жылы батыс басылымдарында жарық көрген америкалық тарихшы ғалым Сара Камеронның Hungry Steppe (Аштық Жайлаған Дала) атты ғылыми деректі зерттеу кітабі тура осы Қазақстанда болған қызыл қырғын ашаршылықты өзек еткен.

Сара ханымды 2019 жылы желтоқсанда Нью-Йоркте өткен АҚШ-тағы Алаш Жастар Құрылтайына арнайы ұсыныспен шақырған болатынбыз. Бірақ Сара ханымның уақыты сәйкес келмей қалды. Сәтін салса, «Біріккен Алаш» Қоры атынан Сара ханымға құрмет көрсету күн тәртібіндегі шара деп санаймын.

Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас,
Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас.
Ел үшін жанын кешіп, жауды қуған,
Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас.
Ел жауын зерттеп, өрт боп тынбай
жортқан,
Ерлерді ұмытса да ел, бел ұмытпас.
Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан,
Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас.
Арқаның селі, желі, шөлі, белі,
Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас, – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, қазақтың елі мен жері үшін жанын құрбан еткен бабаларымыз ешқашан ұмытылмайды.

Қазақ елі аман болсын!

Ұланбатыр Бақытханұлы,

«Біріккен Алаш» Қорының құрылтайшысы,

АҚШ, Нью-Йорк қаласы.

 

Соңғы жазбалар

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті

0
АСТАНА. KazUnite - Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі...

Нью-Йорк штаты Ассамблеясының марапатына ие болған алғашқы қазақ кім?

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Таймс-сквер орталығында өткен Нью-Йорктегі сән апталығы аясында Нью-Йорк штатының Ассамблеясы Анелия Әлімованы салтанатты түрде марапаттады. Анелия – мұндай марапатқа ие болған...

Әлемнің ТОП-10 үздік университеті белгілі болды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite — Еуропа және Америка университеттері 2024 жылғы әлем университеттерінің академиялық рейтингінде (ARWU) көш бастап тұр. Гарвард университеті тағы да бірінші орында, деп...

Қазақстанның қазіргі шекарасында Абылайдың да, Әбілхайырдың да, Жәңгірдің де үлесі бар – картограф

0
KazUnite - Қазақтың ресми шекарасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты дейтін түсінік дұрыс емес. Белгілі картограф, «Қазақ хандығы» тарихи картасының авторы, АҚШ-тағы Гарвард университетінің...