СұхбатАдамға егілетін антибиотикпен малды емдедім – Дәурен Наурызбаев

Адамға егілетін антибиотикпен малды емдедім – Дәурен Наурызбаев

 

KazUnite – Ата-бабамыздан қалған «Төрт түліктің бабын тап» нақыл сөзі қазіргі таңда бизнес кеңеске де айналған. Әр қазақ қорасындағы қойын отарға, сиырын табынға айналдырғысы келетіні рас. Бүгінде төрт түлікті кәсіпке айналдырған жандар аз емес. Солардың бірі – шаруа қожалығының басшысы, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Дәурен Наурызбаевпен кәсібі жайлы сұхбат құрдық.

– Дәурен Дайырұлы, мал шаруашылығымен қашаннан бері айналысып жүрсіз?

– Мен Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Баян ауылының тумасымын. «Әке көрген – оқ жонар» демекші, кезінде атам мал баққан. Әкем де біраз мал ұстаған. Бала кезімнен төрт түлік малды көріп өскен соң менде біртіндеп қызығушылық пайда бола бастады. Мектепте оқып жүрген кезден бастап ат құлағында ойнап өстім. 2005 жылы анам жеке кәсіпкер ретінде шаруа қожалығын ашты. Ал 22 жасымнан бастап мен мал шаруашылығымен шұғылданып жүрмін.

– Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып жылқы, сиыр, қой өсіріп, кәсібіңізді дөңгелетіп отырсыз. Сіздіңше, мал шаруашылығында қандай қиындықтар бар?

– Мал бағу – атадан  балаға мирас болып келе жатқан ата кәсіп. Кейін мен де мұны мирас ретінде ұрпағыма қалдырғым келеді. Қазіргі кезде жылқы ұстаймыз. Мәселен, қатардағы қой ауырса, онда аса қынжылмайсың. «Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек» демекші, жылқы мен асыл тұқымды бұқа ауырса, қатты қиналасың. Өйткені ол қаражатқа келіп тіреледі. «Жоқшылық жомарт ердің қолын байлар» деген қазақтың мәтелі бар. Қаржы жағынан аздаған қиындықтар болып жатады. Сол уақытта ветеринарларға хабарлассаң, олар немқұрайлылық танытады. Тіпті, кейде қажетті дәрі-дәрмек таба алмайтын сәттер де болады. Мысалы, былтыр Солтүстік Қазақстан облысының кей ауданында жылқы малдарының қызуы көтеріліп, жөтеліп, бірінен соң бірі ауырды. Олардың мұрнынан су ағып, тұмауратты. Бірақ оның емін таба алмадық. Облысымызда 15 шақты аудан бар. Аудандардағы шаруа қожалығымен айналысатын азаматтармен аралас-құраласпыз. Бір-бірімізден ақыл-кеңес сұрап тұрамыз. Былтыр мал ауырған сәтте адамға егілетін антибиотик дәрілер беріп, емдеп алдым. Айта кетейін, бұрын Кеңес Одағы кезінде нағашы атам ветеринар болып жұмыс істеген. Сол кісінің қасында жүріп, малға қатысты біраз пайдалы ақпаратқа қанық болдым. Жоғарыда айтқанымдай, жастайымнан малға бір табан жақын адаммын.

– Ал Солтүстік Қазақстанда ветеринарлар жеткілікті ме?

– Шынымды айтсам, нақты білмедім. Жеткілікті шығар деп ойлаймын. Әлбетте, кез келген тіршілік иесінің жаны тәтті ғой. Өздеріңіз білесіздер, қазір дала қапырық. Ана жолы бір мал аптап ыстықтан құрттап кетті. Оны тазалап, емдейік деп едік, мал адамды өзіне жақындатпай, қолымды теуіп, тіпті, екі саусағымды сындырып алдым. Ол кезде бір малмен бес адам арпалыстық. Меніңше, бір малға 1 ветеринардың шамасы жетпейді. Мал дәрігердің қасына малды жығып беруге жәрдемдесетін 2 көмекші тағайындаса деген ұсынысым бар.

– Малдардың жем-шөбін қайдан аласыз?

– Кезінде Асан қайғы бабамыз Солтүстік Қазақстан өңірінде 6 күнде ат семіретін деп сипаттама берген екен. Малдардың шөбін өзіміз шабамыз. Ата-бабадан мирас болып қалған жайылым жерлер бар. Оның ішінде ол – орман-ағаштың айналасы. Шаруа қожалығына арналған шағын жер бар. Сол аумаққа бидай егеміз. Сөйтіп, азықты жинап аламыз. Біз малдың етін арнайы сататын жерлерге өткіземіз. Әзірге ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп жүрміз.

– Дәурен мырза, алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Алға қойған жоспарлар өте көп. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» деп Абай атамыз айтқандай, біртіндеп сол жоспар іске асып жатыр. Алдымен шаруа қожалығын кеңейту. Кейін жылқы тұқымын асылдандыру, жаңа техника алу секілді жұмыстар ойда бар.

– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

– Ұстанымым – ешкімді алдамау. Еліме, жеріме, отбасыма – адал қызмет ету. Сондай-ақ адам болып келдім, адам болып кету тілегім. Бастысы – адамдықты әрі адалдықты сақтау.

– Алдағы уақытта мал шаруашылығымен айналысуды жоспарлап жүргендерге қандай пайдалы кеңес берер едіңіз?

– Бұл кәсіппен «жеті рет ойлап, бір рет кес» дегендей, әбден ойланып-толғанып барып айналысу керек. Өйткені осы кәсіптің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Малда – тіл жоқ. Сондықтан оның жағдайы қандай екенін біліп отыру қабілеті адамға жылдар бойы тәжірибемен келеді. Мәселен, биыл ауа райының қолайсыздығынан шөп нашар шығып жатыр. Мұндай жағдайға шаруа қожалығының басшысы ертерек қамдану қажет. Өздеріңіз байқағандай, барлығы өз уақытымен болуға тиіс. Адам кез келген жағдайға дайын болу керек. Бұл кәсіпте аптап ыстықта, не ызғарлы аязда болсын, яғни малдың соңында қысы-жазы жүресіз. Сондағы мақсат – кәсіп алға басу. Бір айта кетерлігі, мұнда біреуге сенім артып отырмау қажет. Керісінше, алдыңғы шепте өзіңіз жүруіңіз тиіс. Ең бастысы, бұл кәсіппен айналысатын адамның алға қойған мақсаты айқын болуы керек.

– Мақсат деп отырсыз, жалпы қазіргі таңда кәсіпкердің мақсаты қандай болуға тиіс?

– Бес саусақ бірдей емес. Біреу тез байысам дейді. Енді бірі табысына қызығып бұл салаға бет бұрады. Ал тағы бірі бүкіл өмірін арнайды. Негізінен, бұл кәсіппен малды жақсы көретін және оның ішкі жай-күйін білетін адам айналысады. Менің мақсатым – мал шаруашылығымен айналысу арқылы бала-шағама табиғи өнім ұсыну. Мысалы, малдан таза өнім алатыныма сенімдімін. Өйткені олар табиғат аясында емін-еркін жүріп, семірген. Екіншіден, бұл кәсіппен айналысу арқылы айналамдағы туған-туыс, дос-жараңға үлгі-өнеге болу. Үшіншіден, көкпарға қатысамын. Ұлттық спорттың бұл түрі – ата-бабамымыздан қалған асыл мұра. Ілгеріде айтқанымдай, ес білгелі ат құлағында ойнадым. Бабадан қалған мирасты әрі қарай жалғастыру әрі көпшілікке дәріптеу – мақсатым. Көкпар – біздің қазақылығымыздың айғағы. Елімізде өтетін көкпар бәйгесіне қатысып тұрамын, жылқыны баптаймын. Атқа мінген қазақ азат әрі ғажап сезімде болады дейді. Сондай-ақ кейбір жан мал шаруашылығымен айналысқанымызды көріп, бізге қарап бой түзеп жатады. Сол кезде ішкі жан дүнием керемет сезімге бөленеді.

– Кәсіпкерге қажет басты қасиеттер қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Ол – табандылық, шыдамдылық және қайрат. Сондай-ақ кәсіпкер төзімді болуы керек. Өйткені бүгінде кәсіппен айналысып жатқандар өте көп. Ал оның шарықтау шегіне жететіндер аз. Сондықтан «Еңбек бәрін жеңбек» демекші, ерінбей еңбек ету өте маңызды.

– Сұхбатыңызға рақмет! 

P/S: Ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу тұрғысында
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасын қолға алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз  болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударған болатын.

Сұхбаттасқан Ақкербез Мырзахмет

 

Соңғы жазбалар

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...

Астанада Жаһандық инновациялық индекстің есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтті

0
АСТАНА. KazUnite - Орталық Азияда тұңғыш рет Жаһандық инновациялық индекс – 2024 есебін жариялау өңірлік рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі...

Нью-Йорк штаты Ассамблеясының марапатына ие болған алғашқы қазақ кім?

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - Таймс-сквер орталығында өткен Нью-Йорктегі сән апталығы аясында Нью-Йорк штатының Ассамблеясы Анелия Әлімованы салтанатты түрде марапаттады. Анелия – мұндай марапатқа ие болған...

Әлемнің ТОП-10 үздік университеті белгілі болды

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite — Еуропа және Америка университеттері 2024 жылғы әлем университеттерінің академиялық рейтингінде (ARWU) көш бастап тұр. Гарвард университеті тағы да бірінші орында, деп...

Қазақстанның қазіргі шекарасында Абылайдың да, Әбілхайырдың да, Жәңгірдің де үлесі бар – картограф

0
KazUnite - Қазақтың ресми шекарасы тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалыптасты дейтін түсінік дұрыс емес. Белгілі картограф, «Қазақ хандығы» тарихи картасының авторы, АҚШ-тағы Гарвард университетінің...