НЬЮ-ЙОРК. KazUnite – Америкада білім алып жүрген жастар көп. Олардың арманы да, ниеті де, ұстанған бағыты да әртүрлі, әрине. Әрқайсысы өзінің алдына қойған арманына ұмтылып, өзіне лайық сүрлеумен келе жатыр. Солардың бірі – Нью-Йорк тұрғыны Розлана Төребекқызы Ерғалиева.
Америкада жүрген қазақ қызы не армандайды, Америка қоғамы арман қуып мұхит асып келген осы бір қазақ қызының болмысына, көзқарасы мен ұстанымына қалай ықпал етті? Осыны сұрап көрдік.
– Америкаға оқып, білім алу мақсатымен келіпсің. Неге бұл жақта оқығың келді?
– Америкаға келуді 14 жасымда жоспарлап қойдым десем де болады. Қателеспесем, ол кезде мектептің 8-сыныбында оқитын едім. Өзімше «Болашақта Америкаға барамын» деп ойлап қоятынмын. Бірақ маған ол кезде Америка алынбас қамалдай көрінуші еді. Мен болсам, Семей қаласының жанындағы кішкентай бір ауылда өскен қызбын. Америка біздің ауылдықтар үшін құдды бір басқа планета сияқты көрінетін. Сондықтан Америка жайлы ойлап қойдым да, мектептен соң ҚазҰУ-дың физика-техника факультетіне оқуға түстім. Алматыда маған жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Сөйтіп жүріп баяғы Америка жайлы арманымды бірнеше жылға ұмыттым десем де болады. Бірақ бакалаврды бітіргенімде маған Америкаға баратын жол мүмкіндік пайда болды. Мен ойланбастан, сол күні-ақ мүмкіндікті жібермей пайдаланайын деп шештім. Сөйтіп, ешкімге айтпастан Америкаға ұшаққа билет алып, баяғы 14 жастағы арманыма қадам бастым.
– Қазақта әлі де баласын шетелге оқуға жіберуге қорқатындар бар. Сенің шешіміңе ата-анаң қалай қарады?
– Мен орайы келіп тұрғанда ата-анама айтпастан визаға тапсырып қойғанмын. Қолыма виза тиген соң барып үйдегілерге айттым. Онда да әкеме бірден айтудан тартынып, алдымен анаммен сөйлестім. «Міне, маған Америкаға барып оқып, жұмыс істеп қайтуға мүмкіндік туып тұр. Қолымда визам бар. Сіздерге айтпай визаға тапсырғаныма ренжімеңіздер, бірақ тым қарсы болсаңыздар бармай-ақ қоярмын. Бірақ бұл мен үшін үлкен мүмкіндік болып тұр. Сондықтан әкеме түсіндіріп айтыңызшы», – дедім телефонмен. Ол кезде өзім Алматыда жұмыс істеп жүр едім. Әкем әбден ойланып, өзі келісім беретін болған соң маған қоңырау шалды.
Осылайша, олар маған өз-өзімді толықтай алып жүре алатыныма сенім артып, келісім берді. Өйткені олар берген тәрбие, кішкентай кезімнен бойыма сіңірген ұстанымдар, әсіресе, қыз тәрбиесіне консерватив көзқараспен қарап, құлағыма құйып өсірген құндылықтар мен үшін де бағалы екенін түсінетін. Мен осы тәрбием үшін ата-анама шексіз ризамын. Әрине, Америкаға кету Алматыға кету емес. Бәрібір оларда іштей алаңдау болғаны рас, қанша дегенмен басқа құрлықтағы ел ғой. Бірақ маған сеніп, талабыма қарсы келмей, келісіп, батасын беріп шығарып салды.
– Жалпы, шетелде баласын оқытарда шынымен бірдеңеге ұрынып қалмай ма деп қорқады ғой. Сеніңше, оқитын ел таңдағанда ата-ана немесе жастар неге мән беруі керек? Қауіпсіз елді қалай таңдау қажет?
– Адам алдында не күтіп тұрғанын білуі мүмкін емес. Сондықтан ата-ананың баласын шетелге жіберерде уайымдайтынын толықтай түсінемін. Бірақ әр ата-анаға белгілі бір кезеңде баласы белгілі бір жасқа жеткенде өз шешімін өзі жасауына еркнідік беруге тура келеді деп ойлаймын. Өйткені әр бала бір елде оқимын, барамын деп таңдап тұрса, демек сол елде сабақ алып, жетіліп, тәжірибе жинауы керек деген сөз.
Ал қауіпсіз елді қалай таңдау керек дегенге келсек, мұнда да басты шешімді балаңның өзі жасауына мүмкіндік беру қажет деп ойлаймын. Бала Американы таңдап тұрса Америкаға, ал Англияны таңдап тұрса неге Англияға бармасқа. Әрине, әр елдегі қауіпсіздік деңгейі де әртүрлі. Әр елдің азаматтары, олардың менталитеті де әртүрлі. Бірақ «сақтансаң сақтайды» дегендей, шетелге барған жас көрінген жылтырға қызықпай, әрдайым ақылмен іс жасап, күмәнді адаммдармен араласпай, күмәнді жерге бармай, өзінің ішкі қорғау инстингіне сүйенетін болса, онда ондай баланы жіберуге болады деп ойлаймын. Сондықтан әр ата-ана баласының өзін-өзі қорғау инстингісінің дамуына мән беруі қажет.
– Қазір өз бетіңше тіл оқып, енді жоғары оқу орнына дайындалып жүр екенсің. Қандай сала бойынша білім алғың келеді?
– Мен 14 жасымда тек Америкаға баратынымды ғана шешпей, физика пәнінің мұғалімі боламын деп мақсат қойған болатынмын. Сол үшін ҰБТ тапсырып, ҚазҰУ-ға грантқа оқуға түстім. Онда магистратурада оқыдым. Сондықтан өз мамандығымды жалғастырып, осы АҚШ университеттерінің біріне грантпен PhD-ға не магистратураға түссем деп талпынып келе жатырмын.
– Адам бір ортадан бір ортаға ауысқанда аз да болсын транасформациядан өтеді. Яғни ортаның ықпалын көреді. Тіпті бір қаладан бір қалаға демей-ақ қояйын, бір ұжымнан екінші ұжымға ауысқанда да сол ортаның құндылықтарын қабылдап, ортаның ықпалына түседі. Ал енді кей адамдар, керісінше, сол ортаға ықпал етеді. Саған өз бойыңа Америкадағы өмір қалай ықпал етті?
– Иә, келісемін, адамға айналадағы ортасы міндетті түрде ықпалын тигізеді. Айналамыздағы Америкаға келген кісілерге қарасақ, белгілі бір уақыттан кейін белгілі бір ұстанымы, көзқарасы тұрғысынан өзгеріске ұшырап жатады. Бірақ, менің ойымша, әр адам кез келген жағдайда өзінің тәрбиесіне, жеке сана-сезіміне, иманына байланысты таңдауын жасайды. Менің жағдайымда Америкадағы өмір менің ұлттық салт-санамызға, Исламға деген махаббатымды күшейтті. Осында келгелі өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізге, тілімізді терең білуге, Ислам қағидаларына деген қызығушылығым артты. Әсіресе өз дінімізді терең танып, білгім келді.
Мен өзім Қазақстанда, кәдімгі қазақ ауылында өскендіктен, тәжірибе жүзінде дінімізден хабарым болды. Бірақ Америкаға келгеннен кейін арада біраз уақыт өткенде өзім хиджаб киіп жүруді қаладым.
– Мұндай шешімге келуіңе әлдекімдер ықпал етті ме?
– Негізі бұл менің өзім үшін де, туыстарым үшін де күтпеген жағдай болды. Ішкі дауыс дейміз бе, басқаша қалай айтуға болады, әйтеуір, ішімде, жүрегімнің түбінде бір қалау осы жолға итергендей болды. Бірақ байқасам, мен ғана емес, айналамдағы құрбыларым да мен сияқты хиджаб кие бастапты. Бәріміз соңғы жылы осындай шешімге келгенімізге қарағанда, Америкада жүрген біз бір-бірімізге ықпалымызды тигізген сияқтымыз.
– Мен бір рет әлеуметтік желіде АҚШ-та ұзын көйлек іздеп жүргенімді жазғанымда «Америкада олай киінбейді ғой» деген пікірлерді оқып едім. АҚШ-та осылай орамал тағып, ұзын киіп жүру қиын ба?
– Жоқ қиын емес, мүлде қиын емес. Өйткені Америкада әр түрлі ұлттардың диаспорасы өмір сүреді. Мұндай әралуандық жағынан Нью-Йорктей қала жоқ шығар. Сондықтан маған бірден шешім қабылдап, ұзын киіп, орамал тағып жүру түк қиын болған жоқ. Бұл да, бәлкім, Алланың бір мейірім танытқаны шығар. Бірден ұзын көйлек киіп, шашымды жауып, орамал тағып, көшеге шығып кете бердім. Автобусқа отырғанда да, көшеде жүргенде де ешкім таңғала қараған жоқ, өзім де «біреулер не ойлайды» деп түк қысылмадым. Өзіңіз де білесіз, мұнда көп адамдар тіпті өздерінің ұлттық киімдерін де киіп жүре береді ғой көшеде.
– Бұл елде жалпы өз ұлттық ерекшелігіңді сақтап өмір сүруге қандай да бір кедергілер бар ма?
– Жоқ, бұл елде ұлттық ерекшелігіңді сақтауға еш кедергі жоқ. Мысалы, қазақтар қазір Наурызға жиналады, Тәуелсіздік күнін атап өтіп жатады. Тағы да басқа дәстүрлі, діни мерекелерін тойлауы мүмкін. Оған ешкім теріс қабақ танытпайды. Мен өзім осындай ұлттық мерекелер болса, қалмай барып қатысуға тырысамын. Кейде көрші штаттарда, көршілес қалаларда қазақтар бас қосып жатса да барып, сол ортада болуға тырысамын. Осы үшін арнайы ұлттық камзол тіктіріп алдым. Айтып отырмын ғой, мен Америкаға келгелі қайта өз ұлттық дәстүрдеріміз бен салт-санамызға, дініміз бен тілімізге махаббатым арта түсті.
– Қалай ойлайсың, оқуға дәл Америкаға барсам дегендегі алдыңнан күткен үмітің ақталып жатыр ма?
– Иә, үмітім толықтай ақталып жатыр. Керісінше, мен өзім ойламаған мүмкіндіктерге қол жеткізіп жатырмын. Сондықтан осылай таңдау жасағаным үшін ешқашан өкінбеймін.
– Шетелге кеткен жастардың бәрі елге оралмай, қалып қояды деген қорқыныш бар елде. Сен өзіңнің алдағы өміріңді қалай елестетесің? Мысалы, жиырма жылдан соң қайда тұрып, қалай қызмет етіп жүрсем деп ойлайсың?
– Иә, шетелге бір шыққан соң сонда қалып қоятын жастар өте көп. Мен өз басыма келсем, үлкен арман қуып, жастай келгеннен кейін әзірге бірнеше жыл осында болып, оқып, жетіліп, өз қабілетімді, мүмкіндіктерімді сынап көргім келеді.
– Мысалы, жиырма жылдан кейін өз өміріңді қалай елестетесің? Қайда, қалай өмір сүріп жүруің мүмкін?
– Менің ойымда жиырма жылдан кейін мен Қазақстанда, қалың қазақтың ортасында, бес бала сүйген қадірлі ана болып, отбасыммен өмір сүріп отырамын деп ойлаймын. Неге екенін білмеймін, кішкентай бала күнімде де кейін бес балам болса деп ойлайтынмын. Алла ниетімді қабыл етсе, солай көпбалалы ана болып, елде өмір сүріп отырамын деп ойлаймын. Өз мамандығым бойынша физика пәнінен сабақ беретін ұстаз болатыным анық. Алла нәсіп етіп, қазіргі талпынысым сәтті болса, ол уақытқа дейін магистратура, PhD деңгейін аяқтап, профессор болып, Қазақстанда университетте сабақ беріп жүретін шығармын, Алла қаласа!
– Әңгімеңе көп рақмет! Ізгі армандарың орындалсын!