СұхбатМарат Омаровты болашақта Голливуд фильмдерінен көруіміз мүмкін бе?

Марат Омаровты болашақта Голливуд фильмдерінен көруіміз мүмкін бе?

 

ЛОС-АНДЖЕЛЕС. KazUnite – Марат Омаров «наркобарон» ба? Қазақ әншісін қаумалап, фотоға түскен мексикалықтар оны қайдан таниды? Қазақстандық композитор Дональд Трамп шақырғанда неге бармады? Бүгінде Калифорния штатының тұрғыны, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Марат Омаровпен болған сұхбатта осы және басқа да тақырыптар туралы сөз болды.

– АҚШ-та жүргеніңізге қанша уақыт болды? Не түйдіңіз? Шығармашылығыңызға әсері қалай болып жатыр?

– Менің АҚШ-қа келгеніме 1 жарым жылға жуық уақыт болды. Содан бері өмірімізде көптеген жаңалық болды. Қаншама іс-шараларға қатысып жүрміз. Көк туымыздың желбірегеніне сан мәрте куә болдық. Алысты жақындатып, жақынды алыстатпайтын өз қазағымыздың ортасында біршама қызық-қуаныш, тойлар, мерекелер өтіп жатыр.

2021 жылдың желтоқсанында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Нью-Йорк пен Филадельфияда қазақ елінің көк туын көтеру рәсімі болды. Осы іс-шараға қатысуға Қазақстанның Нью-Йорктегі консулдығының арнайы шақыртуымен келген болатынбыз. Ол кезде бас консул Алмат Айдарбеков болған. Алмат мырзаның және Пенсильвания штатындағы «Қазақ-Американ» қауымдастығының президенті Жұлдыз Исмаилованың да шақырту жіберіп, менің осында келуіме себепші болғанын айта кеткен жөн болар.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Марат Омаров🎶 (@marat_omarov_kz)

Менімен бірге сол кезде Қайрат Нұртас та келді. 14 желтоқсан күні Нью-Йоркте, 15 желтоқсан күні Филадельфияда Қазақстанның туын көтеру рәсімі өтті. Филадельфияда арнайы концерт өткіздік. Одан кейін Чикагоға бардым. Ол жерде 300-400 қазақ жиналып, үлкен іс-шара ұйымдастырылды. Онда мен құралпас қазақ азаматтары өте көп екен. Қатты ұнағаны көпшілігі ұлттық киімде жүрді. Қыз сыны кезінде қаракөз қыздарымыз да ұлттық киімде жарқырап шыға келді. Бәрі өте жарасымды болды. Сондағы түрік қоғамының өкілдері қазақтардың ұйымшылдығына, ұлттық киімдеріне қарап, ерекше тамсанды. Бұл жерден кейін Лос-Анджелеске аттандым. Осы жаққа жарым мен қызым өздері бөлек келген болатын. Қызым америкалық заманауи би байқауына қатысып, жүлдегер атанды. Содан қазірге дейін біз Лос-Анджелесте тұрып жатырмыз. Осы аралықта АҚШ-тың көптеген қаласына бардым. Сакраменто, Орландо, Хьюстон, Бостон, Сан-Франциско, Сан-Диего, Вашингтон және басқа да қалаларда болдым. Вашингтонда 25 қазан күні Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Ашықбаевтың мұрындық болуымен үлкен іс-шара ұйымдастырылып, оған еліміздің бірқатар әртістері қатысты. Сол шарада менің «Қазақтар» деген жаңа әнімнің тұсауы кесілді. Бұдан бөлек, «Достарыма», «Елге сағыныш» деген әндерім шықты. «Қазақтар» деген әнім туралы айта кететін болсақ, Лас-Вегас қаласында талай қазақ спортшысының жеңісіне куә болып, көк туымыз желбіреді. Геннадий Головкиннен кейін Жәнібек Әлімханұлы, Шавкат Рахмонов сынды басқа да спортшыларымыз жеңіс жолын жалғастырып келеді. Жәнібек Әлімханұлының бокс кешіне Сан-Диего, Сан-Франциско сияқты бірқатар қалалардан келген қазақ бауырларымызбен бас қосып, дастархандас болдық. Сол кезде рухы биік, иманы күшті, текті қазақ екенімізді көрсетейік деп, аға буынның жолы өскелең ұрпаққа үлгі болсын деген мақсатта осы «Қазақтар» атты әнімді шырқадым. Жалпы, көптеген қалалардағы Наурыз мерекелеріне, еліміздің Тәуелсіздік күні сияқты мерекелік іс-шараларға қатысып, мәдени құндылықтарымызды насихаттап жүрміз. Қазақ ағайындарымызбен мәре-сәре болысып, сондай мерекелерде басымыз қосылып тұрады. Түйгенім, осындағы қазақ қандастарымыздың көкейінде ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалмасақ екен деген бір тілек бар.

Қазақстанда атқарған 30 жыл бойғы еңбегіміз бар. Қаншама ұстаздарымның батасы бар. Өзім де Қазақстаннан алып келген қазақылықтың лебін есіп, қазақылықтың иісін аңқытуға тырысып жүрмін. Ұстаздарым Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Есбаев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Нұрғиса Тілендиев сынды ағаларымыздың әндері, жалпы қазақтың халық әндері, халық композиторларының әндері қандай керемет десеңізші. Сол халық әндері мен халық композиторларының әндерін жастар ұмытып кетпесе екен деп тілеймін. Сонымен қатар сондай тұлғалардың тәлім-тәрбиесін көрдік қой. Бұл да жастарға жұғысты болса екен деген мақсатпен бір жобалар дайындап жатырмын. Жобаның мақсаты – Америкадағы қазақ қоғамы мен «Отандастар» қорымен бірлесіп, Қазақстан мен Америка арасына достық көпірін салу.

– АҚШ-тың көптеген қаласында болғаныңызды айтып отырсыз. Лос-Анджелесте тұрақтап қалуыңызға не себеп болды? Онда қандай жобалар жасап жүрсіз?

– Бірнеше тілде ән орындайтындықтан болар, мен 2000 жылдардан бері осы Калифорниядағы бүкіл әлемдік композиторлар қауымдастығының мүшесімін. Лос-Анджелеске келуімнің де бір себебі осы. Өйткені әлемдік композиторлар қауымдастығының орталығы Лос-Анджелесте орналасқан. Бұл қауымдастық болашақта Нью-Йорктегі Карноеги холлда әр елдің композиторларымен бірлесіп, үлкен іс-шара өткізсек деп жоспарлап отыр. Оның үстіне, Біріккен Ұлттар Ұйымына мәдени кеңесші болып кірдім. Онда да көптеген қайырылымдық концертке қатыстым. Қазіргі Ресей мен Украинаның ушыққан жағдайына байланысты жан-жақтағы украиналықтар шақырылып, Сан-Диего, Лос-Анджелес сияқты бірқатар қалаларда қайырымдылық іс-шаралары өтті. Сонда мен Қазақстанның атынан қатысып, ән шырқадым. Ол бір жағынан парыз деп ойлаймын. Яғни әркімнің ұлтына, нәсіліне қарамастан адам баласына, елге қызмет етуді парыз санаймын. Қазіргі негативті жағдайда біз өз тарапымыздан адамдарға өнер, мәдениет жағынан қолдау көрсетуіміз керек. Менің мақсатым – бәрінің басын біріктіру, болам деген адамның өсіп-өнуіне себепші болу. Осы ретте Лос-Анджелестегі жастарға шеберлік сабақ өткіздім. Ондағы мақсат – халық әндері мен халық композиторларының әндерін, халықтық аспаптарды насихаттау. Мысалы, мен өзім домбыра, гитара, барабан, саксафон, фортепиано, рояль сияқты көптеген аспапта ойнаймын. Салауатты өмір салтын да ұстанамын. Үстел теннисі, үлкен теннис, дойбы, шахмат, иога сынды спорт түрлерінен тәжірибем бар. Осының бәрін жастарға үлгі етіп көрсету керек деп санаймын. Оның үстіне, өзіміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарымыз, мақал-мәтелдеріміз, ата-бабаларымыздан қалған әдеби шығармаларымыз тағы бар. «Рухым барда арым таза, жүрек барда жаным таза» дегендей, осының бәрін жастарымызға үлгі етіп көрсету аға буынның өкілі ретінде біз үшін парыз деп есептеймін.

Айта кету керек, Америкада ғана емес, қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының атынан Франция, Германия, Чехословакия, Ұлыбритания сынды Еуропа елдерінен де түрлі шақыртулар түсіп жатыр. Соған орай достық, ынтымақ, бірлікті ұстану бағытында достық туралы шығармамды дайындап жатырмын.

Қызым да АҚШ-тағы түрлі байқауларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Командасын алға жетелеп, көшбасшы болып жүрген қызым Бибімариям Омарова алда өнер жолын жалғастырып, Нью-Йорк фильм академиясына тапсыруға ниеттеніп жүр. Алдағы уақытта қазақтың тарихын кино етіп түсірсем деген мақсаты бар.

Сонымен қатар киноиндустрияда өзіндік орны бар компанияның бірімен контрактқа отырдым. Алда сол арқылы фильмдердің саундтрегін орындау жсопарымда бар. Сондай-ақ «Анашым» сияқты кейбір әндерімді ағылшын, француз, испан тілдеріне аудару жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Себебі осындағы әлемдік композиторлар одағының мақсаты да соған саяды.

– Сіз бұрын алыс-жақын шетелдерде концерт қойдыңыз. Қазір АҚШ-та тұрып жатқан көршілес елдердің өнер өкілдерімен қаншалықты араласасыз?

– Күні кеше Ирвайн қаласындағы түрік орталығында бүкіл түркітілдес бауырлардың қатысуымен ауызашар өтті. Оны Түркиядағы зілзалаға байланысты қайырымдылық іс-шарасы деуге де болады. Шараға қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, түрік және басқа да бауырлас елдердің азаматтары қатысты. Сол жерде мен «Аман бол, халқым, аман бол!» деген Талант Арғынғалидың сөзіне жазылған жаңа әнімнің тұсауын кестім.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Марат Омаров🎶 (@marat_omarov_kz)

Бұл шара тағы да ұйымдастырылады екен. Менің мақсатым – барлық түркітілдес бауырларымыздың басын біріктіріп, тектілікті, рухты имандылықты танытуға атсалысу. Ол – ежелден ата-бабаларымыздан келе жатқан үрдіс. Сондықтан сол жерге келетін барлық ұлттық қауымдастықтар басшыларына ортақ Ассамблея немесе мәдениет орталығын ашу туралы ұсынысымды айтқалы отырмын. Яғни ортақ ұйым әр елдің ұлттық мерекесіне немесе республикалық күніне арнап бағдарлама жасаса, ортақ фестиваль ұйымдастырса деген ой.

– Айтпақшы бұған дейін коронавирус туралы әніңізді тыңдаған АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп сізді Америкаға арнайы шақыртқан деседі. Осы туралы айтып өтсеңіз.   

– Коронавирусқа арналған «Коронавирус кет-кет» деген әнім жас балалар иммунитетін сақтасын деген мақсатта шығарылған ән болатын. Осы ән көпшілікке кеңінен таралғаннан кейін АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп арнайы шақырған еді. Әлемдік композиторлар одағынан маған хабарласып: «Сіз АҚШ президенті қабылдайтын 10 қонақтың қатарына қосылдыңыз. Трамп мырза қатысатын қайырымдылық шарасында коронавирус туралы әніңізді орындаңыз», – деп, шақырту жіберді. Сол кезде Америкада кезекті президент сайлауының науқаны жүріп жатқан. Сайлау қорытындысы бойынша Дональд Трамп президенттікке өтпей қалды да, сол қайырымдылық шара кейінге шегеріліп қалды. Қазір сол коронавирус туралы әннің мәтіні өзгертіліп, «Бақытты күндер» деген көңілді ән болып қайта жаңғырды. Мелодиясы бұрынғы қалпында сақталды.

– Алда қандай ән жазуыңыз мүмкін? Қандай жоспарларыңыз бар?

– Алда батыр бауырларымызға, қайсар азаматтарға арналған ән шығару ойда бар. Әлі де шәкірт тәрбиелесек деп жүрміз. Бұған дейін де 30 жыл бойы қаншама шәкірт тәрбиеледік. Олардың алды Еуропаның сахналарынан ән шырқаса, Мәскеудегі «Минута славыдан» да төбе көрсеткендері болды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, енді осы жақта да шәкірттер тәрбиелеп, Қазақстаннан да шақыртсақ деймін.

2016 жылы «Халқым сүйген әндер-ай» атты шығармашылық кешімде халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген «МұзАрт» тобы, Қайрат Нұртас, Алтынай Жорабаева, Мақсат Базарбаев, Зарина Омарова, Мирас пен Құралай, Ақбота сынды қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары талай әндерімді шырқаған болатын.

Алдағы уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымының, ЮНЕСКО-ның, әлем композиторлары одағының қолдауымен қазақтың халық әндері мен халық композиторларының әндерін түрлі аспаптың сүйемелдеуімен орындап, шәкірттерімізбен бірге әртүрлі елдерде концерттер қойсақ деген жоспарымыз бар.

– Америкаға баруды бала күніңізден армандадыңыз ба? Өткенде атақты Голливуд жұлдызы Дэнни Трехомен бокс кешінде кездейсоқ жүздесіп қалыпсыздар. Сол жақтағы басқа да өнер, кино жұлдыздарымен байланыс орнаттыңыз ба? Жалпы, Марат Омаровтың қандай арманы бар?

– Иә, әрине, Америкаға келуді бала кезімізден бастап армандадық. Кішкентай кезімізде америкалық фильмдерді қарап, қызығатынбыз. 7 жасымда «Арал генералдары» деген киноны көргенім әлі есімде. Сол фильмнің Лос-Анджелес қаласында түсірілгенін жақында білдім. Жалпы, шоу-бизнестің, киноның отаны ғой Лос-Анджелес. Болашақта киноиндустрия жағынан да бағымызды сынап көрсек деген жоспар бар.

Фото: Марат Омаров/Instagram
Фото: Марат Омаров/Instagram

Өзіңіз айтқан Дэнни Трехо, Марк Дакаскас, Уиллям Уиллис, Кевин Костнер сияқты актерлермен таныстық. Жақында кезекті бір фильмінің түсірілімі болып жатқан кезінде Том Крузды көріп қалдық. Одан кейін соның премьерасына бардық. Бред Пит пен Ленардо ди Каприоның кездесуіне барып үлгермедік. Дегенмен олармен жақында жапондық музейде азияттықтардың алғашқы кинофестивалінде таныстық. Кино саласының мамандарынан әртүрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Өткенде мексикалықтар мені бір «наркобаронмен» шатастырып, дуэт айтуға ұсыныс білдірді. Алда көрерміз қалай болатынын. Дей тұрғанмен қызым Бибімариям кинорежиссерлік мамандықты таңдап отыр. Бір жағы осы жаққа сол үшін де келгенбіз.

Ал арманым – достық көпірін салу. Бүкіл әлемде тыныштық болса екен, әрбір шаңырақта татулық пен бірлік болса екен, бүкіл адамзат баласы достық, ынтымақ, бірлікте, сүйіспеншілік пен махаббатта өмір сүрсе екен деп тілеймін. Мақсатым – жақсы шәкірттер тәрбиелеу. Сол бағытта жұмыс істеймін.

– Марат аға, жаңа мексикалықтар сізді «наркобаронмен» шатастырды деп айтып қалдыңыз. Сол туралы сәл толығырақ айтып жібересіз бе? Олармен қандай шарада жолықтыңыздар? Сізді кіммен шатастырды? Дуэт болу ұсынысы не болды?

– Геннадий Головкин мен Сауль Канело Альварестің трилогиясына Лас-Вегасқа бардық. Сонда Чикагодан, Сан-Диегодан және тағы басқа да қалалардан қазақ жігіттері келіп, бәріміз Головкинге жанкүйер болдық. Димаш Әнұранды шырқады. Сол жерде мексикалықтардың қарасы тым қалың болды. Тіпті қателеспесем, 90 пайызы мексикалықтар болды. Біз қазақтар 10-ақ пайыз болған шығармыз. Содан да болар, айғайымыз дұрыс жетпеген сияқты.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Марат Омаров🎶 (@marat_omarov_kz)

Бір кезде өтіп бара жатсақ, бір мексикалықтар саусағын шошайтып, мені көрсетіп, испанша бірдеңе айтып жатты. Мені ортаға алып, қаумалап фотоға түсті. Мен аң-таңмын. Қасымдағы Мұрат деген жігіттерден «не болды?» деп сұрап қоямын. Олар маған: «Марат аға, сізді тек Қазақстанда ғана емес, Америкада да, мексикалықтар да жақсы таниды екен ғой», – деп қалжыңдап қояды. Сөйтсем, әлгі мексикалықтар мені бір атақты адамға ұқсатып, сонымен шатастырып тұр екен. Мұрат оларға мен туралы, әнші-композитор екенімді айтты. Содан кейін мексикалықтар маған әлгі атақты наркобаронмен дуэт болып, бір ән айтуға шақырды. Оны кім біледі? Көрерміз. Жалпы, мұнда мені әлемге әйгілі актерлерге, басқа да танымал тұлғаларға үнемі ұқсатып жатады. Әсіресе, мұртты адамдарға. Кастингтерге де шақыртулар болды.

– Болашақта сізді Голливудтың киноларынан көруіміз мүмкін бе?

– Мүмкін. Бұл өмірде бәрі де мүмкін. Тек аянбай еңбек ету керек.

– Сұхбатыңызға рақмет! Сізге сәттілік тілеймін!

Сұхбаттасқан Нұрдәулет Кәкіш

 

Соңғы жазбалар

«Қай жерде емес, қандай ақпарат айтқаның маңызды»: New York Film Academy құндылығы неде

0
НЬЮ-ЙОРК. KazUnite - «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы «Таңшолпан» таңғы ақпаратты-сазды бағдарламасының және Ауа райы болжамының жүргізушісі, «Болашақ» Халықаралық стипендиясының иегері, New York Film Academy түлегі...

Моңғолиядағы Баян-Өлгий аймағының әкімі болып этникалық қазақ тағайындалды

0
БАЯН-ӨЛГИЙ. KazUnite - Моңғолия премьер-министрінің бұйрығымен Баян-Өлгий аймағының әкімі қызметіне Заңғар Есентайұлы тағайындалды. Бұл туралы Kaznews ақпарат агенттігі хабарлады. Аталған БАҚ-тың дерегіне сүйенсек, жаңадан сайланған Баян-Өлгий...

TPAМПлин бe, тықыp тaянy мa: Дoнaльд Tpaмптың билiккe кeлyi әлeмгe қaлaй әcep eтeдi

0
HЬЮ-ЙOPК. KazUnite - Қaй кeз бoлcын әлeмнiң нaзapынaн әcтe тыc қaлмaйтын Aмepикa Құpaмa Штaттapы биылғы қapaшa aйы бacтaлғaлы бepi тiптeн жaһaнның бacты жaңaлығынaн түcпeй...

Қазақстанда Мемлекеттік сатып алуда қандай өзгерістер болып жатыр

0
АСТАНА. KazUnite - Мемлекеттік сатып алу – жаңашылдықтарды, озық технологиялар мен отандық өндірісті ілгерілетуге ықпал ететін тиімді тетік. Осыған орай ҚР Қаржы министрлігі өңірлерде...

Орталық Азия мен Қытай мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастығын нығайтуда

0
Бейжіңде Қытай және Орталық Азия елдері: Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Тәжікстанның мемлекеттік басқару академиялары басшылары қатысуымен семинар өтті. Онда жиналғандар мемлекеттік басқару саласындағы...